Мінезі көпке үлгі еді

Ақп 20, 2025

Ертіс-Баян жұртына есімі етене таныс азаматтардың бірі Идият Әбдіхалықұлы еді. Ағайынға сыйлы, айналасына қамқор, ағалыққа бекем, інілікке жараған бұл азамат әр салада ұзақ жыл лауазымды қызмет атқарып, еліне адал еңбек етті. Биыл Идият ағаның бұл фәниден бақиға озғанына осы ақпан айында бір жыл болады.

Идият Бекболатұлы 1951 жылдың 8 қыркүйегінде Ақтоғай ауданы (бұрынғы Краснокутск ауданы) Харьковка ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1968 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Семей зооветеринарлық институтына түсіп, оны 1973 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын жас маман ретінде Краснокутск ауданының Спартак совхозы бөлімшесінде зоотехник болып бастаған. «Животноводство – ударное дело молодежи» жастар қозғалысын қолдай отырып, бөлімшеде мал шаруашылығында екі комсомолдық жастар ұжымын құрды. Бұл жергілікті жастарды ауыл шаруашылығының осы жауапты саласына тартуға, ұжымның өндірістік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берген болатын.

Ұйымдастырушылық және жастармен жұмыс істей білу қабілетін ескерген басшылық 1974 жылдың қарашасында Павлодар облыстық партия комитетінің аппаратына ауыл жастары бойынша инструктор ретінде қызметке шақырды. 1976 жылдың шілде айында Май аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осы кезеңде Семей облысындағы Шұбартау жастарынан «Қой шаруашылығы комсомолдың басты ісі» бастамасы қолдау тапты. Облыста 500-ден астам комсомолдық жастар ұжымы еңбек етіп, нәтижелі жұмыс істеді. 1981 жылдың қазан айынан 1992 жылдың сәуіріне дейін Май ауданы партия комитетінің хатшысы, кейін бірінші хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Май ауданы мал шаруашылығы бойынша ірі аудандардың бірі болғандықтан саланы жүргізудің озық әдістерін енгізуге ерекше көңіл бөлді.

1992-1999 жылға дейін Павлодар облыстық депутаттар кеңесінің Іс басқарушысы және Павлодар облыстық мәслихатының ревизиялық комиссиясының төрағасы болып жұмыс істеді.

1999-2007 жылдары көші-қон және демография басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. Осы кезеңде облысқа Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден 19 мыңнан астам қандас қабылданды.

2008-2011 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Аталған кезеңде облыста этносаралық және конфессия-аралық келісімді қамтамасыз ету бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Облыс басшылығының тапсырмасымен ол елімізде алғашқылардың бірі болып Достық үйінің салынуына және пайдалануға берілуіне үлес қосты. 2008 жылдың 30 қыркүйегінде Мемлекет басшысының қолынан оның символикалық кілтін алды. 2011 жылдың наурызынан бастап «Павлодартелерадио» кешенінің директоры болып жұмыс істесе, 2022 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды.

Идият аға өзінің замандастары арасында сыйлы, аға-бауырларына ақылшы болды. Ол кісі қандай жұмыс істесе де, қандай шешім шығарса да жеті өлшеп, бір кесетін сабырлы әрі табандылығы да көпке үлгі еді. Соның арқасында болса керек, барған қызметтерін абыроймен атқарып, аз уақытта үлкен жетістік, жоғары нәтижеге қол жеткізетін. Идият ағаның бозбала шағынан бірге өскен замандас достарының бірі — қоғам қайраткері Әбілхақ Түгелбаев. Осы мақаланы жазу барысында Әбілхақ ағамен де хабарласып, досы туралы есте-ліктерін тыңдадық.

— Адам баласы достық сөзінің мән-мағынасына көп мән бере бермейді. Адамда дос болады, жолдас болады, сапарлас адам болады. Бірақ, өмірлік достың сыры мен сипаты бөлек. Мен үшін өмірлік дос, сенімді серік болған азаматтың бірі — Идият Әбдіхалықов. Ол өзі жаратылысы бір бөлек адам. Біздің ортада қызметке ілінген азаматтардың ең жасы сол еді. Бірақ, өзінің бұл жетістігіне мастанған жоқ. Әрдайым өзін бір қалыпта ғана ұстап, ғұмырының соңына дейін солай өтті, — деп досының  азаматтық түр-тұлғасын, адами қасиетін осылай сипаттап өтті. Сонымен қатар, алғашқы таныстығы мен ұзақ жылғы достықтарының қалай басталғанына да тоқталып, осыдан алпыс жыл бұрын болған оқиғаларды сағынышпен, тебіреніспен еске алды.

— Біздің таныстығымыз, достығымыз өте ерте, бала кезімізден басталды. Идият кішірек кезінде жаз уақытында біздің ауылға — Қараобаға жиі келетін. Сол кезден басталған таныстығымыз өмірлік достыққа айналды. Сол Қараобаға жақын Қарасу деген жерде өзенге шомылатын едік. Бұл шамамен 1950 жылдардың аяғы болатын. Одан кейін Семейдің ауыл шаруашылығы институтында бірге оқыдық, ол менен бір-екі курс төмен болды. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін әр жерде түрлі қызмет атқарып жүрсек те арамыз алыстаған жоқ. Күні кешеге дейін отбасымызбен араласып, балаларымыздың қызық-қуаныш тойларын бірге өткізіп келдік. Ол менен бір-екі жас кіші еді, бірақ мен оның ақылы мен кеңесіне көп құлақ түретін едім, — деді Әбілхақ ағамыз.

Идият Бекболатұлы өмірінің соңына дейін шаршамай, талмай атқарған еңбегінің арқасында көптеген жоғары марапаттарға ұсынылды. Атап айтсақ, «Халықтар достығы» орденімен (1986 ж.), Қазақстан КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1977 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Аста-наның 10 жылдығы» сияқты мерейтойлық медальдармен, «Құрмет» орденімен (2022 ж.) марапатталған. Сонымен қатар, Павлодар облысының, Ақтоғай және Май аудандарының Құрметті азаматы атағы да берілді. Одан бөлек кейінгі жылдары Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ағамыз өзіне жүктелген міндетті сапалы орындау жолында бар күш-жігерін, қарым-қабілетін салатын дейді замандастары. Ол әріптестері арасында құрметті де беделді болды. Сондай-ақ, адал жар, өнегелі әке ретінде жұбайы Нұржиянмен бірге үш бала өсіріп, олардан 7 немере көрді.

Тілеуберді САХАБА.