ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қилы деңгейдегі дүрбелең және түрлі-түрлі күреске толы тарихи кезең болды. Әйтсе де ел басына түскен небір зұлматтардың ішінде орны толмас өкініш, азалы да, қаралы кезең, қасіретті кезең 1928-1933 жылдардағы ашаршылық нәубеті бәрінен де асып түскені сөзсіз. Бұл — жеке адамның немесе отбасының емес, бүкіл халықтың басына келген қасірет.

 

Әсіресе, 1921-1922 жылдары және 1928-1933 жылдары қазақ халқының 3 миллион 700 мыңы қырылып қалды. Бұл — барып тұрған геноцид. Өзгеге  жамандық ойламайтын, бауырмал, қонақжайлы момын халықтың тең жартысын қырып салды. Әлем тарихы болсын, өзіміз болайық осы трагедияны ұғуға, қайта баға беруге, қазақтың қай күнәсі үшін төрт миллионға жуығы аштықтан өлгені туралы сұрау салу керек.

Аштық туралы тоталитарлық режим тұсында шындықты айтуға расында тыйым салынды. Сталиндік «БК (б)П тарихының қысқаша курсынан» қалған мұра ретінде оқулықтар мен тарихи еңбектерде бұл қасіретті «асыра сілтеу», «колхоз құрылысындағы партия жолын бұрмалаушылық» деп атап келді. Әйтсе де тағдыры тәлкекке түсіп, сұмдықтың бәрін өз басынан өткеріп, аз да болса тірі қалғандардың өзі арамызда жоқтың қасы, бірақ бұл туралы естелік, халық санасында берік ұялап қалғаны айқын-ды. Ал енді қазақ сахарасына осы қырғын қалай келді?

Большевиктер көсемдерінің санасында және олардың жазған құпия хаттарында: «Орта Азиядағы көшпенділердің «қазақтардың) алдағы уақытта болашағы жоқ халық, олар — бара-бара жойылатын халық» деген пікірлері болғаны бүгінгі күні шындыққа айналып отыр.

Бала кезімізде ашаршылық жайлы әңгімелерді жиі еститін едік. Құлағымызға сол кезден сіңген тақырып маза бермейтін. Бірақ ол жөнінде еш жерде жазылмаған, не тарихымызда да жоқ. Сонда бұл өтірік пе, жоқ әлде шын ба?

Қызыл империяның идеологиясы ашаршылық жөнінде ауыз аштырмады емес пе? Тәуелсіздігімізді алғанның өзінде де біршама уақыттан соң ғана ашаршылық жөнінде шындық айтыла бастады. Шүкіршілік.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында немістер жаппай өз Отанына – Германияға кеткендердің ішінде сексенге келген бір ақсақалы ол жерді жерсінбей қайтып келеді. Германиядан Қазақстандағы өзі өсіп-өнген ауылын сағынып, қазақ досына жазған хатын оқысаң, көзіңе жас келеді. Онда былай дейді: «Осы жасқа келсем де, қазақтай халықты көрген жоқпын. Поволжьеден Қазақстанға аш-жалаңаш қоныс аударғанда, бізді қазақтар өз баласындай қарсы алды. Бір үзім нанды бөлісіп жедік. Аштықты көрген қазақ өте бауырмал келеді екен. Қазақтар бізді аштықтан арашалап қалды. Қазақтар болмаса мен осы жасқа жетер ме едім?..Осынша үрім-бұтақ сүйер ме едім?.. Мен ылғи да балаларыма, немерелеріме, шөберелеріме айтып жүрем: «Қазақты көрсеңдер, орындарыңнан атып тұрып құрмет көрсетіңдер. Әлемде мұндай кең пейіл, аңқылдаған қонақжай халық жоқ» деймін балаларыма. Барша қазақ бауырларыма, достарыма мың алғыс айтамын. Осындағы өз ұлтым немістерден қазағымды жоғары қоямын, маған сендер жақынсыңдар!»

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ұғымын, салт–дәстүрін, үйреншікті тірлік тасталқан қылып, жерінен, малынан айырып, ошағын ортасына түсіріп, шаңырақтарына жай түсіп, еркектерін атып, асып, абақтыға тығып, «итжеккенге» айдап большевиктерден шыққан көсемдері қазақ халқын қара жерде болып көрмеген азапты аштыққа ұрындырды. Құр сүлдер-лері қалған, қарны қампиып, көздері үңірейіп ішіне кіріп кеткен, жақ сүйектері одырайған адамдарды көргенде, қай ана зарламайды, қай еркек жұдырығын түйіп жұлқынбайды, қандай ғана жүрек бұл зорлыққа шыдай алмақ? Бұндай тірліктің жанында өлімнің өзі артық көрінер. Бірақ өлімге өз бетімен бас тігіп барған ешкім жоқ. Жан адамның қолында емес, Алланың қолында. Қазақ даласында адам өмірі шыбын құрлы болмады-ау!

Қайран қазақ елі, не көрмедің!..

 

Рәшит Бектеміров, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.