Елші – монумент кешенінде

Мам 29, 2025

Жақында Павлодар қаласына Индонезияның Қазақстандағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахман келген болатын. Сапар барысында ол Павлодар қаласындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешенді аралады. Осы жерде елші біздің газеттің тілшісіне біраз сұхбат беріп те үлгерді.

Индонезиялық елші қазақтың тарихымен және мәдениетімен одан ары жақын танысу үшін еліміздегі тарихи ескерткіш нысандарына баратынын атап өтті.

— Мен еліміздегі қазақ тарихына қатысы бар барлық мұражайға барамын. Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейін араладым. Одан бөлек, Астана қаласына қарасты «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде және Алматыдағы бірнеше мұражайда болдым. Әсіресе, Қарағанды қаласындағы «Қарағанды еңбекпен түзеу лагері» есімде ерекше сақталып қалғанын атап өткім келеді. Енді бүгін Павлодар қаласындағы мемориалдық кешенмен де таныстым. Қазақстандағы осындай тарихи маңызы бар орындармен танысу — мен үшін зор мәртебе. Индонезия халқы үнемі Қазақстан халқын құрметтейді. Сіздердің қонақжайлықтарыңыз біз үшін үлгі, — деп атап өтті ол.

Сапар аясында индоне-зиялық елші, сондай-ақ «Ертіс Медиа» ЖШС-інде қонақта болды. Онда орталықтың құрамындағы газет, радио, сайттың ұжымымен кездесті. Кездесу барысында редак-циялардың мақсат-міндеттерімен танысып, жұмыс барысын бақылады. Одан соң өткен жылы ашылған медиа музейдегі заттар туралы ақпарат алды.

Медиа орталықпен барысында құрметті қонақ мекеменің жұмысына оң бағасын беріп, өңірлік радио және баспасөз саласына қатысты құнды тарихи жәдігерлерге ерекше назар аударды. Кейін музейдегі тілектер кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды. Әңгіме барысында Мохамад Фаджрул Рахманның кезінде журналист болғаны белгілі болды. Ол бірнеше жыл телеарнада диктор, кейін журнал редакторы болып еңбек еткенін атап өтті.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.