Сұбыхан Шошанов. Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетін 20 жылға тақау уақыт басқарған редактор. Ол кісі газет басшысы болып тұрған тұста басылымның басынан көптеген қилы кезең өтті. Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеубек Қоңыр айтқандай, «газет бір сүрініп, қайта тұрған кез» осы Сұбыхан Шошановтың редакторлық кезеңіне тап келді. Облыстық газеттің шығуы 2 жылдай уақытқа тоқтатылды. Кейін, 5 облыстың басын біріктірмек болған «Тың өлкесі» құрылмайтын болды да, «Қызыл ту» газеті қайтадан ашылды, редактор да орнына оралды. Мән берсек, осы күнге дейін облыстық газеттің тарихында С.Шошановтан артық ұзақ уақыт редакторлық қызмет атқарған ешкім жоқ.

 

Жетімдіктен ысылған жеткіншек

Сұбыхан Шошанов кім еді? Біз осыған дейін «Сарыарқа самалы» газетінің құрған алғашқы редактор, ғалым, сұлтанмахмұттанушы Бейсенбай Кенжебаев, одан кейін әр жылдары басшылық қызмет атқарған танымал журналистер —
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Әлғожа Мұхамеджанов, Балтабай Сейсенбековтер туралы тың архивтік деректерді ұсына отырып, қалам тартқан болатынбыз. Ендігі кезекте сөзіміз Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетін 1962 жылдың наурыз айынан бастап 1981 жылдың сәуір айына дейін басқарған Сұбыхан Шошановтың еңбегі туралы болмақ.

Ол лауазымды қызметі өзінің алдында редактор болған, әйгілі майдангер, әскери тілші Омарғали Құдышевтан қабылдап алған болатын. Журналистердің кәсібилігі мен көркемдік тілін жетілдіруге баса мән берген О.Құдышевтің сіңірген еңбегі туралы бұрын біз жазған болатынбыз.

С.Шошанов 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында дүниеге келген. Республикалық партия мектебін (1953-1956 жылдары), СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін (1957-1960 жылдары) оқып бітірген.

Павлодар облыстық архивінен алынған деректермен толықтырсақ, С.Шошанов ата-анасынан ерте айырылған. Әкесі Күркебаев Шошан 1929 жылы, анасы Рахила 1934 жылы қайтыс болған. Жас Сұбыхан 1930-1938 жылдары балалар үйінде, интернатта тәрбиеленеді. Орта мектепті бітірген соң еңбек жолын 1940 жылы Катон-Қарағай аудандық «Екпінді Алтай» газетінде әдеби қызметкер болып бастайды. Бір жылдан соң әскерге шақыртылып, мерзімді борышын өтеп келген соң Өскемен, кейін Алматы комсомол, партия, үгіт-насихат бөлімдерінде қызмет атқарады. 1953 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде партиялық өмір, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі болады.

1962-1963 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне редактор болып тағайындалады. Газет 1962-63 жылдары уақытша жабылған тұста республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне редактордың бірінші орынбасары болып ауысады. 1965 жылы қайта ашылған Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне редактор болып тағайындалады. 1963 жылы Павлодар облыстық еңбекшіл халық депутаттары кеңесінің мүшесі атанады.

Алғы шептен табылған қаламгер

Сұбыхан Шошанов – майдангер. Еңбек жолын соғыс алдында ғана бастаған ол 1941 жылы бірден әскерге шақыртылады. Алматыда жасақталған 101-ші қазақ дербес атқыштар бригадасы құрамында әскери жаттығулардан өтеді. Майданға Калинин бағытында еніп, 1943 жылы Екінші Балтық әскерлерінің құрамында шайқасқа қатысады. Великие Луки мен Невель қаласы аралығында Изочи станциясын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Қызығы,
30 жыл бойы иесін таппаған бұл награда С.Шошановтың қолына Павлодар газетінде редактор болып тұрған кезінде ғана келіп тиеді.

1944-1945 жылдары советтік әскер сапында Польша, Германия жерлерінде болады. Польшаның Данциг қаласында болған ұрыстарда екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Журналист Төлеубек Қоңырдың «Қолынан қаламы түспеген еді» (2002 жылы) атты естелігінде атап өтілгендей, соғыстан кейін елге оралған журналистік қызмет жылдарында С.Шошанов «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, Республика Жоғары Кеңесінің құрмет грамотасымен екі рет марапатталды.

С.Шошанов өз анкетасында Совет Одағы Коммунистік партиясы қатарына Ұлы Отан соғысы майданында алғы шепте жүріп кіргені туралы жазады. Соғысты неміс жерінде аяқтайды.

Айтпақшы, С.Шошанов Германия жерінде соғыс біткен соң, бейбітшілік уақытында да болып келген, 1966 жылы Германия Демократиялық Республикасында туристік жолдамамен болып едім деп анкетасында өз қолымен жазыпты.

С.Шошанов 1971 жылы Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық бюросының мүше-лігіне өтеді. Ол кезде газет редак-торларының арасында мұндай жоғары мәртебеге ие болғандары некен-саяқ болатын. Бұл туралы біз көзін көрген аға буын журналис-терден естеліктер естіп қалатын едік. Яғни, редактордың саяси лауазымға ие болуы қызметкерлерін баспанамен қамтуға, оларға өзге де әлеуметтік жағдай жасау мәселесін тиімді шешуге септесетін болғанға ұқсайды.

Екі рет редактор болған

Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті бюросының 1962 жылғы 5 наурыздағы №55 қаулысына сәйкес, «Қызыл ту» газетін басқарып келген жолдас Омарғали Құдышев басқа қызметке ауысуына босатылып, жолдас С.Ш.Шошанов облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып бекітіледі.

Сұбыхан Шошанов өзінен ілгеріде Әзілхан Нұршайықов (1953-56 жж), Омарғали Құдышевтардай (1956-1962 жж) республикаға танымал редакторлар басқарған газеттің ендігі кезекте дамуы тікелей өзіне байланысты болатынын сезінбей қалған жоқ. Басылымға бір емес, екі рет (1965 жылы қайта ашылғанда бекітілді) тағайындалғанын ескерсек, оның қызметі сол кездегі уақыт талабынан шығып отырғанға ұқсайды. Мұндай меңзеу ойларды осы кезеңде қызмет істеген аға буын журналистердің естеліктерін де кездестірдік.

Қазақстанның Құрметті журна-лисі, газетіміздің ардагері Төлеубек Қоңыр «Менің редакторларым» атты естелігінде өмірінде өнеге болған газет редакторлары туралы тебірене айтып өтеді. Солардың бірі — Сұбыхан Шошанов. Ол тағайындалған кезден бір жылдан астам уақыт өткенде «Қызыл ту» газеті жабылады. «1963 жылы сәуірде, шыға бастағанына 34 жылдан асқанда «Қызыл ту» кенеттен жабылды. Ел саясатына қарсы бір үзім ойы жоқ газеттің тоқтап қалуы ол кезде ерекше жағдай еді. Кеңестік биліктің саясаткерлері жұртшылыққа түсінік беріп әуре болмай-ақ, тыңдағы 5 облыста шығып тұрған қазақ газеттерін жапты да тастады» деп еске алады Т.Қоңыр.

1963 жылдың сәуірінде тыңдағы 5 облыстың газеттері таратылып, орталығы Целиноград қаласы болатын «Тың өлкесі» газеті құрылады. Арада екі жылдай уақыт өтеді. 1965 жылы осы өңірге келіп кеткен Хрущев көңілі толмай, «Тың өлкесін» таратқан соң облыстық газеттер қайтадан ашылып, жеке шаңырақ көтерді. Осыған дейін бес керекулік журналистің бірі ретінде Целиноградтағы «Тың өлкесіне» арнайы шақырылған Төлеубек Қоңыр да туған жеріне қайтып оралады.

«Мұнда бізге бір жарым жылдан аса уақыт «Қызыл туға» редактор болған Сұбыхан Шошанов қайтадан келді. 1965 жылдан бастап 1981 жылға дейін облыстық «Қызыл ту» газетіне екінші рет редактор болды. Кейін марқұм Айтжан Бәделханов: «Қызыл ту» газетіне ұзақ жыл редактор болған Сұбыхан ғана» деп еді. Обалы нешік, марқұм Сұбыхан Шошанов жұртқа жайлы болды. Ұжымды қыспаққа алып, қорқытып-үркітуге жол бермеді. Әркімнің еңбегін бағалай білді. Сәл нәрсеге бола ренжіп сөйлей қалса, қайтымы шапшаң. Оның редактор тағында ұзақ отырғаны содан болар», деп жазады Төлеубек Қоңыр.

Жалпы, «Қызыл ту» газеті 1965-1981 жылдар аралығында өзінің даму көшін жалғастырды. Сөз етіп отырған газет тарихының кезеңінде еңбегімен танылған азаматтар арасында редактор Сұбыхан Шошановпен қатар, Кәрмұқан Бекбергенов, Жылқайдар Қарпықов, Әбдеш Баймұрзин, Қиса Арықов, Бақи Әбдіқадыров, Әжібек Жүсіпов, Әділбек Жұмаділденов, Қапан Сапарғалиев, Ермек Демешев, Мұхамеджан Дәуренбеков, Тұрсынбай Ибадуллин, Төлеубай Төлеубеков, Рамазан Тоқтаров секілді сол кезде бір терінің пұшпағын бірге илескен бөлім меңгерушілері — аға журналистерді атап өту ләзім. Олардың тәлімін Социал Әйтенов, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Есентай Ерботин, Ғалымбек Жұматов, Фарида Бықай, Шолпан Байғалы, Гүлбаршын Дүрманова сынды кейінгі ұрпақ өкілдері алды. Міне, Өскенбай ағаның бір естелігіне кезек берелік:

«Мереке құтты болсын!» деп редакторымыз Сәкеңнің (Шошановтың) құттықтағаны да есімде. Біздің жақта құтты болсын деп көп айта қоймайтын сияқты. Көбінесе «Қайырлы болсын!» дейді. Ал Сәкең құтты болсынды айтады.

«Өс-кені-бай!» деп есімімді буынға бөліп, созып айтып кейде Сұбыхан аға еркелетеді мені (Осылай сөйлегені құлағымда жатталып қалыпты). Газеттің ең қиын учаскесі – секретариаттың қиындығын бастан кешіп жүргенімді ескере ме, әйтеуір ол кісі қашанда ағалық жылы шырайын танытып, жақын тартып жүрді. Үйленгенімде тойымда болып, құттықтады. Ұжым жас отауға қажет кілемді, радиотранзисторды табыс етті. Балаларым Сәулет пен Рүстем дүниеге келгенде де қуанышыма ортақ болып, үйге келіп құттықтап, Бақи ағамен бірге келіншегім Бикештің қолынан дәм татып жүрді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сұбыхан аға қарапайымдылы-ғымен ерекшеленетін. Балалық шағы балалар үйінде өткен, жетімдіктің тақсіретін көп көрген ағамыз қайсарлығымен, дарынымен облыстық газеттің редак-торлығы сияқты мәртебелі қызметке жоғарылады. Сәкеңді ел сыйлады. 1981 жылы зейнеткерлікке жасы келгенде ол кісімен қимай қоштасқан
едік, — деп жазған екен С.Шошановтың басшылығымен қызмет еткен жас журналист Өскенбай Мұхамеджанұлы.

Есімі — естелік тақтада

Ол кез Павлодар өңірінде қазақ тілінің қажетсіз екенін айтып, өз қағынан жеріген азаматтар табылған уақыт еді ғой. Ана тілінде шығатын жалғыз газетке мұрнын шүйіріп қараған ағайындар да көрінді. Тіпті, менсінбей қараған шенеуніктер де аз емес еді. «Қашан газет қайтадан ашылады?» деп, әркез жоғары жаққа арыз-өтініш жазған ағалардың талабы орындалды. Облыстық қазақ газеті сақталып қалды.

Жалпы, халықты қоғамдық-саяси өмірден хабардар ету мақсатынан бөлек, «Қызыл тудың» маңдайына жазылған бір міндеті — қай кезде де ұлттық әдебиеттің, мәдениеттің, қазақ тілін дамытудың өлкелік өкілдігі болды десек, қателеспеспіз. Өскенбай Тастемханов өз естелік әңгімелерінде 1980 жылдар басында редакцияның ішінен домбырашылар ансамблі құрылғанын айтатын. Бақыт Баймұратов та жас маман болып газетке келген тұстан бастап бері қарайғы елеулі әңгімелердің тиегін ағытушы еді. Мейрам Асылғазин сынды ұлт десе жүрегі жанып тұрған азаматтар төбеден көрінді. Кейін тоқсаныншы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы, «Иса Байзақов атындағы әдеби бірлестік» осы «Қызыл ту» – «Сарыарқа самалы» газетінің қабырғасында құрылды.

Сұбыхан Шошанов туралы жазбамызды аяқтар алдында айта кетелік, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті 2019 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойы аясында соғыстан оралып, қызмет еткен 5 майдангер-журналиске арналып өзі тұрған үйлеріне мемориалдық тақталар орнатқан болатын.

Соның ішінде 1962-1981 жылдары «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газетінің редакторы болған Сұбыхан Шошановқа да естелік тақта академик Марғұлан көшесі, 104-үйдің қасбетіне қойылды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, газет журналис-тері – Жылқайдар Қарпықовқа, Кәрмұқан Бекбергеновке, Әбдіш Баймұрзинге, Бақи Әбдіқадыровқа ескерткіш тақта ашылды. Кейін осы аталған және өзге де марқұм журналистердің рухына арналып ас берілді. Мемориал-
дық тақталарды салтанатты ашу рәсіміне белгілі философ Ғарифолла Есім, облыстық газет ұжымында әр жылдары қызмет еткен белгілі журналистер мен өңірімізде танымал қоғам қайраткерлері, журналис-тердің ұрпақтары қатысты.

Бұл да болса, кезінде облыстық қазақ газетін ешбір тағдырлы, дауылды кезеңге қарамай сақтап, алға бастырған қайсар да өжет аталарымызға бүгінгі қызмет етуші жас ұрпақтың көрсеткен тағзымы деп білдік. Мұндай, тарихты ұмытпауға, өткенді ұлықтауға арналған іс-шаралар әрдайым атқарылатын болады.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері.