Жасын тағдыр

Нау 20, 2025

Қазақ халқының маңдайына біткен асыл перзенттері аз болмаған. Сондай тұлғалы қасиеті ерекше жанның бірі – Ермұхан Бекмаханов. Ол — өзінің еңбегімен еліне кеңінен танылып қана қоймай, үлкен құрметке ие болған арда азамат.

Тарих ерте ме, кеш пе, әркімді еңбегінің санына емес, сапасына қарай, әсіресе, туған халқының рухани сұранысын өтеу деңгейіне байланысты өзінің лайықты орнына қоятыны анық. Бұл — тарихтың еш өзгермейтін қатал заңы, бұзылмас қағидасы. Ғалым шындықты айтқаны үшін қаншама қиындық көрсе де, өз айтқанынан еш қайтқан емес. Ол табиғатынан турашыл, әділ, шыншыл мінезінің арқасында жеңіске жетіп, мол мәртебеге ие болды.

Ермұхан Бекмаханұлы 1915 жылдың 15 ақпанында Баянауыл ауданында дүниеге келді. Жастайынан тағдырдың қатаң талқысына түсті. Ол 6 жасында әкеден айырылып, туған ауылында сауатын ашты. Он бір жасында Баянауылдағы бастауыш мектепке барып, соңынан жеті жылдықты бітіреді. 1932 жылы жоғары оқу орнына дайындайтын Семейдегі бір жылдық курсты аяқтап, Халық ағарту комиссариатының бөлуімен Тамбовтың, сосын Воронеждің педагогикалық институтына оқуға қабылданып, оны 1937 жылы бітіреді. Бұдан соң, аз уақыт Алматыдағы №28 мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінде болып, 1937-1939 жылдары Халық ағарту комиссариаты жанындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, соңынан директоры болып қызмет атқарады. 1940-1941 жылдары Е.Бекмаханов Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқиды. 1941-1946 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, 1946-1947 жылдары Қазақстан ғылым академия-сының тарих, археология және Қазақ мемлекеттік универ-ситетінде профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ерен еңбектің, қажымас қайраттың арқасында ғылыми еңбегі жоғары бағаланып, 1943 жылы оған ғылым кандидаты, ал 1946 жылы ғылым докторы дәрежелері берілген еді.

Айта кетер бір маңызды нәрсе -Е.Бекмаханов тарих ғылымы бойынша Қазақстандағы алғашқы ғылым докторы атанған қазақ болатын. Бұған жақын–жолдастары, туыс– туғандары шексіз қуанса, кейбір әріптестері қызғанышпен қарап, көре алмады. Бірақ көп кешікпей-ақ тоталитарлық жүйеде қалыптасқан «буржуазиялық
ұлтшылдыққа» айыптау науқаны Е.Бекмахановтың ғылымдағы жетістігіне іштарлық жасап жүрген күншілдердің оған қарсы ашық әрекетіне жол ашты. Сөйтіп, ақыры қайта-қайта ұйым-дастырылған ғылыми талқылаулар талантты тарихшыны қуғын-сүргінге ұшыратуға ұласты. 1951 жылы университеттен қуылған Е.Бекмаханов партия мүшелігінен де шығарылып, ғылыми дәрежелері мен атақтарынан жұрдай болды. Осының бәріне ғалым қасқайып қарсы тұрып, күресе білді. Қудалаудың нәтижесінде, ол біраз уақыт Алматы облысының Нарынқол ауданында және Жамбыл облысының Шу ауданындағы мектепте тарих пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеді. 1952 жылдың 2 қыркүйегінде тұтқынға алынған Е.Бекмаханов сол жылдың 2 желтоқсанында 25 жылға сотталып, ГУЛАГ концлаге-рінен бір-ақ шықты. Ғалымның еңбегін жоғары бағалаған қолдаушылар да болды. Солардың бірі — белгілі тарихшы А.М.Панкратова бастаған бір топ мәскеулік тарихшылар оны 1954 жылы босатып алу үшін барын салып, дегеніне қол жеткізді. 1955 жылы қыркүйектен бастап қана Қазақ университетіне жұмысқа орналасқан ол 1957 жылы екінші рет докторлық дәреже алу үшін диссертация қорғады. 1962 жылы оны республикалық ғылым академиясы өзіне корреспондент мүшесі етіп сайлады. Бірақ таланттың ғұмыры келте болды. Ол 1966 жылдың 6 мамырында ауыр науқастан қайтыс болды.

Қуғын-сүргінге, айтыс-тартысқа толы ғалымның осы өмір жолы туралы қазақстандық белгілі тарихшы М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, И.Қозыбаев, Л.Гуревич, Ә.Тәкенов сияқты ғалымдар құнды мақала жазды. Олар Е.Бекмахановтың ғылыми еңбегін жөнсіз қаралаудың қандай дәрежеде болғанын жан-жақты әрі терең сипаттады. Бұл әрине, бүгінгі күнге сабақ боларлық тағылым. Жалпы алғанда саяси қайшылыққа толы қиын — қыстау кезеңде тарих шындығы үшін күрескен Е.Бекмаханов өмірінің үлкен ерлік екендігі еш күдік туғыза қоймаса керек. Алайда атақты тарихшының ең басты ерлігі — «Қазақстан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты алғашқы монографиясы. Сол арқылы қазақтың соңғы ханы — Кенесары Қасымұлының ерен тұлғасын туған еліне шынайы таныта білді. Бұл туралы тарихшы Кеңес Нұрпейісов бір сөзінде: «… алғашқы кәсіби тарихшы-ғалымдардың бірі Е.Б.Бекмахановтың ғылыми мұрасы тақырыбының көп қырлылығымен, мәселелерді кеңінен қамтуымен және шешуімен ерекшеленеді, оларды зерттеу және бағалау болашақтың міндеті. Е.Бекмахановтың 1943 жылы 28 маусымда Мәскеуде «Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың азаттық күресі (1837-1847 жж)» тақырыбынан кандидаттық қорғаудың өзі үлкен ғылыми ерлік еді..», — дейді.

Өздеріңізге белгілі, 1944 жылға қарай елдегі саяси ахуал екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістерде орыс халқының рөлін бағалау, мақтан ету түрінде көрініс бере бастады. Мұның өзі тарихты оқып үйренуге де ықпал етіп, бұрын революцияға дейін орыс бодандығына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстары басшыларын айыптау сипатын ала бастайды. Соның бірі — Кенесары көтерілісіне деген көзқарас болды.

Е.Бекмаханов қандайда арандатушылық болса да бәрібір Кенесары қозғалысы туралы өзінің пікірін өзгертпеді, алған бетінен қайтпады. Өзінің аталмыш монографиясында және «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуында ол өзі айтып отырған әлеуметтік-саяси мәселелерді талдауға баса көңіл бөлді де, Кенесары көтерілісін бұрынғыша жағымды бағалап қалдырды. Мұның өзі Е.Бекмахановтың ғылыми тұрғыда өз қағидасынан қайтпайтынын білдірді. Қорытынды сөзінде Е.Бекмаханов: «…Тәжірибесі жағынан да, жас бойынша да мен айтарлықтай жас қызметкермін. Өзімнің алғашқы монографиялық еңбегімді жасау барысында мен әрқашанда жеке мансабым туралы емес, өзімнің халқым туралы ойладым… Үлкен және қиын ізденулер мен зерттеулер жолында жаңсақтықтар мен қателіктер болуы тиіс еді, оның үстіне өзімнің әріптестерім, тарихшы қазақтар арасында менің алғаш рет батылдық жасап, өте күрделі және шатасқан мәселе бойынша марафондық қашықтыққа жүгіріп өтуіме тура келді… Осында талқылауда, қаралған мәселелерге ілтипатпен және шыдамдылықпен қараған біздің ғылыми қауым XIX ғасырдың 20-40-шы жылдары тәрізді қазақ халқының тарихи тағдырында күрделі түс болып табылатын кезеңнен кітап жазғаным үшін мені айыптай қоймас деп ойлаймын», — деп атап көрсетті.

Ғалымның жүрекжарды шыншыл ойы, шынайы пікірі, іштарлық пен қызғаныш отына өртенген дұшпандарының тас жүректерін жібіте алмады. Олар талантты тарихшыға қарсы жүйкені тоздыратын әрекеттерін бұрынғыдан да үдете түсті. Олардың ойы қайтсе де Бекхамановтың жүрегіне жара салып, одан әрі әділ жолдан тайдыруға тырысу еді. Бірақ ол әрекеттен ештеңе шықпады. Сондықтан да, сол жылдың қарашасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде өткен тарихшылар кеңесінде Е.Бекмаханов: «Қаншалықты таңданарлықтай болып көрінсе де, осыған қарамастан айта кеткен жөн, біздің кейбір тарихшыларымыз ұлықтық маниясымен ауырады және олардың ішінен кім Қазақстанның жетекші тарихшысы болып табылатынын дәлелдеумен айналысуда. Осындай намысшылдық ойыны жолдастардың ғылыми жүйкесін жұқартуда және оларды біздің ісіміз үшін қауіпті және жалған көзқарасқа жетелеуде», — деп ашына мәлімдеме жасайды. Ғалымның өзегін жарып шыққан осынау өткір пікірін бүгінгі тарихшыларға қалдырған өсиет ретінде де қабылдау дұрыс сияқты.

Ермұхан Бекмахановтың ғылыми зерттеуінің құндылығы мен ерекшелігі — Кенесары мен оның інісі Наурызбайға қатысты халық ара-сында кеңінен тараған ауыз әдебиеті үлгілерін аса орынды пайдалана білуі. Олардың ішіндегі сол тұстағы қазақ болмысын кеңінен ашатын «Наурызбай мен Ханшайым», «Жасауыл қырғыны», «Саржан батыр», «Кенесары туралы жыр» және басқа да жырларды тарихшы өзінің еңбегінде талдайды. Сонымен қатар, онда бірқатар халық жырауларының мұралары да талданады. Автор
өз еңбегінің қорытындысында Нысанбай мен Досқожа жыраулардан басқалардың, яғни көбінің шығармаларының әлі жарық көрме-геніне өкініш білдіреді. Бүгінгі зерттеушілердің осы ескертпеге назар аударғандары жөн болар еді.

Өкініштісі, Бекмахановтың қарсыластары оны «ұлтшыл» деп қана қоймай, «алашордашыл» деп айыптауға дейін барды. Бұған негіз болған нәрсе — Е.Бекмахановтың өзінің іргелі еңбегінде Әлихан Бөкейхановтың Семейдің жергілікті архивінде сақталған «Из переписки киргизских ханов, султанов и прочих» деп аталатын жазбаларын еске түсіруі еді. И.Сталиннің көзі тірі кезінде оның саяси қарсыласы, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың есімін ауызға алудың өзі де үлкен ерлік болатын. Ал Е.Бекмаханов болса, оны ауызға алып қана қоймай, Бөкейхановтың еңбегіне бір ауыз сөзбен: «Переписка А.Букейханова отражает внешнеполитические связи Казахстана с царской Россией; в частности в письмах к генерал-губернатору Капцевичу отражены первые шаги колонизации Казахстана», — деп жағымды сипаттама беріп кетті.

Міне, осындай шындықты тура айтқан қайсар ғалымның еңбектері бүгінгі заманда өз бағасын алып, ұлттық құндылығымыз ретінде баға-лануда. Бұл әсіресе, бүгінгі Қазақстан Республикасының Президентті
Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы айқын бағытымыз екені анық.

Б.ҚҰДАБАЕВА, Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы.