Жақында кітапқұмар қауым тағы бір тың туындымен қауышты. Ол — «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жарық көрген «Қаныш және ғылыми майдан» атты жаңа кітап. Жаңа жинақ халқымыздың сүйікті перзенті, геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өміріне, ғылыми-шығармашылық еңбегіне, күрескер-қайраткерлігіне арналған. Жалпы, Қаныш Сәтбаев туралы жазылған кітап көп. Әсіресе, жазушы Медеу Сәрсекенің, Шәмшиябану Сәтбаеваның қаламынан туған еңбектерді оқырман қауым жақсы біледі. Ендеше академик туралы жазылған жаңа кітаптың бұрынғы жинақтардан қандай айырмашылығы бар, нендей жаңалық әкелді? Осы жөнінде кітап авторларының бірі, белгілі ағартушы, баспагер Санжар Керімбаймен сұхбаттасқан едік.
— Санжар мырза, бұған дейін «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын шығарып, оқырманға жақсы бір рухани олжа салғаныңыз белгілі. Одан кейін көп кешікпей «Қаныш және ғылыми майдан» кітабінің жарық көргеніне куәгер болдық. Қазақта идеал тұтатын тұлға көп қой, неге соның ішінде Қаныш Сәтбаевты таңдадыңыз?
— Қазақтың тарихи тұлғаларының ішінен елеп-екшеп Қаныш Имантайұлына тоқталуымызға екі нәрсе ғана себеп болды. Кезінде Қаныш атамыз қайтыс болып, Ғылым академиясы тарағаннан кейін біздің халық өте үлкен рухани дағдарысқа ұшырады. Яғни, халық не болса соған сеніп, кім болса соның соңынан еріп кетті. Қайдағы бір қияли дүниелерге бас ұрып, рухтармен сөйлесушілерге табынып, «бақыт шақыратын блокнот», «ақша шақыратын әмиян» деген секілді жалған дүниеге иланып кетті. Содан кейін нағыз ғылымның иесін насихаттау керек дегенді түсіндім. Міне, бірінші себеп осы. Екінші себеп — белгілі жазушы Медеу Сәрсекемен жолыққаннан кейінгі алған әсерім. 2022 жылы Өзбекәлі Жәнібеков туралы дерек жинап жүріп, Астанаға келдім. Бір кездесуде дастархан басында Қанышқа байланысты әңгіме шығып кетті. Бір жігіт Медеу Сәрсеке деген кісінің қазір көзі тірі екенін, осы Астана қаласында немересінің қолында тұратынын айтты. Егер сен барам дейтін болсаң, «Арғы күні үйге келсін, қабылдаймын» депті. Келістім, ағамен кездестім, бірақ, ағамыздың құлағы естімейді екен. Мен Қаныш туралы сұрақ қойған болам, ол кісі мүлде ести алмайды. Сосын ол кісі: «Әй, мен естімеймін, сен Қаныш туралы сұрайын деп тұрсың ғой. Онда былай болсын, сен маған сұрақ қоймай-ақ қой. Мен айта берейін. Сен тыңдай бер» деді. «Болды», дедім. Ол кісі екі сағат бойы Қаныш туралы, сол кітаптың жазылу, өртелу, оның Мәскеуден қайтадан басып шығу тарихының бәрін тарқатып берді. Осыншама кітаптың бізге жетпей қуғынға түскенін автордың өз аузынан естудің өзі бір бақыт болса, бір жағынан ауыр ой мен жауапкершіліктің жүгін арқалап кеткендей болдым. Міне, Медеу ағаның осы әңгімесінен кейін ғана Қаныштың осындай деңгейде қуғындалғанын естіп, білдім. Енді ұлы ғалымның осындай қиянат көруіне қандай да бір жолмен жауап беру керек қой. Мен осы жолды таңдадым, осы тәсіл дұрыс деп санадым. Бұл ұлт зиялысының алынбай кеткен кегін қайтару, бұл Қанышты қудалағандардан өш алу еді.
— «Қаныш және ғылыми майдан» кітабындағы деректер мен материалдарды қайдан және қалай жинадыңыздар?
— Қаныш Имантайұлы туралы ақпарат өте көп. Соның ішінде жазушы Медеу Сәрсекенің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Медеу ағамыз осы тақырыпқа 60 жыл ғұмырын арнап, бүкіл деректерді жинап беріп кетті. Жазушының «Қазақтың Қанышы» және «Қуғындалған Сәтбаевы» бар, одан бөлек сұхбаттары мен сайттарға жариялаған мақалалары да жеткілікті. Содан кейін Ғылым академиясына қатысты академиктердің мақалаларын, мемуарларын оқысаңыз, бәріне көзіңіз жетеді. Шапық Шөкиннің «Путь национальной академии наук» еңбегінде де көп мәлімет кездеседі, нағыз кескілескен шайқастар сонда жүр. Таисия Сәтбаеваның естеліктерін оқыдық, онда Қарсақбайдан көрген қорлықтары жазылған. Әулетіне қатысты деректердің бәрі Шәмшиябану Сәтбаеваның «Сәулелі әулет» кітабында жазылған. Әбділдә Тәжібаевтың да Қаныш жайлы естеліктері көп. Онда
Әбділда атамыз марқұм Садықбек Сапарбек екеуінің «Қызыл кеншілер» деген газетін ашып, Сәтбаевқа қалай қолдау көрсеткені жайлы жазыпты. Бұл негізгі дереккөздері болса, бұлардан бөлек сол оқиғаларды көзі көрген ғалымдардың, жазушылардың мақалаларынан, естеліктерінен көптеген құнды-құнды мағлұматтар алдық. Міне, осы еңбектерден керегімізді алып, топтастырып, оған анализ жасадық.
— Сонда «Қаныш және ғылыми майданның» бұрынғы шыққан кітаптардан басты артықшылығы қандай?
— Біздің жинақтың бұрынғы кітаптардан айырмашылығы мен артықшылығы көп. Мысалы, Медеу Сәрсекенің еңбегінде Қаныш Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін не болғаны жазылған жоқ, тек Қаныштың өлімімен ғана аяқталып қалған. Ал біз Қаныш Сәтбаев қайтыс болған соң қандай ғалымдар келді, олар не істеді, Ғылым академиясы қалай таратылды дегенді хронологиялық түрде көрсете бердік. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми майдан қалай басталып, бүгінгі күнге дейін қалай жалғасты, қандай текетірестер болды соның бәрін қамтыдық. Біздің еңбегіміздің басты мақсаты – тек Қаныштың өзінің болмысын ғана емес, оның ғылыми майданы қалай басталып, немен тынғанын көрсету. Екінші ерекшелігі, Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабы – үлкен энциклопедиялық еңбек. Мұны кез-келген адам алып оқи алмайды, жалпы бұқараға таралып жатқан жоқ. Ал біздің кітаптың форматы мүлдем бөлек. Ұзын шұбалаңқы сөйлемдердің бәрін кесіп, тек ғылыми майдандағы ерлігі және оның достары туралы қысқа-нұсқа суреттедік. Мысалы, Қажымұқан, Ермұхан Бекмаханов, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғаларға да бір-бір бөлім арнадық. Мұның барлығы — ғылыми майданда болған адамдар. Ал бұрынғы кітаптарда олар шала-шарпы ғана аталып өтілген.
— Жалпы, Қаныш Сәтбаев туралы бұған дейін талай кітап шыққанын өзіңіз айтып отырсыз. Осы ретте әлеуметтік желілерде: «Бұрынғы деректердің тонын теріс қаратып, қайталап беру жаңалық бола ала ма?» деген сынды пікірлер айтылуда. Бұған не дер едіңіз?
— Осы кітап жарық көргелі «Мен Қаныштанушы едім» деп шығып, мені белгілеп, арнайы пост жазған немесе санаса қоятындай салмақты пікір айтқан бір адамды көрмедім. Ал іштарлықпен, көреалмастықпен жазып жүргендер бар болса бар шығар. Ондайларға көңіл аударған жоқпыз. Менің ойымша, әдебиет пен тарих 25 жыл сайын жаңғырып, жаңарып отыруы керек. Сол себептен де тарихтағы оқиғаларды әр ширек ғасыр сайын қайта қарап отырады, бір буын ауысқан сайын тарихи оқиғаларға қайта жаңаша баға беріледі. Себебі, заман өзгереді, буын ауысады, сана-сезім жаңарады.
— Қазір біздің қоғамдағы кітапқа деген көзқарас қалай? Кітап оқу мәдение-тінде оң өзгеріс байқала ма?
— Ғаламтордың қарыштап дамуына байланысты, ұрпақ тәрбиесінің әлсіреуіне байланысты кітап оқу қарқынының құлдырағаны анық. Бұл — әлемге ортақ құбылыс. Ал Қазақстандағы кітап оқу мәдениетінің жойылуы нарыққа көшкелі басталды. Адамдар шамадан тыс материалдық құндылыққа жұтылып кетті. Екінші себеп, біздің әдебиеттегі аудармалардың сапасыздығы. Яғни, мемлекеттік тапсырысты тендер арқылы ұтып алғандар бұл салаға жауапкершілікпен қарамады, қалай болса солай аударма жасады. Бұл үрдіс қазақ қоғамының кітаптан жеруіне белгілі бір деңгейде әсер етті. Ал қазір оң өзгеріс бар. Өзіңіз көріп отырсыз, біз шығарған кітаптар қолдан-қолға тимей өтіп жатыр. Мұның барлығы сапаға байланысты. Яғни, кітаптың стилис-тикасы өзгеше болса оқырман да қызығады. Әсіресе, осындай танымдық бағыттағы кітаптар қазақи ұғымда жазылуы керек. Бізде Әділбек Нәби деген мықты редактор бар. Біз әр сөйлемге ерекше мән береміз. Сөйлем шұбалаңқы болса, оған артық үстеу, анықтауыш сөздер араласа берсе, кез келген жерге көптік жалғауы жалғана берсе оқырман жалығып кетеді.
— Сіз баспагер ретінде қазіргі оқырман қандай жанрда жазылған кітаптарды көп іздейді деп ойлайсыз?
— Қазақ қоғамы дәл қазір өзінің тарихи фонын көргісі келеді, ұлт арыстарын танығысы келеді. Нағыз ұлт үшін күрескен идеалдарды тапқысы келеді. Баспагер ретінде осы құбылысты аңғардым. Яғни, кезінде ұлт мүддесі жолында жанын берген күрескер тұлғаларға еліктеп, ұрпағын сол жолға ұқсатуға тырысатындар көп. Себебі, біз осы тұлғатану бағытында екі кітап шығарып едік, екеуін де жұрт талап алып оқыды. Мысалы, «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы бір жылда 35 мың тиражбен сатылды, ал «Қаныш және ғылыми майданның» шыққанына әлі екі ай болмаса да 13 мың тиражы сатылып кетті. Бұл — Қазақстанда болмаған көрсеткіш, «мен» деген ақын-жазушылардың өзі екі мың данасын 15 жылда сата алмауы мүмкін. Кеңес үкіметі тұсында талай арыстарымыз қуғынға ұшырап, кітаптары өртеліп, фильмдері құртылды. Олар туралы жазғандарды қудалады. Соның кесірінен бізде тұлға тұтар адам қалмады, қоғам ғылымсыздыққа ұшырап, надан болды. Қазір соған халықтың көзі жетіп, арыстарын енді іздей бастады, солардың тұлғасын қайта пір тұта бастады. Қысқасы, ұзақ жылдан бері қалыптасқан мешеулік болмыстан құтылу сол ұлыларды тану керек екенін ұғынды. Алдағы уақытта дәл осы Қаныш сияқты 10-15 тұлғаны шығарып, танытатын болсақ, біраз дүниені өзгертетініміз анық. Өкінішке қарай, әлі де шетелдің қаңсығын таңсық етіп, Илон Маскке табынып, соны құдайдай көретін ұрпақ көп. Міне, соларды арашалап алуымыз керек. Оны тек Қаныш сияқты тұлғалар арқылы ғана жасай аламыз.
— Қазіргі оқырмандар кітаптың форматына, техникалық құрылымына да айрықша мән беретін сияқты…
— Дұрыс айтасыз, қазір екі-үш бет табиғатты суреттеген көркем әңгімелерден оқырман қажыған. Егер, Баянауылдың табиғатын көргісі келсе интернеттен ақтарып, суреттен көре салмай ма? Біздің көздегеніміз — ол жерде кім өмір сүрді, қандай мұрат үшін өмір сүрді, қандай идея үшін күресті деген сұрақтарға жауап беру. Ал кезінде табиғатты бүге шігесіне дейін сипаттау 1950-60 жылдары сән болды. Ол кезде интернет жоқ, телеарна аз, бүкіл салмақ жазушыларға түсті, олар сөздің шеберлігімен көрсетуге тырысты.
— Жобаларыңыз жалғасын таба ма? Егер жалғасын тапса, қандай тұлғаны таңдап алдыңыздар?
— Бұл жұмыс әлбетте жалғасып жатыр, қажетті мәліметтерді жинадық. Енді жазуға отыруымыз керек. Бірақ, кім екені әзірге құпия болып қала берсін.
— Кітаптың тұсаукесерін павлодарлық оқырмандар алдында қашан өткізесіз?
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесері бойынша Ертіс-Баян өңіріне алдағы жылдың қаңтар айында келеміз деп отырмыз. Сол кезде ғалымның туған жерінде түрлі кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылады деп сенемін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.