Ақтоғай аудандық «Ауыл тынысы» газетіне — 85 жыл

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынов айтқан осы айқындама ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен, құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет — жұртшылықты шынайы, кәсіби жаңалықтарымен сүйіншілеп, әр салаға бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын алтын көпір. Ал қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық. Осы орайда Ақтоғай ауданының үнжариясы болған «Ауыл тынысы» газетіне биыл 85 жыл толып отыр.

Тарихтың ізімен…

Өткен күндерге көз жүгіртсек, бүгінгі аудандық «Ауыл тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан басталады. Сол жылдың 1 маусымында «Большевистская правда» деген атпен аудандық газеттің алғашқы саны жарық көрді. 1952 жылдан бастап аудандық басылым «Социалистік еңбек» деген атаумен тарады. 1963 жылдың 5 мамырында «Коммунистік еңбек» деген атқа көшіп, 1992 жылға дейін шығып тұрды.

Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты, ауданға Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен орыс тілді көптеген тың игерушінің келуіне байланысты, газет 1955 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі тілде шыға бастады. Орысша газеттің алғашқы атауы — «Социалистический труд», кейін «Коммунистический труд» болды. 1992 жылдан 2020 жылдың қараша айына дейін «Пульс села» деп аталды. Ал қазақ тіліндегі басылым аударма газет ретінде қалды. Тек 2012 жылдың маусым айынан бастап газет бір редакциялық ұжымда бола тұрып, дербес түрде шыға бастады.

Аудан әкімдігінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі №200 қаулысымен Ақтоғай ауданы әкімдігінің шешімімен «Ауыл тынысы» және «Пульс села» болып өзгертілді. Осылайша, ауданның мерзімді баспасөз басылымы бұрынғыдай апта сайын сенбі күндері, қазақ және орыс тілдерінде, сегіз беттік көлемде шығатын жалғыз газет түрінде ұсынылатын болды. Бұл шешім газеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, редакцияны кәсіби журналистік кадрлармен қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтер көлемін ұлғайту, штат құрамын оңтайландыру және редакция шығындарын азайту мақсатында қабылданды.

2021 жылы «Ауыл тынысы» аудандық газетінің редакциясы» ЖШС-і құрылтайшысы Ақтоғай ауданы әкімдігі жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, серіктестікті сатып алу құқығымен бір жылға сенімгерлік басқаруға береді. Келесі жылы серіктестік жекенің қолына өтіп, сол жылдың 16 қыркүйегінде мерзімді баспасөз басылымын, ақпарат агенттігін және желілік басылымды қайта есепке қою туралы куәлік алып, «Ауыл тынысы» ЖШС болып тәуелсіз басылым ретінде қайта
тіркелді.

 

Өткеннен алған сабақ мол

Газеттің бұрынғы редакторы Шаяхмет Сәдуақасовтың айтуынша, тарих еншісінде қалған 85 жылдық белесте қоғамда қаншама тарихи оқиға мен өзгерістер орын алды. Аудандық газет солардың барлығына әділ бағасын беріп, халықпен бірге болды. Кешегі 1937-1938 жылдардағы халықты қатыгездікпен қуғын-сүргінге ұшыратқан сталиндік репрессия кезінде елді сабырға, бірлікке шақырды. Ұлы Отан соғысының найзағайы жарқ еткен шақта, редакцияға түсетін хаттар мен мақалалардың мазмұны өзгеріп, газет бетіндегі материалдар майдан өмірінің айнасына айналды. Елін, жерін неміс басқыншыларынан қорғаған жерлес жаужүрек азаматтарының ерліктерін паш етіп, тыл еңбеккерлерін жау оғына тайсалмай қарсы тұратын жауынгерлерге, майдан шебіне көмек көрсетуге шақырды. Газеттің әр санында түрлі айдарлармен майдан жаңалықтары жарық көріп отырды әрі халықтың жеңіске деген сенімін оятты.

— Жеңіс жалауы желбіреген соң аудан өмірінен хабар беретін жаңалықтар басылым бетіне тағы да шыға бастады. Халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, мал шаруашылығы мен егін саласын жетілдіру, ауыл шаруашылығын дамытудағы аудан еңбеккерлерінің ерен істері газет беттерінде айқын сөзбен суреттелді. Қоғам өміріне белсене араласып, өшпес із, өлмес өнеге қалдырған дара тұлғалар мен таланттар, еңбек адамдары жайлы газеттің сарғайған беттерінен оқуға болады. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі қайта құру, нарықтық қатынасқа көшу, қоғамды демократияландыру кезеңдерінде аудандық басылым қызметкерлері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тәуелсіздігіміздің жемістері мен жеңістерін қаламына арқау етті, —
дейді Шаяхмет Жақсыбайұлы.

Тарих толқынындағы 85 жылдың биігінен төменге көз жібергенде, оның негізін қаласып, суығына тоңып, ыстығына күйген аудандық газеттің тізгінін ұстаушылары — редакторлар туралы да айтып өтуіміз керек. «Большевистская правда» деп атанған аудандық газеттің алғашқы нөміріне Арын Әміров редактор болып қол қойса, одан кейінгі жылдары Айтбай Хангелдин, Қаби Көлбаев, Сары Мыңбаев, Біләл Оспанов, Шәйім Башаров, Қабжан Молшин, Ғалымжан Мақашев, Адам Мұхамеджанов, Георгий Бондаренко, Сейфолла Жанарбаев, Иван Чусов, Қизат Қаптайыров, Бәкібай Рамазанов, Талғат Смағұлов, Шаяхмет Садуақасов басшылық етті.

 

Жақсы аға жұрт жадында

Жоғарыда аудандағы жаңа-лықтардың жаршысына айналған «Ауыл тынысы» газетінде басшылық еткен редакторларды атап өттік. Олардың барлығы газеттің сапасы мен мазмұнына ерекше көңіл бөліп, тұрғындардың шынайы ақпарат алуына елеулі үлес қосты. Әсіресе, саналы ғұмырын бір аудандық газетте өткерген Талғат Смағұловты ерекше атап өтуге болады.

Бұған дейін тілші болған Талғат Әбуұлы 1991 жылы аудандық газетке редактор болып тағайындалды. Осы уақыттан бастап 21 жыл бойы баспа ісінің ыстығы мен суығына, қызығы мен қиындығына төтеп берді. Тұрғындарға күнделікті шынайы ақпарат беруді мақсат еткен өз саласының білгірі 2012 жылы зейнеткерлікке шықты.

Талғат Әбуұлы өзінің еңбек жолында тамаша азаматтармен, алдыңғы толқын ағаларымен қызметтес болып, олардан өзінің журналистік шеберлігін шыңдау жолында үлгі-өнеге алды. Олардың ішінде газеттің бұрынғы редакторлары Сейфолла Жанарбаев, Иван Чусов, Қизат Қаптайыров, журналистика саласының майталманы Нәби Әбдірахманов, көп жыл бойы газет редакторының орынбасары болған Байзолла Сұлтанов және басқаларымен бірге қызметтес болды. Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы «Ауыл тынысы» газетінде 40 жылдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек еткен Талғат Әбуұлы мамандыққа адалдықты нақты іспен дәлелдеген жан. Ол қарапайым тілшіден аталған үнжарияның бас редакторы лауазымына дейін көтеріліп, үлкен-кішіге үлгі болды әрі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қалам қуатымен барынша үлес қосты.

Талғат Әбуұлы ақтоғайлық жастардың журналистикаға қадам басуына ықпал етіп, жол сілтеген жанашыр жан еді. Олардың қата-рында Қазақстанның Құрметті журналисі Ержаслан Смағұлов та бар.

— Талғат Әбуұлы екеуіміз бір редакцияда 23 жыл қызмет еттік. Ол кісінің жақсы қасиеттері туралы көп айтуға болады. Ол нағыз еңбекқор болды. Жұмысты әрқашан бірінші орынға қойды. Көптеген өмірлік ұстанымында оның өзінің берік сенімі болды және оның алдында кім тұрса да, оны қалай қорғау керектігін білді, — дейді Е.Смағұлов.

 

Жаңалықтың жаршысы

— Аудандық газет аудан тарихының жылнамасы ғана емес, ол — ондаған түлектің қанатын қатайтып, қыран журналистер тәрбиелеген құтты ұя. Шағын аудандық газетте қызмет жолдарын бастап, кейіннен ел өмірінің түрлі саласында лауазымды қызметте, жалпы журналистика саласындағы еңбектерін жалғастырып, өңірімізге танымал болған азаматтар аз емес. Әр кездері газет редакциясында редактордың орынбасары, бөлім басшылары, жауапты хатшы және тілші ретінде үлкен еңбек сіңірген, бүгінгі күні бақилы болған Сатай Смағұловты, Ақан Мұсабековті, Шотай Жақияновты, Нәби Абдрахмановты, Байзолла Сұлтановты және тағы да басқа да алдыңғы толқын ағаларды еске аламыз. Сонымен бірге, редакция қабырғасынан үлкен лауазымдарға қанат қағып ұшқан республикалық «ҚазТАГ» директоры орынбасары лауазымында қызмет еткен Ризабек Әдуовты, облыстық «Сарыарқа самалы» газетін 14 жыл бойы басқарған Мұхит Омаровты, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі болған Наталья Тодорованы, «Астана» телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанарды және басқаларының есімдерін мақтанышпен айтамыз, — дейді бүгінде басылымға басшылық етіп отырған Бауыржан Бәкібаев.

Заман талабына үн қосып…

Газет қоғамдық пікірді қалып-тастырады, оны атқарушы орган-дардың назарына жеткізеді, сонымен бірге газет мемлекеттік саясатты және идеяларды бұқараға жеткізетін өткізгіш те болып табылады.
85 жылдық тарихы бар аудандық газет қызмет еткен уақыттарының барлық кезеңінде ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін, оның қоғамдық-саяси, мәдени өмірін егжей-тегжейлі баяндап отырды және баяндауда. Газетіміз көпшілік оқырман қауымға ауданның танымал тұлғалары, еңбек ұжым-дары, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған сан алуан мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпараттарды жеткізіп, алғашқы нөмірі жарыққа шыққанына  — 85 жыл! Ауданның күнделікті өмірі туралы ғана емес, сонымен бірге еліміздің және облысымыздың өмірінде болып жатқан аса маңызды оқиғалар туралы да ұдайы жариялап отырамыз. Біз Президенттің жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттарын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, аудан және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері туралы халыққа ақпарат жеткізуге баса назар аударудамыз. Әрине, «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ» болмайтыны — өмір шындығы. Сондықтан газеттің жұмысында кемшіліктер жоқ емес, бар. Біз газет беттерінде әлі де болса дамытатын тұстар, бәрі бірдей толық мәнінде қамтылмай жүрген тақырыптардың барын жақсы білеміз.

— Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін «Ауыл тынысы» деген атпен аудандық газет аптасына бір рет оқырмандарға жол тартуда. Әртүрлі тарихи кезеңдерге сәйкес, басылымның атауы өзгеріп отырса да, қай уақытта болсын газет өзінің әуелгі берген сертінен айныған жоқ – әрдайым оқырмандарымен, халықпен бірге жасап келеді. Бүгінде «Ауыл тынысы» газеті 9569-ші рет жарыққа шығып отыр. Газеттің дизайны өзгертілді, арнайы компьютерлік бағдарламалар, заманауи инновациялар келді. Редакцияда терілген дайын газет үлгісі еңбек жолындағы «айнымас досқа» айналған «Дом печати» баспаханасына, яғни, типографияға жіберіліп, сол жерде басылып шығарылады. «Ауыл тынысының» Іnstagram, Facebook әлеуметтік желілерінде 5 мыңға жуық жазылушысы бар. Бұл өз кезегінде аудандық газеттердің қажеттілігін тағы да бір дәлелдейді, — дейді бүгінде басылымға басшылық етіп отырған Бауыржан Бәкібаев.

Бүгінгі күні газет ұжымында өз істеріне берілген, өз функционалдық міндеттерін уақытпен санаспай атқаратын адамдар еңбек етеді. Өйткені, газеттің негізгі міндеті – ауданда өтіп жатқан оқиғалар жөнінде ақпаратты оқырманға дер уақытында, жедел, толық және шынайы жеткізу. Редакцияның бұрынғы редакторы Шаяхмет Садуақасов бүгінде зейнеткерлік жаста болса да, қаламын тастамай, қызмет етіп жүр.

Басылымның әр санын асыға күтіп, жыл сайын жазылып жүрген оқырмандары барда 90, 95, 100 жылдыққа жетері де анық. Газеттің 85 жылдық мерейтойында бүгінгі ұжымға және осы басылымда еңбек еткен ардагерлер мен барша әріптесімізге шығармашылық жетістіктер тілейміз.

 

Айдана БОРАНБАЕВА, Ақтоғай ауданы.