Павлодар облыстық мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусьтің қалың орманының ішінде партизандар қатарында отбасымен жауға қарсы күрескен жерлесіміз, баянауылдық Жылбек Ағаділовтің жеке мәліметтері арнайы папкаға топтастырылған. Жылбек пен жары Жамалдың орманда дүниеге келген қыздары Майямен партизандар қоршаған ат-арба үстінде отырған суреті де сақталған. Жуырда архивтегі тарихи деректер қоры Ағаділовтердің отбасылық мұрағатынан алынған тағы жаңа суреттермен толықты. Мұндай жұмысты облыстық мемлекеттік архивтің қызметкері Күләш Есімханова атқарған. Батыр жерлесіміздің отбасының туыстарымен жүздескен архив саласының маманымен тілдескен болатынбыз.
— Күләш Оразымбетқызы, Жылбек Ағаділовке қатысты қандай тың деректермен бөлісе аласыз?
— Облыстық мемлекеттік архивте даңқты партизан Жылбек Ағаділовтің жеке ісі арнайы папкада сақтаулы тұр. Бұдан бөлек, жұбайы Жамал және соғыста туған қыздары Майямен түскен суреті бар. Мұрағаттағы деректер мен Жылбек Ағаділовтің отбасылық қорда сақталған мәліметтерді салыстыра келе, бізде сақталған суреттің бірнеше нұсқасы барын аңғардым. Яғни, сол кездегі әскери фототілші үшеуін бірнеше мәрте түсірген. Архивте сақталған суретте Жылбек Ағаділов күліп тұрса, Жамал қызы Майяға қарап түскен. Партизандардың ортасында басылған бұл сурет 1943 жылы Белоруссияда түсірілген. Дәл осы сәтте таспаға басылған суретте Жылбек Ағаділов төмен қараса, Жамал бері қарап түскен.Сонымен қатар, екеуі қыздары Майяны ортаға алып та суретке түсіпті. Үш суреттің де айналасындағы адамдар бірдей. Жылбек Ағаділов өз естеліктерінде бұл суреттерді 1943 жылы күзде 2-ші Клетня партизан отрядының Қызыл армия бөлімдеріне қосылған кезінде майдандық газет қызметкерлері түсіргенін жазған.
Жалпы, соғыстан кейінгі жылдары Ағаділовтер отбасы жайлы және мұндағы фотобейнеде ата-анасының алдында тұрған сәби Мая жайлы жеткілікті жазылды. Басқасын былай қойғанда, бұл отбасының өмірі – Ұлы Отан соғысы жылдары партизан отрядын басқарған майдангер, кейін республика деңгейінде жоғары мансапты қызметтер атқарған қайраткер-жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» хикаяты қатарлы туындыларға арқау болды. Өйткені мұндай тағдырлы оқиға — майдан даласында өте сирек кездесетін дүние.
— Архивке Жылбек Ағаділовтің отбасылық мұра-ғатынан алынған суреттерді әкелгеніңізді естіген едік. Құнды жәдігерлерді сізге кім табыстады?
— Жылбек Ағаділовтің Дыбысбек деген інісі болған. Кезінде ол кісі де әскерге шақырылып, соғыс жылдарында Қызыл армияның Қиыр Шығыс жақтағы резервтік құрамында қызмет атқарған. Отставкадағы полковник еді. Мен жуырда Дыбысбектің Рая және Раушан есімді қыздарымен жолықтым. Олар маған отбасылық мұрағаттан көп сурет берді. Онда Жылбек аға мен әйелі Жамал, Майя, Дыбысбектің отбасы бейнеленген. Бірақ отбасылық мұрағаттағы суреттерді Раушан мен Рая архивке өткізбеді. Мен осы тақырыпта мереке қарсыңында бұқаралық ақпарат құралдарына материал әзірлейтін болғандықтан, сұрап алған едім. Әрине, құнды жәдігерлер архивке берілсе тамаша болар еді. Болашақта өткізер деген ойдамын.
— Отбасымен майданның ащы дәмін татқан Ағаділовтердің тағдырына көз жүгіртсең, еріксіз қолға қалам алдырады. Сіздің бұл жанұяның өмірін зерттеуге де осы себеп болғаны сөзсіз...
— Әрине. Жоғарыда айтылған фотода бейнелеген отағасы Жылбек пен зайыбы Жамал, майдан даласында өмірге келген қызы Майя жайлы Ә.Шәріповтен басқа қалам тартқан адамның бірі – атақты партизан Қасым Қайсенов. Бұл кісі өзінің «Жау тылында» атты хикаятында: «Павлодарлық кіші лейтенант Ағаділов Жылбек өзінің зайыбы Жамалмен бірге Батыс шекарада Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылы тұтқиылдан соғыс басталып кетеді де, Жылбек басқыншыларға қарсы соғысқа аттанады. Сөйтіп, аяғы ауыр Жамал басқа офицерлердің семьяларымен бірге қалып қояды. Көп кешікпей сол ауданды жанталаса алға ұмтылған фашистік армия қоршап алады да, Жылбек қызмет істеп жүрген әскери бөлімше де, олардың семьялары да жаудың тылында қалып қояды. Жылбек тоғай ішіндегі босқындар арасынан Жамалды кездейсоқ жолықтырып, содан былай қоршауда қалған әскери бөлімше қатарында бірге болады. Жау тылында қалған бұлар Гомель орманындағы партизандар отрядына қосылады. Қиын-қыстау партизандар жоры-ғында жүріп Жамалдың босанатын уақыты да жетеді. Ол 1941 жылдың 27 қарашасында Петька деген бір патриоттың үйіне жасырынып барып босанады да, Петьканың зайыбы Ася деген әйел жаңа туған нәрестеге «Майя» деп ат қояды…
Бір жорықта отрядтың үлкен өзеннен өтуіне тура келеді. Жамалдың аты сүрініп жығылып, Майя Жамалдың қолынан түсіп кетеді де, баланы су ағызып ала жөнеледі. Мұны көрген партизандар тұс-тұстан тұра ұмтылып, Майяны судан аман алып шығады. Тағы бір ұрыста Жамал отрядтан адасып қалады. Ол қызын қолтығына қысып жүріп, қалың қарды омбылап отрядты іздеп орман ішін екі-үш күн кезеді. Майяның кішкентай аяғы домбығады. Екеуі әбден ашығады. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден Лидия деген партизанға кездесіп, ол бұларды Данченко отрядына алып келеді. Онда өзінің бұрынғы жолдастарының бірі – барлаушы қырғыз жігіті Идеят Үсеновке кездеседі. Үсенов Жамалды өз отрядына алып барады. Майя түнде жылағанда оның дауысын жау тыңшылары естіп қоятын болғандықтан, жас сәбиді партизандар қолдан-қолға түсірмей кезектесіп уатып, баланың дауысы естілмеуі үшін терең ор қазып Майяны сонда ұстайды.
Бұрынғы шағын отряд Галюга басқарған үлкен бригадаға айналған тұста фашистер партизандарды ауадан торып, оқ жаудыра бастайды. Енді дабыл «ауадан, самолет» деп қағылатын болады. Сондықтан кішкентай Майяның тілі «самолет» деп шығады.
1943 жылдың қазанында партизан бригадасы Қызыл Армияға қосылады да, Ағаділовтер семьясы туған жері Павлодарға келеді» деп жазыпты.
Міне, мұндай оқиғаны оқыған адам бұл тарихи шындықты ешқашан ұмытпасы анық. Сондықтан Ағаділовтің ұрпақтарымен кездесуді мақсат еттім. Тілегімнің орындалғанына қуанамын.
— Бұл отбасында майдан даласында дүниеге келген Майядан басқа балалары болған ба?
— Майдан даласынан оралған соң Жылбек аға мен Жамал апаның көпке дейін сәбилері болмады. Олар Жылбектің інісі Дыбысбектің Рая атты қыздарын асырап алған. Майя екеуі туған әпкелі-сіңлілі болып өскен. Жылбек ағамыздың әйелі Жамал апай тігіншілікпен шұғылданады. Сөйтіп өмір бойы бір ғана жерде – Павлодардың 8 март атындағы киім фабрикасында шебер, цех жетекшісі, бригадир болып жұмыс істейді. Осы еңбек Ұжымының ұсынымымен «Құрмет Белгісі» орденін иеленіп, 80-ші жылдардың басында зейнетке шығады. Болашақта Жамал апай жұмыс істеген орыннан деректер сұратсам деген ойым бар. Жылбек аға 1970 жылы, Жамал апай 1991 жылы, ал Майя 1993 жылы өмірден озған.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Айдана ҚУАНЫШЕВА.