Алып тұлғалы аға парқы

Сәу 24, 2025

Сонау көне заманнан бері иісі қазақтың қасиетті ата қонысы болған Ертіс-Баян өңірі Кеңес өкіметі кезінде Павлодар облысы деген әкімшілік атаумен жеке отау тікті. Осы өркенді өңіріміздің гүлденіп, қанат жаюына көптеген атпал азаматтар белсене атсалысқаны мәлім. Арманы — елдіктің кемел ертеңі, мақсаты — ұлт тағдыры болған асыл ағалар келер буынға өнегелі де өшпес із қалдырды.

Солардың бірі де бірегейі — саф алтынның сынығындай, бұлақтың тұнығындай, адамгершілік қасиеттерімен өз ортасында үлгі болған, қысқа ғұмырын ел игілігіне арнаған, Баянауыл жерінің киелі топырағынан шыққан Әбен немересі Жантілеуұлы Қабдол еді.

Кеңес, партия, кәсіподақтың қызметкері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы, қоғам қайраткері, іскер басшы, «Құрмет белгісі» орденінің екі мәрте иегері атанған Қабдол Жантілеуұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Қабдол Әбенов 1925 жылы 20 мамырда Баянауыл ауданының №11 ауылында (қазіргі Екібастұз қаласы аумағында) кен қазушылардың кедей отбасында дүниеге келген. Жантілеу атамыз отбасымен 1930 жылы Майқайың ауылына қоныс аударып, Майқайыңалтын өндірісіне кенші болып жұмысқа орналасады.

Майқайың жұртшылығы үшін «Қара шаңырақ» аталған қазақ орта мектебінің іргетасы 1930 жылы қаланған. Қабдолла ағамыз 1932 жылы табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданады. Мектепте оқыған жылдары аса белсенділігімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға араласқан. 1938 жылы мектеп оқушылар комитетінің төрағасы (старостасы) болып сайланып, 1940 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы қатарына өтеді. Өз мектебінде комсомол ұйымының оқушылары арасында хатшы болып сайланады. Қазақ мектебінде 1940-1941 жылдары 16 бала тоғызыншы сыныпта оқыған. 1941 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысына ер азаматтар майданға аттанып жатқанда көптеген жоғары сынып оқушылары да соғысқа сұранады. Мектептегі көптеген ұстаздар майданға аттанып кеткендіктен сыныптарға білім беретін мұғалімдер жетіспей жатты.

Осы кезде Баянауыл оқу бөлімінің басшысы Зейтін Ақышевтің шешімімен сол кезде тоғызыншы сыныпты үздік аяқтаған Қабдол Әбенов 5-6-сыныптарға сабақ беретін болды. Ол өз мектебіндегі ортаңғы сыныптарда тарих және география пәндерінің мұғалімі болып еңбек жолын 15 жасында бастаған еді. Сол кезде мектеп директоры Кенжебай Исаұлы Исин секілді ұстаздарынан білім ала жүріп, жас жеткіншектерді тәрбиелеу ісінде тәжірибелерін үйренді.

1942 жылы 8 маусымда Майқайың қазақ орта мектебін аяқтаған. Аттес-татына барлық пәннен «үздік» деген баға жазылған. Мектепті бітіргендігі туралы құжаттың соңғы сөйлемінде: «КСРО Халық комиссарлары кеңесі БК(б)П орталық комитетінің 1935 жылы, 3-IX күні шыққан қаулысы бойынша жолдас Әбенов Қабдол Жантілеуұлы жоғары мектепке емтихансыз түсу құқығымен пайдаланды» деп көрсетілген. Ағамыз мектепті бітірген соң 1943 жылы комсомол жолдамасы бойынша ішкі істер саласында жедел уәкіл (оперуполномоченный), Майқайың кентінде милиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген кезде, «Майқайыңалтын» комбинатының бас директоры С.И.Луняков шақырып алып, комби-наттың кадр жүйесін басқаруды жүктейді. Арада көп уақыт өтпестен комбинат басшылары Әбеновтің кеңседе тапжылмай отырып, құжаттармен тыңғылықты айналысатынын, оның пәрмені бұл қызмет аясынан асып түсетінін аңғарады. Жоғары қабілеті, сауаттылығымен, білімімен ерекше көзге түсетін, екі тілде бірдей тамаша сөйлейтін, айрықша ұйымдастыру қабілеті мен іскерлік қасиеттерін әріптестері айрықша бағалады.

1943 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтар мүшесі болып, 1945 жылы коммунистік партия мүшесіне өтті. Комбинат басшылары 1948 жылы кәсіпорынның еңбекшілер-кәсіподақтар комитетін басқаруды ұсынып, кәсіподақ төрағасы етіп сайлады. Ағамыз «Майқайыңалтын» еңбекшілері мен мектеп оқушыларына арналған Жасыбай көліндегі демалыс үйінде тынығушыларға мінсіз қызмет көрсетуді қамтамасыз етті. Кәсіпорындағы кәсіподақ төрағасы ретінде еңбек ұйымы басшыларымен бірге кенттегі алтын өндірісінің өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосты.

Павлодар облысы кәсіподақтар кеңесінің жолдамасымен 1949 жылы Ташкент қаласындағы кәсіподақ қозғалысы екі жылдық мектебіне түсіп, тәмамдайды. Одан соң бір жылдан аса уақыт Алматы қаласында Қазақ КСР республикалық кәсіподақтар орталық кеңесінің өндіріс бөлімінің нұсқаушысы болып мол тәжірибе жинақтаған. Екібастұз қаласындағы «Ертіс көмір» құрылысы тресінің көмір өндірісі жұмысшылары кәсіподағы кен комитетінің төрағалығына сайланып, көмір өндірушілердің әлеуметтік проблемаларын шешу үшін көп еңбек етті. Осы тұста Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағалауында кеншілерге арналған демалыс үйлері, балалардың алғашқы жазғы лагерьлері пайда болды.

Екібастұз қаласындағы кәсіп-одақтар төрағасы қызметінде жүрген кезде Павлодар облысының Кәсіподақтар кеңесінің жолдамасымен 1953 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің кәсіподақтар қозғалы-сының Жоғары мектебін үздік бітіріп, Павлодар облыстық партия комитетінің партия бөліміне нұсқаушы қызметін атқарды. Осы кезде облыстың басшылық қызметтерінде болған, елге қадірлі азаматтар Хатиб Демесінов, Қабылбек Әлин мен Қабдол Әбенов осылай бір бөлмеде нұсқаушылық қызметіне кіріскен еді. Міне, осы азаматтармен қызмет жолын бастаған Қабдол аға жолдастарының үлгі-өнегесін өз тәжірибесінде пайдалана білді, бірге өсті. Облыстық партия комитетінің шешімімен 1956 жылы Бесқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды.

Ал 1958 жылы Павлодар облысы партия комитетінің бірінші хатшысы С.Д.Елагиннің шешімімен Қабдол Әбенов Павлодар аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Бұл тұста ол 33 жаста еді. Аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Қабдол Жантілеуұлы төрт түліктің барлық түрін көбейтуге игі ықпал етті. Ауданда ірі қара малдың саны 18,2 процентке, құс өнімінің де көрсеткіші артып, 4 есе өсті. Аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарғанына да үш жылдан асып қалған еді. Осы жылдары Павлодар ауданы өңірдегі аудандардың алдыңғы қатарында болғаны туралы сол кездегі облыс партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Кузьмич Шишенковтың Қ.Әбеновке берген мінездемесінде жазылған. Бірде Шишенков ағамызды жеке қабылдап:

— Өз жұмысыңыздағы нәтижелі тұстарды саралай келіп, сіз болашақта аудандық деңгейде ғана емес, облыс деңгейінде басшылық қызметті атқара алады деген нық сенімге ие болып отырмыз. Сондықтан мен өзіңізді Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқытып алғанды жөн көріп отырмын, — деген шешімін айтады.

Мәскеу қаласындағы Жоғары партия мектебіне Павлодар облысынан үш азаматқа жолдама берілген екен. Атап айтқанда, Баянауыл аудандық атқару комитетінің төрағасы Қамза Жұмабеков, Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Әлжан Орынбаев және Павлодар аудандық атқару комитетінің төрағасы Қабдол Әбенов. Осылайша Қабдол Әбенов 1963 жылы жазда КПСС Орталық комитетінің жанындағы әскеу қаласындағы Жоғары жартия мектебін бітіріп, облысқа оралады. Облыс партия комитеті оны бірден Железин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындайды. Ал 1965 жылы Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне кіріседі.

Өкінішке қарай, алып тұлғалы атпал азаматтың ғұмыры қысқа болды. Бүкіл саналы өмірін туған өлкесінің гүлденуіне, халық игілігіне жұмсап келе жатқан тамаша ұйымдастырушы, табанды азамат 1971 жылы 22 сәуірде аудан орталығын көркейту мәселесі жөніндегі жиын үстінде, небары 45 жасында дүние салды.

Марқұм Қабдол Әбеновтің рухына:

КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты,еңбек ардагері, шахтер Әди Шәріпұлы Шәріповтің Қабдол Жантілеуұлының ауыр қазасында айтқан жоқтауы.

Қабдолдың қазасына

Қасіретті іште тарқатар,

Аузыма сөз түспеді.

Бауырлар, кімнен айырылдық…

Сұм ажал неткен қатты еді.

 

Ақ жарқын, біздің Қабдол, Қарыс маңдай,

Өткір көз жігіт еді, арыстандай.

Сол үшін жүруші едік мақтанып біз.

 

Бір ауыл, арқа тұтар арыс бардай,

Кенеттен естігенде суық сөзді

Болды ғой қабырғамыз қайысқандай.

Думандатып жүруші еді арамызда,

Әкетті ортамыздан қайран ерді-ай.

Қоштасып мәңгілікке Қабдолменен,

Айырылып шыныменен қаламыз ба?

Жоқ болмас, бар ғой оның ұрпақтары.

 

Бір Ұлан шығар шыңға қанат қағып,

Қабдолдың өзі өлсе де, аты өлмейді.

Әркімнің көңілінде сақталар,

Атағын аңыз қылып айтар   халық —

Бір облыс басына гүл таққанын.

 

Әди Шәріпұлы, 24 сәуір, 1971 жыл.

 

Қабдол рухына

Қабдол Әбен – еліне сыйлы жан еді,

Қозған атадан ерекше тұлға-дара еді,

Көз алдымда тірліктегі кездесулер,

Сайрандап өскен Ақжар – атамекен.

 

Биік тұлға Шәмкені бар көпті көрген,

Ұрпағын қасиеттеп тәрбиелеген.

Мен келдім Ұзабдылымның отбасына,

Дастархандас болсам деп досымменен.

 

Ағайын, туыс бәріне дайын төріміз,

Сатылы ғой «жазылған» өміріміз.

Сыйласайық ақжарқын көңілменен,

Қалмасын ешнәрседен көңіліміз.

Зейнекен Қабдуәлиұлы,  Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар облысының бас сәулетшісі, Павлодар қаласының Құрметті азаматы,

24 сәуір, 1971 жыл.

*****

Қабдол аға сол кездегі Қазақстанның дамыған елге айналуын, халықтың білімді, мәдениетті, ауқатты болуын армандайтын. Өзі де сол жолда аянбай еңбек етті. Ағам Баянауыл, Павлодар, Бесқарағай, Железин, Шарбақты аудандары мен Екібастұз қаласының және Майқайың кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. «Майқайыңалтын» комбинаты кеншілер комитетінің және «Ертіс көмір» тресінің кәсіподақ төрағасы ретінде Ертіс-Павлодар өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының қалыптасып, дамуына атсалысты. Іскер азаматтың ерен еңбегi өкімет пен партия тарапынан жоғары бағаланды. Ол екі мәрте  «Құрмет белгiсi» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздiк шыққаны үшiн», «Тың жерлердi игергенi үшiн», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлiк еңбегi үшiн» т.б. мерекелік медальдармен марапатталған еді.

Аудандық комитеттің хатшысы және аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде облыстық агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен ауылдарды абаттандыру жұмыстарына септігін тигізген. Әсіресе, әлеуметтік салаға, соның ішінде ауыл мектептерінің, балабақша, ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің ахуалына ерекше көңіл бөлді.  Сол салаға сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР-інің денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен марапатталған.

Жалпы Шарбақты ауданының орталығы — еліміз егемендік алған жылдарда да қайта өрлеген елді мекеннің бірі. Қабдол Жантілеуұлы секілді іскер басшылар негізін салған өндіріс пен ауыл шаруашылығы Жамбыл Аймолдин, Жақай Нұрғалиев әкім болған жылдары қайта өрледі. Жаңа басшылар өткендердің өнегесін жалғастыра білді. Сол өнегелі ұрпақ сыйластығының бір белгісі болар, аудан орталығында ағаның өзі тұрған кең көшені аудандық мәслихат шешімімен Қабдол Әбеновтің атымен атады. Бұл да атпал азаматтың ел алдындағы беделін айғақтай түскендей.

Қабдол ағамыз өз жора-жолдастары, замандас-тары арасында қоғам жұмысына ерте араласты. Өмір жолы даңғыл, зерделі, білімді, бой десе бойы, ой десе ойы бар, келбетті, өткір де нұрлы жүзді азамат еді. Бүкіл саналы ғұмырын өз халқының игілігіне арнады. Табиғатынан адами қасиеттерге бай, әділдікті сүйетін, тура сөйлейтін ағам көзі тірісінде кішілерге қамқор болып, үлкендерге құрмет көрсетуден жаңылған емес. Биік лауазымдарға көтерілсе де ұлтының, елінің қамы үшін жанын салып қызмет еткен азаматтардың бірі болды. Ешқашан қара басының қамын ойлаған жан еместұғын, атақ қумады, құнығып дүние де жинаған жоқ. Қашан көрсең де жүрген жері, отырған орны, бүкіл болмыс-бітімі, төңірегі таң шуағындай аппақ нұрға, жарқыраған сәулеге, ақжарқын күлкіге, әзіл-қалжыңға толы болатын. Сырт келбеті қандай келісті болса, жан дүниесі де сондай сұлу еді. Қысқа ғұмырында сол сұлулығы мен тазалығына дақ түсірмей өтті.

Ағамыздың рухы Мойылды беткейіндегі зиратта мәңгілік мекен тапты. Марқұмның кезінде атқарған өміршең істерін, мақсат-армандарын қызметтес болған жолдастары мен туыстары әрқашан да ыстық ықыласпен еске алады, жасаған жақсылықтарына шексіз ризашылығын білдіреді. Абзал жанның жарқын бейнесі бүгінде туыстары мен жолдастарының жадында қаз-қалпында, нұрлы кейіпте  сақталып қалуда.

Қабдол аға Шәмшібану Зиядақызымен отау құрып, 28 жыл тату-тәтті  өмір сүрді. Алланың жазуымен дүниеге келген Нұржамал, Бақытжан, Руслан, Роза, Ерулан, Бауыржан есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Қабдол ағамыздың зайыбы, қадірлы жеңгеміз Шәмшібану ағадан айрылып, өмірдің ащы-тұщысын көрсе де, шаңырағын шайқалтқан жоқ. Балаларына өнегелі тәрбие беріп, олардың барлығына жоғары білім алдырды. Бірі дәрігер, бірі ұстаз, енді бірі экономист, ауыл шаруашылығының маманы болып қалыптасты.

Әбеновтер әулеті

Шәмшібану жеңгеміз ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, әрқайсысы бір-бір шаңырақ құрып, келін түсірді. Немере-жиен сүйіп, ардақты, мейірімді ана, әже, ордалы әулеттің ұйытқысы болды.  Жеңгеміздің өзі де елге елеулі, ақжарқын мінезді, қонақжай, сый-сыяпатты білетін, ағайын-туыс, жолдас-жораға қадірі мол адам болды. Балаларына әкесінің достары, жолдастары туралы жиі айтып отыратын.

Әкесінің өнегелі тәрбиесін көрген, оның айналасындағы қарағайлы ормандай жолдастары мен достарын көрген Ерұлан Қабдолұлы да еліне аты мәшһүр азамат болып жетілді. Қиын-қыстау кезеңдерде әкесімен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген   Қамза Жұмабеков, Хатип Демесiнов, Кемер Әшiмбетов, Қабдыманап Қапенов, Николай Симоненко, Бекболат Хазыров, Николай Гегер, Қаратай Әбдiков, Зейнекен Қабдуалиев, Қабылбек Әлин, Уақап Сыздықов, Қабиден Жұмабеков, Башай Ағымбетов, Қабдеш Нұркин, Мұстафа Жакиннің және тағы басқа ақылшы-қамқоршы ағалардың рухын жоқтатқан жоқ.

«Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөз Ерұлан Қабдолұлына қаратып айтылғандай. Жастай жетім қалса да, әкеден көрген өнегесін өмірлік серігіне айналдырған бауырымыз әке есімін ардақ тұтты. Әкесінің досы әрі қызметтес жолдасы Бекболат Хазыровпен бірге Қабдол Жантілеуұлының 75 жылдығына орай «Жер бетінде қалған із» атты кітап шығарды. Әке өмірінен сыр шертетін туынды Қабдол ағаның атқарған қызметтеріне, өнегелі өміріне арналған. «Артында бар оңалар» деген осы болар, сірә. Әрі анасы Шәмшібану Зиядақызының жарқын өміріне арналған «Басымызды иеміз, Ана!» деген кітап та басып шығарған еді.

Бұған қоса Ерұлан Қабдолұлы 2013 жылдан өзі оқыған Шарбақты ауданы орталығындағы №1 орта мектептің үздік түлегіне Қабдол Әбенов атындағы сыйлық тағайындап келеді. Оның иегерін жыл сайын соңғы қоңырауда өзі арнайы келіп марапаттайды.

Жанашыр аға туралы естелік

«Жақсыдан із қалады» деген ұлағатты сөздің шындығы адам дүниеден өткеннен кейін белгілі болатын тәрізді.

Жалғыз ұрпақ өсірумен ғана емес, еліне, жұртына, халқына жасаған жақсылығымен есте қалған азаматтың аты өшпек емес. Міне, Павлодар өңіріне белгілі азамат Қабдол Жантілеуұлы Әбенов тірі болғанда 75 жасқа толар еді. Не бары 45-ақ жасаған ол адамгершілігімен, іскерлігімен, кішіпейілділігімен, ұрпағына қамқорлығымен есте қалды.

Қабдол Жантілеуұлының өмір жолы, қызметі туралы кезінде бірге қызметтес болған, қазір зейнеткер, бірнеше кітаптың авторы Бекболат Хазыров пен ұлы Ерұлан Әбенов. «Өмір іздері» атты кітапшаны жарыққа шығарды. Жақсының аты өлмейтіндігін осыдан аңғаруға болады. Шағын болса да бұл бір жақсы естелік. Келешекте кеңейтіп жазуға да болар деген тілек.

Қажымұрат Смағұл, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын, 2000 жыл.

 

Ардақты ағамыздың рухына арналған «Таулар алыстаған сайын биіктейді» атты кітабын баспадан шығартты. Кітаптың авторы, жазушы әрі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов. Автор Қабдол Жантілеуұлының ата-баба тарихын тереңінен жаза келе, қызмет істеген жылдарына дейін баяндаған еді. Мұнда абзал азаматпен бірге қызмет істеген және көзін көрген адамдардың естеліктері жазылған. Атап айтқанда, Қамза Жұмабековтің «Тұғыры биік нар тұлға», Кеңес Әубәкіровтің «Айдарлы да айбарлы азамат», Тәжібай Шәймерденовтің «Қатардан озған нар тұлға» атты естеліктері көзімізге ерекше ыстық басылады.

2011 жылы аталған кітаптың тұсау-кесерінде баянауылдық еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, ақын, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының  Құрметті азаматы Зекебай Солтанбайұлы Қабдол Жантілеуұлының рухына арналған «Бақилық ғұмыр» атты еске алу өлеңін оқып берген еді. Соның бір-екі шумағын келтіре кеткенді жөн көрдік:

Бақилық ғұмыр

Жантілеуұлы Қабдол аға бұл аста-ақ,

Дұғаны сүйіп, Әруағы биік тұр асқақ.

Біз көріп жүрген ұл-қыздары бүгінгі,

Өзіндей үлгі, Өрге жүзген құлаштап.

Ата-ана күші – теңдесі жоқ нақты алып,

Перзентті жандар көз жұмады мақтанып,

Өтірік өлді дейтіндер  сол артында,

Оңалар орны, «Текті ұрпақ» ат қалып.

Тірілді Қабдол, Шәмшібану баяғы.

Ұсталып мирас – Жантілеудің таяғы.

Келеді көктеп, бүлдіршін жас келешек:

Жаңа ел, жас жұрт, Әбен аулы аяғы,

Адалдық жеңген, Одан Зәлім асты ма?

Қызыл тіл өткір, жарады ол тасты да.

Сақтасын Құдай Мандықпен, бауырлар,

Қайырға жазып, қабыл болсын ас-дұға

 

Тағдырдың жазуымен аяулы да ардақты Шәмшібану жеңгеміз ортамыздан ерте кетті. Әулетіміздің ардақты ұрпақтары — Нұржамал, Руслан, келініміз Роза да дүниеден озған. Қабдол ағаның қызы Бақытжан, ұлдары Ерұлан, Бауыржан Астана қаласында тұрса, тағы бір қызы Роза Павлодар қаласын мекен еткен жайы бар.

Ағамыз Қабдол Жантілеуұлы марқұмның өмірден өткеніне 55 жыл өтсе де, оны ел-жұрты ұмыта қоймағанына шүбәміз жоқ. Жақында абзал жанның туғанына 100 жыл толуына орай, өзі қызмет еткен Шарбақты ауданы орталығында мемориалдық тақта орнатылатын болып шешім қабылданды. Бұл игі іске мұрындық болып, қолдау көрсеткен марқұмның туыстарына, облыс басшылығына, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға, Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловқа, аудандық мәслихат депутаттарына  риза-шылығымызды білдіремін.

Қабдол Әбеновтің 93 жастағы інісі Мұхтар Зәпiшұлы Әбенов,

тыл еңбек ардагері-кенші, өлкетанушы. Павлодар облысының және Баянауыл ауданының

Құрметті азаматы, Майқайың кенті, Баянауыл ауданы.