Жазу үстелімде ақын, журналист Бақи Әбдіқадыровтың бірнеше кітабы жатыр. Әуелгісін қолыма алдым. «Қазанама» кітабын (2001, 2006 жылдары шыққан қос кітап) парақтап отырмын. Кітапта Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың, ақын Қалижан Бекқожиннің, жазушы Рамазан Тоқтаровтың, ұстаздық, басшылық, спорт, өнер, мәдениет, әдебиет, тарих саласында қызмет етіп, есімдері аймағымызға танылған тұлғалар – Кемер Әшімбетовтің, Әбдеш Баймұрзиннің, Садық Мұхамеджановтың, Бағұстар Рамазановтың, Зоркен Махановтың, Дүйсенбай Рахметовтің, Батырбек Сейсенбековтің, Иманғали Мәненовтің, Жанат Тұрғанбековтің және өзге де марқұмдардың жарқын бейнелері жырмен сомдалған екен.
Бақи Әбдіқадыров оқырмандарын, өзі қалам тербеген бақилық қаһармандарындай мағыналы, мәнді өмір сүруге шақырады. Ертеде бір бейітке кіреберіс қақпада «Біз де Сіздей болғанбыз, Сіз де Біздей боласыз» деген жазу болыпты деп естіген едім. Ақиқатында, Бақи ақын кейіпкерлеріндей, баршамыз бақилық боламыз. Мақаламда қарымды қалам иесінің шығармашылығын жан-жақты талдауға тырыстым. Байқағаным, автор қазақ әдебиетіне тың дүниелер әкеліп жатқанына аса мән бермеген секілді. Мән бергені – өлгендерді жырлау арқылы өлместей болып «үстіңгі ерні көк тіреп, астыңғы ерні жер тіреп» жүргендерге «ескерту» жасаған секілді. Өмірдің қадірін ұғуға шақырған секілді. Мұқағали айтқандай, «Өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме».
Келесі кітап – «Сырласу» жинағы (2008 жылы шыққан).
«…Шабыт келсе, өлең жазу ғанибет,
Келмейді өлең шақырсаң да зар илеп.
Шабыт келмей, өлең шіркін келмейді,
Бір өзіңде болса да бес кабинет», — деп жазыпты ақын. Бір жазушы жұмысқа тұрып алайын, жазу қайда қашар дейсің деп, жұмысқа тұрыпты. Үй алып алайын, сосын жазамын деп ойлапты тағы. Ол мақсатына жеткен соң, жағдайымды оңалтып, үйленейін депті. Үйленіп, үй болыпты. Енді шаңырағымды жиһазға толтырып алайын, сосын жаңа жиһазды кабинетімде отырып жазамын ғой асықпай депті. Айтқанындай ол ойы да жүзеге асып, жұмсақ креслоға жайғасып, қымбат үстелге қағаздарын жайып тастап қалам алыпты қолына. Бәрі бар, барлығы сақадай сай, тек баяғы ой, баяғы шабыт жоқ. Ақыры түк жаза алмай өмірден өтіпті сабазың. Осы оқиға «Нағыз жазушы аш жүрсе де жазбай тұра алмайды» деген әйгілі сөзді ойға оралтады. Аңдағанымдай, Бақи Әбдіқадыров көкейіне келген ойын ірікпей, сол қалпы қағазға түсіреді екен. Шабытының келгені сол болар.
«Жиналыс пен қиналыс» дейтін өлеңі «қуыршақ театрына» айналып кеткен қоғамымыздың бет-бейнесін ашып көрсеткендей. Маңайындағылардың маскасын жұлып алып, масқарасын шығарған секілді:
«Жиналыс дегеннен соң жиналамыз,
Бір пайдасы тиер деп иланамыз.
Баяндама оқылып болғаннан соң,
Жарыссөзге келгенде қиналамыз.
Неліктен қиналамыз, қысыламыз?
Келгенде пікірталас тұсына біз.
Жандайшап шешендерді сөйлетіп ап,
Жарыссөз тоқталсын! — деп ұсынамыз.
…Нені біліп, кім нені ойлап отыр,
Айтпаса да көңілде сайрап отыр.
Айттың не, айтпадың не,
Төрағасы – Қаулысын әлдеқашан сайлап отыр».
1980 жылы жазылған екен бұл жыр-сықақ. Бақи ақынды «Қазанама» кітабы арқылы білетін оқырман «Мұңды, жоқтау жырларды тудырған жүрек осындай әжуа-жырды қалайша дүниеге әкелді екен?!» деп ойлауы мүмкін. Мына қос жанр — бір-біріне кереғар ұғымдар. Ал, Бақи Әбдіқадыров қаламына бұл жағдай мүлдем таңсық емес екен. Бұндай ащы ақиқат «Әкімге арыз», «Әкімге хат» өлеңдерінде да көрініс тапқан.
Осыдан Бақи Әбдіқадыровтың мінезін аңғаруға болатындай. Қисық, қыңыр Өтежан ақынның (Нұрғалиев) айналасына «идеот» жинап жүргені секілді – бұл да қоғамдағы олқылықтарға қарсылық, наразылық білдіруі шығар?!
Бұл ойымызды ақынның «Жеке шумақтары» қуаттай түсетіндей:
«Күлімдеп көкте күн тұрды,
Қол жетпейтін армандай,
Кәрі ағаштар құлпырды,
Тоқал алған шалдардай».
Немесе:
«Кәрінің бүлкегі жоқ, аяңы жай,
Күн қайда жүйткітетін баяғыдай?
Әйтеуір, бала-шаға қызықтайтын,
Бақсының болдық асатаяғындай».
Ал, мына шумағы тіптен ерекше:
«Ақынның да кезі бар қысылатын,
Айтуға сөз таба алмай ұшынатын.
Өлең-сөз қалтадағы темекі емес,
Суырып, сұрағанға ұсынатын».
Келесі бір жыры «Әнші қарын-дасқа» деп аталады. Сол өлеңдегі: «…Бойда қанды қыздырған ән ырғағын, дүрсілі жүрегімнің қайталап тұр» деген жолдардан Бақи ақынның нәзік лирик екенін де аңғару қиын емес. Жинақтың соңғы бетін жабарда автордың жанр талғамай жаза беретініне бір таңданып алып, келесі жинаққа зер салдым.
2011 жылы шыққан «Салауат сазы» жинағындағы «Өзіңе өзің жаусың, білесің бе?» өлеңі ақынның өмірлік мұраттарынан туған жыр секілді әсер етті. Соны ғана ұсынсам жетер-ау деп ойлаймын өзіңізге, мәртебелі оқырман:
«Бұл сөзіме ренжіп, не күлесің бе?
Дұшпан көп, әлің жетсе күресуге.
Өзгеден қауіптеніп не қыласың,
Өзіңе өзің жаусың, білесің бе?…».
Осы жыры арқылы автор ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін еске қайта салғысы келгендей.
2007 жылы шыққан «Тұлпардың дүбірі» атты тарихи шежіре-дастандар жинағы ел аузындағы ескі де есті әңгімелерді оқырман жадында жаңғыртуымен құнды.
Жинақтағы «Ақ бура» дастанында:
«Бұл өңірдің жер, суы таныс бәрі,
Аталас елдің құтты қоныстары.
Ерен тау – Ерейменнің құшағында,
Баянның жатыр нелер арыстары», — деп Абылай ханға жол тартқан сапарында көз жұмған Олжабай батыр, ел әулие деп сыйлаған әрі би, әрі батыр Құлболды мәңгілік мекен тапқанын жазады. Анау бір жылы Ерейментау өңіріне жасалған «Баянауыл-Ерейментау: Бабадан қалған құт мекен» салт атты сапар барысында қос батырдың бейітіне аял қылып аят оқығанымыз бар еді.
Дастанда Құлболды батырдың ағасы Жолболдының «Орманшы» атануы да баяндалады. Құлболды бала кезінен баптап өсірген Ақ бурасы алыстан дүбір, жақыннан қыбыр естісе иесіне белгі беретін. Ел шетіне жау келсе ақ көбігін шашыратып солай қарай шабынатын. Сол Ақ бура жоңғармен талай шайқаста Құлболды батырға серік болған еді.
Құлболды Ақтамақ бидің қызына құда түскенде, «Қалыңмалдың бұйдасы – Ақ бура» деп, хабар келген құдалардан…». «Жан серігімді бір қызға айырбастап, апыр-ай, болғаным ба опасыз жан?», — деп сол жайтқа қапаланған батыр бір күні түс көреді. Түсінде нағашы атасы аян береді: «Ақ бураның құнына келген қыздан, ұл туады Ақбура ноян», — деген». Әлгі түстен кейін, той думаны дүрілдеп, Ақ бура қалың малдың басы болып құдаға тартылады. Құлболды батырдың түсіндегі аяны айдан анық ақиқатқа айналып «Ұрпаққа аңыз болған бұл некеден, туыпты Ақбура, Қабылан деген екі ұл». Қабылан жайын ешкім айта алмайды қазір. Ал, «Ақбура аз болса да шетінен нар – азамат от пен судан тайсалмайды».
Дастан бұдан ары Ақбура жайына ойысады. Ақбураның неке қиып алған жары Мақпал бәйбішеден туған:
«Айдабол, Күлік, Тұлпар – үш арыстан,
Атаға тартып жаралған ар-намыстан.
Үшеуі көтеріле атқа қонса,
Ала алмайды іште жау, сыртта дұшпан».
Бақи Әбдіқадыров ақиқатқа айналған аянды жыр ете отырып, қазақтың маңдайына біткен асыл перзенттері Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қалижан Бекқожин, Олжас Сүлейменовтердің тектінің тұяғы екенін жырлайды.
Келесі дастан «Айдабол» деп аталады.
«Айдабол – сөзге шешен, күші мығым,
Мақтайды ел ерлігін, кісілігін.
Тұлпар, Күлік туған соң атапты әке,
«Ат айдаушы болсын» деп кіші ұлын».
«Айдаушы» деген ұлы Құлбол-дының, жерінен дүркіретіп жауды айдаған» батыр болып өседі. «Жиырма үштен жасы асқанда хан алдында, атағы шыққан еді жас батырдың». Дастанда Төле бидің ауылынан жеткен хабарды естіп, жауға шапқан Айдабол батырдың ерлігі, Төле бидің қарындасын тұтқыннан босатқаны баяндалады. «Төлебай-Сары» дастаны. Достық-бауырлықтың, ғашықтықтың, асқан ақылдылықтың ұлы күшке ие екенін, қандай қиыншылық болса да осы үш сезім аман алып шығатынына дәлел болатын ел аузындағы хикая. Талай майданда «Ойратты ойсыратқан айласымен, торағуытты түйреген найзасымен» Төлебай батыр жат қолына тұтқынға түседі. Тұтқындағы қазақ асқан шеберлігімен, кірпияз тазалығымен, қажыр-қайратымен әйгілі болып, «Тұтқын қазақ осындай» деген лақап, бірте-бірте сарайды аралады». Тұтқын қазақтың бұл хабарын есіткен жау патшасының ерке қызы Зипагүл Төлебайды көргісі келеді. Көреді, атқосшысы етеді. Ақыры ынтық көңіл, ғашық жүрек бір бірін тауып, қашуға уәде байласады. Оларға тұтқындағы тағы бір қазақ, Сары батыр жәрдемдеседі. Бақи ақын дастанында қос батырдың достығы Төлебай аузынан былай жырланады:
«Адал жолдас сүйрейді басыңды өрге,
Қадіріңді білместің қасына ерме.
Сарыны Төлебайдан айырмаңдар,
Десеңдер мені тыныш жатсын көрде».
Қашуға бел байлаған қос ғашыққа жол сілтеген жан серік Сарының асқан ақылдылығы, жау патшасының тергеуіне шыдамдылық танытып, алдап соғуы, қос ғашықтың соңынан қуып жетіп оларға қосылуы, азапты сапарда Төлебай батырдың әке атануы, жас анаға Сары батырдың шөл даланың ортасынан шыңырау құдық қазып, су ішкізуі – елітіп әкетер әсерлі әңгімелер. Осындай азапты бастан өткеріп, ел-жұртымен қауышқан Төлебай-Сары батырлар ұрпағын өрбітіп, талай ұлы тұлғаға ата атанады.
«Гауһар батыр» дастаны. Тақырыбы айтып тұрғандай, «…ақ алмастың жүзіменен, тарихқа ерлік жырын жазып кеткен» батыр қыздың ерлігі, мергендігі, найзагерлігі жырланады бұл дастанда. Қабанбай батыр мен Гауһар қыздың кездесіп, табысуының өзі – жауға тізе қосып шабу үшін тағдырдың тамаша таруы іспетті. Жырда, сондай-ақ Гауһар батырдың даналығы да сөз етілген:
«Жорықта жарты малта арман» дейді.
«Дос арттан, жауың келсін алдан» дейді.
«Атадан ұл боп тума, ер болып ту» –
Деген сөздер Гауһардан қалған дейді».
Жырдың тағы бір маңызды тұсы Шығыс Қазақстан облысының аума-ғындағы әйгілі Абыралы тауының атауына да қатысты деректің келтірілуі. Бақи ақын келтірген дерек бойынша жоңғардың Абыр батыры мен Гауһар батырдың серігі Әлі батырдың қаза тапқан жері – Абыралы атаныпты.
«Тұлпардың дүбірі» аталған кітапты оқып отырғанда шынында да қазақ даласын шаңға бөктірген тұлпарлар дүбірі құлаққа келеді. Бұл дауыстан бөлек өлеңнің үні, оқтың жаңғырығы жететіні тағы бар. Олай дейтінім, ақынның Павлодар қаласында Сұлтанмахмұт ақынның ескерткіші ашылғанда туған «Оралу» жыры мен «Соғыс туралы сөзі» бойыңызды шымырлатпай қоймайды, құрметті оқырман.
Әрине, қолдан қаһарман жасау-дан аулақпыз. Абай айтқан өлеңнің өлшеміне сай кәсіби шеберлік ақын жырларының кейбір тұсында кемшін соғып жатады. Құр баяндауға ұрынған кезі де жоқ емес. Бары – тарихқа қиянат жасамай, ұлы бабалар рухын ұрпағымен қауыштырсам деген асыл арман. Сол арман Бақи Әбдіқадыровқа қалам алдырған, ақ қағазға телмірткен. Бұл арманы орындалып, міне мен де бабалар ерлігіне куә болып, талай жайтқа қанықтым. Тарихи дастандар жайын сөз ете отырып, олардың мазмұнымен аз-кем таныс-тыруды жөн санадым. Бұнымды, жинаққа жасалған «анонс» деп қабылдаңыздар!
P.S: Баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Құрманов – Бақи Әбдіқадыровтың көзін көрген, тағылымын алған жандардың бірі. Өлкетанушыдан ол кісінің есімін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қойғаны жайлы әңгіме естідім. «Әбдіқадыр ақсақал Тұрсынбайдың Қызылшілігі дейтін жерде тұрды. Бақи дүниеге келгенде Мәшһүр әулие сол ауылда болған екен. Содан Әбдіқадыр ақсақал: «Молдеке, біздің ауылға келгеніңде, біздің үйде бір шикі өкпе дүниеге келіп еді, есімін өзіңіз қойыңыз» деп қолқа салыпты. Мәшһүр әулие сәбидің маңдайынан иіскеп, «Аты – Бақи болсын!» дейді. Әбдіқадір атам: «Ой, тақсыр-ау, мынауың не, мойныма бұршақ салып тілеп алған баламның атын Бақи қойғаныңыз не?», — деп кейіпті. Сонда Мәшһүр Жүсіп: «Мен көзімнің тірісінде Мұса Шорманұлына, Исабек ишанға, Құсайын Боштайұлына, талайларға жоқтау жазып едім, мен өлгенде менен кейінгілерге кім жоқтау жазады? Алла ғұмырын ұзақ қылсын! Бұл бақилықтарды еске алатын бала болады. Мен оны ертең өліп қалады деп тұрған жоқпын ғой», — депті де, қалжадан ауыз тиіп шығып кетіпті. Бұны мен Бақи ағаның өз аузынан естідім», — дейді. Әулие лепесімен Бақи Әбдіқадыров біз сөз еткен жанрда қалам тербейді. Ұзақ ғұмыр жасайды. Ұлы Отан соғысына қатысады. Курск шайқасында бір қабырғасынан айырылса да, бойын тік ұстап жүреді екен. Ол тағдырдың талай соқпағынан өтті. Сыны да, сыры да кетпестен ғасырға таяу уақыт жасады. 90 жасқа қараған шағында 2013 жылы бақилық болды. Бақилық болған қанша жампозды жоқтай-жоқтай… Ал, біз Бақиды жоқтай алдық па?
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.