Photo Valeriy BUGAYEV

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Мен Исамен бір дәуірде өмір сүргенімді мақтан етемін. Мұның ісі арқылы қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді» деген. Иә, қазақтың ақындығы мен актерлік, әншілігі мен композиторлығы секілді сан өнерін бойына сіңірген теңдессіз дара талант иесі туралы таңдана, тамсана айтқандар көп…

Бұрын Иса Байзақовпен айтысуға көп ақынның жүрегі дауаламайды екен. Жалпы, оның ақындығын өз заманының тұлғалары да айрықша жоғары бағалаған. Өз заманында Исамен бетпе-бет келетін ақын болмаған. Осының бәрін көзімен көрген Ғарифолла Құрманғалиев: «Әміредей әнші, Исадай ақын жоқ» деп кесіп айтқан.

1943 жылы, Алматыда респуб-ликалық ақындар айтысы өтеді. Сол айтысқа Иса қасақана қатыс-тырылмайды. Тіпті кей ақындар бұл айтысқа Иса қатыспасын деп  шарт қойған деседі. Себебі, ол кезде қазақта Исаға қарсы шыға алатын бірде бір ақын жоқ еді. Онымен сөз таластыру, жеңу тіпті мүмкін емес еді дейді. Былайша айтқанда — Иса қарсыласын бірден түтіп «жеп» қояды екен. Алайда бұл айтыста да жолындағ ылардың бәрін бұзып-жарып, сахнаға шығып кеткен Иса ақын сұрапыл жырларын табан астында суырып салып, нөсерлете төккенде оның ақындық шабытына тәнті болып, есі шыққан халық қиқулап Исаны қолдап кеткен. Сөйтіп қазылар Исаға еріксіз бас бәйгені берген деседі. Сондай мінезді әрі қызуқанды адам екен. Жамбылдың алдын көрген Саяділ Керімбеков деген мықты ақын болған, Исамен бір заманда өмір сүрген. Сол кісінің өзі: «Мен Исаның алдында өлең бастап, онымен айтысуға батылым бармады» деп мойындаған. Торғайлық тағы бір дүлдүл ақын Нұрхан Ахметбеков болса:

Исаның ақындығы менен басым,

Екпіні құлатқандай таудың тасын, — деп замандасының ақындығын табиғат-
тың дауылына теңейді.

Қазақтың алыбы Қажымұқан бір сөзінде: «Қасымда Иса мен Әміре болса, шіркін! Маған одан артық дүниенің керегі жоқ» деген екен. Себебі, Қажымұқан, Иса, Әміре үшеуі — қысқа ғұмырда бір бірінің қадіріне жеткен тұлғалар. Елубай Өмірзақов бір естелігінде: «Исамен талайлар айтысты, бірақ біреуі де онымен тең түсе алмады» дейді. Тіпті, ол кездегі ақындарға онымен айтысып жеңуді былай қойып, тең түсудің өзі арман болған ғой. Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов болса, «Мен өлгенде Исаның жанына жерлеңдер, бірақ әдебиетте менің атым одан кейін тұрсын» деген өсиет қалдырған. Бірақ, ақынның ол аманаты орындалмады, Иса іздеусіз қалды. Ақынның жас кезінде ел оны Үкілі Ыбыраймен айтыстырмақшы болады.

Сонда: «Мен ұстазым Құдайберген Әлсейітовпен айтысып, жеңген адаммен сөз сайыстырмаймын» деп жолын берген. Риза болған Үкілі Ыбырай Исаға батасын беріп, бауырына басады. Бұл оқиғаны Сәбит Мұқанов өз көзімен көріп, жазып қалдырған. Ел ішінде «Иса айтқан екен» деген әңгіме көп. Оның көбін белгілі ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек құрастырып кеткен.

Тоғыз жасар Иса Байзақовқа бірде апасы Зылиқа әзілдеп:

– Басыңда жұлма-жұлма  ескі бөрік,

Ағаш та астыңдағы жансыз көлік.

Өн бойың құс түткендей, түрің мынау,

Қақсадың тумай жатып шешең өліп, – дейді.

Сонда бала Иса табан астында:

– Кекілін кер бестінің түймедім бе,

Тал шыбық бұрайын деп имедім бе.

Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді істеп берген кимедім бе?! – деген екен.

Ал кейінгі уақытта Исаның ғұмырнамасын, шығармашылық жолын зерттегендердің бірі — дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай.  Зерттеушінің айтуынша, Иса Байзақов — мемлекет мүддесін өз мүддесінен биік қойған адам. Мысалы, соғыс кезінде ел аралап, өнер көрсетіп 1 миллиондай қаржы тауып, оны майдан қорына аударған. Сөйте тұра, шешелері 1937 жылы қайтыс болғаннан кейін екі баласы Алматыдағы интернатта аш-жалаңаш өсіпті. Ал өзі Мойынқұм сапарынан кейін ұзақ ауырып, 1946 жылдың 3 қыркүйегінде өкпе ауруынан ауруханада қайтыс болды. Марқұмның денесін алып кетуге Қасым Аманжолов, Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов, т.б. достары барған. Сонда жастығының астынан 15 сом ғана тауып алған. Одан басқа жиған дәулеті, байлығы болмапты. Міне, ел қамын жеке басынан жоғары қойғандығының бір белгісі.

Әзірлеген — Тілеуберді САХАБА.