Елімізде алғаш болып баспасөз қызметін ұйымдастырушылардың бірі, Тұңғыш Президенттің бірінші баспасөз хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, рәмізтанушы, ақын, жазушы-публицист, «Құрмет» орденінің иегері Ербол Шаймерденұлы Шаймерденовтің туғанына биыл 70 жыл толып отыр.
Бүгінде ол ортамызда жоқ болса да, халқы асыл азаматтың жарқын бейнесі мен есімін ешқашан ұмытқан емес. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық «Saryarqa samaly» газеті де еліне елеулі тұлғаның еңбегі мен өмірі жайлы өз оқырмандарына аз-кем сыр шерткенді жөн көрді.
Өмірі – өнеге
Ербол Шаймерденұлы 1954 жылдың 12 мамыры күні Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. Жастайынан оқу-білімге құштар, зерек болып өскен ол орта мектепті ойдағыдай аяқтап, 1971-1976 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика (ҚазҰУ) факультетін тәмамдайды. Мұнымен ғана шектеліп қалмаған азамат ары қарай С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде (ҚазАТУ) білімін жалғастырады.
Жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін түрлі салада табысты еңбек етеді. Атап айтар болсақ, журналист мамандығы бойынша «Солтүстік Қазақстан», «Жас Алаш» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет істейді. Сондай-ақ, еліміз егемендік алғаннан кейін Тұңғыш Президенттің бірінші баспасөз хатшысы болады. Кейін ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіндегі Тілдерді дамыту департаментінің директоры, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып қызмет етті. Саналы ғұмырын ел мәдениеті мен баспасөзіне, туған тілдің өркен жаюына арнаған өмірі өнегеге толы қоғам қайраткерінің басқа да қырлары көп екенін атап өткен жөн.
Жазушы әрі аудармашы
Көпшілік Ербол Шаймерденовтің талантты жазушы әрі шебер аудармашы екенін біле бермейді. Бүгінде оның 20-ға жуық кітабы жарық көрген. Осынау еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанған азаматтың әдебиет әлеміне қалдырған өзіндік қолтаңбасы бар. Ол А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сынды әлемдік афористика классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, жариялады. Ал белгілі қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне тәржімалады. Бұдан бөлек, өзі жазған кітаптары, өлеңдер жинағы, ғылыми-зерттеу еңбектері мен публицистикалық жинақтары да баршылық. Олардың қатарында «Көңіл суреті» (1995 ж.), «Жүректегі жазулар» (2004 ж.) атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар» (1989 ж), «Қазақ елінің рәміздері» (1993 ж), «Елтану әліппесі» (1998 ж), «Әз Астана» (1999 ж), «Қазақстан Республикасының рәміздері» (2001 ж), «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж), «Даналық дидары» (2002 ж), «Мәңгілік мұрат» (2003 ж), «Ақиқат айнасы» (2004 ж), «Елтаным» (2005 ж), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж) және басқа туындылары жарыққа шыққан. Бұл еңбектерінің бірқатары шет тілде-ріне тәржімаланған. Сонымен қатар, белгілі азаматтың «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай», т.б. өлеңдеріне ән жазылып, тыңдарман қауымға жол тартқан.
Тұңғыш рәмізтанушы
Төл тарихымызда Ербол Шаймерденовтің есімі қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы ретінде сақталып қалды. Яғни, ол тәуелсіздік алғаннан кейін рәміздердің бәрін зерттеп, рәмізтануға үлкен үлес қоса білді. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қабылданған мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптас-тыру ісіне бір кісідей атсалысып, алғаш болып еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше кітап жазды. Оның осы салаға сінірген ерен еңбегін елі бағалай білді. Оған Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының төмендегі пікірі дәлел бола алады.
— Ербол Шаймерденов — бүкіл дүние жүзіндегі елтаңбаларды қарап, соған анализ жасаған өте білімді, дәстүрімізді терең білетін азамат. Осы кісінің арқасында, меніңше, қазіргі қолданыста жүрген рәміздеріміз өз қалпына келді. Мемлекеттік рәміздер Ерекең бар кезде қалыптасты. Оның рәміздердің қалыптасуына қосқан үлесі өз алдына ғылыми зерттеуге жататын жұмыс деп айтуға болады, — дейді Жандарбек Мәлібекұлы. Бұған қарап-ақ, Ербол Шаймерденовтің геральдика саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін аңғаруға болады.
Еленген еңбек
Ел азаматы Ербол Шаймерденовтың Қазақстанға сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәселен, ол 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алса, 2011 жылы «Құрмет» орденімен наградталды. Сонымен қатар, М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Тізбектеп айта берсек, бұдан басқа да түрлі марапаттары баршылық.
Бір анығы, халқының қалаулысы бола білген азаматқа деген құрмет жыл санап артуда. Айталық, біраз уақыт бұрын қаламгер әрі журналист тұлғасын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, таныстыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Шаймерденов аудиториясы ашылды.
Ал жуырда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласында рәмізтанушы Ербол Шаймерденовке арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Игі шара барысында қоғам қайраткерінің мәдениет, тіл және геральдика саласына сіңірген еңбектері баяндалып, адамгершілігі мен тұлғалық қасиеттері жан-жақты сөз болды. Осынау кешке арнайы шақырылған Ербол Шаймерденовтің жары Күләш Шаймерденова:
— Ол өте мейірімді, елжанды, ұлтын қатты жақсы көретін адам еді. Бұл қасиеті жүріс-тұрысынан, бүкіл болмысынан байқалып тұратын. Ешқашан өтірік айтпайтын. Мейірімділігі соншалық, балаларына ұрыспайтын. Біз сенбі-жексенбі күндері үйде отырмайтынбыз. Өйткені, ол демалыс күнін пайдаланып, бар уақытын бізге арнауға тырысты. Ел, жер, халық, тіл үшін деп жүгіріп жүріп кітап жазды. Рәмізге байланысты еңбегі қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылды, — деп естелігімен бөлісті.
Атап өтерлігі, соңғы жылдары Ербол Шаймерденұлы шығармашылығын насихаттау мақсатында елімізде «Шаймерденов оқулары» ұйымдастырылып, байқау жеңім-паздарына Шәймерденов атындағы арнайы шәкіртақылар тағайындалуда.
Осылайша, бар ғұмырын мемлекеттің дамуына арнап, ел мүддесі үшін қызмет еткен тұлға 2012 жылдың 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бірақ оның артына қалдырған мол мұрасы ескірмейді, ел руханиятына қосқан зор үлесі ұмытылмайды. Елінің елеулісі бола білген аяулы азаматтың жарқын бейнесі мәңгілік ел жадында сақталмақ.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғалым:
— Ербол Шаймерденов салмақты мінезіне жанының жайсаңдығы жарасқан азамат еді. Қазақстанның төрт түкпірінің жақсылары оның жақыны болды. Ол кісімен бүкіл Түркияны бірге аралап, сапарлас болған күндерім әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Әсіресе, адамға ерекше әсер қалдыратын қасиеті ол кісінің мемлекетшілдігі еді. Не жазса да, кіммен сұхбат құрса да, алдымен, мемлекеттік тұрғыдан ойлайтын терең ойлы, кең жүректі азаматтығын байқамау, бағаламау мүмкін емес.
Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист:
— Ербол Шаймерденов – ғалым, жақсы аудармашы болды. Хайдеггердің, Ремарк сынды тұлғалардың күрделі филосо-фиялық шығармаларын аударған. Оның үстіне, ол — үлкен антология құрастырушысы. «Қазақтың ақыл-ой антологиясы» деген кітабы — өте құнды қазына. Осындай еңбектері бар азамат ортамыздан ерте кетіп қалды. Бірақ Ерболдың еңбегі қазақ халқының есінде сақталады.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы:
— Ол тілдік проблемалардың бәрін жанын салып көтерді. Қазақ тілінің мемлекеттік тілі болып қалуына үлкен үлес қосты. Ербол сондай-ақ, ғасырлар бойы өмір сүрген даналарымыздың афоризмдерін жинап, «Қазақ афоризмдері» атты үлкен кітап шығарды. Шын мәнінде рухани байлығы-мызға, мемлекеттік тілдің қалыптасуына жанашырлықпен кіріскен бірден-бір адам — Ербол Шаймерденов.
Нұржайна ШОДЫР.