Ұлы Абай — біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол — қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері — ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы — халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биыл 10 тамызда қазақтың бас ақыны, ұлт руханиятының шамшырағы Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толады. Бұл — бүкіл Алаш баласы, қазақ жұрты үшін үлкен рухани мереке. Себебі Абай атамыз ақын ғана емес, сонымен қатар, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлға ретінде тарихта қалды. Ал шыққан тегіне тоқталар болсақ, арғы тегі Олжай батырдан басталады. Ол Орта жүздің Арғын-Тобықты руынан тарайды. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұл тарайды. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Абай атамыз 1945 жылы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының жайлауы — сырт Қасқабұлақта дүниеге келген. Небары 59 жыл ғана ғұмыр кешкен ол 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды.
Мұхтар ӘУЕЗОВ: Абайға ықыласым ерте түсті
— Абай шығармаларын мен жастайымнан біліп өстім. Атам Әуез Абайдың досы еді; ол кісі біз сияқты немерелеріне ақынның өз өлеңдерін де, аудармаларын да көп оқытатын. Әсіресе, Абай аударған Татьяна жанының нәзік сырын, оған Онегиннің жауабын жаттататын. Біз болсақ, Татьяна кім, Онегин кім — онда жұмысымыз жоқ, атамыздың айтқанын істеп, жаттай бердім. Абайға ықыласым ерте түсуге осы жайлар себеп болды. Бірақ, орта мектепте оқып жүрген кезімде де, Ленинград университетіндегі студенттік жылдарымда да Абай жөнінде алдыма қойған пәлендей мақсатым болған жоқ.
1930 жылдан кейін Абай туралы роман жазбақ боп саналы түрде материал іздегенімде бір-ақ өкіндім: көп нәрсені аңдамай өткізіп алыппын. Абайды білетін кемпір-шалдар әр жерде ғана қалған, олардың жадынан көп нәрселер шығып кеткен. Бұл тұста мен Абай өмірін биограф ретінде де зерттеп жүр едім: көп адамның аузынан Абай өлеңдерін жазып ап, бұрын баспа бетін көрмеген шығармаларының 40 проценттейін қалпына келтірдім.
Әлдеқашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің халім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Айгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді.
Қайым МҰХАМЕДХАНОВ: Бүкіл саналы өмірін туған халқына арнады
— Абай өзінің бойына біткен табиғи талантын, ақындық өнерін, ақыл-ойын, жігер-қайратын, парасат-білімін, бүкіл саналы өмірін туған халқына арнады. Халқының бақытты, ерікті ел болуын, өнер-білімді, мәдениетті елдермен терезесі тең болуын мұрат-мақсат етіп, сол ұлы арман жолында аянбай адал еңбек сіңіруді азаматтық, адамгершілік борышым деп білді. Абай тек қазақ сахарасының перзенті болып қалған жоқ. Ұлы гуманист Абай: «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың», «Адам деген даңқым бар!» деп бүкіл адамзат баласына жар салды.
Абай — өз халқының ең ардақты, аяулы арманын, ой-пікірін, терең сезім-сырын, ұлттық мінез-қүлқын жеріне жеткізе жырлаған, жарқын бағыттағы жаңа жазба әдебиеттің атасы, қазақ көркем әдебиетінің көрікті тілін ұстартқан, құдіретті ақындық өнерімен үлгі-өнеге жайған классик ақын.
Салық ЗИМАНОВ: Ақындығын билік, шешендік өнерімен ұштастыра қарау — міндет
— Абайдың ақындығын билік, шешендік өнерімен ұштастыра қарау — міндет. Сонда ғана ұлы адамның ұлылығы биігінен көрінбек. Абайдың өмірбаянын, тарихтағы орнын оның би болып атқарған қызметінен бөліп қарау біржақтылық екендігі айқын. Солай бола тұрса да, өкінішке орай, бүгінге шейін Абайдың биліктері ол туралы зерттеулерден сырт қалып келді. Оның себебі де бар. Қоғамды топқа емес, қарсылас тапқа бөліп, тап күресін уағыздаған Кеңестік идеологияның үстем болған кезеңінде «би» дегенді әшкерелеумен болдық. Оның көшпелі елдің өзіндік мекемесі екендігін, ғасырлар бойы ел тарихының арқауы болғанын біле тұра, оны ғылыми тұрғыдан зерттеуден бас тарттық. Енді өмір өзгерді. Қазақтың өз алдына тәуелсіз ел болуына байланысты ақтаңдақтарды жоюға мүмкіншіліктер туды. Абайдың жораға түсуі, биліктері ежелден қалған әдет-ғұрып ережелеріне сүйене отырып, заманына сай кейбір жаңалық енгізгені – зерттеуін күтіп жатқан Абай өмірбаянындағы ақтаңдақтар. Көп дүниеден құр қалдық. Ел арасына кезінде кеңінен тараған Абайдың биліктері мен соған байланысты шешендік сөздеріне куә болған, болмаса, атадан ұрпаққа тарағанды жеткізер қариялар бүгінде жоқ.
Абай Құнанбайұлы
Адамның кейбір кездері
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірсе алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.