Жеңіс күні жақындаған сайын майдангерлердің сол тұстағы ерлігі, кейінгі өмірі туралы естеліктердің ойға оралатыны рас. Атаулы күн қарса-ңында сондай бір естелікті ата басылымның оқыр-мандарымен бөлісуді жөн көрдік.

Ақтоғай ауданына қарасты Коминтерн ауылының тумасы Нәскебай Әміркенов атамыз бүгінде 96 жастан асты. Басын ақ шалған қария осы жасқа келгенше қағаз-қаламын қолынан тастаған емес. Кезіндегі замандастары туралы естеліктерін қағазға түсіріп, жазып отырады. Бөлмесіндегі шағын үстелі, жастығының асты сондай жылы естеліктер, ерекше сәттер жазылған қағазға, кітапқа толы. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, атамыз даналықтың, сабырлылықтың, қазақы болмыстың символы іспеттес.

Шілденің шіліңгір ыстығында жолымыз түсіп, ата-анам Тоқтамыс пен Ұмсынған, жолдасым Серікпен бірге Нәскебай атамыздың үйіне тоқтап, амандығын білуге бардық. Сол кезде замандасы, досы Нәжімиден Шарапиденұлы атамыз туралы жазған шағын естелігін жастығының астынан суырып алып шықты. Қазыналы қариямыздың естелігі біз үшін үлкен олжа болды, себебі атамыздың өткен өмірі — бір тарих. Ол туралы естелік, жақсы сөз артында қалған ұрпағы үшін құнды дүние емес пе?! Сол күні атамыз өз жазбасын маған табыстап, аманат етті. Сөйтіп, Нәскебай атамыздың аманатын орындап, біздің атамыз туралы жазған естелік әңгімесімен бөлісуді ұйғардық.

«Нәжімиден Шарапиденұлы 1917 жылы бұрынғы Еңбекші колхозы, кейін Карл Маркс совхозы деп аталған, қазіргі Барлыбай ауылы дейтін елді мекенде туып, 1930-31 жылдардағы аштықпен қоса келген індет аурулардың салдарынан әке-шешесінен айырылып, жетім қалады. Елдегі ағайын-туыстарының арасында жүріп, ауылдағы бастауыш мектепке барып, білім алады. 1940 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп жүрген тұста Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылдың маусым айынан 989 гаубицалық артиллериялық полкінің қару-жарақ командирі болып шайқасты. Кеңес Арктикасын қорғау майданына қатысты. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін «Кеңес Арктикасын қорғағаны үшін» медалімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 1941-1944 жылдары Карелияны қорғау шайқастарына қатысқан. 1944 жылы Свирск-Петрозаводск операциясына қатысқан. 1946 жылы запасқа шығарылды.

Әскерден оралған соң Карл Маркс совхозына келеді. Бірақ бұл ауылда өз үйі жоқ. Аталас ағасы Әмірқан соғыста хабарсыз кеткен, сол ағасының әйелі Әлипа жас баласы Темірмен қалған екен. Кейін Нәжімиден Әлипамен отау құрып, сол үйдің отағасы болады. 1954 жылы Коминтерн совхозына көшіп, шымнан үй салып, сонда тұрады. Совхозда механизатор болып, жақсы жұмыс істеп, табыс тауып, мал өсіріп, шаруа жинап, ел қатарлы үй болды. Бертін келе асар жасап, саман соғып, саманнан жаңа, жақсы үй салды.

Еңбекқорлығы мен көпке үлгі болатындай өмірлік ұстанымдары үшін Нәжімиден Шарапиденұлы бірнеше рет ауыл шаруашылығы саласының үздігі ретінде марапатталды. Сонымен қатар, 1955 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің қатысушысы болды.

Нәжімиден Шарапиденұлының жасы елуге келіп, егде тартқан кезінде алғаш әйелі Әлипа қайтыс болды. Сөйтіп, өмірден ұрпақсыз өтемін-ау деп уайымдап жүргенде, Алла өзі жөн беріп, Жібек деген келіншекке үйленді. Сол Жібектен бір қыз, екі ұл бала көрді. Қызы Гүлнар мектеп бітіріп, 1988 жылы Алматыда педагогикалық институтқа оқуға түсті, қазір мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ұлдары Серік пен Ораз да мектепте жақсы оқып, техникалық мамандық таңдап, жұмыстары жемісті болды. Бүгінгі күні барлық балалары отбасын құрып, еңбек етіп, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы Жібек дүниеден өткеннен кейін үш баласын өзі тәрбиелеп жеткізді. Ораз деген ұлын үйлендіріп, немересі Айызбайды көріп кетті. 1997 жылы дүниеден өтті. Қалған балалары да балалы-шағалы отбасын құрып, еңбек етіп, табыс тауып, өмірді жалғастырып жатыр. Бірақ Нәжімиден бұлардың қызығын көре алмай кетті. Дүниеден өткенде де ауырып-сырқамай, бейнет көрмей, өзгеге зиянын тигізбей, ауылда той берген бір үйден үйіне келе жатқанда жүрегі қысып ауырып, сол жерде дүние салады».

Нәскебай ақсақалдың Шарапиденұлы Нәжімиден туралы естелігі осындай. Қарттарымыз аман, еліміз тыныш болсын деп тілейміз.

 

Әсемгүл ТҰРҒАНБЕКОВА, Нәжімиден атаның келіні.