«Байболат аға өмірден өтіпті» деген суық сөзді естігенде жүрегім дір етті. Бір жыл бұрын күйеу баласы Мұратбектің үйінде дәмдес болып едік. Екібастұзға келген сайын, әңгіме ішінде болуымды қалай ма, әйтеуір шақыртып алатын-ды.

Сол жолы қарындасы Әлима қонақтарды құрақ ұшып күтіп, ас желінген соң, Байболат аға мені оңашалап, екеуара біраз әңгімелестік. Кең маңдайы жарқырап, көтеріңкі көңіл-күйде, әдеттегідей баяу сөйлей отыра, «Өмір өтіп барады емес пе. «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді» деген ғой, біреулер соңыма шам алып түсіп, қиянат көрдім, әйтсе де сағым сынған емес. Ел-жұрт ақ-қарасын білсін деген оймен қолыма қалам алғалы отырмын. Кітап етіп бастырудың жайын кеңесейікші» деп іште шер жатқанын білдірген-ді. Иә, қиянат көру, әділдікке жете алмау адам жанын жегідей жеп, іштей мүжиді. «Күшік асырадым, ит болып өзімді қапты» деп хакім Абай да күйзеліп еді-ау. Асыл азамат Байболат Әубәкіров жайлы естелікті осындай мұңлы әуезбен бастаймын деп ойлаппын ба?! Алайда сол жолы арамызда
болған әңгіме – ақиқат, ал ақиқатты жасырып қалу – аруаққа қиянат жасау. Хош. Енді көңілдегі кірбіңді ысырып, жер үстінде жарқын із қалдырған қайратты һәм қайраткер ағамыздың  болмыс-бітімі, шыққан биігі, жадымызда қалған сөзі мен ісі туралы әңгіме қозғайық. Көңіл парағын ақтарсам, сый-
ласа білген Байболат аға жайлы көзі тірісінде үш мақала жазып, бір арнау өлең шығарыппын. Ертеректе жазылған «Әні арқылы таныстым» атты мақаламнан үзінді келтірейін: «2005 жылы Байболат ағамыз ердің жасы – елуге толды. Қалыптасқан дәстүрмен Астана қаласында мерейтойын жасады. Тойдың қонағы болуға дәм жазбады. Қызмет бабымен шыға алмаған соң, ағамызға арнап жазған шашу өлеңді тойға аттанған қонақтар- дан беріп жібердім. Келер жылы Байболат аға Екібастұзға қыдырып келді. Інісінің үйінде қонақ болып отыр едік, Байболат аға күлімсірей қарап:

– Жассерік, маған арнап шығарған өлеңіңе риза болдым. Тойда Ласкер ағаң майын тамызып оқып берді. Әйтсе де, автордың өзі оқыса, жөні бөлек қой, – деп қолқа салды. Күтпеген жайт, қысылып қалдым. Өлең жазғанмен, ешқайсысын жатқа білмеуші едім. Әдеттегідей Жақан ағаның жұбайы Жаңыл тәте құтқарды.

– Осы үйде сол өлеңнің көшір-месі сақтаулы. Қазір әкеліп берейін, – деп лып етті. Он шақты шумақ өлеңді оқып болғанымда, Байболат ағам тағы бір әрекетімен таңдандырды.

– Бауырым, сен әлгінде зағип деген сөзді бөгде сөзбен ауыстырып жібердің ғой. Сірә, менің көңіліме келеді деп ойладың-ау. Рас, жігіт шағымда жанарымнан айырылғанда жан дүнием оған көнгісі келмей, өзімді өзгелерден қор сезініп, әлсіздік білдірген кездерім болды. Кейін тағдырдың жазуына тастай бекіп, өзімді өзім қайрап, он екі мүшесі сау адамдай серпіліп, алдыма үлкен мақсаттар қойдым. Сол мақсаттарыма жеттім де. Зағиптықтан қорлануға, арлануға болмайды. Алла адамды рухани зағиптықтан, жігерсіздіктен сақтасын, – деді де, Байболат аға сабырлы қалыппен дастархан басындағы жайдары әңгімені жалғастырып кетті…».

Сол жолы «Япырмау, жады мықты адам екен» деп таңқалғаным рас. Сөзге арқау болған өлең шумағы мынау:

– Бір бойында сан қасиет тоғысқан,

От жүрегі қуат алған ғарыштан.

Академик, композитор әрі ақын,

Табылмайды бұл ғаламнан зағип жан.

Айтпақшы, Байболат аға мен елу жасқа толғанда қарымта өлең жазып, ағалық ілтипат көрсетті. Аға мен іні арасындағы шығармашылық байланыс іспетті оқиға кейін «Екі өлеңнің тарихы» деген мақалаға арқау болды. Екібастұз өңірі Төртүй ауылынан түлеп ұшып, томағасы сыпырылған Байболат ағаның есімі жылдар өте келе алты алашқа танылды. Туабітті қабілетті жігіт жалындап жанып, ақыл-парасаты, білім-білігімен топ жарып, өзі қызмет еткен республикалық «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып, оны ұзақ жылдар басқарды. Ғылым жолында ізденіп, экономика ғылымдары докторы, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі атанып, «Республикаға еңбегі сіңген экономист» атағына ие болып, «Құрмет» және «Парасат» орден-дерімен марапатталды. Мұндай атақ-абырой бір кісінің басына бұйыра бермейді, оған сирек те дара туған тұлғалағана қол жеткізеді. Енді Байболат ағаның ақындығы мен сазгерлігі хақында аз-кем айтқалы отырмын. 2010 жылы қаңтар айында Астана қаласында Байболат ағаның үйінде болдым. Есілдің сол жағалауында Қабанбай батыр көшесінде тұрады екен. Гүлбостан жеңгеміздің қолынан дәм татып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрдық. Сол сапардан соң, «Елдің самалын да сағынады екенсің» – деген мақала жазылды.

«…Туған жер, ұшқан ұяға деген сағыныш әр адамның бойында болады. Туған ауылым – Төртүй-ден 1977 жылы қол үздім. Қызмет бабымен Алматыда тұрақтап, Алатаудың бөктерінде өмірім өтіп жатты. Әсем Алматыда жүрсем де, көңіліме әманда бір нәрсе жетпейтіндей сезілетін. Алматы желсіз қала ғой, бірде тауға көтерілгенде желпіген самалы тынысымды кеңейтіп, көңілімді марқайтты. Сонда елдің самалын сағынғанымды түсініп, жоғалтқанымды тапқандай болдым. Сөйтіп, ауылға барып ел-жұртпен қауышқанымда ән туды…». Әр әулеттің тарихы болатыны сияқты, әр әннің де тарихы болады. Төртүйде туған «Туған жер» әнінің бір шумағын келтірейік:

– Далаңның аңқылдаған сар самалы,

Аймалап маңдайымнан қарсы алады.

Деуменен, айналайын беу туған жер,

Жүрегім қуаныштан ән салады.

Сезімтал Байболат ағаның қаламынан бұдан соң да көптеген өлең туып, әуен жазылды. Әуесқой сазгер кейбір әндеріне халық ақыны Мұзафар Әлімбаевқа, ақын Сатыбалды Дауымовқа сөз жаздырып, шығармашылық одақ құрды. Сөйтіп таңдаулы әндері Қазақ радиосынан шырқалып, Алтын қорына енгізілді. Айтпақшы, Байболат ағаның әндері Екібастұз өңірінде де кең таралған. 2019 жылы «Ежелгі қоныс – құт мекен» деректі фильмі түсірілгенде әнші Медғат Манапов «Туған жер» әнін орындаған-ды, сол фильмді көрген Байболат ағадан риза-
шылық естіп едік. Жаратушы иеміз бір басына қабілетті үйіп-төгіп берген Байболат ағаның әңгімесін тыңдай отыра, үнемі қайран қалушы едім. Он екі мүшесі бүтін адамның да батылы немесе қайраты жетпейтін іс-әрекетті жасау Байболат аға үшін әншейін дүние болып саналды. Бос уақытын отбасымен бірге өткізіп, серуендеп, саяхат жасауды ұнатқан ол Алматыдан жаяулап тау асып, екі аралық 120 километр болатын Ыстықкөлге жеткенін біреу білсе, біреу білмес. «Көптеген шет елде болып, сол жақтағы халықтардың тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Табиғатын тамашаладым. Бірақ туған жеріңе, қазақ халқының бауырмалдығы мен дархандығына жетер ештеңе жоқ екен», – деп еді Байболат аға тағы бір әңгімесінде. Мен білетін Байболат аға бауырмал, туған-туыстарына қамқор, асқар таудай пана болды. Өз басым бұған талай мәрте куә болдым, жиені Арыстан Жүкеновтің аузынан нағашысы-
ның бекзаттығы, адамгершілігі мен көркем мінезі жайлы әңгімелерді көп естіп сүйсіндім. Амал нешік, «тозбасты ұста соқпас, өлместі құдай жаратпас» демей ме қазақ. Көрген өмірі қас қағым сәттей болып, ет пен сүйектен жаратылған адамға ұрлана басып ажал жетеді. Байболат ағаның да сызығы таусылып, мәңгілік мекеніне аттанды. Әрине, өлім әрдайым ауыр, қабырғаны сөгілтіп, қайғы қан жылатады. Мұндайда марқұмның жасаған жақсылығын, елі мен жұртына тигізген пайдасы мен шарапатын ойласаң, қайғы сейіледі. Төртүйде туып, төрткіл дүниені көріп, таныған, соңына ғылыми еңбектері мен әндерін қалдырған Байболат аға Әубәкіров Төлеген ақын жырлағандай, өз биігінде өлді. Міне, содан бері уақыт сырғып жыл өте шығыпты. Уақыт алға басқан сайын Байболат марқұмның тұлғасы да зорая түспек.

Жассерік Жәлелұлы,

Екібастұз қаласы.

 

 

Арнау

Аяулы жар, асқар тау әкеміз,
ардақты туысымыз Байболат Абайұлы Әубәкіровті сағы-
нышпен еске аламыз.

Жан бауырым, Байкенім, 

                жарығым-ай, 

Жабырқап жүрміз сені

                   сағынып-ай.

Төріміздің сәні боп                                 жүруші едің,

Қайтеміз Жаратқанның

                 жарлығына!

 

Ағатайым,  ардақтым,

             жаны асылым,

Досқа – адал, туысқа –                         жанашырым.

Жыл толды арамыздан

                   алыстадың,

Көзіміздің ағартып                                қарашығын.

 

Асыл жарым, жарығым,  

                    аяулым-ай,

Жүрегім малынып жүр

                   қаяу-мұңға.

Мәңгілік мекеніңде                                дамылдадың,

Сенгім келмей, көңілім                              қамығуда.

 

Асқар тауым, жан әкем,

                   бәйтерегім,

Суыққа шалындырмай                               мәпеледің.

Қамқорлығың ешқашан

                  ұмытылмас,

Біздерді биікке әркез                               жетеледің.

 

Асыл жан, ардақтаймыз

                         есіміңді,

Әр айтқан сөзің менен                                  ісің үлгі.

Жаннаттың бағынан жай бұйыртсыншы,

Мейірімді, рақымды

            Алла,  кешірімді!

Еске алушылар:
жұбайы,

ағайын-туыстары,

балалары.