Егемендік – Тәуелсіздік бастауы

Қаз 24, 2024

Биыл Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланғанына — 34 жыл. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Ел егемендігін алған соң көрші мемлекеттер Қазақстанның тәуелсіз ел болатынына сенді. Түркі халықтары түгел асыға күтті.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация — 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.

Егемендік декларациясының талаптарына сәйкес, Президент — Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.

Декларацияда: «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес, жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. Сондай-ақ, «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінді.

Егемендік туралы деклара-цияның қабылдануымен қазақ даласының шекарасы айқындалып, мемле-кеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады.

Әуелде патша империясының, кейін қызыл өкіметтің қанды шеңгелін көрген қазақ халқы бұл күнді асыға күткен болатын. Егемендіктің жариялануы тәуелсіздік алумен пара-пар оқиға болды. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи отандарына қайтар сәтті асыға күтті.

Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқ-санда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

25 қазан — Республика күні болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл Жарлыққа Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.

Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Жыл сайын халық Республика күнін атап өтуді әдетке айналдырды. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған болатын. Алайда 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес елде Республика күнін мерекелеу тоқтатылды, ал
25 қазан жұмыс күні болды. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне ұқсас, қайталама мерекелер деп танылған. Әрі кейбір саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған-мыс.

Қалай десек те, бұл күннің тарих үшін айтарлықтай маңызы бар. Осы құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің нығаюына себеп болды. Бұл күн біраз уақыт ресми мерекелер қатарынан шығып қалса да, халық жадынан өшпеді. Ұзамай мереке қайта жанданды. Тек жаңғырып қойған жоқ, ұлттық мереке болып ең жоғары мәртебеге ие болды.

2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзе-тулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.

Осы орайда, Үкіметтің ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы туралы берген сипаттамасына тоқтала кетсек. ҚР «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына сәйкес, Ұлттық мерекелер — Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрме-тіне Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемле-кеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік мерекелер — қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 25 қазан күні қайта оралған Республика күнімен құттықтауында ұтлтық мерекенің маңызын тағы бір атап өтті:

«Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке.

Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі, мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!

Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені, Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір» деді Президент.

Бүгінде 25 қазан Республика күні қазақстанның тарихындағы ерекше қастерлі мерекенің бірі ретінде ұрпаққа кеңінен дәріптелуде. Бұл күні елімізде іргелі мерекелік шаралар, қуанышты оқиғалар, жоғары деңгейлі марапаттаулар өткізіледі. Егемендігіміз мәңгілік болсын!

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.