Тарих. Тағдыр. Тұлға

Шіл 31, 2025

Биыл қазақтың белгілі қаламгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Жазушының өмірі мен шығармашылығына жақыннан үңілу үшін туған жері Баянауыл ауданына арнайы ат басын бұрдық. Бұл жай ғана сапар емес, тұтас бір тағдырға, тұтас бір дәуірге жасалған рухани саяхат болды. Тұмса табиғатымен ерекшеленген бұл өлкеден шындықты ту еткен тұлғаның шыққанына іштей таңдай қағып, тағзым еттік.

Талай тарих куәгері

Алдымен 2-3 жыл бұрын Қалмұқан Исабаев есімі берілген аудандық орталық кітапханаға аялдадық. Кітапханада қызмет атқаратын мамандардың мәліметіне сүйенсек, кітапхана болмай тұрып, бұл ғимарат 1886 жылы шіркеу жанындағы діни мектеп ретінде ашылған көрінеді. 1904 жылы Екібастұз орталық мектебі болып аталған. Араға 10 жыл салып мектеп жабылады. Алайда 1926 жылы «Колхоз» жастар мектебі болып қайта ашылады. Мұнда Революция кезеңіне дейін білікті әрі тәжірибелі ұстаздар білімді жас-
тарға тәлімгерлік еткен. 1966-1995 жылға дейін мектеп интернаты болса, 1995 жылдан 2015 жылға дейін кәсіптік-техникалық училищесінің оқу өндірістік кабинеті болады. Ал 2019 жылы бұл ғимарат аудандық кітапханаға беріледі. Бұл мекемеде кезінде Жүсіпбек Аймауытов,
Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Ермахан Бекмаханов, Қалмұқан Исабаев секілді тұлғалар білім алған. Сол жылы аталған мекемеде Қалмұқан Исабаевқа арналған мемориалдық тақтасы ашылса, араға екі жыл салып қарымды қаламгердің есімі берілді. Кейін жазушының жеке мұрағатындағы заттары мен құжаттарынан құралған бөлме ашылады.

Өлкетанушы, тарих пәнінің мұғалімі Ерәділ Түсіпбаевтың айтуынша, кітапханаға Қалмұқан Исабаев есімі бірден беріле қоймаған. Тек араға бірнеше жыл салып қана берілген.

— 2018 жылы атаусыз тұрған кітапханаға Шапық Шөкин немесе Қалмұқан Исабаев есімін неге бермеске деген ой келді. Кейін ойлана келе мекеме басшысы Сәуле Файзоллақызымен жүздесіп, ғимаратқа Қалмұқан атамыздың есімін берейік деп қолқа салдым. Ол кісі бірден қолдады. Кітапхана басшылығы аудандық ішкі саясат бөліміне хат жазады. Ал ішкі саясат бөлімі облысқа жібереді. Бірақ ономастика бөлімі қабылдамады. Кейін себебін білдік. Айтуларынша, ол кезде Қалмұқан атамыздың дүниеден өткеніне 5 жыл толмаған екен. Тіпті, республикалық «1000 есімге» де енбеген екен. Сөйтіп, алдымен сол «1000 есімге» енеді. Ал 2022 жылы «Кітапханаға Қалмұқан Исабаевтың есімі берілді» деген сүйінші хабар жетеді. Әрине, қуанышымызда шек болмады. Кейін айтулы жаңалықты кең көлемде атап өттік. Араға аз уақыт салып ағамыздың қызы Баян Қалмұқанқызының телефон нөмірін тауып, сүйінші сұрадым. Кейін кітапхананың ашылуына да қатысып қайтты, —
дейді өлкетанушы.

Ал Қалмұқан Исабаев атындағы бөлменің ашылуына жары Зәбира Исабаева мен қызы Баян Қалмұқанқызының қосқан еңбегі зор. Олар жазушының бірқатар затын кітапхана қорына тапсырып, өз үлестерін қосады. Тапсырылған заттар арасында жазушының көзілдірігі, ілмегі, қағаздарды пішетін бізі, қалам мен қарындашы, қойын дәптері, канал бойын зерттегенде ұстаған сөмкесі бар. Одан бөлек, көйлегі, аяқ киімі мен сыртқы киімі және мақалаларының түпнұсқасы сақталған. Сондай-ақ, жеке отбасылық мұрағаттағы суреттер мен марапаттары да бар.

Қаламнан тамған шығармалар

Қаламгердің «Баян» атты әңгімесі 1954 жылы алғаш рет «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында жарияланған. Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жердің 500 шақырымын жаяу сапарлап, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы, «Өткелде», «Арна» романдары жарық көрді. Он екі жыл бойы сол құрылыстың басы-қасында болып жазғандары орыс тілінде «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб» деген атпен басылды. Жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазғаны және бар. Қаламгер 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған отаршылдық ескерткішті алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.

Жазушының әр жылдары «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Қара бала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна», «Соңғы тәсіл», «Айқыз», «Бақытты сәттер», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Комендант», «Қаныш аға осындай еді», «Жанашыр жазбалары», «Мұндайлар болған», «Алғы шепте», т.б. кітаптары жарық көрді. Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1984 жылғы конкурсында жүлдеге ие болған. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді.

Шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар санатындағы халқы­мыздың аяулы перзенттерінің бірі Қалмұқан Исабаевтың жарқын бейнесі ел жүрегінде әрдайым сақталады.

Естеліктер сыр шертеді

Павлодар облысының және Ертіс пен Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров Қалмұқан Исабаевты рухани биіктікке жеткен қаламгер ретінде бағалайды. Оның айтуынша, Қалмұқан аға – тарих пен шындықты ұштастыра білген сирек тұлғалардың бірі.

— Қалмұқан атамызды бала кезден білемін. Өмірімен, шығармашылығымен етене таныспын. 7-8-сыныпта оқитын кезім болуы керек, ұстазымыз Қалмұқан Исабаевтың «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Жұмбақ үй» атты повесін оқып береді. Бұл шығарма бізге ерекше әсер қалдырды ма екен, одан қайтадан оқып беруін сұрайтынбыз. Сөйтіп, осы уақыттан бастап жазушының шығармашылығымен жақын таныса бастадым. Оған қоса, ағамыздың аудармашылық шеберлігін де атап өткен жөн. Мәселен, немістің ақыны Гётенің шығармаларын Абай Құнанбайұлы біздің тілге аударса, Абай, Лермонтов секілді ақындардың өлеңдерін Қалмұқан ағамыз неміс тіліне аударды. Одан бөлек, ағамыздың туризм саласына, өңірдің тарихына, әсіресе Баянауылдың орталығында орналасқан «Қажымұқанның тасы» туралы айтып кеткен әңгімелері баршылық. Сол кісінің айтуымен осы тас Баянауылдың орталығына қойылды. Тарихқа, жерге қатысты мәселе немесе сауалдар болғанда Қалмұқан ағамыз өзінің ақыл-кеңесін айтып отыратын.

Қалмұқан ағаның қаламынан туған әр шығарма – тұтас бір дәуірдің куәсі. Екеуіміз талай рет бір дастархан басында әңгіме-дүкен құрдық. Тарихты терең білетін, оқиғаларды жіліктеп жеткізетін, — деп еске алады Қ.Шәкіров.

Ал ҚР «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Алтынбек Құрманов жазушы туралы былай дейді: «Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаев қай уақытта болса да өзінің туған жері Баянауылды бір сәт те естен шығарып көрген жоқ. Қалмұқан ағамыздың көзі тірісінде Алматы мен Баянауылдың арасы маған жақын сияқты көрінетін. Себебі, ол кісінің қолы босағанда балалық шағы өткен, тәй-тәй басып, анасының жетегіне ерген Баянауылға жиі келіп тұратын. Күй талғамайтын, кездескен көлікпен жүре беретін. Бір күні ағамыздың Баянауылға келген кезекті бір сапарында көшенің бір бұрылысында кездесіп қалдым. Ол кісі мені бұрыннан білуші еді. Анасы жағынан және өзінің жары жағынан туыстығымыз бар еді. Мені көрісімен амандық сұрасқан соң, «Уа, қара ұл! Сен де мен сияқты желаяқтың бірісің ғой. Біресе Алматы, біресе Омбыға салып-ұрып жетіп барасың. Енді сені Баянауылда кезіктірдім. Не шаруа тыңдырып жүрсің? Қайда барасың, менімен бірге жүр» — деп өзімен ертті. Мен оған жиен аға, жаяу қайда барасың? – деп, ол кісіден тақымдап сұрап жатырмын. Ағамыз біраз уақыттан соң жастық шағын еске алу мақсатында өзінің дүниеге келген үйін және білім алған мектебіне бара жатқанын айтты. Алдымен мектепке бардық. Жаз айы болғандықтан ішінде ешкім жоқ екен. Енді туған үйіңіз қайда? деп сұраған едім, таяғымен жоғары жақты нұсқап, «Мына жақта, тауға қарай, ол үйде мұғалім Михаил Баек тұрады. Айтпақшы, сол үйде 1920-21 жылдары Қаныш ағаң Баянауылда 10 учаскеде сот болып қызмет істегенде мен туған үйде тұрған екен. Саған айтып жатқаным ғой, басқа сөз ұқпайтын адамға шығындалып қайтемін» деді. Сөйтіп, ағамен қош айтыстық. Бүгінгі күні Қалмұқан ағамыз арамызда жоқ. Алайда айтып кеткен әңгімелері әлі де есімізде».

Қаламгер туған үй

Қалмұқан Исабаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында Баянауыл ауданының орталығында, таулы-тасты Сабын-дыкөлдің бойында қаламгер туған үй бар екенін білдік. Сөйтіп, сол үйге аттандық. Бара сала бізді үй иесінің қызы қарсы алды. Үйдің тарихымен таныстыра бастады. Сөзінше, баспананы 1907 жылы жергілікті фельдшер Леонтий Бельдининов тұрғызған екен. Кезінде академик Қаныш Сәтбаевпен жақын араласқан. Бір күні Қаныш Имантайұлы өкпесіне суық тигізіп алады. Сөйтіп, Л.Бельдининовтің үйіне тұрақтап, көп уақыт бойы ем алады. Ғалым кейін де дәрігердің үйіне қонақтап кетіп отырған көрінеді.

Бүгінде бұл үйде Л.Бельди-ниновтің шөбересі Михаил Баёк тұрып, көненің көзіндей сақтап отыр.

— Менің әжем Капитолина Черкашинаның Қаныш Сәтбаевқа деген ықылас-құрметі өле-өлгенше ерекше болды. Кезінде Қаныш Имантайұлы осы үйде жиі болып, тіпті біраз уақыт тұрған да екен. Әжем әңгімелеп бергендей, арғы атам Леонтий адамдарды емдеген. Шағын емдеу пунктінде сабаннан төсек-орындар жасап, ем сұрап келгендердің меселін қайтармапты. Ал бұл баспана кең әрі бөлмелері көп болғандықтан түкпір бөлмелерді біраз адамдарға жалға берген екен. Бұл жерде Баянауылдан шыққан көптеген тарихи тұлғалар аялдап, біраз уақыт тұрған. Соның ішінде Қаныш Сәтбаев та бар. Әжеміз қазақ тілінде жетік сөйлейтін, балалайкамен қазақтың күйлерін шертіп, ән салатын. Қ.Сәтбаевпен жазысқан хаттары көп болды. Академикпен бірге түскен фото­суреттер және әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаевтың суреттері, түрлі құжаттар көп болатын. Өкінішке қарай, бұлардың барлығын әжеміз дүниеден өтер алдында жинап, өртеп жіберді. Неге олай жасағанын түсіне алмадық, – дейді М.Баёк.

Жоғарыда бұл үйде майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың дүниеге келген жаздық. Иә, бұл ақпаратты 2003 жылы қаламгердің өзі осы қара шаңыраққа арнайы келген кезінде айтқан екен.

— Сөйтсек, Қалмұқан аға осы үйде дүниеге келіпті. Арғы атамыз фельдшер болғанын айттым ғой. Тағдырдың жазуымен анасын осында босандырған екен. Қаламгер тебіреніп сөйлегені есімізде. «Мен осы үйде дүние есігін ашыппын. Кейін есейе келе анау тұрған диванда жатып шыққаным да бар», деді. Бөлмелерді аралап жүріп естеліктер айтты. Сосын далаға шығып, шылымын тұтатып алып, бір сәт ойланып тұрып қалды. Ол кісімен фотосуретке түсіп едік, өкінішке қарай, ол да сақталмай қалыпты, — дейді М.Баек.

Терезесінен сәуле төгілген,  қабырғасына уақыт өз таңбасын қалдырған сол шаңырақ – бүгінде тыныштық пен естеліктің мекені. Бәрі баяғы қалпында. Сол үйдің әр бұрышы бір-бір сыр айтып тұрғандай…

Бүгінде бұл үйге келіп кететіндер көп екен. Бірі – қаламгердің туыстары, бірі – өлкетанушылер мен зиялы қауым өкілдері, енді бірі – жай ғана Қалмұқандай азаматтың рухын сезінгісі келетін адамдар. Есігі ашық, төрі кең үй әр келген қонақты қонақжайлықпен қарсы алады.

 

Түйін:

Бүгінде Қалмұқан Исабаевтың есімі – ел есінде. Қаламгер артында бай мұра, асыл есім, жарқын бейне қалдырды. Журналистиканың ауыр жүгін абыроймен арқалап, шындықтың шырақшысы бола білген тұлға  кейінгі буынға өнеге, ірі тұлға болып қала бермек.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Баянауыл ауылы, Баянауыл ауданы.