Биыл Ақсу қаласының атауы өзгергеніне тура 30 жыл. Мерейтой аясында С.Дөнентаев атын-дағы мәдениет сарайында дөңгелек үстел өтті. Онда шаһардың тарихы туралы баяндалды.

 

Жиынға қатысқан Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетін атқарушы Дулат Молдагельдинов жиналған қауымды аталмыш күнмен құттықтады.

— Бұл атаудың оңай жолмен келмегені баршамызға аян. Сол кезде Светлана Қондыкерова, Қабдрахман Сейілғазин секілді қоғам белсенділері қала орталығының атаманы Ермак мүсінін алу және атауын қазақшаландыру мәселесін көтеріп, белсенділік танытты.  Бұл азаматтардың есімін атамай кетуге болмас, — деді ол. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы және шаһар атауының өзгеруіне себепкер болған азаматтардың бірі Светлана Қондыкерованың айтуынша, бұл күнге жетудің өзі — тарих.

— Егемендіктің алғашқы кезеңінде, тіпті оған дейін де атаман Ермактың мүсіні және Ермак қаласының атауы бүкіл қазақстандықтардың көңілін алаңдатты десем, артық айтқандық емес. Республика мен облыс басшылықтарына, біздің қаланың әкімдігі мен кеңесіне, «Азат» қозғалысының жетекшілеріне жан-жақтан түскен талап-тілектерде есеп жоқ шығар. Бірақ Ермак ескерткішін құлату және қала атауын өзгертуді көздейтін қазақтар арасынан мүдделес достар, шәкірттер таптым. «Азат» қозғалысы, «Қазақ тілі» қоғамы, Мұсылман әйелдері лигасының жергілікті бөлімшелері бас біріктіріп, елеулі күшке айналдық, кейбір ұйымдармен күресуге бел будық. Сөйтіп, мақсатымызға жеттік, — дейді С.Қондыкерова. Тоқсаныншы жылдары жеткен тәуелсіздік қазақ тілінде жарық көретін баспасөздің басына да тәуелсіздік әперді. Сөйтіп, «Новый путь» газетімен бірге 1992 жылы дербес қазақ газеті — «Ақ жол» жарыққа шықты. Шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған жас «Ақ жол» халықтың басына түскен нарық заманының да жүгін арқалап шықты. Газеттің саны көбейіп, сапасы да артты. Ендігі жерде ана тілімізде пікір алысып, әдебиетімізді одан әрі дамытуға, жастарды туған тілінде тәрбиелеуге даңғыл жол ашылды. Ал «Азат» қозғалысының облыс бойынша төрағасы, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қабдрахман Сейілғазин:

— «Ермак» атауын өзгерту біз үшін ұлы жеңіс болды. Өйткені қазақ халқының Тәуелсіздікке дейін 70 жылдай рухтары басылып қалған еді. 1991 жылы жұмысын бастаған «Азат» қозғалысының бастауымен қаланың атауын өзгерту мәселесі өңірде де, Жоғары кеңесте де көтерілді. Әрине, қазір бір көшенің атауын өзгерту қиын болса, ол кезде шаһардың атын өзгерту үлкен мәселе болды. Бізді қолдағандар да, қолдамағандар да болды. Бірақ бір топ жанашыр азаматтардың қолдауымен осы күнге жеттік, — дейді Қ.Сейілғазин. 1992 жылы 21 ақпанда Ермак ауданы Ақсу ауданы болып өзгертілді. 1993 жылы 4 мамырда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумның Қаулысымен Ермак қаласы Ақсу қаласы болып өзгертілді. Содан кейін Ақсу қалалық әкімшілігінің басшысы 1992 жылдың ақпанынан 1994 жылдың қазанына дейін Владимир Шокарев, ал аудандық әкімшіліктің басшысы Қуат Есімханов болды. Бірнеше жылдан кейін облыс әкімінің 1997 жылғы 9 шілдедегі шешімімен таратылған Ақсу ауда-нының аумағы Ақсу қаласының шекарасына ауылдық аймақ ретінде енгізілді. Ауылдық округтер мен Қалқаман кенті Ақсу қаласының әкімшілік бағынысына берілді. Шара барысында ақын, композитор, ұстаз Бағира Жақыпованың орындауында «Ақсуға арнау» әні және Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайының солисі, ақын, композитор Ерболат Бортыбайдың орындауында «Ақсуым» әні шырқалды.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Ақсу қаласы.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.