Қазақ энциклопедиясын жасаушылардың бірі, газет ардагері Жылқайдар Қарпықов туралы
1940-1980 жылдарда Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетін шығару ісінде өзіндік сом тұлғасымен орнын айшықтаған қаламгерлер аз емес. Екі тілде бірдей сауатты жазатын, білімі терең журналистердің еңбегін сарғайған парақтарды ақтарсаңыз, алдыңыздан атойлап шығары хақ. Жылқайдар Қарпықов осындай қайратты тұлғалардың бірі болған. Қазақ совет энциклопедиясын шығаруға қатысқанын ғана айтсақ, оның телегей-теңіз білім иесі екенін бірден сезінеміз. Ұлы Отан соғысының қатысушысы, елге оралған соң 1980 жылдарға дейін табандылықпен газетте еңбек атқарды.
Капитан Қарпықов
Жылқайдар Қарпықов — Ертіс ауданының тумасы. Облыстық архивте сақталған анкетасында 1913 жылы Семей губерниясы Павлодар уезі Қызылағаш болысы №6 ауылда дүниеге келгенін жазады. Кейін ол елді мекен Қазақ КСР Павлодар облысы Кайманичиха ауылы болып өзгертілді. Әкесінен 1924 жылы айырылса, анасынан 1934 жылы көз жазып қалады. 1928 жылы өзінің туған ауылында IV кластық білім алып шығып, 1931-32 жылдар аралығында Ертіс өзенінің арғы бетінде орналасқан Үйірлітүп (Железин) ауданы Еңбекжол ауыл советінің хатшысы болып қызметке араласады. 1932 жылы аудандық комсомол комитетінің бағыттамасымен Семей партшколасына түсіп, комсомол жұмыскерлерін дайындау курсында 2 жыл оқиды. Оны тәмамдаған соң Семей облысы Жарма ауданы комсомол комитетінде хатшы болып істейді. 1934 жылы Алматы жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебінде комсомол бөлімінде оқып, оны аяқтаған соң Семей облыстық «Екпінді» газетіне қыз-
метке орналасады.
«Редакцияда 1936 жылдан 1940 жылға дейін әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты редактордың орынбасары болып еңбек еттім» деп жазады ол. Бұдан кейін Семей облыстық партия комитеті шешім шығарып, Ж.Қарпықовты қалалық еңбекшіл депутаттар кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындайды. 1941 жылдың қараша айында Кеңес әскері құрамында майданға шақыртылады. 1941 жылдан 1943 жылға дейін атқыштар ротасы командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1943-1944 жылдар аралығында Мәскеу әскери округінің әскери училищесінде оқып, 1944 жылы атқыштар ротасының командирі ретінде соғысқа қайта кірісіп, Балтық жағалауы елдерін фашистік басқыншылардан азат ету ұрыстарына қатысады. Ауыр жараланып, бірнеше ай госпитальда емделген соң, 1945 жылға дейін әскери көліктерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырманы атқарады. Отан қорғау жылдарындағы қызметі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталады. 1945 жылы жазда елге капитан шенінде оралады.
1947 жылдан бастап газет ісіне ауысады. Әуелде Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің Ертіс, Үйірлітүп және Максим Горький аудандарында меншікті тілшісі болып еңбек етеді. 1948-1953 жылдар аралығында редакцияда бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. 1953-1956 жылдар аралығында Жылқайдар Қарпықов Қазақстан Компартиясы жанындағы Республикалық партия мектебінде оқиды. 1956 жылы шілде айында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады.
Ж.Қарпықов «Қызыл ту» газетінде редактордың орынбасары болып зейнетке шыққанға дейін қызмет істейді. Бұл туралы әріптестерінің, одан үлгі-өнеге алған інілерінің жазған естеліктерінен де оқып білдік.
Газетті ұйымдастыру басында
Жылқайдар Қарпықов туралы алғаш газеттің жауапты хатшысы болған аға журналист Хасанат Ысқақовтың естелігінен кездес-тірдік. Онда Х.Ысқақов газетті соғыс жылдарындағы шығару қиындығын жаза келе, тылда редакцияның қосқан үлесін атап өтеді.
«Кейіннен журналистер қатарына жаңа күштер келіп қосылды. Олар: Жылқайдар Қарпықов, Кәрмұқан Бекбергенов, Әбдеш Баймұрзин. Сол кезде майданнан жаңа ғана оралған, майдан ауыртпалығын өз көздерімен көріп, фашистерге қарсы қаруын кезене қарсы тұрған Қарпықов пен Баймұрзин жолдастар майдандағыларша еңбек етті», деп жаңадан келген жас толқынның өкілдерін атап өтеді.
Ал «Қызыл ту» газетін 1956 жылы басқаруға келген редактор Омарғали Құдышев Павлодар өңірінде Жылқайдар Қарпықовтай тәжірибелі әріптесті кездестіргенде қуанғанын жасырмайды:
«Бұл 1956 жылдың тамылжыған жазы еді… Сонымен не керек, шілде айының аяқ шенінде Павлодарға келдім. Өз еліме келгендей сезімге бөлендім мен мұнда. Бақсам, жалпы алғанда, облыста, қалада, редакцияда да әр кезде, әр жерде қызметтес, әріптес болған кісілер едәуір баршылық екен. Жылқайдар Қарпықовқа тап болдым мен мұнда. Алматыдағы жоғары партия мектебін таяуда ғана бітіріп келген ол «Қызыл ту» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалыпты. Жықаңды Семейден білетінмін. Ерте атқа мінген, партия қатарына да ертеректе кірген. Қалалық атком төрағасының орынбасары болған-ды. Ол отызыншы жылдарда. Орайы келгенде айтқан жөн ғой. Өз ісіне берік журналист – редакторлық қызметті бүге-шігесіне дейін білетін Ж.Қарпықов «Қызыл тудың» беделін арттыруға зор үлес қосты сол бір ұмытылмас жылдарда.
Редакторлық қызметтің ауырт-палығын Жықаңмен бірге арқа-ладық, қуанышы мен күйінішін бөле-жара бастан кешірдік, дәмін де бөле-жара таттық. «Қызыл тудың» мүшел тойы күндерінде осылайша атап айтқым келеді Жықаңның жақсы ісін, жақсылығын», деп жазады О.Құдышев «Редактор болу оңай ма?» атты жазбасында.
Шынымен, Жылқайдар Қарпықов 1950-1980 жылдар газет шығарудың қиындығы мен қызығын ерекше көтеріскен нағыз еңбек торысы деп атауға тұрарлық еді. Өзгелермен байсалды қарым-қатынас құра білуі, ұйымдастыру ісінде тәжірибесінің мол болуы оған даңғыл жол ашты.
1963 жылы Тың игеру науқанында 5 облыстың газеттері жабылып, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті де соның кебін киді. Бұл тұста Ж.Қарпықов бес облысқа ортақ «Тың өлкесі» газетіне (Целиноград қаласы) шақырылып, онда өлкелік газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болды. Сол кезде Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті жабылған соң «Тың өлкесі» газетіне шақырылған журналист Төлеубек Қоңыров Жықаңның қарауында партия тұрмысы бөлімінде аға әдеби қызметкер болдым деп еске алады. Кейін жағдай оңалып, аймақтық газеттер қайтадан оңаша отау алып шығатын уақыт туады. 1965 жылы Сұбыхан Шошановтың редактор кезінде «Қызыл ту» газеті қайтадан оқырмандарына жол тартады. Міне, бұл туралы архивтік дерек те бар: 1965 жылы 3 желтоқсандағы Павлодар облыстық компартия комитеті бюросының қаулысымен Сұбыхан Шошанов облыстық газеттің редакторы болып бекітіледі. Одан кейін, 1966 жылғы 23 ақпандағы Павлодар облыстық коммунистік партия комитеті бюросының қаулысымен «Қызыл ту» газетінің 7 адамнан тұратын редакциялық алқасы бекітіліп, оның ішіне редактордың орынбасары Жылқайдар Қарпықұлы да кіреді.
Кейінгі толқынның жадында
Заман көші алға ұзап, редакция құрамы жастармен толыға түседі. Ендігі жерде біз Жылқайдар Қарпықовтің іскерлігі, кәсібилігі мен жастарға қамқорлығы туралы 1960-1980 жылдар арасында журна-листикаға келген жас мамандардың естеліктерінен аңғарамыз.
Қазақстанның Құрметті журналисі, газет ардагері, редактордың орынбасары болып зейнетке шыққан Өскенбай Тастемханов ағамыз бір жазбасында:
«Ұлы Отан соғысының ардагері Жылқайдар Қарпықовты жұрт «Жықа» деп атайтын. Жықаңның бір тамаша ерекшелігі, бөлімнен келіп түскен материалдарды бөгелтпей, тез оқып беретін. Осындай жеделдігі үшін жақсы көретін едік. Жалпы Жықаң өте білімді, сауатты адам болды. Кезінде Қазақ Совет Энциклопедиясын шығарушылардың қатарынан көрінді» деп жылы сөзбен атап өтеді.
Осындай сағынышты сарын-дағы естелікті ардагер журналист Бақыт Баймұратовтың да «Ағалардың үлгі ісі қымбат маған» атты естелігінен ұшыраттық:
«1968 жылы университетті бітірісімен еңбек жолымды осы газетте бастағанымда баяғыдан осы ұжымда еңбек етіп жүргендей тосырқаусыз емін-еркін журна-листік қызметке кірісіп кеттім. Өзімді алғашқы күннен осылай сезінуіме Ұлы Отан соғысының ардагері, редактордың бірінші орынбасары Қарпықов Жылқайдар ағаның әкелік қамқорлығы себеп болды. Жықаң өте еңбекқор жан болатын. Ол кісінің қолы босап, жай отырған кездерін көрген емеспін. Кабинетіне кіре қалсақ, газетке баратын материалдарды аса ыждаһаттықпен қарап, өте мұқияттылықпен түзеп жатқанын көретін едім.
Жылқайдар аға, әсіресе, жас журналистердің жазғандарына жанашырлықпен, қамқорлықпен қарайтын. Асықпай оқып, ой қайталауларын қысқартып, айтайын дегенін шашыратып алса,
сөйлемдерін түзетпей-ақ рет-ретімен орын-орнына қоятын. Сонда мақала жұп-жұмыр, тілге жеңіл, көкейге қонымды болып шыға келетін. Жықаңның қолымен түзетілген материалдарымыз газетке шыққан соң оқығанда «Осылай жүйелеп неге жаза алмадық екен» деп ұялатынбыз. Осының өзі бізге, жастарға үлкен сабақ болды. Жықаңның түзетуіне ілікпейміз деп, жазғанымызды қайта-қайта өңдеп, пісуін жетілдіруге, иін қандыруға тырысатынбыз. Өз басым редакцияда қызмет атқарып жүрген кезімде Жылқайдар ағаның ашуланғанын бір рет те көрген емеспін. Үнемі бір қалыпта, сабырлы, салмақты, көтеріңкі көңіл-күйде күлімдеп жүретін. Қарпықов Жылқайдар аға жас журналистер үшін қамқор ғана емес, сөзімен де, ісімен де, мінезімен де өнеге болар, үлгі тұтар тұлға болды», дейді Бақыт Баймұратұлы.
Бүгінде елімізге танымал журналист, қайраткер, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп 1984 жылы осы «Қызыл ту» басылымында алғаш еңбек жолын бастаған. Ол үнемі редакция табалдырығын аттаған сәттегі ағалардың қолдауы туралы жазып, оларға тағзым етеді.
«Жас журналист ретінде алдыңғы буын ағалардың аялы алақанының жылуын сезіндім. Әсіресе, Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Мұхамеджан Дәуренбеков, Әжібек Жүсіпов, Әбдеш Баймұрзин, Жылқайдар Қарпықов, Қажымұрат Смағұлов, Еренбах Әлжанов, Төлеутай Төлеубеков, Бақыт Баймұратов сияқты ағаларымыз журналистиканың кәсіби қырсырына қанықтырды. Жықаң, Қарпықов ағамыз, керемет аудармашы еді. Лениннің көп томдықтарын аударған кісі. Диктовка жасап қатар отырып қалатын кезіміз болады. Сондайда кейбір орыс сөздерінің баламасын дәл таппай қиналып қаламыз. Жықаң өз аудармасын жасап отырып, сарт еткізіп бірнеше балама сөзді бізге айтып жібереді. Өзі сондай сауатты кісі болатын. Тікелей аударма жасау ісін осы кісіден көп үйрендім», деп жазады «Ең бір ыстық уақыт» естелік мақаласында Нұртөре Жүсіп.
Осылайша, соңында қалған лебіздерден ағалардың болмыс-бітімі суреттеледі екен. Жылқайдар Қарпықовтың архивтік жеке ісінде 1971 жылы отбасылық жағдайға байланысты «Қызыл ту» газетінен редактордың орынбасары қызме-тінен босату туралы өтініші қанағаттандырылғанын көреміз. Алайда 1980-інші жылдары жазылған естеліктерде Ж.Қарпықов қайтадан Павлодар облыстық газетіне оралғаны аңғарылады. Осы аралықта оның Алматыда қандай да бір қызмет еткені туралы ақпарымыз жоқ. Төлеубек Қоңыров ағамыздың жазуынша, Жылқайдар Қарпықов редактордың орынбасары лауазымында зейнеткерлікке шықты. Жетпістен асып барып дүние салды.
Бүгінде 1940-1980 жылдар аралығында жарық көрген облыстық «Қызыл ту» газетінің архивтік тігінділерін ақтаратын болсақ, Жылқайдар Қарпықовтың еңбек іздері жарқырап жатқаны сөзсіз.
2019 жылы Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 90 жылдығына орай Ж.Қарпықов тұрған Генерал Дүйсенов көшесі, 14-үйде мемориалдық тақта орнатылды. Бүгінде 95 жылдық мерейтойын атап отырған облыстық басылымның тарихы осындай еңбегі ерен атпал азаматтардың арқасында жасалғаны анық.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.