Тұма жырдың Тұманбайы

Мам 29, 2025

Тұманбай Молдағалиев. Иә, осы бір есім күллі қазақа даласына аян. Қазақ поэзиясының бойтұмарындай болған Тұманбай Молдағалиев бұл. Оның поэзиясы тау бұлағындай мөлдірлігімен, тайға мінген баладан таяқ ұстаған қартқа дейін бір оқығанда ұғынықты қарапайымдылығымен, шынайылығымен бағалы.

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Тұманбай өңшең шеңгелдің ортасына шыққан жалғыз жауқазындай қазақ жыр алқабының жаңаша көктеп, жаңаша құлпыруының басы сияқты болды», — дейді. Иә, Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясына жаңа қарқын, жаңа леп әкелді.

Ақынның тырнақалды туындылары 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жинақ болып жарыққа шыққан екен. Тұлпарды тай кезінен таныған Қазақстанның Халық жазушысы, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаев ақын інісіне сол кезде-ақ қолдау көрсетіп, алғашқы жыр жинағына енген өлеңдеріне ақыл-кеңесін айтып,  Қазақстан Жазушылар одағының қабырғасында жаңа кітапты дүйім елге сүйіншілеп, ерекше қолдау көрсеткенге ұқсайды. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы жарыққа шығыпты. Шу дегеннен-ақ ақын жаңа кезең талабына сай жаңа ізденістегі өлеңдерді жаза алатын талантымен көпшіліктің көңілін баурайды. Елуінші жылдардың орта кезінен күнделікті баспасөз беттерінде жариялана бастаған оның өлеңдері оқырман қауымды елең еткізіп, көпшілік іздеп жүріп оқитын ақынға айналдырады. Оның себебі ақынның адам сезімін, оның көңіл-күйін, жастықтың құпия сырын шынайы бейнелеуінде еді. Ішіңдегі ойды бүкпесіз айтуға мүмкіндік берілмеген тілге тұсау салынған осы бір күрделі кезеңде ақынның жастық шақты, махаббатты, адамгершілікті, туған елінің табиғатын өндіре жырлап, көпті ізгілікке толы өмірге шақыруы оның есімін зау көкке көтеріп әкетті. Ақын осылайша әдебиетке жастықтың, махаббаттың, көктемнің жаршысы болып енді.

Өлең жаза жүріп ел игілігі үшін де өнімді еңбек етті. Шығармашылық бағыттағы бірқатар жауапты қызметті тізгіндеді. Атап айтсақ, ақын еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956-1959 жж. «Пионер» журналында әдеби қызметкер, 1959-1971 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор болып жалғастырды. Ал 1971-1973 жылдары аралығында «Балдырған» журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жылдары «Жалын» альманахында бас редактор, 1984-1986 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет етті. Өмірінің соңына дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Өзі арқа тұтатын республикалық «Балдырған» балалар журналының негізін қалаушы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың ізінен ерген інісі әдебиеттегі осы бір қиын да күрделі жанрға саналы ғұмырында бір адамдай еңбек сіңірді.

Өзінің айтуынша, ол өлең жазуды Ақши мектебінде оқып жүрген шағында бастаған екен. 5-сыныпта білім алып жүргенде сыныпқа жаңа келген бір бала өлең шығаратынын айтыпты. Ал бала Тұмаш сол кезде өлеңді тек Абай мен Жамбыл ғана жаза алады деп ойласа керек. Әлгі оқушыға еліктеп, қолына қалам алып, ойына келген жыр шумақтарын қағазға түсіруді бастап кетіпті. Міне, содан бері өмірінің соңына дейін күндіз-түні тоқтамай өрелі өлеңдерін қағаз бетіне түсірумен болды.

Балалық шағы сұрапыл соғыс кезіне дөп келген ақынды қатал тағдыр маңдайынан сипай қойған жоқ. Әкесі сұм соғыста мерт болған бұғанасы қатпаған жас бала тағдыр тауқыметін тым ерте татты. Содан да болса керек, ақынның ата-анаға, балаға, туыстыққа деген құрметі тым ерекше. Әкеге деген сарғайған сағынышы оны балалар әдебиетіне өндірте өлең жазуға жетелегендей болып көрінеді. Асқар тауы әкесінен айырылған сәтте пана тұтқан ұстаздарын да ақын өле-өлгенше жадынан шығарған емес. Мәселен, алғашқы ұстазына арнаған мына бір өлеңінде:

Сіз барсыз ба мына жердің бетінде,

Уақытым жоқ қанат байлап жетуге.

Аяп қарап қалушы еңіз бір түрлі,

Жұлым-жұлым мен секілді жетімге.

 

Тал бойыңыз — тұнып тұрған асқақ ән,

Қарай қалған жанарларды жасқаған.

Бәріміз де ойлаушы едік осы апай,

Мені жақсы көреді деп басқадан.

 

Бар шәкіртің Сізге көзін сататын,

Ертеңгі ұшқыш, ұстаз және от ақын.

Сіз класқа кіріп келе жатқанда,

Кісілік те кіріп келе жататын… — дейді. Иә, бұл ұстазға жырдан қойылған, өлмейтін, өшпейтін ескерткіш. Тұмағаңның тұма жырлары жас жеткіншектерді үлкенді сыйлауға, білім алуға, ұстазды құрметтеуге шақырып, қарапайымдылықты, кісілік пен кішілік секілді ізгі қасиеттерді насихаттайды.

Ақынның «Үлкен болғым келеді» кітабындағы «Ақ күшігім» атты тағы бір өлеңін бірге оқып көрелік:

Ақ күшігім –

Алыпсоғым, әйбәтім,

Әлі жассың,

Жетпей жатыр қайратың.

Өсе келе қасқырды да аларсың,

Алмасаң да қуалауға жарарсың.

Ақ күшігім,

Абалама құр босқа,

Қасқыр шаппай қойға шын.

Ақ күшігім,

Сен еркелей біл досқа,

Ақылды деп ойласын, — дейді. Бұл өлең бір қарасаңыз ақ күшікке ғана айтылған тәрізді. Ал сәл ойланатын болсақ, ақынның таңдайы тақылдап тақпақ жаттап жүрген әр балаға осы бір өлеңді арнағанын байқаймыз. Ақын бұл өлеңде: — Балақан, сен әлі жассың, қайрат-күшің толысқан шақта Отаныңды қорғайсың. Мықтылығыңды тек іспен дәлелде. Құр сөзбен даурықпа. Жауға қатал болғаныңмен, досқа мейірімді бол! — деген ақылды сүйкімді ақ күшіктің
образы арқылы сәтті беріп тұрғанындығы жырға ғашық жанды ерекше сезімге
бөлейді.

Ақынның әр өлеңі тек ұйқас үшін құрылмағандығы, балаларға арналған екі ауыз өлең болса да, оймақтай ойды жеткізуге бағытталғанын көріп, іштей сүйсінесің. Ендеше, Тұмағаңның «Арман мен толқын» атты тағы бір шағын туындысына көз жүгіртіп көрейік:

Қара теңіз тулап жатты өкіріп,

Арман келіп, бір толқынға  мініп алды секіріп.

Толқын біраз сынап көрді баланы,

Біздің Арман толқынменен   күресуге жарады.

 

Құлаш жайып жүзе берді, жүрегінің түгі бар,

Осыншама өжет қой деп кім ойлаған мұны дәл.

Қайсар, жігер таныды да  кіп-кішкентай баладан,

Толқын өзі кейін қарай  қашып кетті жағадан, — дейді. Бұл өлең бала күнінен өмір дейтін өзеннің асау толқынымен арпалысқан ақынның өзі секілді көрінеді бізге. Небары екі ауыз өлең арқылы ақын кішкентай оқырмандарын табан-дылыққа, төзімділікке, алдағы уақытта өмірде кездесетін түрлі сынаққа сынып кетпей, төтеп беруге шақырып тұрғандай.

Дана бола тұра балаша ойға шомып, ойларын баланың тілінде жеткізе білу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Ақынның шығармаларын оқып отырып осынша кемеңгерлік пен парасаттылықты, мейірім мен махаббатты қайдан алды?- деп еріксіз ойға шомасың. Сөйтсек, біз айтқан ізгі қасиеттердің бәрі де ақынның Алатаудай кеудесіндегі алақандай жүрегінде жатыр екен.

Ақын, белгілі журналист Бейбіт Құсанбекке 1995 жылы яғни 60 жас мерейтойы қарсаңында берген сұхбатында: «Бала күнімнен ұстанған принципім – кісіге жақсылық істеу, кісіні жақсы көру, кісіге жақсылық істемей, кісіні жақсы көрмей, өзіңді ақынмын деу — қате нәрсе. Ақын деген — ең алдымен жақсы кісі, періште адам. Ақын біреуге қиянат жасаса ол неғылған ақын?!» — дейді.

Өмір атты мектепте ең алдымен өзін тәрбиелеген ақынның өзгеге қалдырған мол мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алғаны сөзсіз. Өміршең өлеңдерінен ізгілік пен адалдықтың, тазалық пен шексіз, шетсіз махаббаттың лебі есіп тұратын ақынның мол мұрасы мәңгілік жасай бермек.

Ақын туралы пікірлер:

 

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақ-станның Халық жазушысы:

— Тұманбай- ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдық, толғампаздық, сонау ұлы жыраулардан басталады ғой. Сол дәстүрді жалғастырушылардың біреуі – Тұманбай. Мысалы, «Сен, – дейді, – ұлыңа ұнамасаң, халқыңа да ұнамайсың». Ал енді осында ата баланы тәрбиелейтін, қалай тәрбиелесе ұлдары ата-аналарын тәрбиелеп жатыр дейтін екінші бір қырынан алғандағы философиялық ойды Тұманбай екі-ақ жолға сыйғызған.

Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі:

— Адам рухын көтерер, оның ойын марқайтып, жырына азық берер–өмір десек, Тұманбай жырлары сол өмірдің алуан түрлі сырын, ондағы өзгерістерді шынайы бейнелейді. Ол өзгерістің негізгі куәгері болып ақын өлеңдерінің лирикалық қаһарманының тағдыры тұрады.

Кәкімбек САЛЫҚОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын:

— Тұманбай – сабақтасқан сезім, әрекеті қабаттасқан өмір көріністері. Оның поэзиясы ешкімге ұқсамайтын өзгеше әлем. Сарынынан жаңылмайтын, сағасынан асып-тасып шықпайтын, сабырлы да саялы, жағасына мәңгі көктем орнаған дариядай сұлу дүние.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

— Тұманбай Молдағалиев – қазақ жырындағы лирикалық поэманың хас шеберлерінің бірі немесе бірегейі.

 

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.