Рухтарына тағзым етті

Мам 15, 2025

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Оған ұжым басшылары, қызметкерлері және ардагерлері қатысты.

Департамент басшысы, Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Т.Жұмағалиев жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, соғыс ардагерлерінің майдандағы қайсарлықтары мен батырлықтары бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге екенін, сонымен қатар, әлемді фашизмнен аман алып қалған ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Ұлы Отан соғысына қатысу-шыларды мәңгі есте сақтау барысында және басқа да осы мерекелер аясында өтіп жатқан игі істер айналып келгенде, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған іс-шара екенін айтты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Р. Ахметов 9 Мамыр Ұлы Жеңіс күні деп атасақ та, оның салмағы ауыр болғанын бүгінгі ұрпақ жақсы түсінеді. Дүниені дүр сілкіндірген соғыс жер бетінде орасан дақ, халықтың көңілінде жарасы жазылмайтын қайғы болып қалғаны ақиқат. Өкінішке орай соғыс ардагерлерінің саны күннен-күнге азайып келеді. Сондықтан, саналы ғұмырларында майданда ерлік көрсетіп, Отан деп тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан аталарымыз бен ағаларымызды ешқашан  ұмытпауымыз керек», деді. Ұжым ардагерлері іс-шара кезінде жас офицерлерге  қорғаныстың символы болған жеке ату тапаншалары мен департамент басшылары мен ардагерлердің атынан ресми түрде жолдамаларды табыс етіп, жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Салтанатты жиыннан кейін департамент ауласында сол сұрапыл соғыста оқ пен от кешіп келіп, жеңістен кейін осы аталған ұжымда әскери қызметтерін жалғастырып, еңбек еткен  майдангерлерге арналған 1 минуттық үнсіздік жарияланып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Өз тілшіміз.