Енді «Айбын» орденінің 3 дәрежесі Ұлы Отан соғысы батырларының есімімен аталады. Награданың бірінші дәрежесі Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, екінші дәрежесі Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының, үшінші дәрежесі Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерімен аталады.

Бұл ретте қолданыстағы «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңына заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сенатор Руслан Рүстемовтің сөзінше, аталмыш заң мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге бағытталған.

«Бұл дегеніміз тарихи әділеттілікті орнатып, айбынды жауынгерлеріміздің ерлігін еске алуға негіз болды. Бұл қаһарман аталарымызды жақсы білесіздер. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» ордені. Сағадат Қожахметұлы Тәуелсіз Қазақстанның бірінші «Халық Қаһарманы» атағының иегері, егемен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы. II дәрежелі «Айбын» орденіне есімі беріліп отырған Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Ұлы Отан соғысына генерал-майор Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты, батальон командирі ретінде Москва үшін шайқаста бірнеше рет ұрысқа кіріп, шешуші күшті атқарды», — деді ол.

Бұдан бөлек «Айбын» орденінің үшінші дәрежесіне Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілуде. Рақымжан Қошқарбаев тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. 1945 жылдың 30 сәуірінде жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Кеңес Одағының туын тіккен болатын. Ол осы ерлігі арқылы сұрапыл соғысқа нүкте қойды.

Аталған жаңашылдықтар үшінші Ұлттық құрылтайдың шешімі негізінде қолға алынғанын атап өту керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 15 наурызда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаев есімдерін беру туралы идея айтты.

«Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ, награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Құрылтайда.

Ел арасында «Айбын» орденінің І дәрежесіне неге Бауыржан Момышұлы емес, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді деген де пікір тарады. Бұған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи алдымен әлемдегі тәжірибеге тоқталды. Ол ешбір елде бір орденнің үш дәрежесін үш адамға бөліп беретін дәстүр жоғын айтты.

«Айбын» орденінің үш дәрежесін қазақтың үш батырына бөліп берудің символикалық мәні бар. Сондықтан Президенттің бұл шешімі символикалық тұрғыдан өте дұрыс. Бірінші дәрежелі орденге Сағадат Нұрмағамбетов есімінің берілу себебі, ол – қазақтан шыққан тұңғыш Армия генералы. Қазақстанда Армия генералы өзі екеу-ақ. Біреуі – Сағадат Нұрмағамбетов, екіншісі – Мұхтар Алтынбаев. Сондықтан І дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовке арнауы дау тудырмауы керек. Бірінші дәрежелі орденмен тек қана қолбасшылар марапатталады. Генералдан жоғары дәрежесі бар әскери лауазым иелері алады. Сол себепті І дәрежелі «Айбын» ордені әскери үлкен қолбасшылық лауазымдағы әскерилерге беріледі.

Екінші дәрежесі Бауыржан Момышұлы атындағы болып тағайындалуының да себебі бар. Бауыржан Момышұлы соғыста дивизия командирі болған кезінде майор шенінде еді, кейін подполковник болды. Ал, екінші дәрежелі «Айбын» ордені – орта офицерлерге тағайындалатын награда. Сондықтан ол әскердегі орта шен – полковник, подполковниктерге беріледі. Ал, ІІІ дәрежелі орден кіші офицерлерге беріледі. Қошқарбаев соғыс кезінде капитан дәрежесінде болғандықтан, оның атындағы үшінші дәрежелі орден — әскери шеніне қарай тағайындалған награда, – деп түсіндірді депутат.

Сондай-ақ, мәжілісмен батырларды бір-бірімен таластыруға хақымыз жоғын атап өтті. Ол «мұны уақытпен, белгілі бір саяси жағдайлармен салыстырып қарауымыз керек» дейді.

Бірақ біздің батырларды бір-бірімен таластыруға хақымыз жоқ. Әрине, Сағадат Нұрмағамбетовпен салыстырғанда Бауыржан Момышұлының әдеби тұлғасы кеңінен танылды. Содан кейін оны Сағадат Нұрмағамбетовтен «жоғары» деп ойлаймыз. Егер Сағадат Нұрмағамбетовтің әдеби тұлғасын сол кезде жазушылар немесе өзі жазғанда ол әлемдік дәрежедегі қолбасшы болып кетуі мүмкін еді. Сондықтан мұны уақытпен, белгілі бір саяси жағдайлармен салыстырып қарауымыз керек. Сондай-ақ, Бауыржанға бірінші дәрежелі берілмеді деп айтушылар – әскери салада сауаты жоқ адамдар. Тарихи тұрғыдан келгенде Сағадат Нұрмағамбетовке орденнің бірінші дәрежесін беру – заңдылық. Себебі ол тәуелсіздік кезінде Қазақстанның Қарулы күштерін құрған. Тәуелсіз Қазақстан қарулы күштерінің алғашқы құрылымдарын жасаған. Үлкен әскери құрамаға дейінгі құрылымдарды құрған қолбасшылық дәрежедегі азамат. Ал, оның есімін ІІ дәрежелі орденге беру Бауыржан Момышұлының  дәрежесін төмендетпейді, – деді ол.

Депутат мемлекеттік органдар тарапынан бұл орденге батырлардың есімін берудің мәні «дұрыс насихатталмай» жатқанын тілге тиек етті.

Сондықтан мемлекеттік органдар мұны тиісті дәрежеде түсіндіре алмай жатыр. Әлде айтатын адамы жоқ, әлде өздерінің айтуға жететін түйсігі жоқ. Шындап келгенде, бұл үш дәрежелі орден Қазақстанның соңғы 80 жылдық тарихына, соғыстың тарихына, екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына әділетті берілген баға деп қабылдау керек. Сол тұрғыдан насихатталмай жатыр, – деді ол.

Айта кетелік, «Айбын» әскери ордені 1995 жылы бекітілген. Орденмен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қayincіздік, ішкі істер органдарының және басқаларының қызметкерлері жауынгерлік даярлықта, әскерлердің жоғары жауынгерлік дайындық деңгейін ұстауда, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін; әскери және қызмет бабындағы парызын өтеудегі көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғауда жасаған ерлігі үшін марапатталады.

 

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.