Жасын ғұмыр

Мам 22, 2025

Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенов туралы деректер

Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтуде. Бұл мерейтой – соғыстағы тарихи оқиғаларды еске алу, бейбітшіліктің бағасын түсіну және болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сүрудің маңыздылығын ұғындыруға арналған маңызды кезең. Осы орайда, соғыс жылдарында ерекше ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батырларын еске алу – ұрпақ алдындағы борышымыз. Солардың бірі – Серікбай Мүткенов. Оның өмір жолы мен майдандағы ерлігі бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып табылады.

Оның майдандағы қайсарлығы – тарихта мәңгі сақталатын ерлік шежіресі. Батырдың жауынгерлік жолы – бүгінгі бейбіт өмірдің құнын түсінуге септігін тигізетін үлгі. Оның ерлігін дәріптеу – тарих алдындағы жауапкершілік.

1944 жылы 24 ақпан күні Мәскеу қаласында жарық көрген «Ведо-мости Верховного Совета Союза Советских Социалистических Республик» атты газеттің №11 санында Қызыләскер артиллериясының офицерлік және сержанттық құра-мына Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы 54 адамнан тұратын тізім жарияланған болатын. Осы тізімде 32-нші нөмірмен жерлесіміз Серікбай Мүткеновтің де есімі берілген.

Бұл — Серікбай Мүткеновтің Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығы туралы баспа бетіндегі алғашқы жарияланым. Майданда жанқиярлықпен шайқасып, ерлікпен қаза болған батырдың есімі жылдар бойы ескерусіз қалады. Уақыт өте, Павлодар облысында Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің есімі алғаш рет журналист Нәби Әбдірахманұлының аудандық «Коммунистік еңбек» атты газетіне берген мақаласында жарық көрді. Жалынды журналист отыз жылдан астам уақыт батырдың өмірі мен ерлігін зерттеп, баспасөз беттерінде танымдық мақалаларын үзбей жариялап отырды. Алайда, кеңес дәуіріндегі қатаң идеологиялық шектеулерге байланысты батырдың бейнесі толыққанды ашылмай, кейбір мәліметтер бұрмаланып берілді.

Өкінішке қарай, егемендік алғаннан кейін де бұл мәселе ұзақ уақыт назардан тыс қалып, батырға қатысты деректер қайта қарастырылмады. Жерлесіміздің ата тек шежіресі, өмірі мен қызметтік кезеңі, ерлігі мен майдан жолы терең зерттеуді қажет ететін еді.

Серікбай Мүткенов – Орта жүздің Арғын тайпасынан тарайтын текті әулеттің ұрпағы. Оның ата-бабалары ел ішінде абыройлы, қайраткер тұлғалар болған. Арғы атасы есімі Арқа даласына кеңінен жайылған Бәсентиін-Ақтілес руының абызы – Жақсыбай Құттықадамұлы. Ол өз заманында ел ішіндегі дауларды әділ шешіп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе білген тұлға ретінде танылған.

Серікбай Мүткеновтің ата-тегінде батырлық та, ақындық та болған. Оның бір дәлелі, 1837-1847 жылдары қазақ даласында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісте Ертіс бойынан бас көтеріп, дуанға бағынбаймыз деп патшаға қарсы көтеріліс ашып, қол бастаған Жақсыбай абыздың ұлдары Қуат пен Дүйсенбінің жасаған ерліктері.

Жеңіс Тілеке «Шежіре» атты еңбегіндегі Ақтілес руының шежіресінде Жақсыбай Құттықадамұлынан Дүйсенбі, Қуат деген екі ұл тарағанын көрсетсе, Бейбіт Бөжен (Қимадиден Нығымановтың Павлодар ауданы, Қаракөл ауылының тұрғыны Қақан Әбілденовтен жазып алған дерегі бойынша) Жақсыбай абыздан төрт ұл, екі қыз тарағанын ескереді. Жазбада ұлдары Ыбырай, Дүйсенбі, Қуат, Сақау деп көрсетіп, Жәнтелі сыншының мына бір сөзін дәйек етеді: «Қуатты жауға қой, Дүйсенбі қотанжыбыр, Сақауды малға қой, ал Ыбырайға сын жоқ».

Асылында, Серікбай батыр — бойында ақындығы тулаған, жаужүрек азамат Қуаттың шөбересі. Батырдың осы асыл тектілігі оның бойына намыс пен батылдықтың дәнін екті. Серікбай болашағына кесірі тимеу үшін ертеректе қайтыс болған әкесінің ағасы Мүткенің атына өтуге мәжбүр болады. Ал Мүтке-жазушы Қимадиден Нығымановтың «Атырау» атты кітабындағы «Құтты таяқ» очеркінде аз ауылдың қойын баққан қойшы болғаны туралы айтылады.

Батырдың өмірін 30 жылдан астам уақыт зерттеген журналист Нәби Әбдірахманов жоғарыда айтқандай, есімін елге таныту үшін соғысқа дейінгі өмірін кеңестік идеологиямен ұштастыруға мәжбүр болған.

Журналист 1963 жылы «Коммунистік еңбек» газетінің №2 санында «Ер – ел баласы» атты мақаласында «Серікбай Мүткенов 1913 жылы он алтыншы ауылда туады. Әкесі Серғазинов Мүтке жасынан байларда жалшылықта жапа шегіп, Кеңес үкіметінің жеңісі алдында аурудан қайтыс болады, Серікбайды анасы Айша, ағасы Нұрмұқандар бауырына басып, өз балаларындай тәрбиелейді…», – деп келтіреді.

Бұл жерде журналист Мүткені кеңес өкіметі орнамай тұрғанда науқастанып, қайтыс болған деп жазып, нақты жылын көрсетпеген. Әрі Айша анамызды туған анасы еместігін тұспалдап жеткізіп отыр. Ал 1964 жылы «Коммунистік еңбек» газетінің №23 санындағы «Ердің аты өлмек емес» атты мақаласында «Батырды тәрбиелеп өсірген анасы Айша» деп, Айша анамыздың суретін жариялаған болатын. Себебі, туған анасы Айсан ертеректе қайтыс болса керек. Сондықтан ол туралы деректер мүлдем айтылмай қалды.

Нәби Әбдірахманов «Ердің аты өлмек емес» атты мақаласында 13 жасар Серікбай 1926 жылдың қысында 1-інші фермада Әпеш Ташев өз үйінің жартысын мектепке бергенін естіп, Үлкенкөл ауылынан мектепке аттанғанын жазады. Ал, батырдың бөлесі (Айша анамыздың сіңлісі Біржанның ұлы), айтыскер ақын Абылайхан Әлжановтың жеке қорында Серікбайдың туған ағасы Сатыбалды Әлежановтың естелігі мен арнау өлеңі сақталған. Сол бір естелігінде Серікбай 10 жасында 1-інші фермадағы мектепке барып, 23 жасар алғашқы ұстазы Біләл Оспановтан сабақ алғанын жазады. Бұл естеліктің қисынға келетіндігі жөнінде басқа да деректер де бар. Жазушы Қимадиден Нығымановтың 1966 жылғы «Біләл Оспановтың өмірбаяны» деген жазбасында Біләлдің 1900 жылы туғанын жазады. Демек, Сатыбалды Әлежанұлының: «Жаңылмасам, 23 жастағы Біләл Оспанов…» – дегені сәйкеседі. Жазушы Қ.Нығыманов Біләл Оспанов туралы жазған «Қыруар істе қырық жыл» атты тағы бір мақаласында Біләл 1925 жылдың оқу жылында он алтыншыдағы мектепте мұғалім болғанын жазады. Осыдан, Серікбай 1-інші фермадағы мектепте 1925 жылға дейін оқығанын біле аламыз. Кейін, ол оқуын он алтыншы ауылдағы жеті жылдық мектепте жалғастырады. Уақыт өте келе, бұл мектепті 1930 жылы аяқтаған болып шығады. Мектеп бітірген соң 17 жасар Серікбай ақсақалдардың сұрауымен ауылдағы балалардың сауатын ашумен айналысады.

Жылдар өткен соң, Серікбай Павлодар қаласындағы педучилищеге сырттай түсіп, қазақша бөлімінде оқиды. Бұған қатысты журналист Нәби Әбдірахманов өз мақалаларында: «Серікбай 1932 жылы Павлодар қаласындағы педучилищенің қазақша бөлімін сырттай аяқтайды…», – деп жазады. Бірақ бұл да қате дерек болып есептеледі.

Бұл турасында жергілікті тілші Е.Шайхысләмов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 2003 жылғы
№7 санында жазған «Көне құжаттар әңгімелейді» атты мақала-сында былай деп келтіреді:

«Біздің облыстық мемле-кеттік мұрағаттың Ақтоғай дербес бөлімінде 1938-1939 жылдардағы Куйбышев аудандық халыққа білім беру бөлімінің бұйрықтар кітабы сақталған… 1938 жылдың 7 сәуіріндегі №5-ші бұйрықта мынадай жазулар бар:

7/04-38 жылғы №5 бұйрық

Мұғалімдерді 4 айға оқуға шақыру туралы облыстық халыққа білім беру бөлімінің жеделхаты негізінде, мұғалім Мүткенов жолдасты 4 айлық курсқа окуға жіберіп, оның орнына ликбез мұғалімі О.С Мүткенованы, тарифтеуге сәйкес кесімді жалақымен тағайындаймын.

АХББ-нің меңгерушісі Қабжанов (қолы қойылған).

Ізінше, №6 бұйрықта келесі жазу:

Ликбез мұғалімі Мүткено-ваның Ленин мектебіне жұмысқа орналасуына байланысты, оның орнына Смағұлова К.-ны, ОблХББ-нің тарифтеуіне сәйкес, І топ бойынша, 180 сом жалақымен тағайындаймын. АХББ-нің меңгерушісі Қабжанов…».

Ал, Павлодар облысы мемле-кеттік архивіндегі Бейсен Ахметов атындағы педколледждің тарихына қатысты құжаттарда Павлодар қаласындағы педтехникум 1936 жылы ғана педучилище мәртебесін алғаны жөнінде және сол жылы училищеде қазақ бөлімі, сырттай және кешкі оқу түрлері ашылғаны анық жазылған.

Жоғарыдағы деректерді саралай келе, Серікбай Мүткенов 1938 жылы Павлодар қаласындағы педучилищеге сәуір айында түсіп, 4 айлық курстан өткені мәлім болды.

Қорыта айтсақ, журналист Нәби Әбдірахмановтың жазған мақалаларындағы Серікбайдың соғысқа дейінгі өмірі кеңестік идеологияның әсерінен осындай қате деректермен жазылған болып шықты. Қазіргі заман тұрғысынан бұл деректерді түзетуге тырыстық.

Абзал РЫМБЕК,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің ғылыми қызметкері.

 

WhatsApp