Сәбитов Кәрім Сәбитұлы кеңес өкіметі тұсында Павлодар облысының Куйбышев-Краснокутск аталған қазіргі Ақтоғай ауданында жастығына қарамай, лауазымды қызмет атқарған партия және совет қызметінің қайраткері болатын.

 

Өкінішке қарай, совет өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ жастары арасында өзінің белсенділігімен танылған К.Сәбитов 30 жасында сотталып, айдауға жіберіледі. Кейін 10 жыл жазасын Ресей ормандарында өтеп келіп, босаған соң қайтадан шаруашылық-сауда жұмыс-тарына араласып, ел-жұртымен қауышады. Алайда, осы күнге дейін оның қандай себептермен қызметінен алынып, сотталғаны туралы мардымды деректер болмаған еді.

Осы орайда облыстық архив мекемесіне ресми сұраныс беріп, партия-совет қызметкері К.Сәбитовтің ісі туралы деректерді алдырып едік. Осының негізінде бүгінгі аз-кем дүниемізді назарлары-ңызға ұсынамыз.

Сәбитов Кәрім Сәбитұлы, 1912 жылы Павлодар облысы Каганович ауданының №7 ауылында дүниеге келген (Каганович ауданы – қазіргі Ақсу қаласының ауылдық аймағы).

1926 жылдан бастап 1930 жылдар аралығында Павлодар ауданының №14 мектебінде 4 кластық білім алған. 1930-31 жылдары «Жаңажол» колхозында жұмыскер болып, 1932 жылы Павлодар қаласында 6 айлық партиялық актив курсы-
ның тыңдаушысы болады.

1932-33 жылдары Қызылжар ауылдық советінің, 1933-1936 жылдары Калинин ауылдық советінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1936-1939 жылдары Калинин ауылдық советінің төрағасы болып еңбек етеді. 1939 жылдың ақпан айынан шілде айына дейін Куйбышев аудандық еңбекшіл депутаттар кеңесінің атқару комитеті жанындағы кадрлар бөлімінің сектор меңгерушісі.

Өзінің биографиясында жазуынша, К.Сәбитов 1939 жылы партия мүшелігіне Шамкен Садыров, А.Сейтқазинов, К.Кикимов, Б.Нұрғалиев, А.Байжұмановтардың ұсынысымен өтеді.

1939-1941 жыл аралығында Куйбышев аудандық инструкторлық бөлімінің сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді.

1941 жылдың 17 қарашасынан бастап Куйбышев аудандық партия бюросының отырысының мүшелерімен Куйбышев аудандық еңбекшіл депутаттар кеңесінің атқарушы комитетінің төрағасы болуға ұсынылады (секретарь Потякин), Коммунистік партия облыстық комитетінің кадрлар бөлімінің сектор меңгерушісі Попов обком бюросына К.Сәбитовтің
биографиясы сәйкес келетінін айтып, аталған лауазымға бекіту қажет-тілігі туралы қорытынды береді.

Павлодар облыстық Коммунистік (большевиктік) партия комитеті Бюросының 1942 жылы 22 шілдедегі қаулысымен К.Сәбитов Куйбышев аудандық еңбекшіл депутаттар кеңесінің атқарушы комитетінің төрағасы болып бекітіледі.

Құжаттарда қызметінің алғашқы жылдарында К.Сәбитовке бақылаушы тұлғалар тарапынан оң баға берілген екен. Мәселен, облыстық партия комитетінің хатшысы Тәжібаевтың берген мінездемесінде «жолдас Сәбитов партиялық жұмыста белсенді қатысатыны, өзінің саяси білімін арттыру бойынша жеке жұмыс жүргізетіні, өздігінен Бүкілодақтық Партия комитеті қысқаша тарихынан 12 тарау конспекті жазғаны» атап өтіледі.

Алайда 1943 жылы 17 сәуірдегі Еңбекшіл халық депутаттар облыстық кеңесінің атқарушы комитет төрағасы Т.Койчубаев обком кадрлар бөліміне мінездеме жазып, жолдас К.Сәбитов 1941 жылдан төраға болып басқаратын Куйбышев ауданы маңызды шаруашылық-саяси кампанияларды орындауда облыс бойынша артта қалып келе жатқан аудан екенін баяндайды. Ұсыныс ретінде жағдайды түзеу үшін деген шартпен ғана жолдас К.Сәбитов қызметінде қалдыруға болатынын айтады.

1943 жылдың 19 мамырында Қазақстан коммунистік (большевиктік) партиясы Облыстық комитеті бюросының және Орталық комитетінің бригадалары арнайы қаулыларға сәйкес, облыс бойынша соғысқа қатысушылардың және мүгедектерінің отбасыларына көмек көрсету бойынша жергілікті партия және атқару комитеттерінің жұмысына қатысты жүргізілген тексерулер қорытындыны қарайды.

Тексерулер қорытындысында облыстық бюро мүшелері облыс аудандары мен қалаларында Орталық комитеттің 1943 жылғы 22 январьда қабылдаған «майданға қатысушылар мен мүгедектердің отбасына көмек көрсету туралы» қаулы мен облыстық комитеттің «іс-шаралар жүргізу туралы ілеспе қаулысын» орындау нәтижесін талқылай келе, бірқатар кемшіліктерді атайды. Мәселен, Бесқарағай райком хатшысы Березовский, Үйірлітөбе райком хатшысы Будашкин аталған қаулылардың саяси маңызын түсінбеді деген айыптауларға ие болады. Майдан-герлердің отбасылары жазып түсірген салықтық жеңілдіктер беру, пенсия-пособие тағайындау, қиын тұрғын үй жағдайын түзеуге көмектесу секілді шағымдар 30-40 күнге дейін қаралмағаны айтылады.

Ал Куйбышев ауданында «қылмыскерлер тобы» жасақталып, «олар эвакуацияланған майдангерлер отбасына тиесілі азық-түлік қорын жүйелі түрде саудалады және жымқырып ұрлады» деген айыптаулар көтеріледі.

Оған жауапты Куйбышев аудандық еңбекшіл депутаттар кеңесінің атқару комитетінің төрағасы К.Сәбитов тиісті шара қолданбады деп танылады. Обком бюросының қаулысымен жолдас Кәрім Сәбитовті партия мүшесі қатарынан шығару, аудандық кеңестің атқару комитеті төрағасы қызметінен босату, сот жазасына тарту туралы шешім шығарылады.

Облыстық военкомат төрағасы Долмаковқа Бесқарағай аудандық военкомат төрағасын жұмыстан шығару және жауапқа тартуды ұсынуға, Павлодар қаласы партия комитетінің хатшысы Талалаевқа және қалалық еңбекшіл депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ахметовке «допустил нечуткое отношение к нуждам семей защитников отечества» деп жеңілдетіп, әрі Талалаев «өзінің кінәсін мойындағаны» үшін деп оларға партиялық жазалау беру ғана ұсынылады. Цюрупин райкомы бір семьядан алып қойған сиырды бір тәулік ішінде қайтаруға міндеттеледі. Барлық аудан және қала партия комитеттеріне, совет ұйымдарына соғыс қатысушыларына көмек көрсету ісін жандандыру туралы тапсырмалар беріледі. Барлығы 15 пункттен, көптеген тараушадан тұратын міндеттемелер белгіленеді.

Десе де, осы отырыста К.Сәбитовтен басқаларына тек партиялық-әкімшілік жаза белгіленген, ешбіріне қылмыстық жазаға тарту туралы шешім шығарылмайды. Осылайша, саяси маңызды науқанда белсенділік танытпады деген себеппен қырағы органдардың назарына ілігеді.

Осы обком қаулысынан кейін Кәрім Сәбитов көп ұзамай қылмыстық сотқа тартылады. Қылмыстық іс бойынша қаралып, 1943 жылы жазасын өтеуге Ресейдің Комсомольск на Амуре деген қаласына жіберіледі. 10 жылдық жазасын өтеп, 1952 жылы елге келгеннен кейін Краснокутскі ауданы (бұрынғы Куйбышев) Октябрьдің 25 жылдығы атындағы совхозда кооператив қызметінде еңбек етеді. Шәрбан, Раушан, Сәуле және Майра есімді қыздар көреді. Үшеуі елге белгілі, өнегелі шәкірттер тәрбиелеген ұстаз атанады.

Кәрім Сәбитов өзінің атамекені Ақтоғай ауданы Өтес-Әуелбек, Ақсу ауданына қарасты іргелес Сарышығанақ-Қызылжар ауылдарында ерекше абыройға ие, сауатты үкімет адамы ретінде есте қалды. Оның советтік-партия қызметінде қазақ жастары арасында алғашқылардың бірі болып еңбек етуін ел-жұрты жоғары бағалап, жаза басқанына қарамай ілтипатын танытып көрсеті. Түзеу лагеріндегі 10 жылда көрген ауыр еңбек зардаптары салдарынан К.Сәбитов ұзақ жасамай, 1970 жылдары қайтыс болды.

Алдағы уақытта облыстық архивте сақталған қосымша деректерді одан әрі сұратып, екшеп, сұрыптап, 10 жылға үкім шығарылған қылмыстық істің егжей-тегжейін зерттейтін боламыз. Кәрім Сәбитовтей ел үшін еңбек еткен адамдардың қызметін саяси науқан режимінен бөлек алып қарайтын уақыт жетті.

 

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.