Уақыт шіркінде тоқтау жоқ. Ағынды судай өте береді, өте береді… Сол ұлы көш — уақыт — керуенде талай ұлағатты, еңбегін кейінгіге үлгі етер бабалар болғаны сөзсіз. Сондай, өзі өмірден өтсе де, артында өшпес із қалдырған адамның бірі Сәдуақас Сатыбалдин еді.

Мен ол кісінің шөбересімін. Өз кіндігінен артында ер бала қалмады. Ал, менің атам Шаймерден – Сәдуақастың немере інісі. Оның өмірі мен өнегесі туралы жазуды баба аруағы алдындағы парызым санап, 2014 жылғы 4 қазанда «Сарыарқа самалы» газетінде жазған болатынмын. Содан бері де тура тоғыз жыл өткен екен. Енді осы тақырыпқа байланысты тағы да қолыма қалам алдым. Оған мынадай жағдай себеп болды. Осы жылдың 28 сәуірінде Павлодар қаласындағы Ә.Бөкейхан көшесіндегі 202/5 үйдің қасбетіне ағартушы, белгілі педагог Сәдуақас Сатыбалдинге арналған естелік тақта ашылды. Ал естелік тақтаны ашуға ресми рұқсат алу үшін маған Павлодар облысының мемлекеттік архивінде зерттеу жұмысын жүргізуге және басқа тарихи дерек көздерін іздеуге тура келді де, мен Сәдуақастың ел алдында сіңірген еңбегін айғақтайтын көптеген тың материалдарды таптым. Екі-үш айға созылған зерттеу жұмысының барысында бұдан бір ғасыр бұрынғы өңіріміздің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінен көп нәрсені білдім. Осы ізденіс жолында маған көмек көрсеткен Павлодар облысы мемлекеттік архивінің қызметкері Күләш Есім-хановаға және архивтен табылған араб графикасы негізінде жазылған бірнеше маңызды құжаттағы мәтінді қазіргі қолданыстағы жазуға түсірген филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әділбек Әміреновке айтар алғысым шексіз. Жалпы, қазақтар арасында халықтық – ұлттық тәрбие бұрыннан жақсы қалыптасқан. Ол үлкенді сыйлауды, олардың атына кір келтірмеуді, соларға лайықты болуды жастардың бойына сіңіреді. Мен бала күнімнен осындай тәрбиені көріп өстім. Алғаш мектепке барғанда, өз ауылымызда (қазіргі Аққулы ауданының Шәмші ауылы) мектеп болғанмен, үлкендер біздің бәрімізді ол мектепке бермей, он шақырым жердегі Қызылқоғам ауылындағы Қызыләскер орта мектебіне оқуға берді. Оған себеп: кезінде ол мектептің ашылуына біздің атамыз Сәдуақас Сатыбалдин тікелей себепші болып, көп еңбек сіңірген екен. Бала кезімізде үлкендерден Сәдуақас туралы аракідік естуші едік. Бірақ олардың сөздерін түсінбей, әйтеуір екінің бірі, егіздің сыңары емес, өзгеше бір адам болған-ау деп ойлайтынбыз. Менің тегімді сол атамыздың тегімен жазған екен, ал үйдегі қалған баланың бәрінің тегі басқаша болды. Мектеп бітіретін кез келді де, мен аттестатты басқалардың тегімен бірдей ғып жазғызып алам деп едім, үлкендер оған рұқсат бермеді. Сондағы айтқандары: «Ол өте білімді болған. Үлкен қызмет істеген. Ел ішінде абыройлы болған. Саған сол атаңның бағын берсін» болды. Мен сөзге тоқтадым. Арада бір ай өтті де, 1967 жылдың 8 шілдесінде «Қызыл ту» газетінде Ғаббас Сәрсенбаевтың «Асыл еді арманы» атты Сәдуақас Сатыбалдин туралы мақаласы шықты. Оны оқығаннан кейін менің атамыз туралы түсінігім едәуір молайды. Сәдуақас Сатыбалдин 1888 жылы Қаракесек (қазіргі Аққулы ауданы Қызылқоғам) ауылында туған. Троицк қаласындағы ишан Зейнолла Расулевтің медресесін, Уфа қаласындағы медресе Ғалияны бітірген. Хазірет дәрежесін алған. Павлодар уездік оқу бөлімінде инспектор, Павлодар қаласындағы жетім және кедей балаларына арналған «Қазақ оқу комбинатының» (казкоммуна) директоры, Бесқарағай аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің бастығы болып қызмет істеген. 1935 жылы 47 жасында қайтыс болған. Сол кездегі аудан орталығы Семияр ауылындағы зираттан топырақ бұйырған. Сәдуақас Сатыбалдиннің есімін мәңгі есте сақтау туралы оны білетіндердің мақалалары Кеңес үкіметі кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де аудандық, облыстық және республикалық газеттерде жарияланды. Облыстағы ең алғаш ашылған оқу ордасының бірі Қызыләскер орта мектебінің аты 1997 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» қаулысымен өзгертіліп, белгілі педагог, оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы Сәдуақас Сатыбалдиннің есімі берілді. Бұл уақытта мен осы мектепте директор болып істедім де, мектептің атын өзгертуге байланысты көп жұмыс жүргіздік. Ол жұмыстар 1994 жылы басталып, 1997 жылға дейін созылды. Сәдуақас Сатыбалдиннің туыстарында ұқыптылықпен сақталған ескі құжаттарды, газет қиындыларын мұқият зерделедім. Алғашқы ұстазды білетін, бұрын үлкен қызмет істеген, әр жерде тұрып жатқан шежіре қарттарға жолығып, оның өмірі мен қызметі туралы деректер жинастырдым. Жұртшылықты арнайы жинап, кеңінен ақылдастық. Жиналғандар алдында 1911 жылы туған, Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында оқыған, Семей губерниясының басқармаларында басшылық қызмет істеген Қабжан Әкіжанов былай деді: «Сәдуақастың өмірден озғанына алпыс жыл болды. Қазір оны көргендер өте аз қалды. Өте білімді азамат еді. Заман ағымын, ел болашағын терең түсініп, ұлтының көштен қалмауын көксеп, осы жолда өте қажырлылықпен еңбек етті. Ол нағыз ағартушы болды. Мектепке беруге оның есімі әбден лайық». Сол кезде тоқсанға келіп қалған Әбу Смағұлов ақсақалға өзім іздеп барып жолықтым. Ол кісі аудандық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты жоғары лауазымды қызмет істеген. «Мен Бесқарағай ауданында 1930-40 жылдары қызмет істедім. Сәдуақасты жақсы білдім, — деді көненің көзіндей ақсақал. — Қызметке өте адал әрі берілген азамат болатын. Білімі мен табандылығы арқасында барша жұртшылыққа сыйлы болды. Әттең, шіркін, өмірден ерте өтіп кетті. Мен ол кісіні жерлеуге қатыстым. 1935 жылғы қыстың соңы еді. Ол кезде үлкен қызмет істегендерді жерлегенде мылтық атып, салют беріп қоштасу рәсімін жасайтын. Солай құрметтеп қоштастық». «Қызыл ту» газетінде Сәдуақас Сатыбалдин туралы ол өмірден өткеннен кейін 32 жылдан соң жарияланған Ғ.Сәрсенбаевтың «Асыл еді арманы» атты мақаласынан ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының алдында тұрған аса күрделі де ауыр міндеттерді анық көреміз. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы «Атамұра» баспасынан шығарған «Қазақстан тарихы» бес томдығының 3-томында былай деп жазылған: «ХХ ғасырдың басындағы алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары өздерінің саяси қызметінде ұлттық, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғауды басты мақсат деп білді. Олар өз халқына тәуелсіздік және отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресінде көмектесуге ұмтылды, әрбір адамның және әрбір халықтың жеке өз бостандығына құқығы мен бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен табыстарына еркін қол жеткізуі сияқты жалпыадамзаттық қазыналар үшін күресті. Қазақ зиялылары 1905 жылдан бастап осы мақсатта дала өңірінде қызу қызмет жүргізді». (724-бет). Мақала авторы Ғаббас Сәрсенбаев Казкоммунада оқу ісінің меңгерушісі болып Сәдуақаспен бірге қызмет істегендіктен, ол туралы көп мәлімет береді. Алайда, онда Петропавлдағы медресе Расулияны бітірген деп жаңылысып жазған. Облыстық мемлекеттік архивте Сәдуақастың 1907 жылғы 27 мамырда медресе Расулияны бітіргені туралы №35 құжаты Павлодар рабпросына қарасты сегізжылдық мектептің канцеляриясында жоғалғанын растап 4 мұғалім қол қойған 1934 жылғы 4 қаңтардағы анықтама сақтаулы. Сондай-ақ Сәдуақас партия қатарына өту үшін 1926 жылы өз қолымен араб графикасы негізіндегі төте жазу әліпбиімен жазылған өмірбаянында «1907 жылы төрт жыл оқып Троицкідегі медресе Расулияны бітірдім, одан кейін Уфа қаласындағы медресе Ғалияда бір жыл оқыдым» деп жазады. Сәдуақастың еңбекте абыройлы болып, партия және кәсіподақ ұйымдары басшыларының сенімді де адал қызметкер деп тануының басты негізі оның осы медреселерде алған білімінің тереңдігінде жатыр. Кезінде көптеген қазақ зиялылары білім алған Троицк қаласындағы осы оқу орны туралы «Егемен Қазақстан» газетінде оның меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетованың 2013 жылғы 10 тамыздағы санында «Жүрек тазалығын ту еткен тұлға» (Зейнолла ишанды өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялылары жақсы білді)» атты мақаласы жарияланды. Онда былай деп жазылған: «…ХХ ғасырдың басында Троицкіде сән-сәулеті жарасқан жеті мешіт қызмет етті. Жеті мешіттің жанында да медресе жұмыс істеді. Солардың арасындағы ең белгілілері «Расуля» мен «Ахун Рахманкули» медреселері болатын. Онда көптеген қазақ балалары да білім алды. Мысалы, «Ахун Рахманкули» медресесінде қазақ поэзиясының ірі өкілі Сұлтанмахмұт дәріс алды. Троицкідегі № 5 мешітті және соның жанындағы «Расуля» медресесін Зейнолла ишан Расулев басқарды. Онда діни сабақтармен қатар гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық пәндер де оқытылды. Медресе шәкірттері жан-жақты білім алып шықты. «Расуля» медресесінде қазақтың белгілі ақыны Әбубәкір Кердері, ақын, журналист Әкрам Ғалымов және тағы басқалар оқыған… Зейнолла басқарған «Расуля медресесінің атағы алысқа кетеді. Ол туралы француз тарихшысы Александр Берингсен: «Мұсылман әлеміндегі ең үздік академияның бірі» деп жазды»… Сәдуақас оқыған «Ғалия» медре-сесі Еділ бойы, Орталық Азия, Қазақстан аумағына жоғары білімді оқытушы мамандар даярлаған прогресшіл бағыттағы білім ұясы болған. Онда М.Жұмабаев,
Б.Майлин, Т.Жомартбаев, тағы басқа белгілі қазақ азаматтары оқыған. Сәдуақастың медресе бітіргенін оның жаулары өздерінің арам ниеті үшін әдейі бұрмалап теріс пайдаланды. Кейбір адамдар, тіпті аудандағы жекелеген басшы қызметте отырғандардың өзі, мүмкін, бұл жерде оның абырой-беделін күндеу де бар шығар, оны «қайдағы бір молда» деп кемсітті. Олар тіпті мектепке келіп, мұғалімдерді мектепке Сәдуақастың атын беруге қарсымыз деп ауданға арыз жазғызуға дейін барды. Сәдуақастың кезінде осындай әйгілі оқу орындарында оқып білім алғанын, көптеген қиыншылықты жеңе жүріп, еліне адал әрі табандылықпен аянбай қызмет еткенін білмей тұрып, осындай теріс іске барғаны, әрине, адамшылыққа жат нәрсе. Мұндай орынсыз кемсіту мен өршіген күншілдіктің болғанын Ғ.Сәрсенбаевтың мақаласынан да және облыстық мемлекеттік мұрағаттың қызметкері О.Бобрешо-ваның Лебяжі ауданының «Аққу үні» газетінде басылған мұрағат материалдарына сүйеніп жазылған мақаласынан да кездестіруге болады. Ол былай деп жазады: «1928 жылдың 2-4 шілдесінде өткен ағарту қызметкерлерінің І Павлодар округтік съезінің хаттамасында былай делінген: «Сатыбалдин жолдас ағарту қызметкерлері кәсіподағы Павлодар округтік бөлімінің басқармасына мүшелікке ұсынылды. Бірақ мұғалім Мансин ол бұрынғы молда, жеке мешіті болған, сондықтан басқарма мүшесі бола алмайды деген желеумен оның кандидатурасын алып тастау туралы ұсыныс жасайды. Мұғалім Голованевская ол жайында келесі анықтама берді: «Сатыбалдин оның білімі мен жұмысы мұқият тексерілгеннен кейін ұсынылды. Өткенін еске алудың қажеті жоқ. Ол түбірінен өзгерді». Сондай-ақ осы мақалада былай деп жазылған: «Облыстық мемлекеттік мұрағатта С.Сатыбалдиннің халық ағарту ісіндегі жемісті жұмысын паш ететін құжаттар сақталуда. Оларда түрлі мәселелер бойынша айтқан сөздері бар. Ұстазды Павлодар мектеп-коммунасы мұғалімдеріне жалақының уақытында берілмеуі және Баянауылда мұғалімдер демалыс үйін салудың ұзаққа созылуы толғандырады. Ол сонымен бірге оқыту әдістерінің ескіргенін, мұғалімдерде жұмыс жоспарының жиі болмайтынын сынады. Қазақ мектептері орналасқан үйлердің нашарлығына, оқу құралдары мен қазақ тілінде оқытатын кадрлардың тапшылығына баса тоқталады». Округтік білім бөлімінің 1929 жылғы 31 тамыздағы мәжілісінің хаттамасында С.Сатыбалдинге мынадай мінездеме берілген: «Сатыбалдин жолдас Рабпрос Павлодар уездік бөлімінің басқарма мүшесі болып 2 жыл жұмыс істеп, өзін белсенді қызметкердің бірі ретінде көрсетті. Оған бірнеше рет оқу орындарын тексеру, нұсқау беру, одақтың аудандық конференцияларын, оның сайлауын өткізу тапсырылды. Ол басқарманың барлық тапсырмаларын адал және ұқыптылықпен орындады. Басқарма мәжілістерінде Сатыбалдин жолдас белсенділікпен сөз сөйледі». Сондай-ақ мұғалімдер курсы мен жұмысшылар факультетінің меңгерушісі, Павлодар қаласындағы «Қазақтұз» тресіне қарасты ФЗУ-дың басшысы қызметтерін атқарады. Бүкілқазақстандық І және ІІ мұғалімдер сьезінің, Бүкіл-қазақстандық өлкелік оқу-ағарту қызметкерлері конференциясының делегаты болып қатысты. 2014 жылы Павлодар қаласын-
дағы ЭКО баспаханасынан облыстық архивтің қызметкерлері В.Д.Болтина мен Л.В. Шевелеваның авторлығымен және құрас-тыруымен «1924 – 1937 гг. в истории Павлодара» атты кітап шықты. Бұл көлемді жинақта Павлодар қаласының тарихындағы аса бір күрделі кезең – эпидемия, аштық, халықтың жаппай сауатсыздығы, қазақ халқын күштеп отырықшылық-
қа мәжбүрлеу, амалсыздан көшіп кету, жаппай қуғын-сүргін етек алған кездегі құжаттар басылған. Кітаптың 364-367-беттеріндегі № 144 құжатта Павлодар аудандық атқару комитеті президиумы мәжілісінің 1932 жылғы 16 сәуірдегі № 15 хаттамасы берілген. Бұл құжат – аудандық жергілікті атқарушы органның Сәдуақасқа тағы бір аса маңызды саяси жұмысты тапсырғанына айғақ. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштықта қазақтардың біраз бөлігі амалсыздан Ресейге қоныс аударғаны тарихтан белгілі. Ал халықтың басына түскен бұл ауыр нәубет Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де тұрғындарына ауыртпалық әкелген екен. Аталған хаттамада небары 18 күннің ішінде – 1932 жылдың 23 наурызынан 10 сәуірге дейін Сібір өлкесінен Павлодар қаласына барлығы 4330 адам көшіп келгені атап көрсетілген. Осынша көп халықты облыстың қалалары мен аудандарына орналастырып жайғастыру үшін арнайы комиссия құрылған екен. Комиссияны Қазақ оқу комбинатының меңгерушісі Сәдуақас Сатыбалдин басқарған. Оның орынбасары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Нұркин болған. Олар осы мәжілісте комиссияның атқарған жұмысы туралы есеп берген. Комиссияға көмек көрсету үшін педагогикалық техникумнан – 10, партия мектебінен – 10, зооветтехникумнан – 10, кооперативтік мектептен 10 адам бөлінген. Сондай-ақ көшіп келушілер арасында тәртіпті қамтамасыз ету үшін комиссияның қарауына милиция бастықтарына 5 милиционер бөлу ұсынылған. Қосымша 6 балалар үйі ашылып, оларға 1070 бала орналастырылған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жәдит мектептері ашыла бастады. Бұл жаңа әдіске көшкен мұсылмандық мектептерде оқушылар ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген дін пәндерімен қатар жазу, есеп, география, тарих, орыс тілі, тағы басқа өмірге қажетті пәндерді оқыды. Алайда бұл прогрестік үрдіс патша өкіметіне ұнамады. «Ислам» энциклопедиялық анықтамалығында былай деп жазылған: «Патша өкіметі бұл мектептердің өркен жаюына қысымшылықтар жасап келді. Олар өз тыңшыларын жіберіп, нақты мәліметтер жинап, түрлі кедергілер қойып отырды… Отаршыл саясат қысымшылығынан жәдиттік бағыттағы оқу орындары ығыстырылып, ХІХ ғасырдың 2-жартысынан бастап Қазақстанда орыс-қазақ мектептері, училищелер дүниеге келді». («Аруна» баспасы, Алматы, 2010. 168-бет). Мұндай қысымды Сәдуақас та көрген. Ол өз қолымен 1926 жылы араб әліпбиі негізінде жазылған өмірбаянында былай дейді:
«1910 жылдан бастап бала оқыттым. Жаңа тәртіп, жаңа жол қолдандым. Менің жаңаша оқытқаныма ел әуелгі кезде өте қарсы болып, маған көп атақ байлады. Әйтсе де, келе-келе түсінді. 1911-12-13-14-15-16 жылдары мені мұғалім қылып бекітіп, мектепте бала оқытуға ресми рұқсат берді. Бірақ маған сен указной молда емессің деп көп кедергі келтірді. Оның үстіне 1914 – 1915 жылдары Губернатор не оқытады деп қарауыл қойды. Тергеу жасады. Пән сабағы бар ма деп іздеді. Мен оқытсам да, оқытқан жоқпын дедім». (Араб графикасынан кирилл әрпіне көшірген — Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, шығыстанушы, филология ғылы-мының кандидаты Әділбек Әміренов. Павлодар облысының мемлекеттік архиві, қор 8-п, тізімдеме 2. Д 164. Л.З.). Бұл жерде Сәдуақас «пән сабағы» деп дін негіздерін айтып отыр. Ол дінді уағыздауға қатаң тыйым салынғанына қарамастан, басын қатерге тігіп, шәкірттеріне басқа пәндермен бірге дін негіздерін де оқытқан. Осы бір аумалы-төкпелі шақта Сәдуақас жәдит мектептерін ығыстырып, қазақ елінде жаңадан ашылып жатқан орыс-қазақ мектептері мен училищелер патшалық Ресейдің халыққа білім және белгілі бір мамандық береміз деген желеумен қазақтарды орыстандыру саясатын көздеп отырғанын білген және ұлтының болашағын ойлап, соған қарсы астыртын әрекет жасаған болу керек. Маралды болыстық атқару комитетінің басшысы қол қойған 1925 жылғы 3 тамыздағы № 132 анықтамада Сәдуақастың жаппай сауатсыздықты жоюға қосқан үлесі туралы айтқан. Оның жаңаша білім алған шәкірттері төрт жыл оқығаннан кейін бірінші және екінші кластарға сабақ бере бастады дейді. Сондай-ақ қазақтың бала оқытқанды молда дейтіні бар. Анығында ол таза мұғалім, батырақтар арасында да ағарту жұмыстарын көп атқарды дейді. Жоғарыда аталған Ғ.Сәрсен-баевтың мақаласы ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси ахуалынан, елдегі жаппай сауатсыздықты жою жолында кездескен көптеген қиындықтардан, сонымен бірге Сәдуақастың ағартушылық және оның уездік атқару комитетінің тапсырмасын орындау кезінде көрген ауыр азабынан сыр шертеді. «Октябрь революциясына дейін қазақ байлары мал жайылымы үшін қырықпышақ болып таласып-тартысатын да жататын. Кейде соғысып, барымтаға да баратын. Әлі жеткені шұрайлы жерге қожа болатын» деп басталады мақала. Қарап отырсақ, содан бері бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, өкінішке қарай, мұндай әділетсіздік, егемен ел атансақ та, әлі де орын алып отырғаны – шындық. Ал ағарту, ұрпаққа білім беру ісі елдің қаперіне де кірмейтін. Әрі кеткенде, баскөтерер, елге сөзі өтеді-ау дейтіндер жастарға әдеттегідей дін оқуын оқуды уағыздайтын. Павлодар уезіне қарасты Басқұдық болысының тұрғындары Сәдуақастың балалар мен жастарды жаңаша оқытатынын білген соң-ақ:

– Біз сені мұсылманша оқытады екен десек, айтып тұрған жәдит-мәдитің не сұмдық! Бізге басқа оқуыңның керегі жоқ! – деп өре түрегеліп, кеукілдесті.

– Мен жәдитше оқыдым, жастарға есеп, география, жаратылыстану, ана тілі, орыс тілін оқытамын. Ауылдарыңызға бір орыс келсе, атшаптырым елден орыс тілін білетін бір адам таба алмай, зар қағасыздар емес пе? Тіпті ауылға орманшы келіп, кескен ағашқа айып салып, акт жасағанда, жазған актіні бірің танымайсың. Есесіне актіге бір сом жазып, бес сом алып жүр. Сондықтан жастар орысша сауаттанса, өздерің үшін пайдалы болар. Осы жағын түсінесіздер ме? – деген Сәдуақастың сөзі жұртты ойландырып тастады.

Сонда бір жас жігіт «оқу тегін болса, мен оқимын» деп жазылады. Оған бірнеше өзіндей жас қосылады да, ертеңінде сабақ басталады. Бұл Қызылқоғам ауылынан Бөкен Сәрсенбаев деген жігіт болатын. Ол осы Сәдуақастан алған білімімен бірнеше жыл колхоз басқарып, кейін соғыс жылдарында да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Оның қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық іскерлігі тиісті бағаланып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланады. Сондай-ақ, мақалада Сәдуақастың ел басқару жолындағы саяси істерге қалай араласқаны туралы нақты мысалмен баяндалған. «1931 жылы август айында Ермак ауданы он бірінші ауылда бай-кулактардың шаруашылықтағы бүлік әрекеттері сезіледі де, округтік партия комитетінің секретары Бандыш Сатыбалдинді жағдайды түзеуге осы ауылға жібереді» деп жазылған мақалада. Бірнеше күннен соң шаруашылық ісі де, елдегі қоғамдық тәртіп те реттеле бастайды. Тамыз айының ыстық күндерінің бірінде партия жиналысынан кейін, Сәдуақастың абырой-беделін көре алмаған оның жаулары «шайдан бұрын салқындап алайық» деп, оны қоярда-қоймай суға алып келеді. Сәдуақас олардың қолпаштауынан күдіктеніп, суға түспей, шетінде тұрып асығыс жуынады. Сөйтіп жүргенде олардың біреуі суға кетеді. «Сенің қырсығыңнан кетті!» деп киініп отырған Сәдуақасты өлімші етіп сабайды. Жергілікті Совет председателі округтік партия комитетіне сіздер жіберген өкіл Сатыбалдин өлді деп хабарлайды. Округтен дәрігер, округтік партия комитетінің жауапты қызметкерлері келіп, шала-жансар, ессіз, тілсіз жатқан Сатыбалдинді алып кетеді. Округтік партия комитеті Омбы облысының басшыларына хабарласып, сондағы ауруханаға алғызады. Мақала соңында автор: «1931 жылы 22 августен бастап Сатыбалдин бір жарым ай Омбыда емделеді. Бірақ соққы зардабын біржола сауықтырып жіберуге медицина құдіреті жетпейді де, Павлодарға қайтып оралады» дей келіп, Сәдуақасты ұрып-соққан үш адамның сотталып, ауылдық советтің председателі орнынан алынғанын айтады және олардың бәрінің аты-жөндерін толық көрсеткен. Арада төрт жыл өткен соң қайтыс болуына осы соққының да әсері болды дейді. Сәдуақастың алдын көрген шәкірттерінің ішінен көптеген елге белгілі адамдар шықты. Олардың бірі — Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзин. «Қызыл ту» газетінің 1985 жылдың 19 қаңтарындағы санында Ермак ауданының (қазіргі Ақсу қаласының ауылдық аймағы) тұрғыны, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Шәкай Бәйезовтың «Көне сурет сыры (Совет Одағының Батыры Қ.Қамзиннің жастық шағы туралы естелік)» атты мақаласы басылыпты. Көлемді мақаладан мынадай жолдарды оқуға болады: «Құркөлдің бастауыш мектебінде алған білімімізбен 1934 жылы Павлодар қаласындағы балалар үйі —
Казкоммунаға Қанаш, қарындасы Гүлбаһрам үшеуіміз келіп түстік… Ол кезде Казкоммунаның директоры Сәдуақас Сатыбалдин деген аяулы азамат еді. Сәдуақас ағаның түсі суық, қара сұр адам болатын… Коммунада оқыған кезіміз өте қызықты әрі жемісті жылдар еді. Оқытушыларымыз ерте оқыған зиялы әрі сауатты азаматтар болды. Нұркин Тәуекел, Досжанов Жұмат, Қоскеев, Қаратаев, Оцель тағы басқа ұстаздар білім нәрімен сусындатты». «Казкоммуна» деп аталып кеткен осы білім ордасының ғимараты бүгінге дейін сақталған. Ол Әлихан Бөкейхан (бұрынғы Карл Маркс) көшесіндегі № 202/5 үй. Үйдің қабырғасына орнатылған естелік тақтада былай деп жазылған: «С 1931 по 1934 год в Павлодарской школе-коммуне учился ГЕРОЙ СОВЕТСКОГО СОЮЗА Канаш Камзин, павший смертью храбрых за освобождение нашей Родины от немецко-фашистских захватчиков. Погиб 14 апреля 1944 года в Молдавии в бою за село Гура-Быкулуй. Канаш Камзин (1919-1944)». Мұнда қазір Павлодар облысының дін істері басқармасы орналасқан. Сондай-ақ көрнекті ақын, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалижан Бекхожин, әдебиетші ғалым, Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Төлеутай Ақшолақов, республикаға еңбегі сіңген мұғалім, Павлодар педагогикалық училищесінің директоры Бейсен Ахметов және басқалар бір кезде Сәдуақастан білім алған шәкірттер. Қызыл империяның қазақ зиялыларын жаппай қудалау науқанының теперіші Сәдуақастың басына да бұлт үйірді. Ол содан қорқып, кітаптары мен қолжазба еңбектерін сандыққа салып, киізбен орап, ауыл шетінде жерге көмген дегенді үлкендердің ауызынан талай естіген едік. Сөйте жүріп бірнеше жазықсыз адамды өз беделін салып қуғын-сүргіннен аман алып қалған екен. Аштықтан титықтаған отбасыларының балаларын қазкоммунаға орналастырып, талай баланың өмірін сақтап қалғанын да ел ішінде айтып отыратын үлкендер. Сәдуақас жұбайы Дүкенбайқызы Күнікей екеуі бес ұл, төрт қыз көреді. Ұл балалары жастай шетінеп кетеді. Қыздарының ішінен Мүнира әкесінің жолын жалғастырады. Ол мектеп директоры, аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеді. 1983 жылы өмірден озды. Мүнираның қызы Роза Сұңғатқызы Боқаева Семейдің педагогикалық институтын бітіргеннен соң, еңбек демалысына шыққанға дейін Павлодар педагогикалық институтында математикадан сабақ берді. Қызыләскер орта мектебіне нағашы атасы Сәдуақастың атын беру жолында өте көп еңбек сіңірді. Ол 2021 жылы 23 қыркүйекте 83 жасында қайтыс болды. Сәдуақастың қыздары Әниса Май ауданының Көктөбе ауылында тұрып, 2016 жылы, ал Райса Бес-
қарағай ауданының Кривинка ауылында тұрып, 2018 жылы өмірден өтті. Жиендері аталарының басына тастан белгі орнатты. 1920 жылдардың соңында Сейтен ауданының Тереңкөл немесе Қаракесек ауылының бірінде мектеп салынуға тиіс болады. Осы кезде Сәдуақас Сатыбалдин ел алдындағы өзінің беделін сала отырып және Қаракесек ауылының үлкен жолдың үстінде, Ертіс өзенінің бойында орналасқанын, оның маңында халықтың тығыз қоныстанғанын пайдаланып, білім ордасының Қаракесек ауылында салынуына ұйтқы болады. Сөйтіп, жаңаша білім берудің қара шаңырағына айналған, ағаштан қиып салынған үлкен мектеп үйі 1928 жылдың күзінде пайдалануға беріледі. Оның осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қандай қиындықпен салынғаны, жергілікті ауыл тұрғындарының жанкешті еңбегі туралы көнекөз қариялар әлі де айтып отырады. Ол туралы газеттерде бірнеше рет жазылды. Кейін осы мектепті бітіргендер ішінен көптеген ғалымдар, түрлі мамандық иелері шығады. Ауылдағы ескі мектеп үйі тарих ескерткіші сияқты әлі де көп жыл сақталады деп ойлаймыз. Өйткені ол бос қалғаннан кейін «Қызылқоғам» совхозының басшылары оны халықтың әрі қарай пайдалануы үшін күрделі жөндеуден өткізді. Ауыл ақсақалы Сабырхан Мағмұров жұртшылықты жұмылдырып, хатымхана, мешіт етіп қайтадан жабдықтады. Қазір онда имандылық шаралары мен ас беру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. Бір кездегі білімнің алғашқы қарашаңырағына айналған осы ғимарат енді көп жыл рухани құтхана болып қала береді деп сенеміз. Ұрпақтар сабақтастығы ма, әлде тағдырдың тартуы ма, мен осы ауылда 1985 жылдан 2001 жылға дейін мектеп директоры болдым. Егер 1928 жылы атамыз мектеп ашқызса, мен 1986 жылы, арада 58 жыл өткеннен кейін жаңа типте салынған мектеп үйін қабылдап алдым. 1993 жылы қайтадан орта мектеп мәртебесі және төрт жылдан соң оған алғашқы ұстаздың есімінің берілуі тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз. Мұның бәрі бізге жүктелген үлкен жауапкершілік деп түсіндік. Сондықтан мұғалімдер арасындағы әдістемелік жұмысқа, пән олимпиадаларына күнделікті көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде оқушыларымыз аудандық және облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындарды жеңіп алды. Оқушылардың жан-жақты тәрбие алуына барынша күш салдық. Түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Соңғы он жыл ішінде мектептің үш түлегі «Алтын белгі» иегері болды.

Ел ішінде мынадай бір шумақ ауызша айтылып жүр:

Бақыт деген – еңбегіңнің жануы,

Атақ деген – ел-жұртыңның тануы.

Бұл жалғанда өлмейтұғын пенде жоқ,

Өлмеу деген – артыңда із қалуы.

Бұл Сәдуақас Сатыбалдин сынды еліне көп еңбек сіңірген адамдарға арнап айтылған сияқты.

Серік САТЫБАЛДИН,

ұрпағы. Павлодар қаласы.