«Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын».
М.Шаханов.
Мен ата-анамды сағынамын. Мен ата-анамды аяладым. Ата-анаға деген сағыныш. Әкеңнің маңдайыңнан иіскегені, ананың мейірімді құшағы. Алаңсыз балалығымды, еркін өскен жастығымды. Олар менің балалығымды аяласа, мен оларды балалық өмірден бастап ақырғы демдері біткенше аяладым.
Әке ақысын өтеу — ертеңгі күні сұралатын үлкен парыз. Әкені сыйламау — үлкен күнә. Әкем «Елдің бетіне тура қарайтындай өмір сүріңдер. Шындықты бүркемесіз айтсаң, дауысың нанымды шығады, тыңдаушыға да әсерлі болады» дейтін. Әкемнің иманы — жүрегінде, шындығы — тірлігінде, тілеуі — ұрпағының амандығы, ұстанымы — бейбітшілік. Сол себепті де бейбітшілік қорына жыл сайын бір айлық зейнетақысын аударатын. Елдің бірлігімен әділ басшы бола білді.
Менің әкем Жармакин Қайкен (1905-1995 ж). Ұлы Отан соғысы жылдары еңбекшілер депутаттары Кагонович аудандық Советі атқару комитетінің тұңғыш председателі болып қызмет атқарды. (1939 ж. шілде айынан 1943 ж. қараша айына дейін).
Ол кісі әулиелі Ақкөл-Жайылма өңірінде дүниеге келген. ХХ ғасырдың қазақ ауылындағы өмірдің бар ыстық-суығына бірдей төзген, шыңдалған, жақсы мен жаманды ажырата білген. Ақкөл жеріне жаңа үкімет келгенде әкемді 8-ауылдың халқы 1928 жылы жергілікті Советтің председательдігіне сайлады. Содан бастап әр ауданда басшылық қызметте болды. Әкем республика, облыс аудан бойынша жарияланған барлық халықтық акцияларды, қоғамдық қорларды ұйымдастыруға, оларға қатысуға қызмет бабында да, азамат ретінде де белсене атсалысты.
1941-1945 жылдары тылдағы бүкіл совет халқы соғыстың сталиндік қатаң режимінде өмір кешті, ешкімге аяушылық жасалған жоқ, мыңдаған, миллиондаған бейбіт халық түрмеде, концлагерьде ажал құшты, бостандықта жүргендер соғыстағыдай күндіз-түні еңбек тәртібін бұзбай жұмыс істеді. Солардың бірі менің әкем еді. Өзіне жүктелген мемлекеттік қызметті де, халықтың алдындағы азаматтық борышын да адал атқаруға тырысты. Әкемді сол кезде көрген қариялардың айтуына қарағанда, ол кісі қарапайым, елгезек, ақкөңіл болған екен. Жұмыс жүрмей жатқан колхозға шөп шабу науқанында бара қалса, қолшалғыны ала сап, шалдардың қатарына тұра қалып шөп шабады екен. «Ал, әне райисполкомның өзі келіп, шөп шауып жатыр» деп ауылдың тайлы-таяғы қалмай түгел жиналып, колхоздың осы күнгі жұмысын бітіріп тастайды екен. Қызмет бабында әскер семьясына, жетім-жесірлерге, тұрмысы нашар отбасыларға көмектесуді парызы деп санаған. Сондықтан ел арасында «Қайкен осылай айтушы еді, бұл мәселені бұлай шешуші еді» деген аңызға бергісіз әңгімелер де талай тараған. Бертінде де ұн сұрап келгенге анама айтып ұн бергізетін, пеш салатын қызыл кірпішті Биғайша деген әже сұрап келгенде соны бере салды. Өзіміз кейін қызыл кірпішті қайта сатып алдық. Қой сұрағанға қой беретін. Студенттерге зейнетақысынан ақша беретін.
Талай қызметтес достары Қабашев Оразбай, Насуханов Дүйсен, Ысқақов Сейдахмет, Жаңатаев Жақия, Раздықов Әшім, Святов Аманжол, Омаров Ақылбек, т.б зиялы азаматтар, заманының белді тұлғалары болған аяулы аталарымыз туралы сыр шертіп, олардың сол тар замандағы жайсаңдығын, адалдығын ерекше риза сезіммен сөз ететін. 1995 жылы әкемді соңғы сапарға шығарып тұрып қаралы қазаға жиылған халық алдында сойлеген сөзінде Омаров Ақылбек аға «Мына Олжабайдай білімі болса Қайкен ағам Президент болушы еді» деген сөзі көп дүниені білдіретіні хақ. Осы сөзімнің дәлелі ретінде ақтоғайлық ақын Қайрат Қайшеновтің «Ардагері ауылдың» атты өлең жолдарын келтіремін:
Нашарды жақсылыққа теңелтеді,
Шежіре әңгімеге кенелтеді.
Жыл сайын екі-үш айлық пенсиясын,
Бейбітшілік қорына жөнелтеді.
Қазіргі біле білмес оны жастар,
Ағасын — ақ сақалды таудай асқар.
Кешегі сұм соғыстың кезеңінде,
Халқымыз деген оған тылды басқар.
Белгілі техника жоқ тұрған дайын,
Білетін Қайкен аға шаруа жайын.
Кемпір-шал, бала-шаға еңбегімен,
Жеңісті жақындатқан күн-күн сайын.
Отанға еткен еңбек жарты ғасыр,
Жақсының жақсылығын деген асыр.
Үлгі алар ақсақалдан ұрпақтары,
Тағынғандай тұмар ғып сөзін асыл.
Менің кітапханашы болуыма әкемнің рухани қазына байлығы себеп болды. Ол қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін, қазақ әдебиеті классиктері, Абайдың өлеңдерін, әсіресе қара сөздерін, Ілиястің, Исаның поэмаларынан үзінділерді жатқа білетін.
Алматыда оқып жүргенде Толқын апам әдеби шығармаларды, оның ішінде «Манас» батырлар жырын сатып әкелетін. Мен және бауырларым Үміт, Мұратхан, Болатхан оқитынбыз. Көбіне мен дауыс-
тап оқитынмын. Мұса Жәлелдің «Еркіндік» туралы өлеңін оқығанда анамда бір күрсініс болатын. Мұса Жәлел «Моабит» түрмесінде жазған еді. Екібастұздың қалалық газеті «Отарқада», 2013 жылдың 20 маусымы №25 санында жарияланған жерлесіміз, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың «Өзіңдей боп жан тумас» толғауында былай деп жазылған:
«Бұл өлеңді мен Павлодар облысының қазіргі Ақтоғай ауданының «Спартак» совхозында тұратын зейнеткер, оты-зыншы жылдары Естайдың қасына еріп жүрген аса қадірменді ақсақал Қайкен Жармакиннің аузынан жазып алдым». Әкем жатқа айтқан Естайдың туған елімен қоштасып, Сибкрай асып бара жатқанда шығарған ұзақ толғауынан үш-төрт ауыз үзінді келтірейін.
«Туған жер, Талдықамыс, Жаудыркөлім,
Шау тартып алпыс жасқа келген кезім.
Ерігіп елді кезген қу белсенді,
Сипаттап жазып кеттім мінездерін.
Кәкіктің белсенділері елді шауып,
Отыз бір өмір үшін болдық қауіп.
Азат боп азық-түлік, малдан тағы,
Барамын Сепкрайға елден ауып.
Сарқопа, сен аман бол, Қаражармен,
Дәм бітіп кетіп барам туған елден.
Қол шана көлік болды ат орнына,
Бар ма еді үш ұйықтасам түсіме енген.
Артымда сен де аман бол, Жетікөлім,
Амалсыз ажырады қалың елім.
Келуге қайта айналып тілектес бол,
Кір жуып, кіндік кескен туған жерім».
Асыл аға Рамазан Тоқтаров әкемнің
үйінде үш күн қонып, біршама естеліктерді жазып алды.
Қыстың күні болатын. Залда үстіне қара тонын жауып алып көп дүниелерді қағаз бетіне түсірді. Анам Дәметкен табақтап соғымнын етін асып, асқа шақырғанда қолын жуып отыратын, бәріміз бірге дәмді етті жеп, құрт қосқан сорпаны ішіп, одан кейін шайды біз жасаймыз, ауылда керемет отырыс болды. Аға жазу столында отырғанда біз кірмейміз, бөгет жасамайтынбыз. Одан кейін Естай атаның тойы Коминтернде болды. Жаз айында мен де бардым. Рамазан ағамен амандасып, қыста жазылған естелік туралы сұрадым. Қарындасым Дана мен «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жаздым, — деді. Ағаны соңғы рет көруім.
Мен мақаламның басын сағыныш туралы бастап едім, енді әкемнің еліне деген сағынышын өлеңмен өрнектегенін Ақкөл-Жайылма еліне жеткізу — менің балалық парызым. Өкінішке қарай, әкемнің құжаттарының арасынан мына өлеңнің соңын ғана таптым.
Жыр соңы.
Сарыарқа, осы Ақкөл туған жерім,
Жасымда еңбек жасап жүрген едім.
Атамыз көпке әйгілі бата берген,
Шүкіршілік, сол бабалар тәлімгерім.
Есен бол, берекелі туған жерім,
Алда мешін — жетінші мүшел жылым.
Жас ұрпақтар жасасын бақытты өмір,
Ақкөлдің зиратына бас иемін.
Атамекен, Ақкөлім, ардақты елсің,
Шөбің шүйгін, суың бал, құтты жерсің.
Жүлде алып, маңдай тері еңбеккердің,
Табыстарың жыл сайын арта берсін!
Мақаламды ақиық ақын М.Мақатаев-
тың мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел мен ер намысын,
Тірі тұрса қолынан бермейтұғын.
Бізге ақ батаңды беріп «Ұрпақ-тарым аман болсын» деуші едің.
Ұрпағың барда, әке, сен мәңгілік барсың.
Дана Жармакина,
Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы,
ҚР Құрметті кітапханашысы.