Мұзафар Әлімбаев пен Қабдыкәрім Ыдырысовтың сыйластығы хақында

 Араға біраз уақыт салып «Бауырмалдық» атты сериялы мақаламның екінші бөлігін жалғастырып жариялауды жөн деп шештім. Бұған дейін оқырман назарына көрнекті ақын, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов пен дауылпаз ақын Қалижан Бекқожиннің ғұмыр бойғы сыйластығы туралы еңбегім жарық көрген еді. Бүгін міне, Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы және ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың 95 жылдығына орай кезекті дүниені ұсынудың реті келіп тұр.

Қиялшылдар ұқсастығы

Айтып өткеніміздей, Қабдыкәрім ақынның әдебиет әлемінде қолтығынан демеп, ағалық жанашырлық танытқан екі адам болса, оның бірі Мұзафар Әлімбаев болатын. Мұзағаң ол кезде өзінің шығармашылығымен Алматыны мойындатып үлгерген, майданда жүріп-ақ жауға қаруымен қатар қаламын сілтеген тұлға еді. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін оның ғұмыр бойы балалар әдебиетімен, даналық дүниелерді тудырумен айналысқанын көзі қарақты оқырман түгел біледі. Шын мәнінде, 9 жасында «Халық жауының» баласы атанған Қабдыкәрімнің болашағы бұлыңғыр еді. Бала кезінен туған ауылында түртпек, қағажу көріп жетілген, соғыстан кейін бозбала шағында нағашысын паналап Керекуге көшіп келген талапты жас келешекте асқар тауды да бағындыратынына сенді. Алла Тағаланың жазуы бөлек қой, оған осы жолда қайсарлықтың үлгісіндей ананы, адалдықтың өнегесіндей адал жарды Құдай оның маңдайына жазып берді. Қандай қадам жасаса да, Қабдыкәрім Жектай анасы мен Бәтіш жарының қолдауын тауып отырды. Бұл қымбатты екі жан туралы біз кейін жазармыз. Әзірге Қабдыкәрімнің қаламгер болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген Мұзафар Әлімбаевпен сыйластығы хақында тебіреніп көрмекпіз. Мұзағаңның естелігіне сүйенсек, өзінен 5 жас кішілігі бар Қабдыкәріммен 1947 жылы желтоқсан айында әскери сапта танкіші-офицер болып жүріп туған елге – Керекуге келгенінде танысыпты.

«Келген күні ертеңінде облыстық газет «Қызыл ту» редакциясына тарттым. «Қызыл ту» – менің әдеби анам: тырнақалды өлеңім 1939 жылы 18 маусымда сол газет бетінде жарық көрген-ді. Газет тігіндісін 3-4 күндей ақтарып, өлең-жырларды, дәйекті очерктерді сүйсіне оқыдым. Бір күні редакцияда қаладағы жас ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен таныстым: облыстық атқару кеңесінде нұсқаушылық қызметте екен. Қиялшылдар да қыбын тауып қиыстыра алмастай егіз ұқсастық болады екен».«Қызыл ту» газетіндегі өлеңдерін оқып, жаны сүйсінген майдангер ақын мен жас оғлан ойда жоқта осылай жолығысады. Соның алдында ғана жас Қабдыкәрім ол кезде атағы дүрілдеп тұрған Қалижан Бекқожинмен танысып, оның тапсырмасымен «Жылқышы сыры» деген ұзақ өлең жазып әкеліп, газетке бастырған екен. Он тоғыз жасар жігіт өлең державасына осылай жолдама алды. Әуелде Қалижан, Мұзағаң ағаларымен хат алысып тұрған Қабдыкәрім 1952 жылы өзінің дарынына сеніп Алматыға қоныс аударуды шешеді. Алматыға отбасымен — анасымен, жас келінше-гімен көшіп келеді. Қабекеңнің бір естелігінде «Керекуден Алматыға пойызбен 5 күн көшіп едік» дегені бар. Оның Алматыда күтіп отырған жақын-жұрағаты жоқ еді. «Халық жауының» баласы деген «құйыршығы» тағы бар. Қаламгер інісінің көзсіз тәуекелшілдігіне ағалары таң қалады. Ұсынылып тұрған қызмет жоқ… Неменеге, кімге сенген? Кейін Мұзағаң бір естелігінде былай деп жазады: «Қабдыкәрім сонда тәңірім сыйлаған ақындық талантына ғана сүйенген екен! Бұл шындығында нағыз шынайы ерлік еді. Ақын ағасы Қалижан Бекқожиннің үйінің ауласындағы жертөлеге жайғасып, Алма-тылық тірлігін бастады. Қабдыкәрім 10-11 жасында «халық жауы» деген жала жабылған әкесінен айырылып қалған бала еді. Сол жаланың кесапаты алдынан кесе-көлденең шықты да отырды: Алматыдағы еш мекеме қызметке алмады»…

Балалар ақындары

Қабекеңнің шығармашылығында балалар әдебиеті ерекше орын алады. Оның қисыны да бар. Алматыға келген соң Қабдыкәрім Мұзафар ағасын жағалап, ол басқаратын редакцияға жиі барып тұрады. Ол кезде Мұзафар Әлімбаев, Мұқан Иманжанов секілді ағалары «Пионер» журналының бөлім меңгерушілері еді. Олар қолғабыс болсын деп, Қабдыкәрімге пионер отрядтарынан, жалпы мектеп өмірінен тапсырмалар беріп, нақтылыққа құрылған суреттемелер жаздырып, жас жігіттің күнкөрісіне хал-қадірінше көмектесіп бағады. Кейбір материалдарын бүркеншек атпен де жариялаған. Шындығында мұның барлығы Қабдыкәрім үшін өте үлкен көмек еді. Бірте-бірте Қабдыкәрім мінезінің жұғымдылығын, қай іс тапсырылса да ыждаһатпен орындайтын қабілетін танытып, сенім артуға болатынын дәлелдейді. Бұл оның кейін балалар газет-журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты қызметтер атқаруына жол ашады. Әрине, қандай мерзімді басылымда, Жазушылар одағында басшылық қызметте жүрсе де, Қабдыкәрім Ыдырысов ең алдымен ақын екенін, әдебиет алдындағы миссиясын ұмытқан емес. Кейін ол республикада Мемлекеттік кітап палатасын, «Жалын» жастар журналын басқарады. Қандай жоғары лауазымда отырса да, Қабдыкәрім Ыдырысов өзінің бір кезде қанатын қатайтқан, қолтығынан демеген Қалижан, Мұзафар сынды ағаларын жиі еске алып айтып отырады. Тіпті, Қалекеңе «Алматыға алты өлеңмен алдырған» деген өлең жолын арнайды.

«Әке жолына» ағалық қамқорлық

Мұзағаң Қабдыкәрім інісіне Алматыда тек күнкөріс қамын жасауға көмектескен жоқ. Қабды-кәрімнің әлі тың, ешкім аяқ баспаған тақырыптарға баруына қолдау-қолпаштау көрсетіп отырды. Соның бірі – қазақ әдебиеті тарихында репрессия тақырыбында жазылған тұңғыш шығарма — «Әке жолы» поэмасының тууына тікелей себепші болуы. Бұл кезде Қабекең бауырын жазып шаба алатын бесті аттай жетілген кезі болатұғын. Мұзағаң өзі сөйлесін: «Қабдыкәріммен жеке бір кездес-кенімде: «Асыл әкең асулардың, ғасырлардың ар жағында ескерусіз қалмауы үшін, сен ескірмес ескерткіш боларлық есті дүние тудыруың керек емес пе?!» – деп, тықақтатып тынышын алғандай болушы едім. Содан бір күні дастанының машинкаға басылған алғашқы нұсқасын алып келіп көрсетті. Аталуы – «Әке жолы». Сәтімен табылған сара атау екен… Мен алып қалып, шұқшия оқуға кірістім». Бұл әңгімені арада көп уақыт өткенде, 2006 жылы қыркүйек айныда Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтің өзімен үйніде сұхбат-тасқанымда да тағы қозғап едім. Мұзағаң сонда «Әке жолы» поэмасының әр деталін автормен бірге отырып талқылағанын айтып еді. Қабдыкәрім колхоз басшысы болып жүріп ұсталып кеткен әкесі Ыдырыс Мұстафиннің
асқар азаматтығын әлеуметке тайға таңба басқандай танытуды мақсат еткен. Тек өзінің емес, сондай бақытсыз жағдайды бастан кешкен тұтас бір буынның қасіретін, жетім баланың, жесір ананың зарын жеткізуге талпынған. Ал қасіретті поэмада жеткізу үшін үлкен өнер керек. Оған нанымды сюжет, сенімді сурет керек. Қабдыкәрім соны табады. Мұзағаң арада ұзақ жылдар өткенде поэманың мына бір тұсын әлі жатқа айтып отырады:

Ана жалғыз, бүгін өңі  тым сынық,

Көріп отыр суреттерді күрсініп.

Бірінен соң соң бірін  еппен ұстайды,

Кетер ме екен біреуінен  тіл шығып?

Суреті бұл әке менен баланың,

Келе берер қайта-қайта  қарағың.

Екеуі де көз айырмай тұр күліп, —

Қуанышы, махаббаты  ананың.

Бір емес ол, ұзақ-ұзақ қарады.

Енді айырмақ мәңгіге әке,  баланы.

Көзін жұмды,

Бүктей салды суретті,

Қалш-қалш етіп қайшы жылжып барады.

Осы-дағы өмірдің бір талқысы!

Осы-дағы үміт,

Күдік тартысы!

Жалғыз белгі – жар кескіні  жоғалды,

Ыршып түсті суреттің жартысы…

«Арқаның ақырған аязында арқаңа мұздай суды құйып жібергендей тітіндіреді, түршіктіреді. Жас талантты, қабылан жүректі бауырымды құшақтап, маңдайынан сүйіп, төсіме қыстым: – Осы жалынды шабытыңнан айнымай, ыстығыңды суытпай, жалғастыра бер! — дедім», деп жазады кейін естелігінде Мұзағаң. Ағасы мен інісі арасындай дарынды сыйластығы қандай керемет сезім десеңізші! Кереку өңірінен түлеп ұшқан Мұзағаңа да «Естай-Қорлан» поэмасындай өлмес туынды жазуға себепші тұлға ағасы Қалижан Бекқожин болатын! Оны Мұзафар ақынның өзі айтады: «1962 жылдың бас кезінде Қалекең маған: «Өз дарыныңды эпикалық жанрда неге сынамайсың? Естай мен Қорлан трагедиясын сенен артық білетін кім бар, айтшы? Іркілме. Ізден. Күреске түспегеннің қырғын батыр екенін кім танысын?» – деді. «Естай-Қорлан» дастаны сондай игі түрткіден кейін қалам жемісі болып дүниеге келген еді». Яғни, бір кездері Мұзағаңа «Естай-Қорлан» поэмасын жазуға ағасы Қалижан Бекқожин ықпал етсе, Қабдыкәрім Ыдырысовқа «Әке жолы» дастанын дүниеге әкелуге Мұзафар Әлімбаев түрткі болған екен!  Бұл әдебиеттануда сирек кездесетін бауырластық!

Анасы оның дана еді

Мұзағаң мен Қабдыкәрімнің отбасылары аса жақын араласып, сыйласқан. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевпен 2006 жылғы Алматыдағы кездесуімізде ақынның өзі тебіреніп айтқаны есімізде. Әсіресе, анасының данышпанды-ғына ерекше тәнті болған. Қабдыкәрімнің ақын болып қалыптасуының негізі – қайсар анасының тәрбиесінен дегенді осы Мұзағаңның аузынан естіп едік. Шындығында, 1937 жылы жұбайы Ыдырыс біреулердің көрсетуімен ұсталып кеткенде, Қабдыкәрім екі қарындасымен анасы Жектайдың (шын есімі Зейнелғарап) қолында қалады. Жесірлік қасіретін, халық жауының әйелі деген өсек-аяң, қорлықтың небір бәлесін тартса да, анасы қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Кейін Қабдыкәрім жетіліп, жар сүйіп, төрт ұлды болған қызықтарынан қалмай бірге ортақтасқан Мұзағаң Жектай анасының данышпандығына таң қалып, таңдай қағып, сүйсініп келген. «Қабдыкәрімнің анасы жаратылысынан бөлек адам еді. Бірде ол ұлы Қабдыкәрімге: «Мұзағаңды ренжітсең, саған ақ сүтімді кешпеймін» депті. Сонда менің қадірімді арттырып тұрғаны ғой. Ондай сөздің баласына ауыр тиетінін біледі, әрине. Алла ақылы кемел ананы беріп, Қабдыкәрімге әкесінің жоқтығын сездірмеген ғой. Бойындағы қажыры мен қасиетінің молдығы соншалық еді. Мен мұндай ананы көрген жоқпын. Сырттай қарасаң қарапайым ғана адам тәрізді. Алайда артық сөзі жоқ, парасаты асқан ана. Және өзі ұйымдастырғыш болатын. Барлық той-қуаныштарын бөлістік. Сол шақтарда ағайынның басын қосып отыратын анасы болатын, деп тебіреніп еді Мұзағаң сол әңгімесінде.

Ғұмыр бойы сүйсінді

Мұзағаңның естелік дүниелерін шолып отырсақ, Қабдыкәрім інісінің шығармашылығын өмір бойы бақылап келгендей көрінеді. Өзінің жеке ақындық еңбегі бір бөлек, інісінің де ізденуін өз қадағалауына алатындай бойында не құдірет болған десеңізші! Мысалға, бір жазбасында Мұзафар Әлімбаев Қабдыкәрімнің шығармашылығы туралы: «Эпикаға, оқиғалы өлеңге оңтайлылық – бұл ақынның ерте танылған ұтқыр қыры. Белгілі бір ситуация, оқиға шеңберінде, белгілі бір әрекет ауданында ғана сөйлеу мен суреттеу авторды ауаға жайылдырмайды, нақты жырлауға, жып-жинақы болуға, шыншылдыққа бастайды; тартыс жібін босаңсытпауды тілеп қана қоймай, қатаң талап етеді. Қабдыкәрімнің өзі хикая деп атаған «Жез леген» мен «Портфель туралы баллада», «Естелік» атты туындылар – балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келген, «он үште отты жылдың бар салмағын көтеріп, жұртпен бірдей» бөліскен жас жеткіншектердің ауыр сында ысылып, еңбекте ерте есейгеніне көркемдік куә. Сюжеттік өлеңді сомдау үстінде ысылған қалам үлкен эпикаға құлаш ұрғызды. Әлбетте, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың отыз жылдық творчестволық тарихындағы шеберлік биігі – «Әке жолы» атты лирикалық–драмалық поэмасы. Жеке адамға табыну кезінде дауасыз дерттей етек алған репрессияны бір семья болмысын суреттеу арқылы өзіндік тәсілмен оңтайлы жеткізген. Қызыл қанды қиянатқа ішіңнен лағнет айтқызады», деп баға береді. Мұзафар Әлімбаев өзінің шығармашылығында қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеумен, дамытумен айналысқаны мәлім. Ол Қабдыкәрімнің әншілігін, ертедегі ұмыт қалған әндерді жаңғыртатын қасиетін тап басып көрсете алған. «Ақын мұрасының салмақты бөлігі – ән-өлеңдер. Ыдырысовтың бұл жанрда да бағы жанғанына куә боламыз! Оның ән-өлеңдері 1986 жылы «Өнер» баспасынан «Ән – көңілдің ажары» сериясымен жеке жинақ болып тарады. Аты — «Қайдасыңдар, достарым». Аз ғана ғұмырында ақын жүз шақты әнге өлең жазыпты немесе оның жырларына жүз шақты ән шығарыпты. Біз Қабдыкәрім сөзіне жазылған ән-өлеңдермен күнбе-күн қауышамыз. Солардың ішінде бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленгені қаншама?! «Баянауыл вальсі» бүкіл қазақ баласының құлақ құрышын қандырған сөз бен саздың сәулетті одағы еді ғой! Бірде біздің үйде соңғы болғандарының бірінде Оңтүстік Қазақстан өңірінен үйреніп келген «Айнам-ау» әнін дастарқан басына жиналған достар қаншама рет қолқалап, өзіне қайталап шырқаттырып еді-ау. Сонда Қабдыкәрім кереметтей қанаттанып еді» деп жазады тағы бір еңбегінде. Қабдыкәрім Ыдырысовтың өзінің еңбектерінің арасында Мұзафар Әлімбаев ағасының 50 жылдық тойында жазған дүниесі бар (1973). Онда ол: «Бір қыз бар Маралдыда…» деп басталатын бұл әнді білмейтін, оны айтқанда тебіренбейтін бір қазақ жоқ. Өйткені, ол — өз заманында шын асыл жүректен толқыған сұлу махаббат гимні десе болғандай. Осы ән кішкентай Мұзафардың жүрегіне берік ұялаған. Педучилищеде оқып жүргенінде өнерсүйгіш талапты жас Естай ақынның қасынан қалмай жүріп, бұл осы мұңлы махаббаттың жұмбақ сырына жіті үңілген. Кейін осы құпия сыр-сандық түбінен ақтарылып шығып, бұдан бір-екі жыл бұрын «Естай-Қорлан» атты поэма болып шырқалды. «Естай-Қорлан» — шынайы махаббаттың жалауы. Бұл шығарма – ақын М.Әлімбаевтың талантты туындысы» деп ақын ағасының шығармашылығы туралы тіл қатады, тебіренеді, жүрегімен толғанады. Өкінішке қарай, талантты ақын Қабдыкәрім Ыдырысов 1978 жылы қараша айында 50 жасында оқыстан дүниеден өтті. Тағы бір жерлес ақын, сұлтанмахмұттанушы Дихан баба Әбілевтің қазанамасында жазғанындай, «ракетадай аспанға жыр жұлдыз боп атылатын нағыз дер шағы еді». Орыстың репрессия тақырыбында жазған Дудинцев деген қаламгері «Белые одежды» деген романы үшін Мемлекеттік сыйлықты алса, дәл сол тақырыпты аса жоғары көркем дәрежеде аша білген Қабдыкәрімнің «Әке жолы» поэмасы дер кезінде өз бағасын толық алды деуге келмейді. Ондай тақырыпта поэма жазу
өз заманындағы батырлықтың бір көрінісі еді. Екінің бірі бара алмап еді.   Қабдыкәрім дүниеден өткеннен кейін ол туралы, әдебиеттегі ізі, еңбегі туралы бірнеше мәрте мақала жазған ағасы осы Мұзафар Әлімбаев болды. Қандай еңбегінде болмасын Қабдыкәрімнің әдебиетке адалдығын, балаша аңғалдығын айтады. «Қабдыкәрімнің пешенесіне қасіретті балалық, қасиетті ағалық, қанатты ақындық бұйырыпты» деп інісінің шығармашылығына жоғары баға беріп кетті.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.