Жұбағаң келген жыл еді

Мау 12, 2025

«Мен — қазақпын!» поэмасының авторы Керекуге келгенде

Әйгілі «Мен – Қазақпын!» поэмасының авторы, қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, жалынды ақын Жұбан Молдағалиев Павлодар өңірінде болғанын білесіз бе? Иә, оның табаны Керекудің топырағын басқан. Бұл 1978 жылдың күзі еді. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметінде болған Жұбан Молдағалиев, ақын Сағи Жиенбаев, композитор Әсет Бейсеуовтер жергілікті ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың 50 жылдық мерейтойына орай арнайы Павлодар жеріне сапарлап келген болатын.

Әрине, Жұбағаңмен өткен кездесулерді сол кезге куә болған жұртшылық ұмыта қоймаған болар. Міне, қолымызда Жұбан Молдағалиев пен Қабдыкәрім Ыдырысовтың Павлодар әуежайында түскен суреті. Қос ақын кеуделерін шабыт кернеп, кешегі Иса мен Естай өткен қасиетті өңірге келген беті.

Иә, сол кездегі мерейтойлық бағдарламаға сәйкес, Қабдыкәрім аға тұтып қастерлеп сыйлаған атақты ақын ағасы Жұбағаң бастаған, қанаттасы Сағи Жиенбаев, бауырым деп ізет көрсеткен композитор Әсет Бейсеуов қостаған топ бірнеше күн бойы Ақтоғай, Екібастұз, Баянауыл өңірін аралайды. Халықпен кездесу өткізеді. Қабдыкәрім Ыдырысовтың туған жері — Ақтоғай ауданы Жаңаұйым ауылына барып, ауылдық мектепте оқушылармен, ауыл тұрғындарымен емен-жарқын кездесулерге қатысады.

Ауылда Қабекеңнің немере ағасы Әбдіғалымның шаңырағында болғанында Әсет Бейсеуов пианинода ойнап, өзінің ағасы Қабдыкәрім Ыдырысовпен осы сапарда бірлесіп жазған «Туған қалам — Павлодарым» атты әнін шырқайды.

Ол әннің мәтіні:

«Ертісің — қолыңдағы асыл айнаң,

Жағада ән салғандай Иса, Майраң.

Келесің нұрлы өмірдің  көшін бастап,

Көшеңде күнде думан, күнде мейрам», деп басталатын еді…

Құрметті меймандар Ақтоғай ауылына аялдап, жергілікті халықпен әңгімелесіп, арнайы ұйымдастырылған кешке қатысады. Бұл кездің куәгерлерінің бірі — сол уақыттағы жас маман, бүгінде елге танымал ҚР Мәдениет қайраткері Ермұрат Тілегенов. Оның айтуынша, мәдениет үйінде әйгілі композитор Әсет Бейсеуов көрерменге пианинода өзіне тән шеберлікпен бірнеше әндерін ойнап береді, сондай-ақ жерлестерімізге Қабекеңмен бірге жазған су жаңа «Туған қалам – Павлодарым!» әнін тарту етеді.

Жұбан Молдағалиев бастаған қонақтардың тағы бір аялдаған жері халық ақыны, әнші Естай Беркімбайұлының зираты болған екен. Ол туралы арнайы түсірілген суреттер «сөйлейді». Бұл суреттердің авторы – жергілікті ақын, майдангер Қимадиден Нығманов еді. Алматыдан келген ақындар Ақтоғай жолындағы Естайдың мазарына тәу етеді.

Әрине, Жұбан Молдағалиевтей, Сағи Жиенбаевтай асқақ тұлғалардың Кереку өңіріне келуі үлкен жаңалық еді. Әрі, бұған дейін Жұбағаң да, Әсет Бейсеуов те Баянауыл жерінде болып көрмеген екен. Олар көркем табиғат көріністерін, өңірге деген сүйспеншілікті тек Қабдыкәрім Ыдырысов пен Нұрғиса Тілендиевтің жазған «Баянауыл вальсі» әнінен ғана сезіп біліп, танып, көз алдарына елестетіп келген болса керек.

«…Көрдің бе сен Баянның шың-құздарын?

Кеудесінде ойнаған жұлдыздарын?

Көрдің бе сен…?

…Мен бұл өлеңді жазушы ағамыз, марқұм Зейін Шашкиннің туғанына 50 жыл толған тойына барғанда, салтанатты жиында шығып сөйлеген Баян жастарының заказы бойынша жазған едім. Бұл әннің де шырқала бастағанына он бес жыл болып қалыпты-ау!

— Көрдің бе сен?…

Жоқ, Жұбан да, Сағи да, Әсет те… бұрын Баянауыл жерінде болып көрмеген екен. Ең алғаш келе жатқан беттері бұл.

Екібастұздан қиялай қайқайған таспа жол Майқайыңды басып өтіп, Шөптікөл аталатын кен орнының тұсына таяндық. Анау көрінген айналайын Баян ғой! Сонша болмай белгілі ақын ағамыз Дихан Әбілевтің ата қонысы, туған жері Мойылтыға кеп қалдық. Сол жерде күндізгі сағат дәл он екіде бізді Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші секретары Қанат Болатұлы Даржұманов бастаған жергілікті жердің басшылары алдымыздан құшақ жайып қарсы алды», деп жазады бұл сапар туралы Қабдыкәрім ақын «Ауылымның аялы алақаны» атты естелігінде (1978 жыл).

Міне осылайша, Қабекеңнің мерейтойына келген құрметті меймандар біздің ұлылар туған Баянауыл өңірін алғаш көзбен көріп, құдіретіне бас иіп қайтады.

Айтқандай, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларымен болған кездесулерде халық ұмытылмас рухани кештердің куәсі болады. Ақындар жырларын оқып, оқырмандарына кітаптарын таратып, қолтаңбасын жазып қалдырады. Павлодар, Екібастұз, Баянауыл, Ақтоғай өңірлерінде бірнеше күн бойы қазақ поэзиясының алыптары халықтың мейіріміне бөленеді.  Бүгінде бұл сәттердің барлығы тарихқа айналған.

Жалпы, Қабдыкәрім Ыдырысовтың 50 жылдық мерейтойына орай Павлодар өңіріне Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев секілді қаламдастар мен Әсет Бейсеуовтей дарынды інісінің келуі тегін емес еді. Қабекең олардың барлығымен өмірде де, өнерде де (поэзияда) бірдей сыйласып, құрметтесіп өтті. Оған дәлел көптеген естелік дүниелер бар.

Мәселен, Жұбан Молдағалиев «Ақын жиырма бестері» атты, Қабекеңнің 50 жылдығына арналған мерейтойлық мақаласында былай деп жазған екен:

«Әңгіме Қабдыкәрім Ыдырысов туралы. «Әңгіме» дегенде оқырмандар қауымына бұл есімді пәлен деп таныстыру мақсатын көздеп отырғам жоқ. Гәп қаламдас дос туралы бірер ауыз жылы сөз айтудың орны келіп-ақ тұрғанында.

«Орны» дейтінім: ақын Қабдыкәрім Ыдырысов біз, жолдас-жоралары, өзімізше айтқанда, кәдімгі Қабес —
елу жасқа толып отыр.

Өз басым оның осы бір елеулі қырқаның басына қылаң етіп қайдан шыға келгеніне де, осы уақытқа дейін қалай шығып болғанына да қайранмын. «Қайдан шыға келді?» деп таңырқайтыным: ол бізге, өзінен біраз көйлекті бұрын тоздырған ағаларға, әлі де баяғы Естай әндеріне басып отырған бала жыршы қалпында көрінеді. «Қалай шығып болмағаны?» дейтінім: ол біздің әдеби шаруашылығымыздың барша саласына мидай араласып, өзімізбен қоян-қолтық жүргелі қашан! Әлгі Естай әндерін оның аузынан алғаш рет естігенімнің өзіне отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Қабдыкәрімнің мінез-құлқынан, тырнақалды жырларынан сол кезде-ақ естиярлықты аңғаруға болатын секілді еді.

«Елу — ердің жасы», «Ер жігіттің екі жиырма бесі бар» дейді қазақ нақылы. Халық қалт айтпайды. Және мұны сол қырқаға шығып үлгерген ағалар да бекер сөз демесе керек. Ал ақынның, атап айтсақ, бұл Қабдыкәрімнің тағы бір жиырма бесі, бастан озбас жастығы бар. Ол — поэзия.

…Әлбетте, елуге әркім-ақ келе береді. Бірақ, гәп ел танығандай еңбекпен келуде. Қабдыкәрім өз ғұмырының осынау белесіне татымды еңбегін тарта келіп отыр. Бұл еңбек — бейнетті де зейнетті поэзия томы, қара тірсек он үш жасар баланың маңдай терінен бастап республика жазушылар ұйымының секретарлығына, баспа директорлығына дейінгі, қалалық Советтің депутаты, облыстық партия комитетінің мүшесі сияқты қоғам-
дық қызметтер жолы. Сондықтан да Қабдыкәрім Ыдырысов бүгін қалың оқырман қауым және жолдас-жораларының алғысы мен құттықтауларына әбден лайық. Мен солардың бірі болып, оған қанатты жылдар сансыз қуаныш, ұзақ өмір тілеймін», деп жазған екен Жұбағаң.

Жазушылар одағында басшылық қызметте болған, қайсар ақын Жұбан Молдағалиев Қабдыкәрім Ыдырысовтың творчествосы туралы талдай келе: «Сүйіне де, күйіне де біледі. Мен ақынның бауыры жазық, еркін көсілген жырларын шын ықыласпен оқимын. Ойлы, образды жыр жолдары да есімде жүреді» деп ағынан жарылған.

Қабдыкәрім өзі де ғұмыр бойы Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сынды ақ-адал аға-замандастарын жоғары құрметтеп, айрықша сыйлай білді. Өзі де оларға еркелеп жүрді. Поэзия алабында олардан үлгі-өнеге алып, олармен бірге бәйгеде шапты.

Өз естелігінде Қабекеңнің былай деп жазғаны бар:

«Есіме ақын жолдастарымның туған жер, өскен ауылы жайындағы тебірене жырлаған өлең шумақтары түседі. Уау, алысқа бармай-ақ қасымда отырған, өзім ұстаз тұтатын Жұбағаң не деп еді:

Туған елді анам демей не дейін?

Туған елді панам демей не дейін?

Сол арқылы асқақ менің ән-жырым,

Сол арқылы биік менің мерейім!

Менің дәл қазір айтсам-ау деген асыл ойымды үлкен ақын бұрынырақ айтып қойыпты. Қап, деймін» («Ауылымның аялы алақаны»).

Өкінішке қарай, еліне еркелеп елуін тойлаған Қабекең осы сапарынан кейін бірер ай өтер-өтпесте Алматыда дүние салды. Ұлылар жатқан Кеңсай зиратынан мәңгілік жай тапты. Бүгінде бұл кездесулер туралы естеліктер – ұмытылмас тарих, айрықша ыстық күндерден қалған өшпес іздер іспетті.

Нұрбол Жайықбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.