Газет фототілшісі Еренбақ Әлжанов туралы
Газетіміздің арғы-бергі тарихында еңбек еткен қызметкерлер туралы жазғанда, журналистер туралы жиі айтылып, фототілшілер жайы сырт қалып қоя беретіні бар. Алайда, басылым шежіресінде олардың алатын үлесі зор. Солардың бірі — Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» («Қызыл ту») газетінде ұзақ жылдар бойы фототілші қызметін атқарған Еренбақ Әлжанов. Газеттің 95 жылдық мерейтойына орай есімі елге танымал фототілші туралы аз-кем айтуды парыз санадық.
Еренбақ Әлжановтың есімін біз алғаш 2000 жылдар басында редакция табалдырығын жас маман болып аттағанда, осында ертеден қызмет ететін ағалардың аузынан көп естідік. 1960-70 жылдардан бері қызмет ететін Төлеубек Қоңыр, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратовтар үнемі сол кісінің кәсібилігін еске алып отыратын. Кейін суретіне үңілсек, маңдайы жарқыраған, зиялы келбетті, сабырлы кейіпті адам болған екен. Өмірде көп сөйлемейтін, ісін тиянақты атқаратын маман ретінде танылған.
Бүгінгі фототілшілер суретті жарқ еткізіп, «енді журналист осыған мәтін жазып берсін» деп, сартылдатып алып келеді. Еренбақ ағамыз олай емес. Суретті түсіріп, оны сол кездегі технология бойынша қараңғы бөлмеде химиялық реагенттермен қағазға басып шығарып қана қоймай, кейіпкері, оқиғасы туралы шағын ақпаратты өзі жазып беретін қасиеті болған. Фототілші – журналист. Яғни, нағыз бес-аспап кәсіби маман.
Редакцияда Еренбақ аға туралы айтушылардың бірі – КСРО-ның «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Май ауданының Құрметті азаматы Төлеубек Қоңыр еді. Сөйтсек, Еренбақ аға ертеде Қытайда дүниеге келген, бертін арада шекара ашылғанда көшіп келген. Павлодар өңірінде тұрақтап, «Қызыл ту» газетіне 1964 жылы қызметке алынған. Ол кезде газет тың өлкесін құру ұранымен екі жылға жабылып, қайта ашылған болатын. Содан ұзақ жылдар реадкцияда қызмет істеген.
Еренбақ Әлжанов 1934 жылы 7 қарашада Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Шиху қаласында туған. Алтай, Тарбағатай, Іле облыстарының тұрғындары – кілең қазақтар болған. Гоминьдандықтарды 1943 жылдың өзінде-ақ үш облыстан қуып шығып, Шығыс Түркістан Ислам Республикасын жариялағанда, Еренбақ аға он бір жаста болған. Зерделі, зерек бала төңкерістің халыққа не әкелгенін ерте түсіне бастаған. Қызметке де ерте араласқан. Техникаға жақын болған. Трактор, комбайн жүргізе білген. Бізге жеткенше, сот орындаушысы болып істеген.
Қытайдың Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық өлкесінің қазақтары елуінші жылдардың орта тұсында атамекенге орала бастады. Елін, жерін аңсаған қазақтардың көшін жазушы Қабдеш Жұмаділов бастады. Ол Еренбақпен туған бөле болып келеді. Семейдің Бақбақты тұсында Еренбақтардың көшін үш әріпті мекеме қызметкерлері тоқтатып, неге екені белгісіз, Еренбақ ағамыз ағайындарынан бөлініп қалады. Дүйсенбековтер, Баймолдиндер әулеттеріне қосылып, Павлодарда қалып қояды. Фотограф болып жұмыс істеді. 1966 жылы 1 қаңтардан бастап қайта шыға бастаған «Қызыл ту» — «Сарыарқа самалы» газетінде Еренбақ фототілші болып орналасты. 1996 жылы 62 жасында дүние салды.
Атамекенге келгенде, 21 жаста болған ағамыз ғұмырының 40 жылын Павлодарда өткізді. Оның бабалары мен әке-ағаларының жат жердегі ерлігі мен өрлігі Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарында жете баян-далған. Қытайдан оралған, Алматыда тұрып жатқан запастағы генерал-майор Қалдыбай Исабековтің «Қытайда өткен 38 жыл» деген кітабында да сөз болады. Бұл туынды Төлеубек Қоңыр ағаның аударуымен Алматыда «Долгая дорога домой» деген атаумен жарық көрді.
Төлеубек ағаның есте-лігінде жазылғанындай, Еренбақ Әлжанов Павлодарда Баянауылдың тумасы, медбике Мәркен Жәпішеваны кездестіріп, отау құрды. Алма, Гүлнар, Салтанат, Талғат, Баян, Дулат деген балалардың әкесі атанды, немерелері болды.
Еренбақ Әлжанов тек қана жұмысына адал кәсіби маман болып қойған жоқ. Оның адам-гершілік қасиетімен інілеріне үлгі болғанын да білеміз. Ол туралы өз естеліктерінде журналистер Өскенбай Тастемханов, Нұртөре Жүсіптер жазып кеткен. Ең сүбелі сөзді кейін өзімізге үлгі болған журналист ағамыз Бақыт Баймұратұлы өз естілігінде келтіреді.
«Мен үшін үлгі болған тағы бір ағаның бірі Еренбақ Әлжанов еді. Өте қарапайым, кішіпейіл, жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы да салмақты, жүрегі таза, пейілі кең жан болатын. Ол кісімен бірге облыста бармаған ауылымыз жоқ шығар. Жасы үлкен болса да құрдастай әзілдесетін едік. Қандай жағдайда болса да Еренбақ ағаның қабақ шытқанын, қатты сөз айтқанын көрген де, естіген де емеспін. Өте еңбексүйгіш, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Ол кезде фототілші болу оңай шаруа емес еді. Фотоға түсіруден басқа, оны шығарудың машақаты көп болатын. Пленканы шығаруға да, фотоны шығаруға да көп уақыт кететін. Еренбақ түні бойы ұйықтамай таңертең фотоларды әкеп тұратын. Сонда қиналдым, жұмысым ауыр деген сөзін естіп көрген жоқпыз. Жалғыз өзі редакцияда нардың жүгін көтерген азамат болды.
Еренбақ аға құран оқуды да, қазақтың көне тарихын да, шежірені де жетік білетін. Бірақ, оны ешқашан жария етіп айтпайтын. Ол өзінің өмірі туралы да аса көп тіс жармайтын. Шыны керек, Еренбақ ағаның Қытай халық республикасында алты жаста хат танып, медресе бітіргенін, заң саласынан білім алып, би болғанын қайтыс болғанда ғана білдік.
Менің аздап аяттарды білетінімді ұнатып, «имандылыққа жақын жүргенің дұрыс екен» деп ризашылығын білдіретін. Дүниеден өтерде дем салуға мені шақыртты. Жақсы көретін ағамды осылай соңғы сапарға шығарып салуға қатыстым. Ағамдай сыйлаған, құрдастай әзілдескен, әріптестей жарасқан Әлжанов Еренбақ туралы да жазғым келеді. Қытайдан келген қазақтар ол кезде қауіпсіздік органдарының бақылауында болды ғой. Кейде соның ызғары Еренбақ ағамызға да тиді ме деген ойға қаламын», деп біраз толғанып жазған екен.
Газеттің тарихы осындай шежірелі адамдармен жасалады. Еренбақ Әлжановтың еңбегі бүгінде сарғайған газет парақтарында сайрап жатыр.
Нұрбол Жайықбаев.