«Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты».
Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың туғанына — 100 жыл
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қазақ ұлтынан шыққан жаужүрек батыр ұлдар аз болған жоқ. Солардың ортасында Махмет Қайырбаевтың жұлдызы бөлек. Артиллерия сүйреп Ұлы Жеңіске дейінгі жолды бағындырған жас жігіт майданда ерлік танытып, Кеңес Одағының батыры атағын алды. Биыл 1 қаңтарда Махмет Қайырбаевтың туғанына 100 жыл.
Батырдың ресми дерегі
Төлқұжаттық дерек бойынша, Махмет Қайырбаев 1925 жылы Семей облысына қарасты Бесқа-рағай ауданында туған. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, бірден әскери-артиллерия училищесіне оқуға жіберілді.
Ағасы Ахмет секілді әскер қатарына алынған Махметтің теориялық және практикалық қабілеті озық болады. 1943 жылы ақпанда Подольск училищесінің жеделдетілген курс түлектері оқу бітірді. Оқу үздігі Махмет Қайырбаев артиллерия лейтенанты деген офицерлік атақ алып шығады. Ол әлі жиырма жасқа толмаған еді. Екі айдан соң оны Мәскеу әскери округі арқылы майданға жібереді. 1944 жылы 17 тамызда 712-інші полк Шяуляй маңында қанды қырғынға араласады. Жау әр тараптан Шяуляй қаласына шабуылдайды. Бұл соғыста көптеген артиллеристер ерлік көрсетіп, батыр атағын алды. 712–інші танкіге қарсы артиллерия полкінің батарея командирі, аға лейтенант М.Қайырбаев пен оның он бес жауынгері үшін мәңгі өшпес даңққа бөлену жолы басталған күн еді. 1-інші батареяны алып шығуда көрсеткен табандылығы мен ерлігі үшін 1944 жылы 29 тамызда полк командирі Г.Г.Мельников аға лейтенант Махмет Қайырбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы құжатқа қол қояды. Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы ережеде аталмыш атаққа жаудың 2 немесе одан да көп танкісін жойғаны үшін беріледі деп көрсетілген. Қайырбаевтың жеке есебінде жаудың 22 танкісі істен шығарылған деп жазылған. М.Қайырбаев соғыстың аяғына дейін майданда болып, шығыс өңірлерде өзінің әскери жорығын аяқтайды.
Соғыстан соң М.Қайырбаев Мәскеуге шақыртылады, артиллерия академиясында оқи бастайды. Айыпталған әкесінің ісін қайта қарауға өтініш береді. Алайда оның жолын НКВД бөгейді. Далалық әскери округке батарея командирі болып ауыстырылды. Осылайша академиядағы оқудан сырт қалады. 1946 жылы аға лейтенант Қайырбаев Қызыл Армия қатарынан шығу жөнінде рапорт жазады. Сөйтіп ол азаматтық өмірге қайтып оралады.
Отанына – Павлодар өңіріне қайтып келіп, қажырлы еңбекке кіріседі. 1946-57 жылдары Успен және Ермак аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, 1957-68 жылдары Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) аудандық партиясының хатшысы болады. 1968-76 жылдары Павлодар облыстық комитеттің 2-ші хатшысы, 1976-1982 жылдар аралығында Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 9 орденмен марапатталған, соның ішінде «Ленин» ордені (1945), «Александр Невский» (1945), «Еңбек Қызыл Ту» ордендері (1957,1966,1971), І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Октябрь революциясы» және көптеген медальдармен марапатталды.
Республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1994 жылы қаланың бір көшесіне Махмет Қайырбаев есімі берілді. 1997 жылы Данқ аланыңда бюст тұрғызылып, ол тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды.
1997 жылы ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаев 28738 әскери бөлімнің тізіміне мәңгілікке енгізілген болатын. Ол кісі еңбек еткен облыстық атқару комитеті (қазіргі Павлодар қалалық әкімдігі) ғимаратында ескерткіш тақта орнатылған.
«Халық жауының» баласы
Махмет Қайырбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі мен одан кейін кеңестік халық шаруашылығы бағытындағы еңбегі туралы кезінде көп айтылды. Бірақ батырдың әрі қарайғы балалық шағы туралы кеңінен тіл қатқандар аз болды. Шынтуайтына келгенде, «Халық жауының» баласы атанған Махметтің тағдыры күрделі еді. 1938 жылы Бесқарағай ауданы жаңадан құрылған Павлодар облысына берілді. Батырдың ата-бабасының мекен еткен қонысы — Құлмырза ауылы, Айғыржал болысының жерлері Май ауданына қосылды.
Бала Махмет кітап оқуды ұнататын, мектепте спорттық және қоғамдық жарыстарға белсене араласты. Оныншы класта ол Бүкілодақтық Лениншіл комсомол жастар ұйымына мүшелікке қабылданады. Бірақ оған үздік оқуы үшін тиесілі болған Алтын медаль «ыңғайсыз» анкетасы үшін берілмеді. 16 жасқа толған болашақ батыр әкесінің есімін фамилия ретінде құжатқа жаздырып, Махмет Қайырбаев болып аталады.
Бұл туралы біраз деректерді біз Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысов пен Батыр Махмет Қайырбаев туралы естелік жазбасынан кездестірдік.
Ол өз естелігінде 1955 жылы Ермак ауданында атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейтін дос-жолдасы, Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың үйіне қонақ болып жолай соққанын айтады. Сонда Қабдыкәріммен алғаш танысып көріскен. «Алматыдан қонаққа келген адам, жай емес, Махметтің жақсы көретін жан досы екен», деп сипаттайды. Бір кезде Сәбира келін Әзекеңе бұрылып: — Әзеке, бұл екі жетім бір-біріне көрген қорлықтарын айтып тауыса алмай жатыр», дейді. «Қалай «жетім?», деп елең еткен Әзекеңе аздан кейін барлық мән-жай белгілі болады.
Сөйтсе Махмет Қайырбаев пен Қабдыкәрім Ыдырысов екеуі де «Халық жауының» балалары екен. 1948 жылы жас маман Қабдыкәрім облыстық атқару комитетінің шаруасымен жас маман Семейдің Бесқарағай ауданында аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевпен танысып, екеуі «Халық жауларының» баласы, рухани туыс болып шығады. Сол күннен бастап екі «жетім» сырлас, сыйлас, дос болып кетеді. Үш жылдан кейін екі дос қайта кездесіп, өткен өмірлерін еске алып, әңгіме соғып отыр», деп жазады Әзілхан Нұршайықов.
«Менің әкем аудандық ләпкенің сатушысы болатын. Таңертең есепшотын құшақтап, дүкеніне кететін. Кешке үйге келіп, күні бойы сатқан затының есебін шығарып, үйде отыратын. Бейсауат ешқайда бармайтын. Бір күні мен үйдің қасында ойнап жүр едім, үйге екі милиционер келді. Күн демалыс, әкем үйде болатын. Милиционерлермен ілесе, мен де үйге келдім. Милиционерлер үйге кірді де әкеме: «Сен тұтқындалдың. Халық жауысың. Міне, қағаз» деп, бір жапырақ қағазды әкеме көрсетті. Әкем не істерін білмей, жанталасты. Үйде шүпірлеп отырған балалары Ахметке, Зәркенге, Сараға, Мақанға және маған карады. Ерні дірілдеп, бірдеңе айтқысы келіп еді, милиционерлер әкемді мылтықтың дүмімен түйгіштеп, сыртқа шығара бастады. Осы кезде менің қаным қайнап кетті. Ең соңғы милиционердің үстіне қарғып мініп, алқымынан ала түстім. Ол менің қолымнан ұстап, итере беріп еді, мен оның білегінен бар пәрменіммен қыршып, жібермей қойдым. Ол қолын сілкіп, ойбай салды. Бірінші милиционер мені иығымнан мылтықтың дүмімен соғып қалды. Мен сонда да тісімді жазбастан құлап түстім. Аузымда жылымшылап бірдеңе жүрген сияқты еді. Соны түкіріп тастағаным есімде. Артынан білсем, милиционердің білегінен оймақтай етін жұлын алыппын. Үй-іші жабыла милиционердің жарасын таңады. Содан кейін екі милиционер мені ішке тепкіледі емес пе? Мен есімнен танып калыппын. Есімді жисам, әкемді абақтыға алып кетіпті. Артынан қолы жараланған милиционер мені соттатпақшы болды. Бірақ, он екі жасар баланы кім соттасын. Мен аман қалдым, — деп Батыр еске алады
— Сен де Семей пединститутында окып па едің? – дедім мен оған күлімсірей қарап. — Мен де сол институттың бірінші курсын бітіріп, соғысқа кеттім ғой.
— Иә, 1942 жылы күзде түсіп, бірінші курсын бітіріп, 1943 жылы каникулге осындағы өзіміздің Май ауданына келдім. Бір күні ауыл балалары бәріміз доп ойнап (волейбол) жатыр едік. Аудандық военкоматтың бір қызметкері қасымызға келді. Бәріміздің бас-аяғымызға қадала қарап, бұлшық етімізді де ұстап көрді. Содан кейін жасымызды сұрады. Айттық.
Көпшілігіміз құрдас екенбіз. Тек 2-3 баланың жасы ғана кіші болып шықты. Содан кейін шетке шықты да, саусағымен ымдап мені өзіне қарай шақырды. Бардым.
— Жүр, — деді.
— Қайда?
— Военкоматқа.
— Hеге?
— Сені әскерге аламыз.
— Менің жасым толған жоқ қой әлі.
— Толмаса толтырамыз.
— Қалай?
— Әскерге жіберуге адамдар жетпей жатыр. Сен ана құрдастарыңнан биік әрі денелі екенсің. Сондықтан сені жетпей жатқандардың орнына саламыз!
— Мен метрикамды көрсетейін.
— Метрикаң біздің қолда. Оның үстіне сен «Халық жауының» баласысың. Әскерге алдымен аналар емес, сен кетуге тиіссің, — деді офицер түсін суытып. Сөйтсем, ол аудандық военкоматтың бастығы екен. Сол сәтте мен не боп кеткенімді білмеймін, қаным қайнап, қатты қыстығып:
— A, солай ма? Ендеше мен барамын әскерге, әкемді ақтау үшін барамын! — дедім тістеніп. Ертеңінде әскер қатарына алынып, ауылмен қоштастым. Әскерге барған жерде мені ортадан жоғары білімім бар екенін ескеріп, бірден артиллерия училищесіне оқуға жіберді. Егер жаяу әскерге барсам, қаңдай күйде боларымызды білмеймін.
Артиллерияға барып, батыр болып шықтым. Әскерден келгеннен кейін мені «Халық жауының» баласы деп әскерге жасым жетпей айдаған военкомды, уақытымнан бұрын әскерге жібергені үшін алғыс айтайын деп іздестірдім. Сөйтсем, ол байғұс менен кейін өзі әскерге алынып, соғыста оққа ұшыпты, деп Батыр әңгімесін аяқтайды. Әзілхан Нұршайықов осы кездесуде түртіп алған деректері негізінде «Батырдың өмірі» деген повесть жазған екен.
Көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысов пен Махмет Қайырбаев ғұмыр бойы сыйласып өткен. Ақын батырдың өмірі туралы «Әке жолы» поэмасында да келтіреді. Мәселен, Батыр атанып, вокзал басындағы әскери эшалоннан түскен сәтін былайша суреттейді:
«От шашқан Жарық жұлдыз кеудесінде,
Мына бір жас жігітті көрмейсің бе?
Баласы Қайыр шалдың Мұхамбет бұл,
Ұлыңды құшақта, ауыл, өгейсінбе!
Сонау бір кезеңде өткен алаң-елең,
Кеткен-ді Қайраекең де жаламенен.
Аралап келді талай жарты әлемді,
Әке жоқ алдан күтіп алар деген…».
Айтпақшы, Қабекең кейін де Махмет Қайырбаевқа ел басқарудағы қайраткерлігіне арнап «Партия ұлы» атты өлең де жазған екен. Мұның барлығы ақын мен батырдың өмірлік дос болғанын дәлелдейтін деректер.
Жоғарыда келтірілген естелік әңгіме – батырдың өміріндегі күрделі кезеңдерден хабар беретін жайттар.
Перзенттік парыз
Бүгінде батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев арамызда. Оның Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Дороги отцов – пути сыновей» атты орыс тілінде жазып шыққан еңбегін оқып едік. 2024 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша «Махмет Қайырбаев» атты кітап бастырып шығарған екен. Бұл еңбектерді перзенттік парыздың есебіне жатқызған абзал.
Мұрат Махметұлы алғашқы кітабында ата-бабасының байырғы мекені Құлмырза қонысы және ата-бабасы шежіресінен таратып, жұртшылыққа тың деректерді ұсынады. Әдетте Махмет Қайырбаевтың соғыстағы ерлігін, кейінгі қоғамдық, мемлекеттік саладағы қызметтерін жақсы білеміз десек те, әрі қарайғы түпкі шежіресінен бейхабар екеніміз рас. Мұрат Махметұлы сол жағынан сыр суыртпақтап бастаған. Мысалға, Махметтің атасы Қабзолда (Ақмолда) Тобықты руының атақты басшысы Құнанбаймен, басқа да көршілес рулардың өкілдерімен жақсы араласқан. Мұсылман міндеттеріне адалдық танытып, имандылыққа шақырған Қабзолда атаны жұртшылық аппақ киіміне, сақалына, нұрлы жүзіне қарап, «Ақмолда» атап кеткен. 20-ғасырдың барлық аумалы-төкпелі жағдайын Мұқатай отбасы да бастан кешірді. Қайырбай – үйдің тұңғышы еді. Оны Ақмолда атасы бірден өз бауырына алды. Ақмолда атасы Қайырбай немересін елгезек, алғыр және қайсар етіп тәрбиеледі. Абайдың Құнанбайдан тәлім алғаны секілді, Махмет батыр атасы Ақмолдадан тәрбие алады. Әкесі Қайырбайға қарап табандылықтың өнегесін таныған. Семияр форпосты екі жыл өткенде ірі елді мекенге айналады. Қайырбай өз руынан алғашқылардың бірі болып Семиярға қоныстанады. Ол жиі жұмыс бойынша Семей қаласында болады. Осындай бір күні екінші ұлы Махмет дүниеге келді. Құлмырза жерінде болған Мәлике Махметті Семиярға мұз еріп, көктем шыға әкелген. Осыдан бастап Махмет Қайырбаевтың туған күні желтоқсан айының ортасына немесе аяғына келетінін нақты білу мүмкін болмаған. Баланың туған күні нақты болмаса, сол кезде әділет талабы бойынша 1 шілде немесе 1 қаңтар деп қоятын. Сөйтіп Махмет Қайырбаевтың туған күні 1925 жылдың 1 қаңтары болып заң жүзінде бекітілді.
Бүгінде Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың туғанына 100 жыл деген дерегіміз осы ресми өмірбаяннан бастау алып тұр. Өкінішке қарай, Қайырбай ата 1937 жылы жоғары үкімге кесілген болатын.
Батыр өмірінде көптеген қазақ зиялыларымен қатты сыйласқан. Соның қатарында Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, қазақтың көрнекті ақыны Қабдыкәрім Ыдырысов, Мұзафар Әлімбаев, тағы басқалар бар. Ақын-журналистер Бақи Әбдіқадыровтың арнауы сақталған, Қажымұрат Смағұлов «Батыр туралы баллада» атты поэма жазған.
Автор батыр аталарының ескі мекені – Құлмырза жайлауы, Найман-Бура руының тармағы — Байқотан ұрпақтарының бейіті, анасы Мәлике, ағасы Ахмет, майдандас жолдастарының, ұрпақтарының ортасында түскен тарихи суреттері топтастырылған екен.
2024 жылы шыққан «Махмет Қайырбаев» атты еңбегінде де батырдың ұлы әкесінің өмірі, туған жері, халық үшін атқарған еңбегі туралы алдыңғы жазбаларын одан әрі дамытып, кеңінен баяндайды. Аталмыш кітап ерлікті ұран еткен ұрпақтың құнды дүниесі болып сөреден табылады деп сенеміз.
Жас сарбаздарға өнеге
Жалпы, Махмет Қайырбаевтың ерлігі мен өмірін насихаттау отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуде, әскери адалдықты сіңіруде үлкен пайда екені даусыз. 1978 жылы Павлодар қаласында екі ескі көшені қосу арқылы пайда болған көшеге қазақтың тағы бір даңқты ұлы, 24-інде қыршынынан қиылған Қанаш Қамзиннің есімі беріліп, Толстой көшесімен қиылысында оның ескерткіш бюстінің ашылу салтанаты өткен екен. Сонда облыстық атқару комитетінің төрағасы, оқ пен оттың ортасынан аман өткен майдангер, Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев қатысқан екен. Бұл да бір өзара ерлікті насихаттап құрметтеудің ерекше символы болған деседі. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай мұндай шаралар жалғасын таба береді деп сенеміз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.