Академик, абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Есім: Абайды толық түсініп болған жоқпыз

Там 7, 2025
????????????????????????????????????

«Абайды толық танитын уақыт әлі алда, оған асықпауымыз керек». Бұл — Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі абайтанушы ғалым, академик Ғарифолла Есімнің пікірі. Бар ғұмырын бас ақынның даналығын зерттеуге арнаған ғалым бірнеше кітап шығарып, ұлт руханиятына орасан зор үлес қосты. Биылғы Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына орай ғалыммен арнайы хабарласып, сұхбаттастық.

— Ғарифолла аға, биыл бүкіл Алаш баласы қазақ руханиятының шамшырағы болған Абай атамыздың 180 жылдығын дүркіретіп өткізуге қам жасап жатыр. Өзіңіз осы мерейтойға орай еліңізге қандай сый ұсынып отырсыз?

— Менің соңғы уақытта жазған ең үлкен ауқымды еңбегім – «Ғұлама наме» деп аталатын кітап. Абай атамыздың 180 жылдығына орай ұсынып отырған ең үлкен сыйым — осы еңбек. Бұл — бір емес, ұзақ жылғы ізденістің, жазудың нәтижесінде келген кітап. «Ғұлама наменің» бірінші бөлімі – «Хакім Абай», екінші бөлімі – «Данышпан Шәкәрім»,  үшінші бөлімі «Кемеңгер Мұхтар» деп аталады. Бұл үшеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мен осы кітап үшін Мемлекеттік сыйлық алдым. Менің соңғы жылдардағы ең үлкен табысым осы. Одан бөлек телеарналарда сұхбаттар беріп, газеттерге мақалалар жазып жатырмыз ғой.

— Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлын ғалымдар толық зерттеп болды деуге бола ма?

— Абайды толық таныдық, зерттедік, түсіндік деп жүргендердің бәрі бос сөз. Біз мына ауыз толтыра айтып жүрген 180 жыл деген өте аз уақыт. Ол — ғасырдан-ғасырға жететін телегей теңіз. Біз хакім Абайды толық Тәуелсіздік жылдарынан кейін ғана тұшынып оқып, дұрыс зерттеу жүргізе бастадық. Ал оған дейін жазғандардың дені коммунистер болғандықтан олар ақын әлеміне әділ бағасын бере алмады, дұрыс айтып, жеткізе алмады. Себебі олардың көбі ескі жүйеде тәрбиеленген адамдар еді. Абайға қатысы жоқ сөздерді этикет қып таға бастады. Біз абайтану ғылымында екі мәселеде қателесіп жүрміз. Мәселен, біреулер ақынды «Ұлы Абай» дейді. Бұл — кезіндегі «Ұлы Сталин», «Ұлы Ленин» деген ескілік көзқараспен берілген теңеу. Анығында, Абай ұлы емес, ол хакім еді. Ұлы дегеніміз – тек Жаратушы бір Аллаға ғана айтылатын эпитет. Абайды ұлы деу — үлкен қателік. Екінші қателігіміз – «Абай ілім жасаған адам» деген әңгіме шығарды. Бұл да — оңбай қателескендердің айтқаны. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Ілімді мен жасаймын» дейді. Ақиқатында ілімді Алла тағала жасайды да, Пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер оны таратады, насихаттайды. Абай ілім жасаған жоқ. Қасиетті Құранда: «Ілім жасағандарды жазалаймын» дейді. Сонда ілім жасаған Карл Маркс, Лениндер не болды? Олар қазір қайда? Сондықтан, Абайды Алламен теңестірмеу керек.

Мағжан Жұмабаев бір өлеңінде: «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес» дейді. Демек, Абай — ғасырлардан-ғасырларға жететін тұлға. Оны тек түйсініп оқу керек.  Абайдың өзінің айтқаны бар ғой: «Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси» деген бес-алты ғұламаны ерекше құрмет тұтады. Бұлардың бәрі — ғасырдан-ғасырға өтіп, өлмей келе жатқан ақындар. Абай да солардың қатарына өтті.

— Бұған дейін зерт-тегендердің бәрі коммунистер болса, сонда хакімнің қазынасын қалың жұртына кім жеткізу керек?

— Абайды Тәуелсіздіктен кейін өскен жастар көбірек зерттеу керек. Себебі, олардың таным-түсінігі, көзқарасы мүлдем бөлек. Олар халыққа Абайдың сөзін өз пайым-пікірімен жеткізе алады. Ал жастары 50-70 аралығындағы абайтанушылардан енді қайыр жоқ. Олар бұрынғының ескі сарынынан әлі шыға алмай келеді. Қазіргі абайтанушылардың дені қате айтып жүр. Кейбір адамдар Абайды өзінің түсінігіне салады. «Мен осылай ойлаймын» дейді. «Айналайын, ол — сенің ойың, сенің түсінігің. Сен әуелі Абайдың мәтінін түсініп ал, не айтқысы келгенін ұғынып ал» деймін. Содан кейін ойланып алып барып айту керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы «Көк тұман алдындағы келер заман» деген өлеңі туралы талдағанда: «Мына өлеңді түсіну қиын. Бірақ, бұл – Абайдың кемшілігі емес, бұл – біздің кемшілігіміз. Демек, бір адам оны түсіндіру керек» дейді. Меніңше, Абайды түсіндіретін адам таза су сияқты мөлдір, тұнық болу керек дейді.

Сондықтан Абай туралы айты-латын сөздер әлі алда. Оны өздерің секілді жастар айту керек. Жалпы, Абайдың сөзін айтып қана қою жеткілікті емес, біз оны өз керегімізге, рухани әлемімізге пайдалануымыз керек. Кейінгі жастар хакімнің сөзінен рухани азық алуы қажет. Абай бізге сол үшін керек. Мәселен, осыдан төрт-бес жыл бұрын Павлодар облысының Аққулы ауданында Абайдың мүсінін орнатып, скверін аштық. Біз оны ол жерге жайдан-жай қоя салған жоқпыз. Тас мүсін болса да, сол елге, кейінгі ұрпаққа, өсіп келе жатқан жастарға қандай да бір рухани күш сыйласын деген ниетпен қойдық. Біздің сол үмітіміз ақталды, бүгінде Аққулы жұрты Абайдың басына жиі барады, жастар жиналып өлең оқиды, басқа да түрлі шаралар өткізеді.

— Жоғарыда Абайды толық тану үшін 180 жыл аздық етеді дедіңіз, сонда хакімді тану үшін тағы қанша уақыт керек?

— Абайды тану үшін кемінде екі-үш ғасыр уақыт керек. Соған дейін сұрыпталады. Кейбір кереғар айтылған сөздер ескіреді. Артық айтылғандары қиылып қалады. Дөп басып айтылғандар ғана сұрыпталып сол кезеңге жетеді. Оған асықпау керек. Дегенмен, сол уақытқа, толық түсінуге жақын тұрмыз.

— Сіз 2020 жылы «Біз ХХІІ ғасырдың жастарына арнап, Абай туралы 100 жылдық бағдарлама жасауымыз керек» деген ұсыныс айтыпсыз. Содан кейін сол сөзіңізге құлақ асқан адамдар болды ма?

— Менің ол ұсынысым сол айтқан жерде қалды. Ешкім құлақ аспады. Сол жылы одан басқа да бірқатар маңызды ұсыныс айтқанмын.

— Өзіңіз Абайдың даналығын қашаннан бастап терең түсініп оқи бастадыңыз және сізді абайтану ғылымына әкелген кім?

— Мен Семейдің педагогикалық институтында филология факуль-тетінде оқыдым. Сонда белгілі ғалым, абайтану ғылымының негізін салған Қайым Мұхаметқанов ағамыздан дәріс алдық. Менің абайтанумен айналысуыма ықпал еткен сол кісі. Мен ол кісінің дәрісін төрт жыл үзбей тыңдадым. Осылайша, бірінші курстан бастап Абайды басқа қырынан танып, зерттей бастадым. Осы тақырыптағы жетекшім де, ақылшым да сол Қайым ағамыз болды. Ол кісі бұл тақырыпқа келгенде бос сөз айтпайтын және айтқызбайтын. Содан кейінгі ғұмырымды Абайға арнап, нәтижесінде «Хакім Абай», «Абай туралы философиялық трактат», «Данышпан Шәкәрім», «Кемеңгер Мұхтар», «Тұлғалар-қаламгерлер», «Ғұлама наме» секілді кітаптар шығардым.

— Бұлардың бәрі қазақ руханияты үшін өте құнды еңбектер екенін білеміз. Бұл кітаптар әлем тілдеріне аударылды ма?

— Менің «Хакім Абай» деп аталатын еңбегім әлем әдебиеттерінің тізіміне енді. Оны ағылшын тіліне Вашингтон университетінің профессоры, өзімнің шәкіртім аударды. Қазіргі таңда «Аmazon.com» деп аталатын интернет кітап дүкенінде сатылып жатыр. Әу баста олар кітапты орысшадан немесе басқа тілден емес, тек қазақ тілінен, яғни, түпнұсқадан аударған аудармасы керек деген талап қойды. Содан кейін Абайдың өз тілінен ағылшын тіліне аударылып отыр. Бұл — мен үшін өте үлкен жетістік. Жалпы, қазір Орта Азияда, соның ішінде Қазақстанда кімдер тұрады деген сұраққа шетелдіктер жиі қызығушылық танытуда. Яғни, Қазақстан деген қандай мемлекет, онда кімдер тұрады дегенге көп назар аударады. Міне, осындай кезде бізді Абай ғана құтқарады. Абайды әлемге танытсақ, бүкіл қазақты таныды деген сөз емес пе?

— Семейде хакімнің мерейтойына арналған іс-шаралар он күнге жалғасып жатыр. Дегенмен, үлкен тойдың соңында халыққа рухани азық болар бір дүние қалуы керек қой…

— Әрине, дүбірлі той өтеді де кетеді. Соңында ұрпаққа азық болар құнды кітаптар қалуы керек. Абай әлемін дұрыс түсіне алатын, оны қоғамға дұрыс түсіндіре алатын адамдардың сөздері қалуы керек.

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.