Жазықсыз жапа шеккен журналистер

Мам 29, 2025

Ә.Аяпбергенов және С.Смағұлов туралы не білеміз?

1937-1938 жыл. Елде сталиндік саяси қуғын-сүргін науқаны белең алған шақ. Бұл зобалаң Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің журналистерін де айналып өтпеді. Жазықсыз жағдайда «Халық жауы» атанып, тұтқынға алынғандар қатарында газеттің екі қызметкері болды. Олардың бірі – жауапты редактор Әубәкір Аяпбергенов болса, екіншісі – шығарушы журналист-полиграфист Сыздық Смағұлов.

Алдымен «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторы Әубәкір Аяпбергеновтің тағдырына тоқталсақ. Оның өмірбаяны мен сотталуына байланысты құжаттар негізінен облыстық архивте сақталған және Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі арнайы экспозиция- дан көруге болады. Сондай-ақ құжаттардың көшірмелерін 1997 жылы жарық көрген, облыстық мұрағаттың қызметкерлері құрас-тырған «Ұмытылуға жатпайды» («Забвению не подлежит») атты кітаптан табуға болады.

Әубәкір Аяпбергенов 1904 жылы Ертіс ауданы Қызылағаш болысында дүниеге келген. Жиырма жасында Павлодар қаласында курста оқып, ауылдық мектептерде мұғалім болып қызмет етеді. 1930 жылы Ертіс аудандық «Колхоз тілі» газетінде хатшы, кейін басылымның редакторы болады. Облыстық «Қызыл ту» газетіне редактор болып 1938 жылдың көктемінде тағайындалады. Бұл – Павлодар облысының жеке шаңырақ болып, Семей облысынан бөлінген кезі еді. Айта кетелік, 1938 жылы облыстық «Қызыл ту» газеті бұған дейін, яғни 1929 жылдан бері шығып келе жатқан Павлодар округтік «Колхоз» газетінің негізінде құрылған болатын. Ә.Аяпбергенов «Колхоз» газетінен кейін бірден «Қызыл туға» басшылық етеді.

Бірақ Әубәкір Аяпбергенов газет редакторы болып ұзақ уақыт қызмет атқара алмады. 1938 жылдың маусым айында Коммунистік партия орталық комитетінің облыстық ұйымының отырысында оған «Алашордашылармен байланысы болған, ұлтшыл бағыттағы топтармен әрекет етті» деген айып тағылады. Сөйтіп, ол іс тергелгенге дейін қызметтен шеттетіледі. 1939 жылдың 8 мамырында Павлодар облыстық соты Әубәкір Аяпбергеновті «Халық жауы» деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырады. Өкінішке қарай, Аяпбергенов тұтқында жүріп, 1943 жылы 5 шілдеде, небары 39 жасында қайтыс болады. Кейбір деректерде ҚазКСР Жоғарғы соты Ә.Аяпбергеновтен кейбір баптар бойынша айыпты 1940 жылы алып тастағаны айтылады. Бірақ бәрібір облыстық соттың үкімі күшін жоймайды. Сөйтіп, есіл ер жаламен, жазықсыз айдалып кете барады. Әубәкір Аяпбергеновтің есімі 1964 жылы 31 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталады.

Айтып өткендей, облыстық тарихи-өлкетану музейінде сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына арналған арнайы экспозиция залы бар. Онда «Қызыл ту» газетінің редакторы болған, жазықсыз жапа шеккен Әубәкір Аяпбергеновтің суреті, ақталу туралы ресми құжат көшірмелері ілінген. Біз редакцияның қасіретті жылдары жапа шеккен азаматтары туралы арнайы фильм түсіріп, оның қатарында Ә.Аяпбергенов туралы да айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде оқырманға ұсынатын боламыз.

Бүгінде редакцияда арнайы стендте Ә.Аяпбергеновтің ақталу туралы партиялық құжатының архивтен алынған көшірмесі ілінген. Оның суреті де мұрағатымызда сақтаулы.

 * * *

Сталиндік репрессияның зобалаңын тартқан екінші журналист — «Қызыл ту» газетінің тілшісі, баспагер Сыздық Смағұлов. Бұған дейін ол туралы деректер қолымызда жоқ еді. Сөйтіп біз мәселені тереңірек зерттемек үшін облыстық мемлекеттік архивке табан тіредік. Мұнда Сыздық Смағұлұлының жеке іс папкасы бар екен. Көк тысты дербес папканың ішін ақтарып, біраз мәліметтерге қанық болдық.

Сыздық Смағұлов 1909 жылы Павлодар облысының сол кездегі Каганович ауданы Шыған ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Жастай әкесінен жетім қалып, Павлодар қаласындағы №6 мектепте оқыған. Өзінің қолымен өмірбаянында жазғанындай, жеті-жылдықты бітірген соң әрі қарай оқуға қаржысы болмай еңбекке араласады. Комсомол комитетінің жолдамасымен типографияға жұмысқа жіберіледі. Ол газеттің құрылған кезеңінен бастап, яғни 1930 жылдардан бері баспаханада газет шығарушы болып қызмет еткен екен. Партия құрамына 1932 жылы алынған. Облыстық баспаханада істеп жүрген кезінде Ертіс аудандық «Колхоз тілі» газетіне қызметке ауысады. Онда жауапты хатшы, кейін редактор болады. С.Смағұлов дәл осы қызметте жүргенінде, 1936 жылдың 15 желтоқсанында тұтқындалады. Әлдебіреулердің көрсетуімен, үстінен «совет өкіметіне қарсы ақпараттық-насихат жүргізді» деген жалған айып тағылады. Ол іс онша терең тергеліп жатпастан сотқа жібе-ріледі. 1938 жылдың 13 маусымында Қылмыстық кодекстің атақты 58-бабының 7, 10-ыншы тармақтарына сәйкес «айыпты» деп танылып, сот үкімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Ол сотталған кезде небары 27 жаста болған.

Жазасын өтеу үшін еңбекпен түзеу лагеріне Қиыр Шығысқа, Колымаға жіберіледі.

Айта кетелік, Совет өкіметі сол кезде сотталғандардың күшімен атақты Байкал-Амур магистралі, Колыма жолы секілді адам аяғы баспаған ну ормандар мен таулы жерлерде ірі жобаларды, құрылыстарды салып жатқан еді. Біз осы мәселені зерттеу барысында интернеттен «Колыма» атты бейнефильмді көріп едік. Сондағы мәлімет бойынша, Колыма жол құрылысы 2,5 мың шақырымға созылып жатқан. Әр 5-6 шақырым сайын еңбекпен түзеу лагері орналасқан. Сонда 2,5 мың шақырым бойына қанша лагерь болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Оларда қаншама жазықсыз жандар қара жұмысқа жегіліп, мәжбүрлі жазасын өтеді. Олардың ішінде қаншама тұтқын адам айтқысыз жағдайға төзе алмай, өмірден өтті.

Бірақ Сыздық Смағұловтың көрер жарығы бар екен. 1940 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы соты Сыздық Смағұловқа ақталу туралы шешім шығарады. Сот оның ісінен қылмыстық құрам табылмағанын жазады. Ақталса да, ол Қиыр Шығыстан теңіз арқылы кеме жүру маусымы жабық болғандықтан, бірден елге қайта алмайды. Жазды күтуге мәжбүр болады. Бірақ әрі қарай 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Ол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен С.Сыздықов секілді абақтыдан босағандар енді «Дальстрой» мекемесінде әрі қарай еңбекпен түзеу лагерінде қызмет етуге қалдырылады. Сөйтіп Сыздық Смағұлұлы 1946 жылға дейін лагерьде қызмет етеді.

Іс құжатында көрсетілгендей, ол қызмет ету барысында өзін жақсы жағынан көрсетеді, 7 Алғыс хат алады, ақшалай сыйақыға ие болады.

Бірақ 1946 жылы өз елі С.Сыздықовты ақталмаған «Халық жауы» деген сыңайда қарсы алады. Сондықтан ол біраз уақытын құзырлы органдардан өзінің жазықсыз сотталғаны, 1940 жылы ақталғаны, соңғы 6 жыл тек еңбек еткені туралы құжат-анықтамаларды жинайды. Сөйтіп, редакцияға қайтадан еңбекке орналасады.

Біз облыстық архивтен С.Сыздықовқа қатысты көк тысты папканы зерттедік. Архив заңдылығы бойынша көк тысты папка (персональная папка) тек заң бұзушылыққа барған компартия мүшелеріне қатысты ашылады екен.

Анықтай келе, оның 1958 жылы ашылғанына көз жеткіздік. Сол уақытта С.Сыздықовтың партияға мүшелігін қайта қалпына келтіру туралы ұсыныс көтерілген екен. Оның бастамашысы — «Қызыл ту» газетінің редакторы, Қазақстанның алғашқы кәсіби журналистерінің бірі, майдангер, әскери тілші Омарғали Құдышев. Бұл ұсынысқа С.Сыздықовты ертеден білетін әріптестері – Ертіс ауданында бірге қызмет еткен, кейін облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде еңбек еткен Николай Трофимович Карандашов, журналист Ғаббас Әміров, Павлодар обкомында қызмет еткен Ғабды-Шүкір Жүнісовтер жағымды мінездеме жазып береді.

1958 жылғы 13 ақпандағы Павлодар партия обкомының қаулысымен Сыздық Смағұловтың партияға мүшелігі қайта қалпына келтіріледі. Өзінің жазуынша, ақталғанан кейін бірден партия мүшелігін қайта қалпына келтіру бойынша өтініш етуге оның жүрегі дауаламаған. Папкада 1953 жылы «Қызыл ту» газетінің редакторы Хамза Сыздықовтың қолы қойылған бір ұсыныс қызметтік хаттың бары белгілі болды. Бірақ іс ол уақытта бұдан әрі қарастырылмаған секілді. Тек 1958 жылы ғана С.Сыздықов партия қатарына қайтадан енгізіледі.

Сыздық Смағұлов ақталғаннан кейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакциясына қайтып оралады дедік. Содан 1960 жылдарға дейін, яғни зейнет жасына жеткенше газетте жұмыс істейді. Оның көзін көрген, тәлімін алған азаматтар бүгінде арамызда бар. Солардың бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі Социал Әйтеновтің әңгімелеуінше, Сыздық аға екі тілге бірдей жүйрік, шапшаң, шағын бойлы адам болған. Негізінен, баспахана жағында, көбіне техникалық қызметкер есебінде жұмыс істеген. Өзінің Колымада болғанын, таулы-тасты жерде қолға күрек-қайла ғана ұстап қана жұмыс істегенін әредік әңгімелейтін болған.

«Сарыарқа самалы» газетінің редакциясында Сыздық Смағұловтың суреттері сақтаулы. Олардың бірінде Халық жазушысы Қалижан Бекқожинмен бірге отыр.

                      * * *

Сталиндік қуғын-сүргін құрбандары Әубәкір Аяпбергенов пен Сыздық Смағұловтың есімдері газет тарихында мәңгілікке қалды. Олардың жүріп өткен ізі айқын.

Бүгінгі таңда газет редакциясының қабырғасында екі журналистің де мемориалдық тақталары орнатылған. Бұл тарихқа тағзым, келешекке өнеге деп білеміз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

(Мақаланы дайындау барысында көмек көрсеткен облыстық мемлекеттік архивке және Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне ризашылық білдіреміз).