Еңсегей бойлы Ебіней, озық ойлы Бөкетов

Нау 20, 2025

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» демекші, артына өшпес із, мол мұра қалдырып кеткен қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, ҚазКСР ғылым академиясының академигі, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, профессор Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмайды. Биыл ғұлама ғалымның туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай айтары бар азамат, академиктің мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге бір кісідей атсалысып жүрген жерлесіміз, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нухұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Құрметті Алтынбек
Нухұлы, қоғам қайраткері әрі ағартушы ғалым ретінде академик Ебіней Арыстанұлының ғылым саласына қосқан үлесі, еңбектері жайлы не айтасыз?

— Аса көрнекті ғалым Ебіней Бөкетов қилы кезең, қиын сәттерді басынан өткізді. Кезінде Орталық Қазақстанның қарқынды дамуына себепкер болған атақты жерлесіміз, алғашқы академик Қаныш Сәтбаев бастаған істі кейін шәкірті Е.Бөкетов жалғастырып, қазақ елінің экономикасы мен ғылымын, мәдениеті мен руханиятын жаңа сатыға көтеруге көп үлес қосты.

Орталық Қазақстандағы Е.Бөкетов негізін қалаған химия-металлургия мектебі осы салада көшбасшы атанып, бүкіл Одақты, одан кейін әлем химиктерін еріксіз мойындатты. Кейін ғалым жетпісінші жылдары ашылған өз атындағы Қарағанды университетін де ел бойынша екінші жоғары оқу орны атандырып, аяғынан тік тұрғызды.

Осылайша, небары 58 жылдық ғұмырының 30 жылдан астамын білім-ғылым, әдебиет, өнер, өнеркә-
сіп пен өндіріске арнап, 24 ғылым докторы мен 61 ғылым кандидатын дайындап шығарды.

Ебіней Арыстанұлы химик ғалым ретінде металлургия саласында Балқаш және Жезқазған кен байыту комбинатымен тығыз байланыста болып, мысты электролиз арқылы бөлу кезінде түзілген шламнан селен мен теллурды ажыратып алу технологиясын жасады. Осы еңбегі үшін ол 1969 жылы Кеңестер одағының мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сол заманда мұндай «атағынан ат үркетін» мемлекеттік сыйлық иегері атану екінің бірінің қолынан келе бермейтін еді.

Ғылымға жан-тәнімен берілген тұлғаның бұдан басқа да еңбек-тері толағай. Соның бірі — шәкірті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Баешовтің ұсынысы бойынша аталған «Фосфор шламындағы фосфор мөлшерін Бөкетов-Баешов әдісі бойынша анықтау» жұмысы. Ал өмірінің соңғы жылдары Ебіней Арыстанұлы көмірді сутегімен қанықтыру идеясын, яғни Қарағанды көмір бассейнінің төмен сортты шикізатынан сұйық отынды алу мүмкіндігін алғашқы болып ұсынды. Осындай көрегендігінің арқасында көмір химиясының болашағы Қазақстан үшін маңызды екендігін өз еңбектерінде жазып, дәлелдеп кетті. Көмірден жанармай алу бойынша 1980 жылы басталған жұмыстарды одан әрі дамытып, қатты отыннан тыңайтқыш, газ, метанол, сирек металдарды және басқа да заттарды айырудың ғылыми негізін және технологияларын жасауды шәкірттері жалғастырып келеді. Солардың қатарындағы химия ғылым-
дарының докторы, профессор Болат Ермағамбет жетекшілік ететін «Көмір химиясы және технологиялар институтының» ұжымы бұл бағытта көп жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Біз де осы орталықпен бірге атсалысудамыз.

— Ебіней Бөкетовтің адам-гершілігі, парасаттылығы, өнегелі істері туралы белгілі тұлғалардың естеліктерінен құралған кітаптар жарыққа шыққан екен. Бәлкім, сіздің де ол кісі жайлы естіген, көрген естеліктеріңіз бар шығар… Сондай-ақ, ғұламаның 100 жылдығына байланысты Сенат мінберінен депутаттық сауал көтергеніңізді білеміз. Сол жөнінде де қысқаша тоқтала кетсеңіз… 

— Сегіз қырлы, бір сырлы бірегей дарын иесі Ебіней Арыстанұлы — табиғатынан туа біткен талантты, қабілетті тұлға. Бір бойына ұстаздық, ғалымдық, қаламгерлік қасиеттерді тоғыстырған энциклопедист ғалым елі мақтан тұтар қайраткерлік деңгейге көтерілді. Әрине, мұндай даңқы жер жарып тұрған Ебіней ағамыз туралы естімеу мүмкін емес. Мектепте 5-сынып оқып жүрген кезімде алғаш рет ауыл тұрғындарынан «Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры келіп, Қаныш Сәтбаев туралы ауылдың ақсақалдарымен, оның ішінде біз көзін көріп үлгерген Қаныштың немере туыстары Әкімтай, Қамыш, Мұқыштармен әңгіме-дүкен құрған екен», — деген әңгімелерді естігенім бар. Осы күні  ойлап отырсам, сол кезде Ебіней Арыстанұлы «Жас Қаныш» хикаятын жазуға материал жинап жүрген екен.

Кейін студент атанып, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетінде оқып жүргенімде, ұстазым, химия ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше әлемдік ғылыми ашылымдардың авторы Хабиболла Оспановтың Ебіней ағамен араласқанына, әріптес ретінде халықаралық ғылыми конференцияларда бірге жүргендеріне куә болдық. Тіпті, ұстазым маған химик-оқытушы мамандығын алып, алғашқы еңбек жолыңды  Қарағанды химия-металлургия институтында бастарсың деген ойларды да айтатын. Сондағы ойы ауылға жақындау жер болғандықтан әрі таныс жолдас химиктерінің көп болғандығынан да шығар деп топшылаймын. Дейтұрғанмен, мен университетті қызыл дипломмен бітіріп, 1984 жылы қара шаңырақ – ҚазМҰУ-дың химия факультетінде лаборант болып қызметімді бастадым. Сол кезде Ебіней ағаның өмірден өтіп, жылдық асын берейін деп жатқан сәт болатын.

Міне, тура 40 жылдан соң, яғни былтыр Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда Ебіней Бөкетовтің «Жас Қаныш» кітабының жаңа басылымының тұсауын кестік. Университеттің қазіргі ректоры Нұрлан Дулатбековтің қолына «Халықаралық Сәтбаев қорының» төрағасы ретінде Қанекең атындағы бірінші дәрежелі орденді Ебіней ағамыздың атына жазылған куәлігімен бірге музейіне табыстадым. Сөйтіп, кезінде бағасын ала алмай кеткен, көзі тірісінде жарық көрмеген кітаптың Ебіней ағаның рухына арнаған аздаған істің іске асуына «Отбасы хрестоматиясы» баспасы себепкер болды.

Сонымен қатар, өздеріңізге мәлім, екі жыл бұрын Қаныш атамыздың Астанадағы зәулім ескерткішінің жанынан бірнеше гранит сынтастар ашқанда, соның біреуіне Ебіней ағамыздың Қаныш ұстазы туралы айтқан сөздерін таспалаған едік. Онда мынадай тіркес жазылған: «Академик Қаныш Сәтбаев өз ізбасарларының істері мен туындыларында мәңгі жарқырап көрінетін бірінші дәрежедегі  жұлдыз болып табылады».

Енді міне, депутаттық сауал жасап, Ебіней ағаның 100 жылдығының қажетті деңгейде аталып өтуіне себепкер болып жатқан жайымыз бар. Ең бастысы, академиктің мерейтойы жыл бойы аталып өтетін болады.

— Ебіней Арыстанұлы: «Мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, өзімді бақытты адаммын деп санар едім», — деген екен. Сіздің ойыңызша, ол көзі тірісінде осы бақытты сезіне алды ма?

— Ғалым шын бақытты сезінді немесе жоқ деп кесіп айту қиын-ау. Себебі, ол небары 58 жасында бақи дүниеге аттанды. Бұл кезең «өзін бақыттымын» деп айтуға ерте жас деп ойлаймын. Адамзаттың Абайы атанған Ибраһим 59 жыл ғана өмір сүріп, бүкіл қазақ руханиятының темірқазығына айналған жоқ па?! Ұлт ұстазы Ахмет пен қазақ ғылымының атасы Қаныш, әдебиетіміздің асқар биігі Мұхтар 65 жылдың мағдарында  ғұмыр кешті. Бәрі де көрер қызығым алдымда деп ойлаған шығар… Ебінейде еткен еңбегімнің зейнетін көруім керек деген үміт басым болды деп ойлаймын. Алайда көңілі көрсоқыр көре алмастардың қиянатынан ол үмітіне жете алмады. Сонымен қатар, мұндай талантты ғалымның болжағыштық қабілеті зор болатындықтан, сезіне алуы да ғажап емес. Оның үстіне абыройлы атанып, жоғары лауазымды қызмет атқаруы және шығармашылықпен айналысып, сол еңбектерінің көбінің жарық көруі оны бақытты сезімдерге бөлегені де анық. Ал еккен дәнінің бүгінгі күні миялы жемісін беріп жатқандығы күмәнсіз.

Сөз орайына қарай айтып өтсем, 80-нің сеңгірінен асқан екі ғұлама – қазақ археология ғылымының атасы Әлкей Марғұлан мен кеше ғана өмірден өткен заңғар жазушы Мұхтар Мағауин тірі кезінде өздерін бақытты сезіне алған шығар. Екеуі де соңында ізгілікті із қалдырып, телегей теңіз еңбектерін халқына беріп кетті. Мағауиннің 27 томдық шығармалар жинағының лайықты бағасын алуы – жас ұрпақтың еншісінде. Әлкей ағамыздың да 25 томдық тарихи еңбегі толықтырылып, жаңадан жарық көреді деп ойлаймын. Ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жолы бөлек. Мүшел жасы 73-те бақи дүниеге аттанарын алдын ала айтқан әулиенің 20 томдық еңбегі соңғы жылдары ғана баспадан шықты. Жарияланбаған еңбектерінің саны әлі де 10 томдыққа татиды деп ғалымдар айтып отыр. Алла Тағаланың берген жасын халқының игілігіне арнаған мұндай ғұламалар саусақпен санарлықтай ғана.

— Бөкетовтің көп ғалымнан ерекшелігі – әдебиетке жақындығы, яғни ол жазушы әрі аудармашы болған. Ғалым-жазушы атақты Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Д.Менделеев туралы естеліктер жазып, белгілі классиктердің шығармаларын аударған екен. Бір адамның бойында осын-шама таланттың тұнып тұруы неден деп ойлайсыз?

— Белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Зейнолла Қабдолов: «Ебінейді Ебіней еткен — көркем әдебиет», — деген екен. Расында да әдебиет зерттеушісі, театр сыншысы, көркемсөз шебері, екі тілде де еркін жазған жалғыз жазушы, ғалым әрі ректор ретінде Ебіней ағамыздың алар орны айрықша. Ол орыс әдебиетін, классиктерінің шығармаларын жетік білу арқылы өзінің де шығармашылық еңбек-терін таныта білді. Мәселен, Ебіней Арыстанұлы Шекспирдің «Макбет» драмасына ана тілінде сценарий жазып, алғаш рет қазақ сахнасында көрсетті. Әлем классикте-рінің шығармаларын зерделеп, олар туралы өзіндік пікір айта білген Е.Бөкетов ұлт мақтаныштары Абай, Шоқан, Қаныш, Мұхтарларды сол биіктен дәріптеп, өз заманының шынайы суреткері атанды.

Еліміздің заңғар тұлғалары — Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұланның жалғасы ретінде Ебіней Бөкетов мұрасын да орта мектептің оқу бағдарламасына енгізу туралы депутаттық сауалыма Үкіметтен келген оң жауап көңілімізді қош етті.

Бүгінде қазақ халқының ұлы перзенттерінің ізін басқан Ебіней Бөкетов мәңгі өлмес тарихи тұлғаға айналды. Оның өз заманындағы газет-журналдардың бетінде жарық көрген мақала-очерктері, эссе-естеліктері мен сын рецензиялары жүздеп саналады. Екі тілді қатар меңгерген талантты жазушының эпистолярлық мұрасы телегей. Сол еңбектері арқылы болашақ ұрпақты білім-ғылым іздеуге, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіруге, руханият жанашыры болуға, ұлттық құндылықтарды бағалай білуге және туған еліне қалтқысыз қызмет етуге баулыды.

Бір адамның бойында осыншама таланттың тұнып тұруы – киелі топырағынан дарыған тума қасиет, дарын деп есептеймін. Осы тұрғыдан алғанда, Ебіней ағамыздың өскен ортасы мен қызмет етіп, араласқан аға-інілері хас таланттар болса керек. Сонау жастық шағында  ауылдастары Шота Уәлиханов пен Кәкімбек Салықовтардың тұлға болып қалыптасуына  Ебінейдің әсері аз болмаса, Ебінейдің өсуіне де олардың септігі тигені белгілі. Кезінде қазақ елінің Үкіметін басқарған ұлт жанашыры, мемлекеттің екінші адамы Нұртас Оңдасынов күйеу баласы болған Ебінейдің бойындағы тасыған талантты байқап, оны күйеу бала емес, ұлы даланың дарынды тұлғасы ретінде қадір тұтқан.

Қаныш Сәтбаевтың сүйікті шәкірттері бола білген Ебіней Бөкетов пен Шахмардан Есеновті бірде ақын Әбділдә Тәжібаев ұлт мақтанышы Мұхтар Әуезовтің үйіне ертіп барады. Сол жерде қазақ зиялылары Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин да болған екен. Асыл ағалар танымал болып қалған екі жас жігіттің бойларының ұзындығымен қатар, ақылдарының да асып-тасып тұрғандығын байқап, әдебиет пен өнерге жақындығын сынап көреді. Бұл сынақтан сәтті өткен азаматтардың болашағы зор екендігіне көз жеткізген ағалары ақ баталарын берген екен. Расында да Ебіней де, Шахмардан да қазақ халқы мақтан тұтатын асыл азаматтарға айналды. Бүгінгі күні Орталық Қазақстандағы бас университетке Ебіней Бөкетов есімі берілсе, Батыс Қазақстанның Ақтау қаласындағы университет Шахмардан Есенов есімін иеленген. Ал екеуінің ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаевтың есімін Алматыдағы басты техникалық университет иеленіп отыр. Бұл –халықтың сүйіспеншілігіне бөлену дегеннің жарқын көрінісі.

Алып бойлы азаматтар дегеннен шығады, Қаныш Сәтбаевтың бойы – 1 метр 96 см екендігін білеміз. Ебіней Бөкетов — 1 метр 97 см болса, Шахмардан Есенов — 1 метр 95 см болған дейді. Ұстазы мен сүйікті шәкірттері дене тұрпаттары жағынан ғана емес, жан-жақтылық жағынан да алып болған. Мұндай азаматтарды адамзат тарихында ілуде бір кездесетін құбылыс деп бағалаған жөн сияқты. Тума талант та тарихи тұлға атанар адамды таңдайтын шығар… Еңсесі биік Есенов, еңсегей бойлы Ебіней Бөкетов те – міне, осындай тумалар.

— Белгілі сәтбаевтанушы, атақты жазушы Медеу Сәрсеке: «Шынтуайтын айтқанда, Бөкетов — біздің ұлт туған Сәтбаевтан кейінгі екінші алып тұлға. Бұл тұжырымды мен екеуінің ғылыми-техни-калық ойы мен ғалымдық тұлғасының үздігі атанып әрі сол салада өшпес із қалдырған ұлы еңбектері үшін даралап отырмын», — деген екен. Сіз Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын ел болып мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде бастама көтеріп, зор үлес қостыңыз. Ал Медеу атамызша айтсақ, Қаныштан кейінгі екінші тұлға Ебіней Бөкетовті насихаттауға елдік деңгейде қаншалықты мән берілуде? Не айтасыз?

— Бұл сауалыңызға жауап бермес бұрын, тамызық боларлық тағы бір тарихы терең жайға оралайын… Ебіней Бөкетов ұстазы Қаныш туралы деректі хикаят жазам деп қиянатқа кезіккені жасырын емес. Мұнысы қилы тағдырға ұласты. Осындай жолды жазушы Медеу Сәрсеке де көрді. Айырмашылығы, Медеу ағамыз қанша қиналса да, Қаныш туралы қомақты еңбегінің жемісін көрсе, Ебіней ағамызға мұндай бақыт бұйырмады. Жуырда 88 жасқа келіп, фәни дүниемен қоштасқан Медеу Сәрсекенің Астанадағы жылдық асына келген бөлесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серғазы Әдекенов Медеу ағаның өтініші бойынша 1980 жылы Мәскеуде ЖЗЛ-ден «Каныш Сатпаев» кітабының орыс тілінде жарияланған данасын Ебіней ағамызға апарып табыстағанында, ұлы тұлға: «Молодец Медеу! Он меня опередил», — дегенін айтты. Демек, ол бір жағынан Медеудей шәкіртінің еңбегіне қуанса, екінші жағынан бірнеше жыл бойы жазып жатқан «Жас Қаныш» еңбегінің жарыққа шығуына кедергілердің кездесуі жанын жабырқатқан болар…

Осы жерде қосымша айтарым, деректі хикаяттарды, әсіресе, тарихи еңбектерді жазуда техникалық маман-дықтың иелері алдыңғы қатардан көрінуде. Мысалы, Медеу Сәрсеке мен Ебіней Бөкетовтен басқа, Олжас Сүлейменов пен Ілияс Есенберлин де — геолог, кен инженері мамандықтарын оқып бітіргендер. Бүгінгі күні олар талантты ақын Һәм жампоз жазушы болып, қазақ елінің майталман мақтаныштары атанды. Осынау асылдарымыздың ішінде екі тілде еркін жаза білуімен ерекшеленетін Ебіней Бөкетовтің орны бөлек. Тіпті, ол кісінің өзінен қай тілде ойланасыз деп сұрағанда: «Ғалым, педагог ретінде әрине орысша ойлануым мүмкін. Ал туған жер, өскен ортам, халқымның тағдыры еске түскенде, әрине қазақы қалпымда ойланамын», — депті.

Ендігі кезекте сұрағыңызға оралатын болсам, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын мерекелеуге орай мемлекеттік деңгейде 52 пункттен тұратын жалпырес-публикалық жоспар қабылданып, олардың басым көпшілігі діттеген жеріне жеткеніне, осы мәселе бойынша депутаттық сауалды көтеруші әрі жерлесі, ауылдасы, туысы ретінде өте қуаныштымын. Осы жолда атсалысқан әрбір азаматқа тағы да ризашылығымды білдіремін. Сол тәжірибені пайдаланып, биыл жыл басында Ебіней Бөкетовтің 100 жыл-
дығын атап өтуде жасалатын іс-шаралардың негізгілерін кезекті депутаттық сауалымда көтеруге тырыстым. Жоғарыда айтқанымдай, Үкімет үйінен келген жауапта ұсынған ұсыныстарымыздың қабылданғаны үшін алғысым шексіз. Енді оның іске асып, елдік деңгейде орындалуына үлкен үміт артамыз.

— Көптеген тарихи тұлға-лар туралы толғам жасал-ғанда Қаныш Сәтбаевтың есімі жиі еске алынады. Міне, бүгін сіз де осы ой тұрғы-сынан шығып отырсыз. Өз сөзіңізде айтқандай, «Қазақтың Қанышы» атанған ғажап тұлға туралы Ебіней Бөкетовтің қалам тартуына не түрткі болды деп ойлайсыз?

— Өте орынды сұрақ. Мұндай ойды Қаныш атамыздың өмірде бар кезінде-ақ, сырқаттанып жүргенінде академик Әлкей Марғұлан алғашқы болып көтергені туралы бірнеше рет Медеу Сәрсеке ағамыз еске алып жазған болатын. Онда Әлкей бұл жауапкершілігі зор үдеден жас Медеудің шыға алатынына сенім артқан екен. Алайда, бақи дүниеге Қаныш көшкен соң, бұл тақырып біраз жылдарға тоқтап қалады да, тек 70-ші жылдардың басында қайта көтеріле бастайды. Сол кезде Әлкей Марғұлан Ебіней Бөкетовке мынадай мәтінде хат жазады: «Ардақты Ебке! …Қаныш жайында кiтап жазу, әрине оңай емес. Бiрақ жазу керек. Және оны жай кiсi жазғаннан гөрi инженерлiк өнердi жүйрiк бiлетiн, техника ғылымының иесi жазуы керек. Олай болмаса көп нәрсенiң үстiнен өте шығып, негiзгi мәселелер қалып қоюы мүмкiн. Сiз үшiн Қаныштың инженерлiк дәуренi өте түсiнiктi, айқын көрiнiп тұратын болуға тиiстi. Оны ешкiмнен сұрамайсыз да, тек уақыт тауып еске түсiрiп, шетiнен кертiп жаза бересiз. Сiзге көмескiлеуi –
Қаныштың ауылдағы бала кезi. Қандай ортада өсiп, қандай тәрбие алғандығы. Тегiнде Қаныш туралы жазу – бүкiл қазақ халқы туралы жазу деген сөз… Қаныш, Мұхтар, Шоқан туралы жазушылар өте көп, бiрақ тереңiнен алып дүниенi көрсете жазған бiреуiн көргенiм жоқ. Бар үмiт — сiзде. Жақсы жазып шығуға тiлек бiлдiремiн. Керек мәселе болса, сұрап тұрыңыз. 7 сәуiр 1973 жыл, Алматы».

Бұл мәселенің басында тұрған Қаныштың жары Таисия Алексеевна Кошкина-Сәтбаева болғаны туралы Ебіней ағамыз былай деп еске алады: «Емханада Таисия Алексеевна жазушы Сырбай Мәуленовпен кездескенінде Сырағаң: «…үлкен кісінің өмірбаянын тек Ебіней жаза алады деп дәріптепті. 1971 жылы Таисия Алексеевна бұрын бейтаныс мені шақырып, өтініш айтуы осыдан басталды» — дейді. Біраз жылдардан соң, өмірінің көбі кетіп, азы қалғандығын білген Таисия Алексеевна Ебіней Бөкетовке мынадай мәтінде хат та жолдайды: «…Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірнамасын тек сіз ғана жазуға тиістісіз, тіпті, әрі барса, міндеттісіз», — деп Қанекең алдындағы парызын сүйікті шәкірті ретінде орындауына өтініш-тілегін білдіреді. Бірнеше жылғы соқпалы-соқтықпалы тартыстан соң, Медеудің романы 1980 жылы Молодая гвардия баспасынан «Жизнь замечательных людей» сериясынан жарқ етіп шыға келеді. Алайда бұл тарихи сәтті Таисия Алексеевна көре алмай өмірден өтіп кеткен болатын. Ал Ебіней Бөкетовтің «Жас Қаныш» атты кітабы да кедергілерге тап болып, 1982 жылы шығайын деп тұрған сәтте баспада шашылуына жоғарыдан пәрмен беріліп, ғалым көңіліне қатты қаяу түсті.

Осылайша, ол өз қаламынан туған «Жас Қанышының» жарық көргенін көре алмай, 1983 жылы өмірден өтті. Ұзақ жылдардан соң, яғни Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығында 1999 жылы бұл кітап қазақ тілінде жарық көрді.

Өткен жылы екінші басылыммен шыққан «Жас Қаныш» атты кітапты қайта оқып отырғанымда бүкіл ауылым ғана емес, ата-бабаларымызды сипаттап жазған Ебіней ағаның ерен еңбегі, ұстазы Қанышқа деген шексіз сүйіспеншілігі жүрегімді елжіретті.

«Уақыт — бәріне де төреші» — демекші, тарих беттері шынайы тұлғаларды лайықты орнына қоятыны ақиқат. Қаныштың аруағы мен шәкірттері Ебіней және Шахмар-данға қиянат жасағандардың тарих беттерінде ізі де қалмағандығы, ал алып тұлғалардың күн өткен сайын жарқырап, биіктей беретіндігіне халық куә болып отыр.

— «Болмасаң да ұқсап бақ», — деп Абай атамыз жырлағандай, бүгінде Ебіней Арыстанұлының жолын қуып, ізін басқан ғалымдар бар ма?

Бар болғанда қандай… Өткен жылы «Қаныш Сәтбаев» атты есте-ліктер кітабымызды шығарғанда, Ебіней ағаның естелігінен мынадай жолдарды келтіріппіз: «…Сәтбаев өзіне ғана лайық сабырмен сізді сендіре сөйлей білумен қатар өмір бойы есіңізде сақталарлықтай салауатты нұсқаулар да бере білетін. Оның басшылығымен жұмыс істей жүре, менің бұған кейіннен көзім жетті. Сәтбаев творчестволық кол-
лективтің ерекшеліктерін өзгелердің бәрінен де жақсы білетін… Қазір республикамыздағы    Сәтбаевпен бірге өскен ең көрнекті оқымыстылар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастырушыларды көргенде, аты көпке мәлім ғылым қайрат-керлері, республика академиктері: А.Б.Бектұров, М.И.Горяев, Ш.Ш.Шөкин, Д.В.Сокольский, Н.О.Базанова, Т.Б.Дарқанбаев, С.К.Кеңесбаев, С.Б.Бәйішев, Ө.А.Байқоңыров, рес-
публикалық академияның корреспондент мүшелері Н.А.Ермеков, И.Қ.Қарақұлов, И.Н.Әзірбаев және басқаларды кездестіргенімде, солардың әрқайсысынан Сәтбаевтан дарыған бір жақсы қасиеттерді сезінетіндеймін» — депті.

Міне, осы үлгі-өнегені қағидат ретінде алған Ебіней Бөкетов те көптеген шәкірт дайындағаны туралы жоғарыда аздап тоқталған болатынбыз.

«Ұстаз ұстаз емес өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес өз ұстазын сүймесе», — деп заңғар жазушы, алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, Ебінейдің де жолын қуған талантты шәкірттері аз емес. Олар Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанған Әбдуәли Баешов пен Әбдірәсіл Жәрменов. Мемле-кеттік сыйлықты екі мәрте алған Әбдірәсіл Жәрменов — ҚР өндіріс және құрылыс министрлігінің Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орта-лығының бас директоры. Сонымен қатар, тағы бір шәкірті Сайлаубай Байсанов 1960 жылы Ебіней ағаның Қарағанды қаласында алғаш рет директор болып бастаған қызметі «Химия-металлургия институтында» орнын басып отыр. Химия ғылым-дарының докторы, профессор Болат Қасенов Ебіней ұстазының ізін жалғастырып, осы институтта қызмет атқарып жатыр. Екінші Болат Ермағамбет ағамыз туралы жоғарыда толығырақ айттық. Осы химик-ғалымдардың ішінде Ебіней ағасына ұқсап, шығармашылық еңбектерімен көрініп жүрген, бірнеше кітап та жазған Әбдуәли Баешовті айтуымызға болады. Марқұм, академик Ғабдолла Құлқыбаевтың орны бөлек, шығармашыл шәкірті болды. Ол кісінің есімі өзі директор болған Қарағандыдағы «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығына» берілген. Бұған қарап, шәкірттерінің де қандай мықты азаматтар атанғандығының куәсі болдық.

«Соңында іздеушісі бар адам – нағыз бақытты адам» демекші,  Ебіней Бөкетовті насихаттайтын шәкірттері ғана емес, кәсіби жазушылар да бар. Белгілі жазушы Гүлсім Оразалықызы Ебіней Бөкетовтің тәрбиесінен өткен апайымыз Медеу Сәрсеке ағасындай бірнеше мақалаларды ерен тұлғаға арнаған болатын. Енді, міне, жас жазушылар қатарынан Санжар Керімбай мен Әлібек Нәби көрініп келе жатыр. Жалпы, Бөкетовтану ғылымының жаңа беттері ашылуда десем, артық айтқандық болмас.

Қорыта келе, «Өзінің ғұмырынан ісі мен даңқының ғұмыры ұзақ болған адам – нағыз аңыз адам» деген қанатты сөз Ебіней ағамызға арналғандай дегім келеді.

— Келелі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Нұржайна Шодыр.