OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Күлкі — адамның өмірін ұзартатын дәмді дәрумен. Уытсыз, достық рәуіштегі әзіл-қалжың адамдарды табыстырады, таныстырады. Қалжыңқой қазақ барлық қиындықтарда бойындағы үрейді әзілмен жеңген, ел арасындағы күрмеулі түйіндерді астарлы әзілмен тарқатқан. Қазақта сын-сықақтың соқасын сүйреп жүрген сатириктер саусақпен санарлық. Ертіс-Баян өңірінің белгілі сатирик жазушылары Таңдай Кенеев, Жанат Тұрғанбек, Сүлеймен Баязитов, Қажымұрат Смағұл, Ғалымбек Жұматовтарды атап өтуге болады.

Биыл ақын, сықақшы, қаламы жүйрік журналист, қазақ сатирасының саңлағы, ҚР Құрметті журналисі Қажымұрат Смағұлдың туғанына 85 жыл толып отыр.

Қажымұрат Құсанұлы 1939 жылы Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Жоғары Баян ауылында туған. 1958 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, төрт жыл ұстаздық еткен соң, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды. Ұзақ жылдар бойы Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде қызмет еткен. Ақын 70-ке қараған жасында, 2009 жылы дүние салды.

Ақынның облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде тұрақты түрде жүргізген «Қышқыл күйіс, мысқыл мүйіс» атты сатиралық сын-сықақ беті оқырмандарға аса таныс. Әзіл айтса да, әділ айтатын ақынның уытты әзілдері де көптің көкейінде жүрген мәселелерді дөп басатын.

Қажымұрат Құсанұлының шығармашылығы сатирамен ғана өлшенбей, өлеңдері де өрелі болатын. Ақын «Жазықсыздар», «Тағдырлар», «Батырлық туралы жыр» атты үш дастан жазған. Сонымен қатар, «Қалжыңдауға қалайсыз?» және «Бәрін де біліп жүрміз!» деген кітаптары жарық көрді.

Өңіріміздің белгілі сазгер-лері, жерлестеріміз Қайырбек Сәтиев пен С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Назымбек Дүкенбай Қажымұрат Құсанұлының 40-тан астам өлеңіне ән шығарған. Арасында балаларға арналған туындылар да бар. Тіпті, Назымбек Дүкенбай ақынның сөзіне жазылған әндерді топтастырып, «Жүректен шыққан әуендер» атты кітапты басып шығарған екен. Ол жинаққа өлеңдердің мәтіндері мен әндердің ноталары бірге басылған.

Сондай-ақ, кітапхананың «Павлодар облысында 2024 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер» күнтізбесіне ақынның 85 жылдық мерейтойына орай мәліметтер енгізілген.

Жазушы, журналист Ақын Алақанұлы «Сағыныш» атты шығармалар жинағының 2-ші кітабындағы Қажымұрат Смағұлға арнаған достық әзілінде:

«Қалған жоқ қаламыңнан әзіл-сықақ,

Тапжылтпай тастайтының бар ғой тұсап.

Күле сөйлеп аласың түйреп-түйреп,

Кетесің сары масаға кейде ұқсап.» — деп жазыпты.

Әдебиеттегі сатира саңлағы Қажымұрат Смағұл шығар-машылығының ауқымы кең, мәні терең, маңызы жоғары.

 

Ш.Сәрсенова,

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының  кітапханашысы.