Адам үшін қызметте сенімді серіктес, мүдделес, еңбегіне адал азаматтың болуы аса маңызды деп білемін. Менің еңбек жолымда өзі қазақтың қаршадай қызы болса да, тау қопарардай күш-жігері бар, өр мінезді, өжет әріптестің кездескеніне қуаныштымын. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері Рысты Жұмабекова.
Зымырап бара жатқан мына уақытты кейінге шегерер болсам, Рыстымен таныстығымыз сонау 1989 жылы басталған екен. Ол тұста Екібастұз өңіріндегі Ақкөл ауылының директоры болып тұрған маған бұрынғы Краснокутск, қазіргі Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы сайлауына түсуді ұсынды. Сөйтіп, сайлауалды кездесулердің аясында аудан орталығына барып, жұртшылықпен тілдесіп, өзара сұрақ-жауап алмастық. Сол кезде бейтаныс әйел адам орнынан тұрып «Сіз атқару комитетінің төрағасы болып сайлансаңыз, білім бөлімімен жұмысты қалай ұйымдастырар едіңіз?» деп сауалды төтесінен қойды. Батыл сауалымен бірден көзге түскен сол кісі Рысты Жұмабекова екен. «Көпшілік қолдау білдіріп таңдап жатса, бөлім басшылығымен, қызметкерлерімен ақылдаса отырып, бірлесе еңбек етеміз» деп жауап қайырдым. Айтқандай-ақ, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, Рысты Мағауияқызымен қызметтік жолымыз түйісіп, жұмысқа кірістік.
Кейін партия өз жұмысын тоқтатып, аудандық кеңес сайлауына түстім. Оның төрағасы ретінде таңдалып, осы лауазымдағы қызметті бастаған соң Рысты Жұмабекованы орынбасарлыққа шақырдым. Қызметтің түрлі сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған ол ауданның әлеуметтік мәселелеріне жауапты болды. Еліміз тәуелсіздікті алған алғашқы жылдар болғандықтан, қызмет ету оңайға соққан жоқ. Алдымызда көп міндет, зор жауапкершілік тұрды. Солардың басы-қасында Рысты Мағауияқызы жүрді. Айталық, егемен ел атанған соң іс қағаздарын қазақ тіліне аударуды қолға алдық. Бұл жұмысты тұрғындардың 90 пайызға жуығы қазақтар Чкалов (Мүткенов) пен Рассвет (Қожамжар) ауылдарынан бастауды ойластырдық. Жасыратыны жоқ, сол тұста «Бланк жоқ қой», «Қағаздарды қалай көшіреміз» дегендей желеулермен қарсылық танытқандар да болды. Кейбір наразылықтарға қарамастан қағаздарды мемлекеттік тілде аудардық. Сол тұста ауданның атауы да қазақшаланып, Ақтоғай боп өзгерді.
Рысты Жұмабекова балабақша, мектептерді қазақшалауға да көп еңбек етті. Ол кезде тұрғындардың 68 пайызы қазақ болса да, аудан орталығындағы №1 мектептегі 11-сыныптың бесеуі ғана қазақ тілінде оқытатын. Ал үш балабақша таза орыс тілінде, біреуі аралас болды. Өз тілінде оқитын балалардың қатарын арттыру үшін Рысты үй-үйді аралап, ата-аналармен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мен қызым Арайды, ол қызы Ғафураны небары алты жастан мектепке берді. Баласы әлі оқушы жасына жетпесе де оқу орнына қазақ сыныбындағы оқушылар қатарына қосты. Осыдан-ақ оның сөздің емес, істің адамы екенін анық білуге болады.
Сол бір 90-ыншы жылдары жалақы уақытылы төленбей, көпшілік айлық ала алмай, қиналған кездер де болды. Сондай кезеңде орынбасарларым Рысты Жұмабекова мен Төлеутай Мұқанов ауданға келетін азық-түлік түрлерін әр отбасындағы адам санына байланысты есептеп, бөліп беретін. Одан басқа амал болмады. Барлық жайтты саралап, сараптап, көп мәселені шешті.
Осындай елеулі еңбегі облыс басшылығының назарын аудартып, Рыстыға Парламент депутаттығына сайлауға түсуді ұсынды. Бірақ алғашқы жылы бәсекелестік тым жоғары болып, өте алмады. Араға бір жыл салып сайланған депутаттар таратылып, алғашқы кәсіби Парламент қайта құрылатын болды. Облыс әкімі Даниял Ахметов шақырып, тағы да сайлауға қатысуға ұсынған екен. Сөйтіп, дауыс беруде халықтың қолдауын иеленіп, Парламентте көп іс атқарды. Ол 1995-1999 жылдары депутаттық қызмет атқарған жылдары бұрын-соңды болмаған, ел дамуының жоспарын айқындайтын заңдар, Ата Заңымыз – Конституция қабылданды. Оның парақтарында да Рыстының қолтаңбасы жатыр.
Бір күні қоңырау шалды. «Білім және ғылым министрлігіне қызметке шақырып жатыр. Не дейсіз?» деді тұтқаның ар жағынан. «Өзіңе сенімді болсаң – бар» дедім. Министрлікте де тәуелсіз елдің ұрпағына сапалы білім беру үшін барын салды. Кейін облысқа қайта оралып, 9 жыл бойы облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Әлеуметтік саланың «жілігін шағып, майын ішті».
Бір сөзбен айтқанда, қай салада, қандай қызметте жүрсе де білімділігімен, біліктілігімен, өжеттігімен, өр мінезімен, қайсар да қайтпас күшімен ерекшеленді. Мемлекеттік қызмет үшін аянып қалған жоқ. Адамгершілігінің, қарапайымдылығының өзі — бір төбе. Рыстыдай тұлға күнде туа бермейді, ондай адамды қолдан жасай да алмайсың. Осындай мықты адамнан айырылған қазақ қоғамының қабырғасы қайысты. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын деп дұға етеміз. Амал нешік…
Әбілхақ ТҮГЕЛБАЕВ, еңбек ардагері, Павлодар облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.
