Аштық ұжымдастырумен бірге келді

Мам 29, 2025

Ел тарихында қанмен жазылған қайғылы оқиғалардың бірі де, бірегейі де — қолдан жасалған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезеңдері. Бұл уақытта қазақ жерінде қырылған адамның дәл санын айту мүмкін емес. Дегенмен, елімізге белгілі тарихшылардың пайымына сүйенсек, шамамен екі-үш миллионға дейін адам опат болған дейді.

«Қазақстан Ұлттық энцикло-педиясындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерде 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2,2 млн адамнан асып түсті делінеді. Бірақ мұны соңғы дерек деуден аулақпыз. Тарихшы Бүркіт Аяғанның мәліметі де осыны растайды. Оның пікірінше, 1932-1933 жылдары 2,3 млн қазақ қаза тапқан. Ал Талас Омарбековтің зерттеуінде 1930 жылы ауылдағы қазақтар саны
5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. 1932 жылы ауыл халқының саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Яғни, шамамен 3 млн 379 мың адам қырылған болып шығады.

Павлодар облысы бойынша ашаршылық тақырыбын жете зерттеген зерттеушілердің бірі – ақын, жазушы Мүбәрак Жаманбалинов. Автор «Ашаршылық жылдарының ақиқаты» мақаласында біраз жайдың бетін ашқан.

— Ауыл тұрғындары аштықтан жаппай қырғын тапқан 1931-32 жылдардың өзінде кеңшар жұмысшыларына күн сайын 800 грамм нан, олардың үйіндегі бала-шағаларына жан басына 400 грамм нан берілді. Еңбеккерлер орталық асханадан тегін тамақтандырылды. Сондықтан олардың ашаршылық тақсыретін тартуы мүмкін емес еді. Бірақ  бұл шаруашылықтардағы молшылықтың жергілікті халықтың қасіретін жеңілдетуге себі тие қойған жоқ, — деп жазады қаламгер.

Жалпы, ашаршылық апаты ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанымен ілесе келгендігін айтады. Себебі, қолда бар бірлі-жарым мал орталықтандырылды да, малынан басқа азығы жоқ қазақтар аштыққа ұрынды.

Мүбәрак атаның жазуынша, Ертіс ауданының жерінде аштан өлгендер көмілген он беске жуық орталық қабір бар. Мұнша көп болуының бір себебі Ресеймен жапсарлас жатқандығы себеп болса керек. Мысалы, күнкөріс қамымен Ресейге ағылып көше бастаған қазақтарды қаруланған шолақ белсенділер қайырып әкеліп, колхозға тығу жұмысы белсенді жүрді. Қолында не малы, не тамағы жоқ адамдар осылай аштан қырылды. Ақсу қаласы ауылдық аймағы мен Май және Ақтоғай аудандарының ашыққан тұрғындары да Ресейді бетке алғанда Ертісті басып өткен. Алайда олардың арасында діттеген жеріне жете алмай жолда қалғандары көп болды.

Ертіс ауданының орталығы мен қазіргі Кеңес ауылының аралығы — 18 шақырым. Осы аралықтағы жол үстінде өлгендердің мүрделерін 1932 жылдың көктеміне қарай жинастырғанда екі терең құдыққа сыймай қалған. Шамасы екі жүзге жуық болса керек. Сонда орта есеппен алғанда әрбір 80-100 метрден бір адам табылып отырған. Ашаршылық жылдары Ертіс ауданында қырылған адамдардың санын тап басып айту қиын. Шамамен тең жартысы не болмаса үштен бірі. Ал сол жылдары қаңырап бос қалған ауылдар саны алпыстан асады.

Тілеуберді САХАБА.