Басылым корректоры Сапура Нығышева туралы сыр

Облыстық газеттің тоқсан бес жыл тарихында газет беттерінде қаншама белгілі тұлғалардың, редакторлар мен журналистер, фототілшілер және қолына бояуы сіңбеген газетті ұстағандардың қолтаңбалары қалды. Газет шежіресінде осы баспада қызмет істеген алдыңғы толқын аға-апаларымыз жайында еске алып, олардың жанкешті еңбектері жайында жазып отыру — бүгінгі ұрпақтың төл парызы.

Газет өз тарихында, және оның қызметкерлері де қаншама аумалы-төкпелі кезеңдерді өткерді, қиын да ауыр күндерді басынан кешті. Қиын-қыстау кезінде қаншама ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға төзе отырып, жұртшылыққа ақпарат таратты. Облыстың ақпараттық кеңістігінің дер кезінде жария болуына, оқырмандарына көркем күйінде, таза тілде, қате-кемшіліксіз жетуіне газет ұжымы елеулі еңбек сіңірді. Журналистердің жазған еңбектерін түн ұйқысын төрт бөліп, айна-қатесіз оқырман қолына тигізетін, газеттің арғы бетінде көрінбей қалатын мамандық иелерінің бірі — корректорлар десек артық болмайды. Басылым шежіресінде олардың алатын орны ерекше. Алайда оларды ел білмейді, олар оқырманмен жүзбе-жүз кездес-пейді. Корректорлардың жан-кешті еңбегін редакциядағылар ғана біледі, бағалайды. Оларға зор сенім артады. Бір-біріне талап-тілектерін де лездемелерде жеткізеді.

Тың игеру жылдары облыстық газеттер жабылып, өлкелік «Тың өлкесі» газеті шыға бастағанда, педагогикалық училищенің түлегі Сапура Ыбырайқызы Нығышева қызметсіз қалған болатын. Алайда, арада бір-екі жыл өткен соң облыстық «Қызыл ту» газеті қайта шығатын болып, аз үзілістен кейін, бұрынғы кадрлар қызметіне қайта оралды.

Ол кезде облыстық газет күн сайын шығатын, бас әріптері қорғасыннан құйылып, қолмен терілетін.  Әр бетті бір корректор және редактор оқиды, түзетеді. Сабира Садықова бірінші беттің корректоры болса, Мәдина Садықова төртінші беттің корректоры болды. Ал екінші және үшінші беттерде телетайптан түскен саяси материалдар, ауыл шаруашылығы мен өндіріс, кәсіпорындардан, жер-жерлерден алынған материалдар берілетін. Міне, осы беттерге Сапура Ыбырайқызы жауапты болды. Газеттің жұмысы қызықты әрі қиын екені мәлім.
Нөмір шығарар алдындағы қарбаласты айтып жеткізу мүмкін емес. Мақала жазылады. Нөмір жоспарланады, макеттеледі. Әріп-тері теріледі, оқылады, мақалалар бетке түседі. Оны корректорлармен бірге кезекші редактор оқиды, тағы тексеріледі, тазартылады, оқылады. Қол қойылады.

Ол кезде газет шығарушылар бозала таңға дейін баспаханада жүретін. Қолға енді тиген, бояуы сіңбеген газеттен тағы да қателер тексерілетін еді. Егер бір нүктесі немесе үтірдің өзі көрінбей қалса, ол тағы қайта түзетілетін. Газеттің әр нөмірінде жарияланатын мақалаларда мыңдаған тыныс белгісі болады. Сол тыныс белгілердің өз орнында тұруы газетке үлкен абырой еді. Бұл – күнделікті газет шығарушылардың көз майын тауысатын жұмыстың бір көрінісі болса, жаңа нөмірдің соңғы нүктесі қойылар сәтінде кезекші корректор да, түнгі редактор да газеттің әр бетіне қайта-қайта үңіліп тексеретіні тағы бар.

Редакция аурасының құдіреті ме екен, сол жылдардағы шаршауды білмейтін жандар осы корректорлар десем артық айтқандық емес. Күліп-ойнап, баспаханада ас-суын ішіп, қона жатып, газет шығарған күндер мен түндерін Сапура Ыбырайқызы ең қымбат күндерім деп санайтын еді.

Алғашқы кезде әріптер қолмен теріліп, қалыпқа түсетін. Кейін баспаханаға әріптерді құйып шығаратын екі үлкен машинка әкелінді. Күндер өтіп, жылдар жылжып өткен сайын корректордың да жұмыстары жеңілдене бастады. Баспаханаға әріп құятын алып машинкалар алынған соң бас әріптер мен тақырыптар ғана қолмен терілді. Бұл беттеушінің жұмысы болатын.  Сапура Нығышева осындай қиын кезеңнің бастауында тұрды. Кейін күндер өткен сайын баспаханадағы жұмыс реттеліп, корректорлардың жұмысы да бірқалыпты жүйеге түсті. Десек те, әр жылдардың Сапура Нығышеваға артқан жүгі өте ауыр болды. Отбасындағы отағасы мен балаларын күндіз де, түнде де сирек көретін еді. Қолы баспахана жұмысынан қалт еткенде, жақын жердегі үйіне барып, тамақтарын дайындап, үй шаруасына да қолын тигізіп кететін. Отағасы Нығышев Балташ мінезі салмақты, пейілі өте кең, парасатты адам болды.  Сапураның газет жұмысындағы жауапкершілігіне түсіністікпен және кешіріммен қарап, балалардың тәрбиесімен де айналысты.

Газет оқырман қолына жеткенше редакция мамандарының сан мәрте сүзгісінен өтетіні белгілі.
Осындайда корректорға жүктелер міндет тым жоғары. «Арық атқа қамшы — жау, жыртық үйге тамшы — жау» демекші, корректордың «жауы» — «ұры әріптер». Осы бір теңеу сөзді зейнет демалысына шыққанша корректор болып жиырма бес жылдай еңбек еткен Сапура Нығышева ұдайы айтып отыратын.

Әрине, әр жылдың өз ауырт-пашылығы болды. Сынаптай сырғып корректорлық жұмыста жүргеніне жиырма бес жыл да өте шықты. Балалар да ержетті. Жолдасы Балташ Нығышев лауазымы жоғары жұмыстарда жүрді. Осындай күндердің бірінде корректор Сапураның еңбегі бағаланып, редакция ұжымы туған күніне құттықтау хатын табыс етті. Онда: «Құрметті Сапура Ыбырайқызы! Облыстық «Қызыл ту» газетінің редакция коллективі Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтап, ең ізгі тілектер білдіреді. Сіз өміріңіздің жиырма бес жылдан астам уақытын газет редакциясында корректор болып өткіздіңіз. Осы жылдар ішінде Сіз іске адал-дығыңызбен, еңбексүйгіштігіңізбен коллектив құрметіне бөлендіңіз. Қызметтес әріптестеріңіз ардақ тұтты. Әрқашанда бірқалыптан айнымадыңыз. Редакция коллективі Сізді тағы да туған күніңізбен құттықтай отырып, деніңіз сау, өмірде бақытты бола беруіңізге игі тілектерін білдіреді.  Редколлегия, партбюро және жергілікті комитет». Ол кезде мұндай құттықтау хат қазіргі орден-медальдардан да қымбат болатын.

— Бірде газеттің айқарма беті қап-қара болып шықты. Бұрын бояуын қолымен жағып шығаратын газеттің қара бояумен шығарған себебіміз Мұхтар Әуезов дүниеден өткен болатын. Сол кезде газет жазушының қазасына қатты қайғырды, — деген еді Сапура ардагерлермен кездесу болған кезде. Газетте бір орында корректор болып қызмет істеген жиырма бес жылда редакцияға келген талай белгілі адамдарды көрді. Дихан Әбілев, Жұбан Молдағалиев, Рамазан Тоқтаров, қала берді, Роза Бағланова, Кәукен Кенжетаевпен де редакцияда өткен кездесулерге қатысып, дастархандас болды.

Облыстық «Saryarqa samaly» газеті — қазір өз оқырмандары бар, беделді ақпарат құралы. Газет Ертістің Павлодар өңірімен қатар, еліміздің барлық облыс-тарына және Ресейдің Алтай, сондай-ақ, Моңғолияның Баян-Өлгей өлкелеріне тарайды. Редакцияда қазір кілең жастар еңбек етеді. Олар әр жыл сайын қазан айында өз ардагерлерін қарттар күнімен құттықтап, редакцияға шақырып, сый-сыяпаттарын жасайды.
Өткен жылы және биылғы қарттар күні Сапура Нығышева мұндай кездесуде бола алмады.

3 қарашада газет ардагері Сапура Нығышеваның жылдық асы беріледі. Редакцияның тоқсан бес жыл тарихында жиырма бес жыл корректор болған Сапура Нығышеваның есімі газет шежіресінде алтын әріптермен жазылғаны аян. Оның қолтаңбасы, өнегелі өмірі кейінгі толқын жастарға үлгі-өнеге болып қала бермек.

Шолпан БАЙҒАЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының, Павлодар қаласы мен Тереңкөл ауданының Құрметті азаматы.