«Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді».

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.

2 ақпан — қазақ халқының тұңғыш, төл энциклопедиясы – «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген күн. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін оятты. Осыдан тура екі жыл бұрын дәл осы күн елімізде Ұлттық басылым күні деп белгіленді. Бүгінде халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған газет-журналдар замана тынысын дөп басып, қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеріп келеді.

Ұлттық басылым күні қарсаңында Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайрат-кері Ақмарал Сағынбекованың газеттің бүгінгі тынысы, болашағы туралы  ой-пікірін білген болатынбыз. Ақпарат саласының үздігі газет оқу — зиялылықтың белгісі екенін атап өтті.

— Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі күні бүгінге дейін өзектілігін жойған емес. Технология дамыған заманда ақпарат алмасудың түрлі тәсілі шықты. Қазір айтылған жаңалық санаулы секундтар ішінде ғаламтор, әлеуметтік желі, түрлі сайттар арқылы жаһанға тез тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті – талғамы жоғары оқырманның таңдауы. Өйткені басылым бетінде шынайы ақпарат, байыпты сараптама, нақты тұжырым, таңбаланған тарих беріледі. Әр секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті даралап тұратын басты басымдық – осы, — дейді ардагер.

Ақмарал Сағынбекова талай жыл телеарнада жұмыс істегенімен еңбек жолын газетте корректор болудан бастаған. Сондықтан газет шығару қаншалықты қиын іс екенін жақсы біледі. Ол газет-журнал жаңалықтың жаршысы ғана емес, бүтін елдің айнасы екенін айтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орайы келгенде беделді басылымдарға сұхбат беріп отырады. Жақында «Ана тілі» газетінде Президенттің сұхбаты жарияланды. Сол арқылы ел тұрғындары мемлекетте жүзеге асырылып жатқан реформаларды, елімізде орын алатын алдағы жоспарлармен танысады. Сондықтан газет ешқашан өзінің қажеттілігін жоғалтпайды деген сенімдемін. Президенттің Ұлттық басылым күнін айқындап беруінің өзі басылымның болашағы зор екенін көрсетеді, — дейді А.Сағынбекова.

Ардагер қазіргі басылымдар ескеруі тиіс маңызды факторларды атап өтіп, ақыл- кеңесімен де бөлісті. Оның айтуынша, жақсы тақырып — жарты мақала. Яғни, журналистер қауымы мақалаға тақырып қоюда алғыр болуы тиіс. Қалың оқырманды газет оқуға шақыру тақырыптан басталуы тиіс. Бұдан бөлек, газет оқырмандарының басым көпшілігі шалғай елді мекендерде тұрады. Қазір көптеген ауыл жоғары жылдамдықтағы ғаламторға қосылмаған. Егде жастағы халықтың негізгі ермегі – газет. Сондықтан басылымдарда ауыл тіршілігі, елді мекендегі өзекті мәселелер тұрақты түрде берілуі керек. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында газет-журнал бетінде қарапайым еңбек адамдары ерекше дәріптелгені жөн.

— Газет-журнал — тарих сындарынан сүрінбей, біздің заманымызға дейін жеткен қазына, ұлттың үні.  Сондықтан басылымның болашағы зор деп білемін. Қарашаңырақ «Saryarqa samaly» газеті — айма- ғымыздың тыныс-тіршілігін қалың оқырманға жеткізіп отырған белді басылым. Тұрақты айдарлар мен арнайы беттерді нөмір сайын асыға күтіп отырамыз. Бір «Ainalaiyn» балалар мен жасөспірім- дерге арналған қосымшасының өзі —  газеттің тапқырлығы. Талай жастарды журналистика саласына баулыған бет. Сондықтан оқырманға айтар ойы бар, қоғамдағы түйткілді дүниелерді көтеріп келе жатқан газеттерді ешбір гаджет баса алмайтыны анық. Барша басылым майталмандарын Ұлттық басылым күнімен құттықтап, жазарларыңыз таусылмасын дегім келеді, — дейді А.Сағынбекова.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.