Еліміздің тарихында есте қалар елеулі оқиғалар көп. Оның бірі бас қаламыздың Алатау баурайындағы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіріліп, Қазақстанның картасында Астана қаласының пайда болуы еді. Биыл бас шаһарымызға ширек ғасыр толып отыр.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін саяси орталықты елдің оңтүстік-шығысынан орталық бөлікке көшіру мәселесі көтерілген болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары бойынша ең қолайлы қала деп Ақмола қаласы ұйғарылды. Ол географиялық жағынан елдің орталық бөлігінде орналасқан, ірі көлік жолдарының түйіскен жері, аса маңызды шаруашылық аймақтарға жақын және т.б. принциптер бойынша анықталды.
1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Жоғарғы Кеңес мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсыныс мақұлдансын және Министрлер кабинеті жылдың соңына дейін астананы көшірудің техникалық- экономикалық негіздеуін және мерзімін әзірлесін деп қаулы етті.
1995 жылы 15 қыркүйекте Заң күші бар «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Жарлығы жарияланды. Осы уақыттан бастап Республиканың Президенті резиденциясының тұратын жері Ақмола және Алматы қалалары болып белгіленді. Ал жоғары мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комиссиясы құрылды. Оған орталық және жергілікті атқару органдардың бұл мақсаттағы атқаратын қызметін үйлестіру құқығы берілді. Республика үкіметі Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында «Жаңа астана» қорын ашты.
1997 жылдың 20 қазанында бірінші болып Көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, Ақпарат және қоғамдық келісі министрліктері, Қазақстан телерадио корпорациясы, Қоныс аудару жөніндегі комиссия аппараты, Қорғаныс министрлігінің оперативтік тобы, Республикалық Ұлан мен Президенті қорғау қызметінің жекеленген құрылымдары, Сыртқы істер, Ішкі істер және Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті аппаратының жекелеген бөлімшелері жаңа астанаға көшіп келді. Дәл осы күні Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап болатыны ресми түрде жарияланды.
1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент жарлығымен Ақмола қала-сының аты Астана қаласы болып өзгертілді. Ал қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Осындай саяси шешімдердің нәтижесінде құрылған Астана – тәуелсіздігіміздің символы, Жаңа Қазақстан тарихының шынайы шежіресі.
Күләш ЕСІМХАНОВА, Павлодар облысы мемлекеттік архивінің архивисі.