Тарихтың ақтаңдақ беттері…

Мам 29, 2025

Облыстық С.Торайғыров атындағы кітапхананың қорында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» атты 10 томдық кітап сақталған. Жинаққа 1928-1934-інші жылдардағы зобалаңға қатысты тың деректер енгізілген. Олардың көбі бұған дейін еш жерде жарияланбаған және бұрын-соңды айтылмаған. Тіпті, кейбір анықтама мен бұйрықтар осыған дейін құпия мәлімет ретінде сақталып келген.

Мәселен, аталмыш еңбекте 1928 жылдың 8 маусымдағы дерегі бойынша Павлодар қаласында малды тәркілеу барысында жалпы 19 307, оның ішінде 5 873 жылқы, 3 013 сиыр, 10 005 түйе, ал 316-сы бөлінбеген төрт түлік тәркіленгендігі туралы жазылады. Ал сол жылдың 18 шілдесіндегі құжатта былай деп жазылады: «Тәркіленген малдың бір бөлігі колхоздар мен кедей шаруашылықтардың арасында таратылды, қалған мал әлі бөлінбеген және округтегі «Кощчи» одағында сақтауда тұр. Ауылдағы байлар барлық мүмкін жолмен кәмпеске-леген малды сақтап қалуға тырысуда. Үміттері – ерте ме, кеш пе, бұл мал оларға қайта оралады деген сенім. Олар кедейлерді мал алудан бас тартуға үгіттейді. Маралды болыстығынан уәкіл былай деп хабарлайды: «Бай Оразалин малы конфискацияланғаннан кейін өзінің малын баққан бақташыға: «Малды бұрын мен үшін баққандай бақ» —
депті. Бұдан байдың малды қайтарып алуға үміттенетінін көруге болады. Алайда мал алған кедей енді байдың материалдық тәуелділігінен құтылып, малын қайтарғысы келмейді және байға бұрынғыдай тәуелді болмайды. Кедейлер енді мал шаруашылығын байсыз, өз беттерімен жүргізуге ұмтылуда» деп жазылған.

1929 жылдың наурыз айында «Астық дайындау барысы туралы Павлодар АКП (б) ОК ақпараттық жиынтығы»  атты №207 шешім шығарылды. Онда астық дайындаудың жай-күйі баяндалады. Хатта «Ақпан айында астық дайындау бойынша тиісті өзгерістер енгізілген жоқ. Ақпан айының жоспары небары 6,6 пайызға орындалды. Астықтың дайындалуының жоспары бірде-бір ауданда дұрыс жүргізілмеді. Астықтың әлсiз түсуiнiң негiзгi себебi жұмысқа жауапты қызметкерлердің жұмысты кеш тапсыруымен қатар, елді мекендердегі ауқатты адамдар мен байлар  халық арасында нан берілмегені үшін белсенді үгіт жүргізуде» деп жазады.

1930 жылдың  26 наурызында «Павлодар округіндегі азық-түлік қиындықтары туралы КАССР  бойынша МББО ПП» ақпараты жарияланады. Аталмыш ақпаратта «Павлодар окру-гінде азық-түлік қиындықтары негізінде аштықтың жүздеген фактісі бар. Бірқатар ауылда халық аштықтан өлген малды жеп жүр. Осы орайда, адамдар мен жануарлардың өлім саны артып келе жатқаны байқалады. Колхоздар ұйымдастырылмаған, еңбек тәртібі жоқ. Колхозшылар азық-түлікке қанағаттанбаған жағдайда азық-түлік пен жұмысшы малды кесетінін ашық айтады. Ертіс ауданының Приватное және Владимирское атты неміс өкілдері көп қоныстанған ауылдарда әйелдер қоғамдық қордан өз еркімен 90 пұт нан алды. Жылдың басталуымен халықтың округтен жаппай кетуі байқалады. Жедел азық-түлік көмегі қажет, олай болмаған жағдайда егіске қауіп төнеді» деп жазылады.

Жинақта бұдан бөлек Қазақстанның ауыл шаруашылығын кеңестік жаңғырту кезеңінің құжаттары жарияланған. Сонымен қатар, сол дәуірдің құжаттары — жарлықтар, қаулылар, қарарлар, хаттамалар, қорытындылар, анықтамалар, статистика, осы апат туралы объективті көрініс беретін азаматтардың өтініштері ұсынылған.

Айта кетейік, қуғын-сүргін жылдары Павлодар Қазақстанның басқа өңірлері сияқты елеулі саяси және әлеуметтік күйзелістерді бастан кешірді. Облыста ұлтшылдық және кеңестік қылмыстық заңнамада көзделген басқа да қылмыстар үшін айыпталған мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қуғын-сүргін халықтың барлық әлеуметтік тобына, соның ішінде зиялы қауымға, шаруалар мен жұмысшыларға жасалған кең ауқымды шабуыл болды.

Айдана БОРАНБАЕВА.