Бүгінде Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 95 жылға аяқ басты. Бұл – ресми дәлелденген мерзім. Әйтпесе, өңірдің шежіресі іспетті басылымның тарихы бұдан да әрі жатуы бек мүмкін деп топшылаймыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлттық публицистиканың бастауындағы тұлғалар туған өлкеде, ХХ ғасыр басында, 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысы тұсында Кереку өңірінің жеке бір жапырақ газеті болмады дегенге сене алмаймыз.

Бұл – логикалық түрдегі өзіміздің тұжырымымыз. Әйтпесе, барлығын тарихи негізде құжатпен айғақтау қажет. Бұл ретте қазіргі Семей облысының «Семей таңы» газеті өзінің бастауын 1919 жылдары жарық көрген «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерінің жалғасы ретінде мойындалғанын айта кету керек. Бұл туралы аталмыш көршілес өңір басылымының 100 жылдық тойында болғанымызда (2017 жылы) «Семей таңы» – «Вести Семей» газеттерінің бас редакторы Риза Молдашева айтып берген еді. Осыдан кейін біздің санамызда «Павлодар облыстық газетінің де тарихы тым әріде жатыр-ау, соны қазбалап, шіркін, біздің ғалымдарымыз дәлелдесе ғой» деген ойдың жылт еткені бар. Осылайша, 2018 жылы, газетіміздің
90 жылдығы қарсаңында «ХХ ғасыр басында Павлодар өңірінде қандай газеттер, тіпті қоғамдық-саяси үндеу-парақшалар шығып тұрған екен? Ол туралы мәлімет жақын архивтердің қайсысында болуы мүмкін? деген сауалмен біраз бас қатырдық. Омбы облысының мемлекеттік архивіне хат жаздық. Айта кетерлігі, Омбы облысында екі архив мекемесі бар болып шықты. Біз тарихи архивіне хат жолдадық. Көп күттірмей жауап та келді.

2018 жылғы 22 қаңтар күнгі тіркеу нөмірімен мекеме қызметкерлері былай жауап жазыпты (орысша мәтінді қазақшалап ұсынып отырмыз):

«Құрметті Нұрбол Қанатбекұлы! Архивтің анықтамалық-ақпараттық қорында 1900-1901 жылдары жарық көрген «Степная газета» газетінің нөмірлері сақталған. Олардың бір бөлігі арабша (?) жазылған. Басқа қазақ тіліндегі мерзімді басылым біздің архивте жоқ.  Омбы сот палатасы прокурорының архивтік қорында Торғай облысының
қырғызы Мир Якуб Дулатовтың Семей қаласында «Оян, қазақ!» атты брошюрада мақалалар және өлеңдер жариялағаны үшін қозғалған 1911-1912 жылдардағы ісін бақылау жөніндегі құжаттар бар. Қазақ тіліндегі өзге мерзімді басылымдар туралы ақпарат жоқ. Директор Л.А.Чекалина, бөлім меңгерушісі Н.С.Храпова»
делінген. Павлодарда ХХ ғасыр басында шығып тұрған жергілікті газеттің тарихы туралы маңызды ақпарат алмасақ та, бізді Алаш Үкіметінің жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» шығармалар жинағы үшін бақылауға алынғаны туралы ісін қалай қашықтан зерделеп, құжаттарын зерттеуге болады деген ой қызықтырды. Осыдан кейін аталмыш мекемеге тағы бір мәрте хат жазып едік. Омбы облыстық тарихи архиві оған да жауап қайырды. Мекеменің қорында «Степная газетаның» 2 жылдық тігіндісі (орыс және араб тілінде) мен Міржақып Дулатовқа қатысты 12 беттік істің неғұрлым ақпаратқа бай беттерін элеткронды түрде ұсына алатынын жазған. Бірақ ол үшін бірқатар ре- сімдеулер мен ақысын төлеу қажеттігі ескертілген. Өкінішке қарай, қызметті алу бағаларына байланысты мәліметтер бізге қолжетімсіз болып, бастаған зерттеуіміз осы күнге аяқсыз қалып қойғаны өкінішті. Десе де, біз ал-
дағы уақытта бұл мәселені қайта бір қозғап, жандандыруды өзге де аймақтың архивтерінен іздеуді мақсат етіп отырмыз. Әзірге, зерттеу ісіміздің басы болып есептелетін Омбы тарихи архивінен алынған жауап хаттардың суретімен, мазмұнымен бөлісуді жөн санап, оқырманымызды хабардар етіп қоймақпыз. Біздің бастамамыз Сізді де қызықтыра ма? Бұл ретте, қолдаушы ғалымдарымыз, мемлекеттік мекемелер табылса, ұтымды болатын еді деген де ой бар. Қайткенмен, өңірлік қазақ баспасөзінің тарихын зерделеу ісі бүгінде кенже қалып тұр.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

«Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.