Гүлбаршын Орханқызын мен Май аудандық «Шамшырақ» газетінің журналисі ретінде танитын едім. Бұл 70-інші жылдар болатын. Ол жылдары біз үшін Ертіс-Баян, Кереку өңіріндегі санаулы қыз журналистерді білмеу мүмкін емес еді. Ол кезде қазақ тілінде өлең жазатын қыздардың өлеңдерін газеттен көріп қалсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанатынбыз. Оларды көрсек, кездессек, әңгімелессек деп жүретінбіз.
Бірде Павлодар телевизиясы «Майра» әдеби-музыкалық хабарына Май ауданы өнерпаздарын шақырды. Қазақ редакциясының режиссері Әнуар Қалиев аудан көркемөнерпаздар ұжымының белді мүшесі, сөзге дес бермейтін, күміс көмей әнші Гүлбаршын Дүрманованы «Менің бөлем, Жаяу Мұсаның жиеншары» — деп таныстырғаны есімде. Ол кезде «Ақ сиса» өлеңінің авторы Жаяу Мұсаның әндерін айтып жүргенімізбен, жазушы Зейтін Ақышевтің кітабының кейіпкері Жаяу Мұсаның жұрағатымен қызметтес болып жүргенімізді білмеппіз. Кейін осы Гүлбаршынмен облыстық редакцияда, қарсы кабинетте отыратынымызды кім білген?!
Мен Гүлбаршынды осы кезден бастап жақын таныдым. Тектінің тегіне қарап, оның сұлулығына, әдемі мінезіне, көпшілдігіне, жомарт-тығына, білімділігіне, сөзшеңдігіне, көп білетіндігіне, бірбеткейлігіне, бекзаттығына қызығатын болдым.
Гүлбаршын редакцияға қызметке ауысып келгенде елуге әлі жетпеген, киім киісімен, жайраңдаған жүрі-сімен, сықылдап күлетін күлкісімен іші-бауырымызға кіргендей болды. Еске алатын дүние көп әрине, өзінің жазған мақаласынан басқа, әдемі қылықтары бір кітапқа жүк болар еді. Міне, содан бері отыз жылдан астам уақыт болды. Ол кезде қалта телефоны, әлеуметтік желі деген түсімізге де кірмеген.
Таяуда Гүлбаршын мерейжасқа толды. Астананың төрінде, әдемі мейрамханада той жасады. Мен білетін Гүлбаршын өзгермепті, жарқылдап жүрген жүрісі, нәзік дауысы, әдемі күлкісі кешегі күндерді еске салды. Өзі әлеуметтік желіде 80 жасын серілік жасы деп айтыпты ғой, нақ солай. Гүлбаршын — жаңашыл жан. Заманына қарай адамы дегендей, қазір алыста жүріп үшбу хат жазбаймыз. Бір-біріміздің амандығымызды қалта телефоны арқылы білеміз. Алайда біздің Гүлбаршын кешегі күнді жаңғыртып, әлеуметтік желіде хат жазу үрдісін жалғастырыпты. «Тұрсынға хат!», «Олжасқа хат!», «Елбасына хат!», тағы да осы тақылеттес жазылған хаттарының өзі қаншама? Той туралы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, діліміз бен дініміз, жанымызды жаралаған тіліміз жайында терең ойлар жазылады. Ал маған жазған хаттары жас кезімізді есіме түсіріп қоймай, өткен күндерден аңызға тұрарлық белгі қалдырыпты. Шынымды айтсам, көзіме жас алып оқыдым:
«Шолпанға хат! Алтыннан ардақты, күмістен салмақты демей-ақ қояйын, хат деген соң десе де болатын шығар…
Мен Май аудандық «Шамшырақ» газетінің редакторлығынан ауысып, өзіміздің облыстық «Қызыл ту» қазіргі «Сарыарқа самалы» газетіне кірдім. Міне, бізді Алла табыс-тырды. Екеуіміз қарама-қарсы кабинетте отырмыз. Мінез-құлқымыз, жүріс-тұрысымыз бәрі басқа сияқты. Екеуіміз де өзімшіл, мықтымыз. Сен облыстық газетте істеймін, осы газеттің бір пұшпағы менікі деп ойлайтын шығарсың, мен болсам: мен де аудандық «Шамшырақ» газетінде әжептәуір редактор болдым, бір ұжымды басқардым деген кеуде де жоқ емес сияқты…. Айтпақшы, ол кезде «Маяк» орыс газетіне қол қоятын Валерий Швайконы «редактор» деп, ал қазақ газетіне қол қоятын мен «редактордың орынбасары» деп есептелетінмін. Қыздармыз ғой, екеуіміздің арамызда бәсекелестік те жоқ емес сияқты. Сенің жүріс-тұрысың жылдам, есіктен кіре бере қолыңа қаламыңды ала бастайсың, бәріне жылдамырақ үлгересің… мен, ештеңе босатып алмасам да, толғанып жүруім көп. Бір кезде мен жұмысқа машинамен келетін болдым, енді қарасам, сен де тездетіп машинаның рулінде жүрсің. Сонымен не керек, екеуіміз де Павлодардың жап-жақсы, әп-әдемі журналист қыздары екенбіз ғой».
Хат маған әлеуметтік желімен келді. Рас, Гүлбаршын жүрген жерінде жайдары жүрісімен, айтатын сөзімен рухани байытады. Қолындағы барын береді. «Я, Алла! Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма, бізді разы қыл, бізден де разы бол!» деген қағидатты берік ұстанады.
— Шолпан ау, осы біз қызықпыз, — деп басталыпты екінші хатында: Екеуіміз бір кабинетте отырғанда бір-бірімізді білдік пе?! Әйтеуір адамға тән бір бәсекелестік бар болатын. Ол дұрыс екен ғой… Планеркада редактор мақтап жатса, басқалары, әсіресе ер азаматтар сынап жатады. Есіме түсіп кетті, мен ол кезде ұзын қызыл тырнағыммен «көзіңді шұқып алайын ба» деп сол азаматқа жетіп барғанда редактор тоқтатқан. Онымен қоймай, оған қазір екеуіміз Трактор заводы не басқа заводқа барайықшы, кімді таныр екен? деп қоямын. Сөйтсем, «Сарыарқа самалы» газетінде таңдаулы Тұрсынбай аға, Қажымұрат, Бақи аға, Бақыт, Өскенбай, кілең қазақ ақын-жазушылары, журналистер ғана қызмет істейді екен.
Гүлбаршын адамға тән бәсе-келестік туралы жазыпты. Мен бәсекелестік болу керек, ол сенің өсуіңе, тереңнен ойлауға, пікіріңнің дұрыс болуына қажет болса да, мен үшін бәсекелестік керісінше, оған ұқсағым келгендіктен талаптандым, талпындым деп ойлаймын. Абай атамыз: Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз», демей ме? Мен Гүлбаршыннан үлгі-өнеге алатынмын. Рас, Гүлбаршын өз жұмысына өте тиянақты, жазам десе жазып тастайтын, жазғысы келмесе редактордың орынбасары, бөлім бастықтары берген тапсырманы орындамайтын. Бұл тақырып оны қызықтырмады. Мақала жазу үшін көп ойланатын, көп толғанатын. Әрине, журналист өзін сан қырынан көрсете білетін, жан-жақты танымы бар, кез келген тақырыпта жаза беретін бесаспап болуы керек дейміз. Журналистің де журналисі бар. Гүлбаршын олай ойламайтын. Әрине, бесаспапты өзін қызықтыратын тақырыбы арқылы көрсететін. Мәселен, Қажымұраттың тақырыбы — ауыл шаруашылығы, Нұртөре мен Ғалымның тақырыбы — өндіріс, Мұхамеджан ағаның тақырыбы мәдениет, табиғат болса, Гүлбаршын әлеуметтік, моральдік, материалдық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып тақырыптарын көсіле жазғанды жөн көрді.
Мен білетін Гүлбаршынның жазбасынан бірмінезділікті де байқауға болады. — Мен аудандық «Шамшырақ» газетінің редакторының орынбасарымын деп жалғастырыпты үшбу хатын. — Ақындарда шаруам жоқ. Сендердің өмір-леріңнің өзгеше қабылдауы, байқауы бар. Ол кезде — Совет одағы, ақындарды түсіне қою жоқ қой. Менің ақын болмай қалғаным да сол шығар?! Сен ер мінездісің. Ал мен болсам, сөйтіп жүріп «Звезда Прииртышья» мен «Сарыарқа самалының» арқасында Қазақстан Журналистер одағының съезіне, одан КСРО Журналистер одағының съезіне өтіп кеткенімнің куәсісің.
Шолпан, есімде, бір күні мен жұмысқа «Жигули» мініп келдім. Мен Май ауданынан келдім ғой, үй жоқ. Павлодардың іргесіндегі Ленин поселкесінде уақытша тұрып жатырмыз. Трассаға шығып қол көтерсем де жұмыстан бір минут қалмаймын. Ал кейбір қалалықтар бүгін автобус жаман жүрді деп асып-сасып келіп жатады».
Гүлбаршынның өзі де ер мінезді, оған қосымша қайсарлығы мен қайырымдылығы да бар. Оның бойынан батылдық пен батырлық байқалатын. Сонда ол мені сынап жатқан әріптестерімнен тайсалмастан, сөзімен де, ісімен де қорғап шығатын. Гүлбаршын журналистикадағы жетістіктерін өзі жазды ғой. Сондықтан қайталаудың жөні жоқ. Мен керісінше өзінің жазбаларына комментарий арқылы мақала стилін өзгертіп отырмын. Сонымен Гүлбаршын әлеуметтік желіде былай депті:
«Мен 9 баланың бірімін. Соғыс баласымын. Одан кейін де жетісіп кете қоймадық, білесіздер. Әкем 12 жылға сотталып кетті. Сонда да орыстармен таласып жүріп, солардың өздерінен үйреніп, бәсекеге түсіп, қатарымнан қалмаппын… Қазір де қатардан, заманнан қалмай жүргендер ауыз толтырып айтарлықтай көп. Көшеге шықсам, біреумен сөйлесіп кететін әдетім… Кей жігіттер өздері-ақ «қазір жұмыс жоқ дегенге жыным келеді, жұмыс көп» дейді. Таяуда таксиге отырып, әдетіме салып, «балам, қай жерден келдің, үйлендің бе, үйің бар ма…» деп әңгімеге тарттым. Әп-әдемі жігіт екен, сөйлескім келіп барады… Иә апа, үйім бар, екі балам бар деді. Таксист емеспін, жұмысым бар, арасында жол-жөнекей… Бәрекелді, бәрі «жұмыс жоқ» деп жылап жүреді, — дедім. Жоқ, апа, олар жүрмейді, олар жатады, — деді ғой. Сіз байқадыңыз ба, менің екі аяғым жоқ қой, сонда да жұмыс көп дегенде тілім байланып қалды… Сырт түрінен байқалмайды протез болу керек.
Гүлбаршын Орханқызы өзі туралы болса да, тақырыпты осылай сөйлетеді. Жүрек тебірентерлік дүние емес пе?!
— Мені осындай күрескер еткен — өз өмірім, өз тағдырым. Үлкен қаланың ортасында, орыстардың арасында соғысты ала тусам, маған күрескер болмауға бола ма?!
— Бір ғажабы, әлі де мен болмасам дүние төңкеріліп кететіндей сезінемін. Балаларым не біледі дейсің деп ойлайтыным жаман-ақ. Бәрін мен шешіп беретін сияқтымын. Менің балаларым да жігіт ағасы болып қалуы әбден заңды ғой. Бүгін соған көз жеткізіп отырмын. Мен айтпай-ақ, Арманым: «Папамның қайтыс болғанына 20 жыл, көз көргендердің басын қосып, ас беріп еске аламыз» дегенде, қуанышымда шек болған жоқ. Алла xош көрсін! Алла разы болсын! Сауаптан болсын! Абзал — бақытымның бастауы, алтын балаларымның әкесі. Ол кездерде ұшып жүргендей шарықтайтынмын. Менен асқан бақытты жан жоқ. Төрт түлігім сай. Еркінмін, еркемін. Әдемімін, өлең айтамын, билеймін. Аузымнан шыққан сөз жерге түспейді. Қызмет қолдан келіп тұр, күш-қуат жеткілікті, Үкімет пен Партия өзі-ақ таңдап, өз орныңа қояды. Тек адал бол! Сөйтіп жүріп балаларды да туып, өсіріп, оқытып алыппыз. Бәрі оп-оңай сияқты …Жылаған күндерімді, түннің қандай болатынын қашаннан бастап ұмытқанымды өзім де білмеймін. Түн — мен үшін толық жұмыс уақыты. Балаларды ұйықтатып, өзің ұйықтап қалмай, жазу жазуың керек. Немесе «скорый» шақырумен түніміз өтіп кетеді. Менде шіркін-ай, бір түн алаңсыз ұйықтаса ғой, — деген арман болғанын ешкім білмейді… Қойшы, әйтеуір, жайнап жүремін. Ешкімге бой бермеймін, қағанағым қарқ, армансыз адаммын.
Гүлбаршын өзі туралы маған айтуға сөз қалдырмапты. Боямасыз өмір. Абзалдың төсек тартып жатқанын, алып денесіне кір жуытпай баладай күткенін, екі көзінен сыйластық, қимастық жастың мөлдіреп тамып тұрғанын да көрдік.
Үлкен өмір есігін ашып, бақытты еткен — осы біздің Абзал. Ол біздің ғана емес, ауылдастарының, замандастарының бәрінің Абзалы. Оның қабақ шытқанын, ренжігенін бір адам көрген емес. Үнемі күліп те, күлдіріп те жүретін. Әзілқой еді. — Мен марқұм Мағия енемнің арқасында сиыр сауған жоқпын. Абзалдың арқасында дегенімді істедім. Жүк машинасынан бастап рульге отырдым, машина жүргізуді үйреніп, 40 жыл машина жүргіздім. Қызметтен қалмадым.
Жақсылармен жанасып, атқа- мінерлердің қатарында болдық. Қазірдің өзінде ұлым Арманға сен арxитектор Абзалдың баласысың ба деп іштартып жататын көрінеді. Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін деген осы да. Мағия енемді айтпау мүмкін емес, марқұм таңның атысы, кештің батысы бір тыным таппай үй шаруасымен айналысатын. Қолында інісі Қапанның әйелі қайтыс болып, содан қалған 4 баланы өгей шешеге қаратпаймын деп, сіңлісі Жагор тәтеден екі баланы бауырына салып алған. Біздің ара-қатынастарды сақтау саясатымен өзі жүгіре беретін. Еркелігім Абзал мен енемнің арқасы екенін білетінмін, бағалайтынмын. Сондықтан болар, өзімнің алғашқы еңбекақыма енеме алтын сақина әпердім. Мені енем ғана емес, бүкіл сол ауыл әжелері жақсы көретін. Сондағы өзімнің балалық, тазалық жүрегіме ризамын. Мен небары 23-тегі кезім. Ол кісі сәнқой емес, сонда да мен салған сақинаны өмірінің соңына дейін салып жүрді. Ол кезде санаторий деген ешкімнің ойына келмейді, мен болсам, ол кісіні Көкшетаудың Бурабайы на шипажайға алып бардым.
Мен ел айтатын Гүлбаршын туралы өз көзіммен көргенімнен, тоқығанымнан басқа, оның жазған-дарын оқып алып, мақала жазып шығатын едім. Жоқ мен олай етпедім, керісінше, Гүлбаршынның кім, қандай адам екенін, яғни нақты образын шынайы өз жазбасы арқылы көрсет-кім келді. Көріп отырсыздар, ене мен келін арасындағы сыйластықты, өзінің текті жерден шыққанын айтпай, аяулы жарының анасын жыр ғып, мақтауын жеткізіпті. Көрегендік, білгендік, саралық, саналық емес пе?
Өз әкесі Орхан болса, ол кісінің әкесі, яғни Гүлбаршынның атасы қасиетті Баянауылдың атақты билерінің бірі Дүрмән би. Ал әжесі атағы алысқа кеткен әнші композитор, ақын Жаяу Мұсаның қызы Анна (қазақша аты Бибіқамар, бірақ ол есімді ешкім білмейді) болған. Жаяу Мұса орысша өте сауатты болған, Ресейді көп аралаған жан. Кезінде орыс әдебиетін, әсіресе, Лев Толстойды көп оқыған. Соның әсері шығар, жазушы шығармаларының кейіпкер-лерін өз балаларының атына қойып отырған. Анна деп отырғанымыздың мәнісі осы. Ал Гүлбаршынның анасы Майданың жүріс-тұрысында, сөйлеген сөзінің, дастарқан басында отыруының өзінде бір ақсүйектік, дәулетті отбасының қызына тән өткеннің кербездік белгілерін көруге болатын еді. Гүлбаршынның айтуынша, Майда мен Орхан ақсақал екеуі өмір бойы бір-біріне ғашық болып өтіпті. Жас кездерінен бергі терең сезім мен махаббат шарпуы олардың егде тартып, қарттыққа жақындаған кездерінде де суымаған. Өсіп, есейіп қалған тоғыз баланың бәрі де әкесі мен шешесінің арасындағы осы бір сүйіс-пеншілікке қызығып та таңғалып жүрген көрінеді. Өз басым Орхан ақсақал мен Майда апамыздың қол ұстасып ғұмыр кешкендеріне 50 жыл толған «Алтын тойларының» куәсі болдым. Осы тойға ақын Ғафу Қайырбеков жеңгемізбен келді. Арнау өлеңін оқыды. Орыстанып кеткен Павлодар қаласында алғашқы салтанатпен өткен қазақ тойында анасының қолына алтын, ал әкесінің қолына туған шешесі Аннаның күміс сақинасын салдырған құтты бір өнегелі той болды. Орханның балалары қалада тұрамыз, орысша сөйлеу керек екен деп айтпайтын. Олардың оқу-білім, өнер үйренуі бәрі де тек өз ана тілдерінде болды. Сол жылдары Павлодардан қазақы бір орта, қазақы бір шаңырақ іздеген қонақ осы үйді іздеп табады екен. Алматыдан келетін Зейтін Ақышев, Ғафу Қайырбеков ағаларымыз Жаяу Мұсаның текті бір тұқымы, бел немересі деп Павлодарға аяқ басқанда Орхан ақсақалдың үйіне тоқтайды. Олжабай батырдың ұрпағы Олжас ақын да осы үйдің құтты бір қонағы болып, шаңыраққа сәлем беріп кетіпті.
Гүлбаршын — сыртқы келбеті ғана емес, жүрегі де алтын адам. Ол өзі үшін емес, өзге үшін, дос-жарандарының жақсылықтары үшін қуана біледі.
Аппақ жүзі бал-бұл жанып, алқызыл гүлдей құлпырып, елікше еркелеп жүрген жастық шағында «Лениншіл жас» газеті Гүлбаршын Дүрманованың бір топ өлеңдерін сүйіншілеп жариялап, қалың жұртқа Фаризаның сіңлісі деп таныстырған екен.
Гүлбаршын — Астананың алғашқы тұрғындарының бірі. Ол жай тұрғын емес, «Дана апа» деген таныстыру клубын ашып, қаншама бойдақ қыз-жігіттердің сыңарына кездесуге дәнекер болып жүрген аяулы жан. Гүлбаршын — біреу сүрінсе қол үшін беруге әзір тұратын, өзгенің қайғысына да ортақтаса білетін жүрегі нәзік жан. Тағы да әлеуметтік желідегі жазбасын оқып көрелікші. Ол былай басталыпты:
Бүгін біз Павлодар өңірінің бір кездегі «Қызыл ту», кейіннен «Сарыарқа самалы» газетінің белді журналисі Қоңыров Төкеңді соңғы сапарға аттандырдық. Марқұм Астанада жерленді. Әрине, жерлеу рәсіміне жиналған адамдарда шек жоқ. «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы, ұл-қыздарының қызметтес жолдастары, тіпті Швейцария елшісі (немересі сонда қызмет істейді екен) келіп, қайғыларына ортақтасып, жақсы адам еді деп сөз сөйледі. Мен де сөйледім, менің жөнім бір бөлек деп білдім. Біз бірге қызметтес болып, «Қызыл ту» газетінің пұшпағын бірге илескен Төкеңмен бірге сол газетте менің де қолымның таңбасы бар, сырлас, мұңдас едік. Ол мені «жеңеше» деуден жаңылмаушы еді.
Төкең Май ауданының Құрметті азаматы болса, мен сол Май ауданының құрметті келінімін. Төкең менің жолдасым Абзалды ерекше айтып отыратын, әңгімелері көп, тағдырлары ұқсас еді. Екеуінің де әкелері соғыста кеткен. Жесір ана тәрбиесіндегі балалық шақтарының қандай болғанын ұмыта алмайтын…Бүгінгі күні соның бәрі мені қатты толғантты. Тіпті Төкеңнің жолдасы бір кездегі ботакөз, тәкаппарлау сұлу Майраны танымай қалыппын. Олардың Баубек ұлдары, Күлпәш, Гүлбаршын қыздарын, олардың өздері әп-әдемі болып өсіп, неме-релі болып қалғанын білмейді де екенмін. Осындайда «бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен» деген өлең шумағы осыдан алынған-ау дейсің…
Артында бары жақсы ғой, әкелерін — аталарын арулап жөнелтіп жатыр. Қарақұрым xалықтың ішінен менің көзіме оттай басылғаны — Нұртөре Жүсіп пен Ғалым Омарxанов. Олар жап-жас кезінде Алматыдан оқу бітіріп, еңбек жолдарын осы Павлодардағы жақсы-жайсаңдардың ізі бар «Сарыарқа самалынан» бастап еді. Сонда жас-кәріміз бірдей бір ұжым болып қызмет істедік. Құдай-ау, олардың да шашында ақ бар, қызық екен. Әрине, қазір әрқайсысы өз жолдарымен өсіп-өніп, қызмет атқарып жүр. Шіркін, қазақтың осы бір жақсы «қазақылығы» қандай жақсы. Бізді сол кезде маңдайымыздан сипап қарсы алып, жол көрсетіп еді, — деп топырақ салуға келіпті. Мені де сағынып қалыпты… Қаншама жастар келіп, амандасып жатыр. Төкеңмен қоштасып көңілім бұзылса да, артында осындай зиялы жастардың барына қуандым.
Гүлбаршын үнемі күлімсіреп жүреді. Оның қай жазбасын оқысаң да сүйсінесің. Оқып отырып тебіренесің, толғанасың. Ғажайып жанның өмірдерегі роман, повесть жазуға сұранып тұр десек, сол романды өзі өрнектеп жазып жатқан секілді. Гүлбаршынның әлемі — қалың кітап. Тек киіз кітап ғұмырлы болсын.
Шолпан БАйғалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.