Данышпан Абай  21 ғақлия қара сөзінде: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір мақтаннан аман болмағы қиын іс» —  дейді. Істің жеңілінен көрі қиынын айтқан ләзім болса керек. Сондықтан менің көңілім қолымыздан келмей жүрген бірер тарихи қиын іс – жануын таппай сөніп жатқан жанартаулар туралы тойымыздың толғауындай 60-70 жылдық өнер есебімізде ой қозғай кеткенді жөн көріп тұрмын. Оны осы жерде айтпағанда қайда айтамыз.

Тіршілік дүниесінің Алла тағала жаратқан жасампаз күшіне шек қою ақыл–ойға сыймайтын іс екенін білсек те, білмей келдік. Айтылғаннан аумай, тартылғаннан талмай, релістен шықпай, кісі сөзін жықпай, жан–жағына қарамай, өз бетіңмен таралмайтын болып төселдік. Алдымызда жетекші, артымызда есепші, оңымызда тыңшы, солымызда сыншы, қоңырауға құлақ түретін, жүрегіңде сұрақ жүретін күйге үйрендік. Тұғырды тұлпарға теңестірдік. Қараны ханға кеңестірдік. Шашау шыққанды шырпып, артық кеткенді қырқып отыруға көндік. «Елім» деп еңіреп ет жүрегін езбейтін, қасында жүрген заңғарларды сезбейтін, биікке қарап жалпақтап жағынуды көздейтін күн кештік. Теңгермелік, теңестір-
мелік, бірдейлікті «Ура» мен бекіттік. Кейде ойыма түседі, Қарағанды қаласының №2 мектеп–интернатының 10-класында оқып жүргенімде 1949 жылы Логика пәнінен класс жетекшіміз, аяулы ұстазымыз Қойшыбаев марқұм (ендігі дүние салған шығар, сол кезде қырықтан асқан шағы болатын) сабақ берді.

Сонда:

«Жанартаулардың бәрі тау. Гейзер де — тау. Олай болса, Гейзерлер де жанартау» — деп, осы бір шумақ сөйлемнен туындайтын жорамалдар мен дәлелдеулер, анықтама, ақиқат, теоремалар шығарушы еді. Енді бүгін қартайған шағымда есіме алсам, сол кезде бізді ойлаудың қыран самғамас қиясына қалай салған деп таң қалам. Шынында да, ой жүгіртсек мына жалған дүниеде жанартаудай жалын атып ұзақ тұратын, жалындап жанып тез сөнетін, жануына жағыдай жібермей жанбай–ақ тұншығып сөнетін жанартау жандар қаншама десеңізші. Бұл – адам өмірінің барлық саласында бар құбылыс. Менің пайымдауымша, әсіресе, ғылым–білім, өнер саласына тән, өте жақын, ұқсас жәй. Табиғаттың тамашасы болған Баянауылдың тарихы қай заманда да естігеннің есін аударып, көргеннің көңілін бөлмеген кезі жоқ. Баяғы заманды қойып, осы өткен Совет үкіметі дәуірінің алды–артында еңбек пен өнердің, ғылым мен білімнің жанартауы болып жалын атқан жандар ел тарихына өз үлестерін аз қосқан жоқ. Баянауылдың алғаш аудан болып құрылған кезінде де өнер майталмандарының қаймағы бұзылғанымен сілемі үзілмеген, әр ауылдың өз әншісі, өз палуаны, өз атбегі, өз құсбегі, өз ақыны сонша сиремеген кез болатын. Қызойнақ, шілдехана, алтыбақан кештерінде жастардың әр түрлі айтыстары жоғалып кете қойған жоқ еді. Жаңа мәдениет жаршылары «Қызыл бұрыш», «Қызыл отау» ойын–сауық кештерін жиі ұйым-дастырып тұрған. Сол кезден біздің құлағымызға жеткен Ақсиса әні ерекше әсер қалдырды.

Хабарлаушы:

— Тобылғының гүліндей, сыбыз-ғының үніндей Ақсиса қыз ән салады дегенде, жиылған қауым жым-жырт, құлаққа ұрған танадай тына қалушы еді, дейтін үлкендер. Бертін келе сол Ақсиса қыздың даңқын жалғастырған – Рымшаш Сағынова, Шама Әшірбекова, кеше көзіміз көрген марқұм апалы-сіңлілі Бақыт, Қазына Субековалар, Бокишева Фарида, Нүркен Нұрғалиева сахнаның сәні, елдің сүйер әні еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ тыңдарманды тәнті еткен Таймасова Любаш пен Жүменова Мәрәштар өнердегі жанашырлардың жоқтығынан бағыт-бағдарынан адасқан таланттар еді. Тіпті, бүгінгі күнде сыры да, сыны да кетпеген Ташмағанбетова Темірбеге, Ермекбаева Сара, Ибадилова Төлеш, Ипатова Жамбы, Төкенова Күләш, Ғалия Әубәкірова сынды әншілер үні, бір-бір грампластинка немесе 1-2 сағаттық кинолентаның таптырмас қазынасы болар–ақ еді. Бұл жерде өткен ұлыларды айтпағанның өзінде, 1934-1950 жылдар аралығында өмір сүрген Бісмілла Балабеков, Қырықбай Жұмабеков, Мұқаш Бәлімбаев, Баймұқаш Сейітов, Фазыл Құсайынов, Жабай Тоғандықов, сырнаймен ән салатын Баянауланың Нартайы – Шақтай, ақын–жыршы Шұғабек Тінібеков, Жүніс Шаймерденов, әнші Несіпбек, Иген Баязитовтер сияқты өнерпаздар туған топы-рағына үлгі тартпай кеткен жоқ. Қазақстан өнерпаздарының тұңғыш байқауында бірінші орынды жеңіп алып, Жамбыл Жабаевтың тізесінде отырып суретке түскен Қали Қазгелдин сол кездегі Баянауылдың әнші балапандарының маңдай алды, елдің мақтанышы – айналайыны болды. Шұғабек ән салғанда, жыр-дастандар айтқанда бір таңға болмаушы еді. Ашаңдау қатқыл келген, қиғаш көзді ақсары жүзі қызғылтым тартып, сапранаға тән дауыспен талмай соғушы еді. 1946 жылы 6 қараша қазіргі Баянауыл мешітінің намаз залын-
да, сахнаға «Исатай-Махамбет» пьесасындағы Махамбет ролінде қылышын жарқылдатып, ойнақтаған ақ боз атпен шыға келген Бейсенбай Түсіпбаевтың бейнесін көрсең ғой. Ел түгіл жерді дірілдетіп, жау түгіл тауды қалтыратқандай болып еді. Баянауыл халық театрының өтпеген тарихи жолы бар ма? Әнуар Қалиевтың еңбегін бір сәт ескердік пе екен? Жүкең ше? Баянауыл төңірегінде Қали Байжановтан кейін шамасы жетіп Жарылғапбердінің «Шамасын» айтатын жан сол кісі ғана болатын. Ал бұрынғы «Южный», Жұмат Шанин ауылының Қойтас бөлімшесінде жатқан сол Жарылғапберді Жұмабайұлының зиратын да ешкім білмейді, ескерткіші  де жоқ. «Ардақ», «Қарағаш», «Ақ құм», «Екі жирен» тағы басқа бірер әндерді Естай, Қалилардан естігенім, Жарылғап-бердінің әні, сөзін Мұса мырза жазған. Ол кезде өз аттарынан өлең жазуға әбестеу болады деп, жасырын күйде таратады екен, –
дейтін Жүніс Шаймерденов. Ондай Абайда да болған, алғашқы өлеңдерін Көкбай, Шәкәрімдер атынан жазған. Қарныңның бір ашып, қынжы-латындығың сол – Біржанмен  ілесе шығып, «Топай көк» әнін Баянауылға таратқан Жарылғапберді сынды сазгерді жалғыз әнмен қалдыру қолайсыз–ақ. Музыка зерттеушілер «тайды тақымым, қойды қолым біледі» — деп, құдалық кәдесіндей қисынын келтіріп бөліп беретін болды. «Жоқтамағанның малы түгіл» Баянға ел тарихын, жер тарихын ескеріп елеп отырған ешкім жоқ. Бәрі орыстанып, мәселелер қорыстанып, қымыз емес, қорабаға айналып кеткен соң, мәдениет бөлімдері саяси идеологияның «уралаған» қолшоқпарына айналып кетті. Өз құлағыммен естіген, аса ірі тұлғалы, халқымыздың екі жанкүйер азаматының сөзін қаз-қалпында айтайын. 1970 жылдар шамасы болуы керек, дәстүрлі мұғалімдердің тамыз кеңесіне қатысқан жазушы Ғабдол Сланов: «Баян-Баян» деп жүрсек, Баянауылда түк қалмапты ғой» — деген еді. Ал 1990 жылдары Өмірзақ Сұлтанғазин бастаған сегіз академик Баянауылдықтармен мәдениет үйінде кездесу өткізіп, сонда тарихшы, академик Манаш Қозыбаев «Тумысында Баянауылды бір көрмей кеткен қазақты мен қазақ деп санамаймын» — деді. Қалай айтса да, екеуінің Баянауыл дегенде өкпесін үзіп, жүрегін жұлып берердей болып тұрған ұлтжандылығы көрініп тұрған жоқ па? Сырттағы жан солай деп өзегін өртеп жүргенде, белуардан басып, белшеден кешіп жүрген аудан ішіндегі біздер қандай көзқараста жүр екенімізді білеміз бе? Не бітіріп, не тындырдық? Кейінгі ұрпаққа не қалдырдық? «Ешкімде ұмытылмайды, еш нәрсе де ұмыт қалмайды» дейтініміз қайда? Бұқар, Жапар, Көтеш, Сақау, Мәшһүр Жүсіптерден қалған сілем: Тәйгелтір Дәрібай, Теміржан, ақша Жұмжұма, Қазақ ауыз әдебиеті тарихының дүние жүзілік соғысы жылдарына кірген Сапабеков Садық, аудан, облыс, Республика көлеміне танымал ақын-қаламгерлер – Есентай Тоқтаров, Әбуғали Әбенов, Сабық Боранбаев, Бөкен Әбілханов, Қайыржан Темірбеков, Қажмиден Айтжановтардан қандай мұра, қандай із, қандай қолтаңба қалды? Әбуғали (Аухан) Әбенов Қазақ-стан тың көтеру жылдарында:

«Жалпақ дала тұр егінмен жайқалып,

Дәні толып тербетіліп, шайқалып.

Ысырапқа жол береміз, егер біз,

Кешіктірсек жинауды егін найқалып» — деп бір–ақ шумақпен миллиардтың түйінін аңғартып еді. Ең құрығанда, оңтүстік облыс-тардың үлгісімен шағын болса да талапкер сазгерлер: Жүкеңнің, Құралайдың, Аман Баязитов, Аманкелді Қаңтарбаевтың, Шәкен Рақышевтың, Сәрсенбай Садығазин-дердің өнер өрісін көрсететін шағын альбом–жинақ жасап шығарса кім қой дер еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, тек қана етінің тірілігі, жан сезімінің серіктігі мен жанкүйер жақсы жолдастарының арқасында Бақыт Субекова апайдың орталық радио қорында бір белгісі қалған сияқты. Сондай–ақ Әшірхан Телғозиевтің асыл адамгершілігі мен қайырымдылығы нәтижесінде «Баян сұлу» ансамблінің бірер жазбалары берілген еді. Бұған да тәуба! Осыдан басқа иісі Баяна-уылдан шырақпен іздесең ештеңе таппайсың. Қайда барсаң жоқ. Болмайды мен қиыншылық.

«Баяғы бюджет, бір бюджет,

Жеткізгің келсе гүж-гүж ет» деп, күн кешкен, басқа не бітіріп отырмыз.

Күн шығып батпай, жыл жылжып өтпей, ғұмыр бітпей тұра ма?

Ендеше осыған орай жасап жатқан қарекетіміз қайсы?

«Көзімді жұмсам да көрем сені» деудің орнына, көзімізді бақырайтып қойып, жанбай сөніп жатқан жанартауларды көрмей отыра бермекпіз бе? Иіс тигендей есеңгіреп отыра беретін уақыт бітті. Жасампаздықтың күні енді туды. Біреудің иегін көтеруін тосып отыра беретін шама бар ма? Рухани мәдениетімізбен өнерімізді өрістету халықтың өз қолында. Өркенді іс, өрелі басшылық, ұлттық өнер, мәдени өрлеу қазір қажет болып отыр. Нарықтық экономиканы желеу етіп, Махамбетке шапқан балта, Абайға сілтенген қамшы, Біржанға жасалған зорлық, Ақанға көрсетілген қорлық, Шәкәрімге атылған оқ, Мәшһүрге құрылған тор, Мәдиді қамаған қол, ақтаңдақтай нәубат кедергілерден халас болайық ағайын! Адамзат игілігін тарихи айқын-дайтын құрал – мұражайлар десек, соның ауданымызда әр түрлі салада жұмыс істеп отырған он шақтысы бар. Бірақ, солардың жағдайы қалай, мемлекеттік қамқорлық, тәрбиелік басшылық, мұра–мүлік, жәдігерліктің, толықтырулар мен сақтау, есеп-қисабы қалай, оған мән беріп келеміз бе? Тым болмаса, жылына бір рет көшпелі қазылар алқасының сарабынан өткізіле ме? Жетекшілеріне сақылдаған еңбекақы төлемегінімен еңбек демалысында бір айдың еңбегін немесе сыйлық ретінде арнайы белгіленген жәрдем көрсетуге болмай ма? Бір ғана мысал: Мектебіміздегі (Егіндібұлақ орта білім беру мектебі) «Мәдени өнер» мұражайын он бес жылдан астам ақысыз–пұлсыз тірнектеп жиып, өз қолынан ұйым-дастырып, зейнеткерлік демалысқа бір–ақ кеткен Әшімова Жәнияға рахмет айтқан бір жапырақ қағаз да берілген жоқ. Мәдениет майданы басшы-ларының есінде жүретін-ақ іс. Мұражайларда бас қосып, бағыт белгілеу – тарихи жылдың терең тамырлы істерінің бірі, қуантарлық жай. Өйткені тарих ерлермен есейеді, көркейеді. Кімде-кім ой қозғап, ұйым-дастыруға себепкер болса, сол азамат, азаматшаларға мың алғыс! Тойларыңыз тойға ұласып, әрқашанда сәттілік болғай!

 

Зекебай СОЛТАНБАЙҰЛЫ,

ақын, ұстаз, еңбек ардагері.

Егіндібұлақ, 1998 жыл.

Бұқар жырау музейі қорынан.