Сағидолла Смағұлов 1907 жылы Май ауданы Жаңатілек ауылында туған. 16 жасынан жұмысқа араласып, 1928 жылы ауыл кеңесінің хатшысы болып сайланды.

Партия жолдамасымен 1931 жылы Шөптікөл-Қарақала жұмысшылар комитеті төрағасы қызметін атқарды. 1933-1940 жылдары Май ауданындағы Белогорье ауылында, Ермакта есепші, инспектор қызметін атқарды. Сағидолла Смағұлұлы 1941 жылы шілде айының басында соғысқа аттанды. Финляндия жерінде, Ленинград, Волхов майдандарында соғысты. 1074 атқыштар полкінің бөлімше командирі болған ол соғыста үш мәрте жараланды. 1942 жылдың қыркүйек айында Ленинград майданы 314-інші жаяу әскер полкі құрамында ауыр жарақат алады. Соғыста алған жарақаты салдарынан елге оралады.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін талай марапатты кеудесіне таққан. «Қызыл жұлдыз» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдары соғыстағы еңбегі үшін», «Әскери қызметі» үшін медальдарымен мара-патталған. Сағидолла Смағұлов Май, Ақсу аудандарында қызмет жасады. 1961-1964 жылдары Май ауданындағы Қызыл Құрама совхозында кадр бөлімі басшысы, экономист болды. 1965 жылы зейнетке шығып, Еңбек ардагері медалімен марапатталды.

Атам Балтабай мен Сағидолла ата өте жақсы араласты. Біздің үйде қонақта болғанда домбырамен Естай мен Біржанның әндерін тамаша орындайтын. Ол кісінің сөйлегені, киім кигені өте көркем еді. Далафруз апам Сағидолла атаның кеседе қалған сарқытын маған ішкізетін. Мүнауира анамыз Сағидолла атамызбен 62 жыл өмір кешті. Анамыз соғыс кезінде Шыған балық артелінде аянбай еңбек етті. Мехраш, Әсия, Серік, Әлия, Жамбыл сынды ұрпақтарын өрбіткен Сағидолла атамыз 87 жасында өмірден озды. Ал анамыз Мүнауира 97 жасында қайтыс болды.

 

Қанат ШАЙҒАЗИН, ҚР Журналистер одағының мүшесі.