Қазақстанның кинофотоқұжаттары мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп, ел тарихындағы аса маңызды кезеңдер бейнеленген фотосуреттер көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Тарихи жәдігерлердің арасында «Спорт жарысы кезінде күлімсіреген ұлдар» (1934 жыл) атымен сақталған фотосуреттер бірден назарымызды аударды. Онда үш жас жігіт – Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Жағда Өгізбаев бейнеленген. Бұл кейде олар болашақта қазақ киносының классиктеріне айналатынын әсте білмейді. Шәкен Аймановтай атақты тұлғамызды жас кезіндегі бейнесі кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Әрі бұл — Шәкеңнің спортпен айналысқан сәтінен хабар беретін дерек көзі. Біздің қай әдебиет және өнер тарланын мысалға алсаңыз, оның жас кезінде спортпен айналысқанын аңдайсыз. Мәселен, Мұхтар Әуезов жас кезінде футбол ойнаған. Орталық мемлекеттік мұра-ғатта құжаттардың барлық түрлерін жинақтаумен, сақтаумен және оларды азаматтар үшін ашық қолжетімді етумен айналысатын мамандарды тарих сақтаушылары деп атауға болады. Олардың жұмысы кәсібилікті, жауапкершілікті, шыдамдылықты, сондай-ақ терең ізденісті, жұмысқа деген адалдықты талап етеді. Бұл жұмысқа бір рет кіріскен адамның одан айырылғысы келмейтіні де — қызық факті. Бүгінгі таңда Орталық мемлекеттік мұрағат қорларында көптеген материал бар – 50 мыңнан астам киноқұжат пен 250 мың фотосурет. Сондай-ақ, дыбыстық жазбалардың ең бай топтамасы – 15000 сақтау бірлігі (магниттік жазбалар, грампластинкалар, компакт-дискілер және кассеталар). Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы 27 қаңтардағы «1943 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы қаласында орталық республикалық мемлекеттік кинофотоқұ-жаттар мұрағатын ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданғаннан кейін посткеңестік кеңістік аумағында ең көне мұрағат пайда болды. Дәл осы күн Қазақстанның кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары Орталық мемлекеттік мұрағатының туған күні болып саналады. Ал жаңа ведомствоның өзі ішкі істер халық комиссариатына қарайтын болды. Ауыр соғыс жылдарында оның басшылары тарихи куәліктерді сақтауға ұмтылып, одақтас республикаларда, атап айтқанда Қазақстанда кинофото-құжаттар мұрағатын құру туралы шешім қабылдады. Бастапқыда бұл мекемеде
үш, содан кейін сегіз қызметкер жұмыс істей бастады. Мамандардың саны біртіндеп өсті. Бүгінгі таңда мұрағатта 27 қызметкер бар. Сақтау бірліктерінің саны да көбейтілді. Мұрағатшылар фотоматериалдардың едәуір саны жинақталған мекемелерге жүгінді. 1943 жылы қорлар алғашқы құжаттармен толықтырылды. Соғыс жүріп жатқандықтан, негізгі фото және кино материалдары азаматтардың әскери әрекеттері мен тылдағы қажырлы еңбегін көрсетті. Мұрағатта пайда болған алғашқы тарихи суреттердің бірі 1860 жылы тіркелген – «М.Баймұхамедов бастаған Санкт-Петербургтегі қазақ сұлтандарының делегациясы». Ал мына 1925 жылғы фотосуретте қазақ зиялылары, жас Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов және басқалары бейнеленген. Жәдігерлердің арасында
көз тартатыны — 1925 жылы жас Бауыржан Момышұлының досы Әбділда Тәжібаевпен түскен фотосуреті. Сондай-ақ «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасының ұжымдық фотосуреті ұсынылды. Редакцияда жас Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов еңбек етті. Мемлекеттік мұрағатта Кеңес Одағының болашақ батыры Мәншүк Мәметованың 1935 жылы анасымен түскен суреті де сақтаулы. Қазақтың қаршадай батыр қызын дүниеге кім әкелгенін көргіңіз келсе, анасына зер салыңыз. Екеуі де қандай бақытты еді, сұм соғыс қасірет тартқызып, қыршынынан қимаса… Мемлекеттік мұрағатта белгілі өлкетанушы, фотограф, Павлодар облыстық өлкетану мұражайының негізін қалаушысы Дмитрий Поликарпович Багаевтың 30-шы жылдардағы атақты «фотоаппаратпен танысу» атты суреті де сақтаулы екен. Көздің қарашығындай сақ-
таулы жауһарлардың бірі — Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры Рақымжан Қошқарбаев пен атақты партизан және жазушы Қасым Қайсеновтің 1975 жылғы таңғажайып суреті. Кеуделерінде «Арқалық қаласының Құрметті азаматы» лентасы байланған. Мұрағат қызметкерлері фото-
суреттер мен бейнематериалдарда, бірегей дыбыстық жазбаларда бейнеленген осы және басқа да көптеген тарихи мұраны ұқыптылықпен сақтап келеді.
Әзірлеген — Нұрбол Қанатбекұлы.