Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың қатарында Алпыс балуан да бар. Оның есімі мен аңызға бергісіз жеңістері жергілікті өлкетанушылар мен тарихшыларға, қазыналы қарттар мен көкірегі ояу, көзі ашық жандарға мәлім болғанымен, қазіргі жастар атақты балуан жайында білмеуі мүмкін. Сондықтан оқырман қауым үшін даңқты балуанның өмір жолы туралы қолда бар дерек-терді тағы бір мәрте жаңғыртып қойғанды жөн көрдік.
Есімі Арқаға тарап, абыройы алысқа жайылған Алпыс балуан Бөрібайұлы Павлодар өңірінде 1800-1870 жылдары өмір сүрген. Алып күш иесі Баянауыл дуанының түйе балуаны ретінде Қараөткелдегі Бақкерей асында бас жүлдені жеңіп алған. Бұдан басқа да жиын-тойларда жеңіске жетіп, күрес өнерін жетік меңгеру арқылы жұртшылыққа ерекше көңіл-күй, екпінді рух сыйлай білген. Алпыс балуанның кенже баласы Кенжетайдың көзін көргендер оның ерекше ірі адам болғанын айтады. Осыдан-ақ Алпыс балуанның өзінің де қаншалықты алып болғанын елестете беріңіз.
Алпыс Бөрібайұлының Ертіс бойындағы той-томалақтарда күрескен сәттері туралы сан түрлі әңгіме бар. Алғаш рет үлкен топқа нағашы жұртына – Қанжығалы арасына барғанда түсіпті. Мұса Әдепұлы деген түйе балуанды жеңіп, мерейі өсіп, мәртебесі артқан. Содан кейін жолы ашылып, халықтың ақ батасымен мен деген балуандардың жауырынын жер иіскетіп отырған.
Қараөткелде көршілес жатқан Баянауыл, Көкшетау, Атбасар дуандарының жиыны өтіп, елдің игі-жақсылары дүбірлі думанға Алпыс балуанды да ерте барады. Сол жерде үш дуанның үстінен қарайтын Зілқара қазы ертіп келген Дүмше деген балуанмен күш сынасады. Алпыс өзінің сүйікті әдісіне салып, Дүмшені тік көтеріп алып, жерге атып ұрады. Қарсыластың бір қабырғасы сынып кеткен екен. Сөйтіп, Алпыс балуанның асығы алшысынан түседі. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмайды. Орыс ұлығының алдында баптап әкелген балуанының жеңіліп қалғанына намыстанған «Атағы бар, аты бар, зардабы бар, заңы бар» Зілқара Алпысқа «кісі өлтірген ұры» деп айып тағып, Омбының түрмесіне қаматады. Ол кезде Омбыдағы генерал-губернатордың Песчан бекінісіне әскери-әкімшілік басшы етіп қойған адамы полковник Иван Семенович Горбачев болатын. Ал Қазанғап аға сұлтан, Дәуек болыс басшысы еді. Қазанғаптың араласуымен И.Горбачев Алпыс балуанды түрмеден босатып алады. Алпысқа Адырау деген жерді беріп, Дәуекке қосады.
Алпыс балуанға қатысты мына бір әңгімені де айтпай кетуге болмас. Баянауылда ардақты бір адамға ас беріледі. Біреулер мұны Шорман биге берілген ас десе, енді бірі Үкібай биге арналған ас екенін алға тартады. Қалай десек те, Бәсентиіннің қарт биі Қазанғап сол жиынға Алпыс балуанды апарады. Бұл балуанның елуден асып, егде тартып қалған шағы екен. Күрес басталар кезде екі ақ боз ат жеккен пәуескемен келген Шорманның Мұсасы жонын тоғайдан келген жұртқа қарата отырады. Мұнысы бәсентиіндерге ұнамайды, әлбетте. Алпыс балуан Мұсаның баптап әкелген дәу қара балуанымен белдеседі. Екі балуан ұстаса кетеді. Алпыстың бұрынғыдай тегеурінді емес екенін байқап қалған Бәкі Басарұлы:
– Мұса мырза басымызды билейді, күшімізді билей алмайды. Соқ! – деп айқай салады.
Сол кезде намысқа басқан Алпыс балуан дәу қараны тік көтеріп алып:
– Ал, Бәсентиін баласы, мынаны қайда тастайын? – деп гүр етеді.
Бәкі Басарұлы іркілместен: «Мұса мырзаның алдына таста!» деп үн қатады. Алпекең әлгі балуанды жерге алып ұрып, бас бәйгені еншілеген екен.
Ел ішінде Алпыс балуанның сүрінуі туралы да әңгіме бар. Бірде Қазанғап би дуандағы сайлауға дейін тағайындалатын дуанбасылық қызметті Тұрсынбайдың Боштайынан алу үшін Омбыға жолға шығады. Жолшыбай Бәсентиіннің үлкен бір шаңырағы саналатын Ақтілес Дәуектің үйіне түседі. Дәуектің немере туысы Алпыс балуан да сол үйде екен. Кешкі қонақасыға бір астау етті көтеріп әкеле жатқан Алпекең аяқ астынан сүрініп жығылады. Мұны көрген Қазанғап би Дәуекке қарап: «Мен осы арадан кейін қайтайын. Атан түйені көтергенде сүрінбеген Алпысымыз бір астау етке сыр білдірді. Ырымға жақсы емес, бұл сапарда жолым болмас», деп ертеңінде аттың басын кері бұрыпты.
Алпыс балуан қазіргі Ақтоғай ауданы Жаңатап ауылының сырт жағындағы Дәуек зираты деп аталатын үлкен қорымға жерленген. Ал Алпыс балуанның да, Дәуектің де жерленген жерлерін Дәуектің шөбересі Рамазанов Керей ақсақал көрсеткен. Керей ақсақалға бұл орындарды көрсетіп, нұсқаған – Алпыс балуанның ұрпағы Омарғалы марқұм. Алпыс балуанның шөбересі Темірболат Омарғалыұлы бүгінде Жаңатап ауылында тұрады.
Бабамыздың есімі ұмытылған жоқ. Баянауыл өңірінде Алпыс балуан асуы бар. Павлодар жақтан даңғыл жолмен келе жатқанда Баянауылға 3-4 шақырымдай жер қалғанда оң жақта Төлеу бұлағы кездеседі. Осы бұлақтың бойымен жоғары қарай өрлеп, 5-6 шақырымдай шыққанда кездесетін үстіртті адамдар Алпыс балуан асуы деп атайды. Бұған қоса жергілікті ақын Қимадиден Нығманов «Алпыс балуан» деген поэма жазып, бабамыздың есімін кітапқа қалдырды.
Міне, тарихта жауырыны жер иіскемеген Алпыстай балуан өткенін біреу білсе, біреу білмес. Әйтпесе, шетелдің ойдан шығарылған кейіпкерлеріне еліктеп жүрген қазіргі жастарға үлгі боларлық тұлғаның бірі дәл осы Алпыс Бөрібайұлы екені дау туғызбайды. Сондықтан мұндай марғасқа тұлғаларымызбен мақтануға, оларды ұлықтауымыз тиіс. Осы орайда Алпыс балуанның есімін өзі жерленген Ақтоғай ауданы Жаңатап ауылындағы орталық көшеге берген орынды деп санаймын. Бұл — қазіргі буын үшін де, болашақ ұрпақ үшін де қажет дүние. Ендігі жерде осының қамына кіріскеніміз абзал.
Серік САМАТОВ, Жаңатап ауылы, Ақтоғай ауданы.