Халқымыз «шу асауды, оңайлықпен бас білдірткізбейтін жылқыны» тарпаңға (тарпаң – жойылып кеткен жабайы жылқы) теңейтіні бар. Ал кейде осындай жылқы мінезді адамды тарпаң дейтініміз рас. Осы бір теңеуді бүгінгі сөздің де, биылғы мерейтойдың да иесі – өңірімізге ғана емес, елімізге де есімі бек таныс, ал біздерге етене жақын жүрген ұстаз-ғалым, тарпаң мінезімен мәлім әріптес әрі үзеңгі жолдас Бекен Сағындықұлы.
Шынында, Бекеннің жаратылысы ерекше. Мінезі тарпаң, қимылы шапшаң, бірақ айтарын бүкпесіз бетке айтатыны тағы бар. Және бір жақсы қасиеті — ешкімге жамандық ойлап, пасықтық істемейді. Ол жұрттың бәрімен адал көңілмен қарым-қатынас жасайды. Ал бір ренжісе, қатты ашуланады, алайда райынан тез қайтады.
Міне, биыл Бекен асқаралы алпыста… Кемеліне келіп, толысып-толған шағы. Расында, ол «ел ортасы, орда басында», яғни ел ішінде үлкен сый-құрметке ие. Сондай-ақ, мәдени қауымға қоғамдағы іс-әрекеттерімен белгілі болса, ғылыми ортада елеулі де екшеулі еңбектерімен танымал.
Маған Бекеннің бойындағы ұшқыр сезім, бұла күш ұнайды. Осы қасиет оны биік шыңға сүйреді, ештеңеден тайсалмай, қорықпай алға жетеледі десек болады. Бұның толық айғағы ретінде ұстаз-ғалымның бүгінгі жеткен жетістігі мен асқан асуын санамалап, салмақтап көрсек еді. Жақын ініміздің арнайы мерей-тойға орайластырылған биоби-блиографиялық көрсеткішіндегі мемлекеттік, ведомстволық, жергілікті мемлекеттік орган және қоғамдық ұйым наградаларын тізсек, үш бет параққа сыяды.
Ал оның жоғары білім берудегі еңбегіне орай алған «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ы.Алтынсарин» есімімен бекітілген төсбелгілері мен «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» марапаттары, екі мәрте ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грант иегері атануы қалай мақтасаң да лайықты. Әрине, бұның бәрі – ұшан-теңіз еңбекпен, қажырлы қайратпен келген дүниелер екені және рас.
Қайсы бір қайраткер не ғалым жайлы жазбақ болып, қолға қалам алғанда, алдымен оның өскен ортасы мен шығармашылық өмір-баянына көз жүгіртпей, көсемсөз кестелеу мүмкін емес. Осы орайда аталмыш ұстаз-ғалымның жоғары мәртебе, биік мәреден көрінуіне өсіп-өнген ортасы мен оны ғылым жолына түсірген оқымысты ұстаздар қауымының игі әсері көп болғандығын айту ләзім. Сонымен қатар Бекеңнің бойына біткен асыл қасиеттері – адал еңбек ету мен алға деген ұмтылыс, биікке деген құлшыныс та бұл жолда өз нәтежиесін берді деп білеміз.
Өңірінің өрендерін үлгі тұтқан әрі сөз өнеріне деген ықылас-бейімі Бекенді өрге сүйреді. Біздің білуімізде, ол бала жастан өнер-білімге құштар, кітап оқуға құмар болып, бойына біткен қабілет-қарымын көрсетуге тырысты. Сөйтіп, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ оның өзіндік дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы қалыптасты. Әрине, бұған Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар туып-өскен елді мекеннің әсері мол болды. Болашақ ғалымның тіл мен әдебиетке деген құштарлығы да осы тұста басталса керек. Әйтпесе, Семей педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті мамандығын таңдамасы анық?!
Бажайлап қарасақ, ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түскен кезден бастап, біржола ғылыми ізденіс жолына түскенге ұқсайды. Қазақ мәдениетінің тірегіне айналған Алматы шаһарында аттары әйгілі ғалымдардың дәрістерін тыңдап, жалпы лингвистикалық (түркологиялық) білімін толықтыру жолын таңдады. Оның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына, орнығуына дәріс оқыған, ізденушілікке тартқан ғалым-профессорлардың ықпалы зор еді. Әсіресе, тіл білімі сиқырына қанықтырған Ж.Шәкенов, Қ.Шаяхметов, Б.Сайлаубаева, ғылыми жолға баулыған Қ.Есенов, Н.Оралбаева, Т.Сайрамбаев сынды профессор-оқытушыларды Бекен ерекше ілтипатпен еске алады.
Ғылым жолы абыройлы болумен қатар, ауыртпашылығы мен жауапкершілігі өте зор еңбек жолы екенін былайғы жұртқа беймәлім болғанымен, бұл саладағы жандарға белгілі жәйт. Осы жолға түсіп, ғылыми ізденістер жасауға белді бекем буған ол 1997 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі аралас-құралас сөйлемдер» тақырыбымен кандидаттық диссертация, ал 2004 жылы «Тең дәрежелік қатынастағы тілдік бірліктерді» екшеп, докторлық диссертацияны салмақтады. Ғылым докторы атағын иеленді. Ол еліміздің ұлтжанды азаматы, ірі ғалым, ұлағатты ұстаз, білгір басшы ретінде де өзін көрсетіп келеді. Кереку өңірін білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде оң шешімдер қабылдауға ұйытқы болды. Өз кезеңінде проректор, декан, кафедра меңгерушісі қызметтерінде болып, тізгін ұстаған тұста туралықтан таймай, талай жастың жолын ашып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеді. Білім ордасының аймақтық қана емес, республикалық деңгейдегі жоғарғы мәртебеге ие болуына кейіпкеріміздің де ерен еңбегі бар екені шүбәсіз.
Бекен Сағындықұлы ғылым жолын өмірлік серік етіп, осы жолда аянбай тер төгіп, біршама саз кешіп жүрсе де, шаршап-шалдыққан емес. Оның ізденістерге толы шығармашылық өмір жолында шыққан биігі, белгілі бір белесі болды десек, бұл тұста да асуға арындамай, қоржынын толтыра шыққанға ұқсайды. Ол – ұстаздық пен ғылыми жұмысты ұштастыра жүріп, ана тілінің мемлекеттілігіне қатысты толғақты мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін мерзімді баспасөз беттерінде білдіріп жүрген қарымды қалам иесі. Тіпті, бүкіл өміріндегі мақсат-мұраты да осыған негізделген десек жаңылыс емес. Әсіресе, оның халықтың жарқын болашағын ойлаудан туған келер ұрпақтың тәрбиесіне деген адал ниеті, адамдық қасиеті кімді болса да, тамсандырмай қоймасы анық. Сондықтан ел ортасында, көш басында Бекен сынды ұлағатты ұстаз, білікті ғалымның бары бағалы.
Ол болашақтың білікті мамандарын даярлау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Тілші-ғалым өз ғылыми саласы бойынша жас ғалымдарға ғылыми бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп, ізбасар шәкірттер даярлауда. Оның жетекшілігімен 4 кандидаттық, 22 магистрлік диссертация қорғалды. 2 философия докторы (РҺД) ғылыми жұмыстарын жалғастыруда десек болады. Ұстаз-ғалым көптеген диссертант жұмысына ресми оппонент ретінде баға беріп, олардың оң ғылыми көзқарасын қалыптастыруға барынша ықпал етті. Жүзге тарта ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерге, ғылыми-танымдық кітаптарға пікір білдірді. Ғылыми-әдістемелік еңбектерді сарапшы ретінде бағалады. Сонымен қатар, бүгінгі күні де аймақтық және республикалық жоғары оқу орындарының бастамасымен өтетін халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференция жұмыстарын ұйымдастырып, оның белсенді лекторы ретінде үнемі жоғары деңгейде қызмет етіп келеді.
Сыналай айтқанда, Сағындықұлы Бекен – бүгінгі таңда қазақ тілінің синтаксис саласын жіті зерделеп, дыбыс жүйесі, емле, лексикология, морфология, сөзжасам мәселелерінің синтаксис аспектісіндегі астарын түгендеп жүрген іргелі еңбектердің авторы. Ғалым қаламынан әдеби тіл мәселелері мен тілді оқыту әдістемесі бағытындағы зерттеулері де тыс қалған емес. Қазіргі уақытта қазақ тілінің синтаксисін тереңінен талдаған ғылыми еңбектері жоғары оқу орындарында негізгі оқулықтардың қатарында пайдаланылады. Оның жазуында 141 ғылыми-әдістемелік еңбек жарық көрген. Оның ішінде 3 монография, 2 оқулық, 4 ғылыми-танымдық кітап, 2 ғылыми мақалалар жинағы, 6 оқу құралы, 4 электронды оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік құрал, 116 ғылыми мақала бар. Сонымен қатар ғалым қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген «Қазақ тілі. Энциклопедия» (1998) мен «Қазақстан ұлттық энциклопедия-сына» ақпараттық мақалалар жазып, алғашқы «Қазақ грамматикасы» атты академиялық еңбектің негізгі авторларының қатарына енді (2002). Мұның сыртында 68 публицистикалық мақала мен республикалық, аймақтық деңгейдегі ғылыми-теориялық немесе көпшілік-тұлғалық жиындарда 83 ғылыми-танымдық баяндама жасаған.
Ғылыми шығармашылықты серік еткен ғылым иелері үшін әр он жылдық белес аса бір жауапкершілікті жүктейді. Осы уақытта олар ойына ерекше тұнған тұжырымдарын монографияға айналдырады, білім алушыларды қанағаттандыру мақсатымен оқу құралын әзірлейді. Қоғамдық-мәдени өмірдегі ой-пікірлерін жинақтап, басқаша кітап та түзуі мүмкін. Біздің кейіпкеріміздің дәл осы айтқандарды таразылап жатқанына сенім мол. Ал біз өз тарапымыздан іні дос, атпал азаматқа мерейлі той қарсаңында мерейінің үстемделіп, абыройының арта беруіне тілектестік білдіреміз.
Сейфитден Сүтжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті.