Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар ешқашан ұмытылмақ емес. Ашаршылық және қуғын-сүргін жылдар тарихы хақында екі жинақ жарық көрді. Солардың бірі — «Павлодар Ертіс өңіріндегі поляктар мен поляк азаматтары. 1930-1950 жж.», екіншісі — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдар жинағы.

 

Кітапхана қорын толықтырды

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қоры «Павлодар Ертіс өңіріндегі поляктар мен поляк азаматтары. 1930-1950 жж.» деп аталатын  жаңа тарихи жинақпен  толықты. Енді кітапхана оқырмандары, соның ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбы туралы мәлімет іздеген зерттеушілер қажетті материалдарды архив ақтармай-ақ осы кітапханадан таба алады.

«Павлодар Ертіс өңіріндегі поляктар мен поляк азаматтары. 1930-1950 жж.» атты құжаттар мен материалдар жиынтығының құрастырушысы — облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Надежда Кубик. Кітаптың алғысөзін тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабулдинов жазған. Ал редакция алқасының құрамында З.Қабулдинов, Ш.Тілеубаев, А.Құдайбергенова, А.Капаева, М.Қозыбаева сынды танымал тарихшы ғалымдар бар. Архив қызметкерлері аталған жаңа жинақтың 40 данасын облыстық кітапхана қорына табыс етті.

Автордың сөзінше, аталған құнды деректер жинағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында басылып шыққан. Жаңа жинаққа бірнеше архив мекемесінен алынған құнды деректер мен құжаттар топтас-тырылыпты. Атап айтқанда, ҚР Президенті архивінен, орталық мемлекеттік архивінен, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен, Ресей Мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінен, Алматы облыстық мемлекеттік архивінен, Павлодар облысы мемлекеттік архивінің Тереңкөл аудандық бөлімінен табылған тарихи құжаттар мен басқа да құнды тарихи деректер негізінде дайындалған. Жинаққа енген құжаттарда 1930-1950 жылдары Павлодар облысының аумағында болған поляктар мен поляк азаматтары туралы тарихи мәліметтер көп. Сонымен қатар, қазақ даласына жер аударылған поляк ұлты туралы ғана емес, кеңестік кезеңдегі Қазақстан  тарихы жайлы да құнды мәліметтер табуға болады.

— Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандары әлі күнге дейін толық ақтала қойған жоқ. Сондықтан архив материалдарын осылай топтап, жалпы оқырман қауым үшін қолжетімді болсын деген ниетпен басып шығардық. Құжаттарда поляк азаматтарын қабылдау және орналастыру, оларға жергілікті атқарушы органдар мен шетелдік қайырымдылық ұйымдарының материалдық көмек көрсетуі туралы айтылған. Одан бөлек жер аударылғандарға қандай құқықтық көмек берілгені де жазылған. Ол кезде Павлодар облысында поляк елшілігінің өкілдері, поляк патриоттары одағы жұмыс істеген. Міне, осы ұйымдардың поляктардың мәдениеті мен салтын сақтау, балаларға сапалы білім беру бағытында тұрақты жұмыс жүргізген.  Жалпы, өз туған елдерінен алыстаған поляктар мұнда да түрлі қиындықтарға тап болды. Дегенмен, жергілікті халықтың қолдау-көмегінің және қамқорлығының арқасында сіңісіп кетті. Міне,  жаңа жинаққа осы және өзге де тарихи оқиғалардың хроникасы берілген, — дейді Надежда Кубик.

 

Архив деректері топтастырылды

Павлодар облысының мемле-кеттік архивінің кітапханасына саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдар жаңғырығы суреттелген құнды еңбектер келді. Ол — «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» деп аталатын көп томдық жинақ. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметі барысында дайындалған монографиялар мен құжаттар жинағы топтасқан. Нақтырақ айтқанда, 1920-1950 жылдары аралығында қазақ даласында болған тарихи оқиғалар, мемлекеттік реформалар негізінде жүзеге асырылған шешімдер ықшамдалып келтірілген. Бұл күштеп ұжымдастыру, мәжбүрлеп қоныстандыру және басқа да саяси науқандар жөніндегі мемлекеттік актілер мен құжаттар. Оның ішінде Павлодар облысының мемлекеттік архивінен табылған құнды мәліметтер де бар. Себебі, облыстық архив Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен тығыз ғылыми және шығармашылық ынтымақтастықта болып, көптеген материалдарды жарыққа шығарды.

Еске сала кету керек, 2020 жылдың соңына қарай Мемлекет басшысының жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Комиссия ХХ ғасырдың 20-50- жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізді. Комиссия ең алдымен зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Осы комиссия жұмысының күшінің арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия жалпы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді.

Тілеуберді САХАБА