Павлодар облысында Абай Құнанбайұлының аты берілген тоғыз мектеп бар. Аталған білім мекемелері Абай мұрасын насихаттау, даналығын дәріптеу жұмыстарын арнайы бағдарлама бойынша жүргізеді. Себебі, бас ақынның атын иемдену – қандай мекеме болса да үлкен жауапкершілік.
Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия облыстағы барлық Абай желілік мектептерінің орталығы саналады. Мекеме директорының орынбасары Бағда Әділханқызының сөзінше, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
— Мамыр айында ақын шығар-машылығына арналған әдеби-сазды кеш өткіздік. Абай мұрасына қызығатын оқушылар белсенді қатысты. Жақында облыстық «Ertis» телеарнасымен бірлесіп зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткіздік. Қазір бір мұғалім Абайтану курсын оқыту бойынша семинарға қатысуда. Тамыз айының аяғына қарай басқа Абай мектептеріне арналған шеберлік сабағын өткізетін боламыз. Бұл шеберлік сабағы практикалық әрі теориялық бағытта жүргізіледі, — деді Бағда Әділханқызы.
Осыдан бес жыл бұрын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында республика көлемінде Абай желілік мектептері құрылған. Аталған мекемелер жүйесінде мегаполистер мен облыс орталықтарындағы Абай атындағы гимназиялар қосылып, бірыңғай жүйеде жұмыс істей бастады. Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия да сол желілік мектептер құрамына қосылған. Бұл жобаның бір артықшылығы гимназия оқушылары республикалық байқауға облыстық кезеңге қатыспай-ақ, бірден жолдама алады.
— Осының нәтижесінде біздің оқушылар республикалық Абайтану олимпиадасына және басқа да тіл білімі сайыстарына тура қатысуда. Яғни, облыстық кезеңге қатыспаса да болады. Соңғы үш жылда бірталай оқушы жеңімпаз атанды. Ағымдағы жылдың мамыр айында бір оқушы республикалық олимпиададан екінші орын алған болса, оның алдындағы жылдары бірінші орындар әкелген болатын, — дейді Бағда Әділханқызы.
Ал облыс бойынша құрылған желілік мектептер тізімінде Екібастұз, Ақсу қалаларында, Аққулы, Шарбақты, Ақтоғай, Успен, Ертіс, Железин аудандарындағы ақын есімін еншілеген мектептер бар. Аймақтық Абай мектептер желісі бойынша іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Оған облыстағы барлық мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
Ақсу қаласындағы Абай атындағы гимназия мектебінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Тоғыз айға – 9 іс-шара» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында арнайы жоспар құрылған. Жоспар 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларын қамтиды.
— Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар қаңтар айында басталды. Ең алдымен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деп аталатын кітап көрмесін ұйымдастырдық. Сондай-ақ, осы тақырып бойынша оқушылар арасында интеллектуалдық әдеби ойын өткізілді. Ақпан-наурыз айларында «Менің сүйікті кітабым: Абай сурет әлемінде» атты онлайн сурет көрмесі ұйымдастырылды. Мақсаты – оқушыларды Абай шығармаларын оқуға тарту, сурет салуға үйрету, оқушының көркемдік талғамын қалыптастыру. Бұл шараға 3-4-сынып оқушылары белсенді қатысты. 1-2-сынып оқушылары арасында «Абайды танып біл!» атты мектепішілік сурет салу байқауы өтті және сурет көрмесі ұйымдастырылды, — деді мектеп директоры Шолпан Дәулетбекқызы.
Сонымен қатар, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Ұлттық кітап күніне және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қалалық «Менің сүйікті кітабым – Абай шығармалары» челленджі өтті. Мақсаты — білім алушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту, кітап оқу мәдениетін калыптастыру және оқушыларды белсенді түрде кітап оқуға тарту. Одан бөлек, «Абайдың Қара сөздерін оқу» челлендж эстафетасына қатысып, көптеген оқушылар ақынның Қара сөздерін оқып, жатқа айтты. Одан бөлек, «Абай жолы – халық жолы» әдеби кештер, «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» мәнерлеп оқу сайысы, «Ұлы тұлға туралы ұлылардың 10 пікірі» танымдық сағаты ұйымдастырылған.
Тілеуберді САХАБА.