Атақты геолог, Екібастұз көмірін ашқан жерлесіміз Қосым Пішенбаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Әсіресе, оның еңбегін геология саласы аса қадірлеп-қастерлейді. Бұл саланы кәсіби түрде жетік меңгермесе де, бойындағы табиғи қызығушылығының арқасында ол өз ісінің кәсіби маманына айналды. Биыл 180 жылдық мерейтойы аталып өтілетін Қосым Пішенбаев жайлы кітап жарық көрді.
Айдана БОРАНБАЕВА
Екібастұз қаласының музейінде өткен шарада әйгілі геолог, кен білгірі Қосым Пішенбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы баяндалған «Қосымның тағдыры» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбек облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Торайғыров университетінің және Баянауыл ауданындағы «Әнет» шаруа қожа-лығының демеушілігімен қазақ және орыс тілдерінде «Парасат» баспаханасында басылып шықты.
Повестік кітаптың авторы – баянауылдық өлкетанушы Александр Черкашин. Кітаптың қолжазбасы 1972 жылы Баянауыл кентінде баспа машинкасына түсірілген.
Бұл кітаптың жазылуына академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өзі түрткі болған. Қолжазба күйінде ҚазКСР Жазушылар одағының көркемдік кеңе-сіне жіберіліп, белгілі себептермен кейін қайтарылған.
Кітап Қосым Пішенбаевтың кен барлаушылық өмірінің маңызды кезеңдерін суреттейді. Кен білгірінің балалық шағы, ата-анасының бай ауылынан көрген қорлығы, алғашқы табылған кен орындары мен орыс көпестерінің қазақ жеріндегі өнеркәсіптері туралы, Екібастұз көмірі мен Майқайың алтын кенішіндегі алғашқы өнеркәсіптер, т.б. деректі мағлұматтар кеңінен қамтылған. Аталмыш еңбек «Кедейдің қолы қысқа», «Қосымның балалық шағы», «Алғашқы олжа», «Алғашқы махаббат», «Алғашқы ақша», «Алғашқы сауда», «Қарсылас пайда болды», «Тау бөктеріндегі зауыт», «Қосым байдан кек алды», «Қосым өндірістік артель ұйымдастырды», «Күтпеген қонақ», «Екібастұз», «Майқайың», «Өткен күндер мен бүгінгі заманның тоғысы» бөлімдерінен тұрады. Редакциялық алқа мүшелері – Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров және қызметкерлер Мұрат Аяғанов, Жанболат Абайхан.
— Өткен жылдың тамыз айында өлкетанушы Александр Черкашиннің Қосым Пішенбаев туралы жазған қолжазбасын тауып алдық. Түпнұсқа деректі повесть ретінде жазылған. Кейін уақыт оздырмай алдымен орыс тілінің мамандарына көрсетіп, көркемдік тілін реттеп, қазақ тіліне аудардық. Ішінде жер қойнауларына, тастарға қатысты терминдер болғандықтан аздап қиындықтар туды. Дегенмен, музей қызметкерлері 4 айға жуық уақытта аяқтады, — дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Кейбір деректерге сүйенсек, Қосым Пішенбаевтың соңынан қалған ұрпағы жоқ деседі. Дегенмен, соңынан Әбіш және Мұқыш деген ұлдары қалған. Әбіштен Қайша, Қатыкен, Хадиша атты қыз балалар туған.
Өзін Қосым Пішенбаевтың аталас туысымен деп таныстырған Амантай Есімбаев — Қосымның інісі Есімбайдың ұрпағы.
— Қосымды көрген, онымен бір шаңырақ астында күнелтіп, талай қиындықты бірге бөліскен азаматтармен дастархандас болдым. Солардың бірі – Баянауылдың Күркелі ауылында тұрған марқұм Әбдірахман ақсақал еді. 1970 жылдардың аяғында Южный совхозына зоотехник болып барғанда, Әбекең көп жайтты ақтарды. «Қарағым, мен өлсем мойнымда қарыз болып қалары анық. Қосекең 88 жасқа келіп қайтты. Үш адам өз қолымызбен жерледік, оның бірі мен едім. Саған жерленген жерін көрсетіп кетейін» деп, мені Мақаш қыстауына алып барып, сол жердегі көп зираттың арасынан Қосымның қабірін көрсетіп кетті. Кейін басына ескерткіш тас орнатып, айналасын қоршадық, —
дейді Амантай Ақышұлы.
Шарада, сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың 135, Сәбит Дөнен-таевтың 130, Қаныш Сәтбаевтың 125, Әлкей Марғұланның 120, Шәкен Аймановтың 110, Рүстембек Омаровтың 105, Мүбәрак Жаманбалиновтың 100, Қимадиден Нығмановтың 100 жылдық мерейтойларына арналған көрме ұйымдастырылды.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.